«Уақыт озған сайын Құран жасарып келеді» дегенді естиміз. Осыны түсіндіресіз бе?

Құран − мәңгілік кітап. Қазіргіні, өткенді және келешекті тұтастай қамтитын Хақ тағаланың ілімінен төгілген мұғжизалы баян – Құранның көне дәуірлер мен қазіргі заманға қатысты мәселелерді, сондай‑ақ, адамзаттың болашақта тап болатын күйін айдан анық білдіруі – Құранға ғана тән қасиет әрі мұғжиза. Иә, Құран бұдан он төрт ғасыр бұрын түскен, дегенмен ол «мәләи-аладан», яғни, кеше мен бүгінді, оған қоса ертеңді тегіс құдірет уысында ұстап тәспі тастарындай ойнатқан, жүйелерді басқарып, жүрек соғысымызға дейін мүлтіксіз біліп тұрған Аллаһ тағаланың ежелгі және мәңгілік (әзәли, әбәди) ілімінен келген.

Иә, уақыт озған сайын Құран жасарып келеді. Қартайғанда миға баратын кейбір тамырлар кеңейіп, адам баласының есте сақтау қабілеті әлсірейді. Дегенмен ойлау қабілеті тереңдеп, бұрынғыға қарағанда салмақтылығы артып, байыпты шешім қабылдай бастайды. Қоғам да, заман да осы тәрізді. Яғни, уақыт озып, заман қартайған сайын адамдардың ізденісі мен қажыр-қайраты нәтижесінде ғаламдағы тылсым сырларды паш ететін жаңа ілімдер пайда болады.

Осы жағдайда физика ілімі – заманның тамырларында жетілген, жарыққа шыққан, оны қоректендіруші, анығырақ айтқанда, заманның тамыршысы ретінде бой көрсетеді. Химия, астрономия, астрофизика, медицина және т.б ілімдер де сондай... Яғни, әрбір жаратылыстану пәні уақыт ағымымен ғаламға қатысты кейбір бей-мәлім сырларды тауып, орайымен жарыққа шығарады. Сондықтан да заман қияметке бір табан жақындаған сайын әлемнің толған айдай толықсып, кемеліне жеткенін көреміз. Ілімдер дүниенің самайындағы ақ шаштар тәрізді егделікті байқатып, ақырзаманда өлім тақаған сайын ол бұрынғыдан да байсалды болып көрінуде.

Бұл жағдай Құранды түйсініп-түсінуімізге көмектеседі. Әлі-ақ Еуропада ең жоғарғы мекемелерде тылсым ақиқаттарды ілімдердің егжей-тегжейлі зерттеуі нәтижесінде Құранның ұлы ұғымдары ашылып, тізе бүгіп тағзым еткен күйі «Иә, Аллаһ тағалам, сен қандай ұлықсың!» дейтіндер шығады.

Иә, телескоп арқылы жарық жылдамдығымен триллион жылдық қашықтықты көргенде, Паскаль тәрізді көз шарасы жасқа толып: «Иә, Аллаһ тағалам, сен не деген ұлықсың!» дейтін болады.

Құран Кәрім мінсіз қоғам негіздерін осыдан он төрт ғасыр бұрын үйреткен, бірақ біз бұны әлі күнге дейін түсіне алмай келеміз. Сондықтан капитализм, коммунизм, фашизм, либерализм тәрізді жүйелермен салыстыра отырып, Құрандағы қоғамдық мәселелерді тиісінше түсіндіре алмағанбыз. Қоғамдық жақтарын ғана емес, адам өмірінің қалтарыс-бұлтарыстарына қатысты мәселелерін де түсінбеппіз. Міне, осыларды түсіндіріп, қазіргі ғасырды дендеп кеткен дерттерге ем табу – бүгінгі таңдағы мұсылмандардың міндеті. Хақ тағала нәсіп етіп осы міндет орындалса, Құранда қаншалықты терең даналық жатқандығы, көп қажыр-қайрат жұмсалса, ішінде мыңдаған ғылыми ақиқаттың бар екендігі айқындалады. Бүгінгі таңда біз экономикалық мәселелеріміздің өзін әлі дұрыстап шеше алмаудамыз. Бүгін жасаған жүйеміз ертең шикілі-пісілі болып шыққанда, іле басқа бір жүйе жасаймыз да «мемлекетіміз енді алға басады» деп даурығамыз. Бірақ, ол жүйенің де соңы қара бұқараның зар илеуімен, ішкі қынжылысымен аяқталады. Олар осындай шалалығын ұдайы жалғастыра береді, біз болсақ сол қауқарсыз жүйелердің қолындағы қуыршақ болып қала береміз.

Қайта үңіліп қолға алар болсақ, заман озған сайын ғылымның дамуымен Құран Кәрім өзіндегі көптеген жаңалықтардан сыр ұқтырып, көктен жаңа түскендей әсерге бөлейді. Құран туралы терең зерттеулер жасалмаған қазіргі күннің өзінде тар пайымдарымызбен кейде қолға алып оқығанда, қатты таңырқап, еріксіз «рас, бұл пенденің сөзі емес» дейміз.
Иә, жаратылыстың түрлі саласына қатысты ақиқаттарды Құран бірер терең сөзбен қысқа қайырып, көз алдымызға жайып салған. Осы тұрғыдан алғанда, қай салада зерттеулер жасалса да ғылыми жаңалықтар мен Құран аяттары арасында сәйкестік бары сезіліп, ғылым шыңында Құран байрағының желбіреп тұрғаны аңғарылады. Бұл айтқандарымыз жайдақ пікір емес, ғылыми тәжірибе арқылы дәлелденген ақиқи шындық.

Бұған бір-екі мысал келтірейік:
«Аллаһ кімді тура жолға салуды қаласа, көкірегін (көзін) Исламға ашады. Ал біреуді адастырғысы келсе, көкке шығып бара жатқандай кеудесін қысады. Иман келтірмегендердің үстіне Аллаһ осындай азап (қасірет) үйеді»[1].

Бұл аят табиғаттағы бір заңдылықты тұспалдауда. Мұнда «сәмә» (аспан) сөзі қолданылған. «Ясааду» етіс-тігінің түбірі «саада, ясаду» көтерілу дегенді білдіреді. «Тафаул» бабымен айтылғандықтан, жоғары көтеріліп бара жатқанда қиындық туатыны тұспалданған. «Яса-аду» етістігін оқыған кезде де адамның тынысы тарылады. Осы сөзге байланысты Құран меңзеген шындық мынау: адам жоғары көтерілген сайын қысым азайып, тыныс алу қиындай бастайды. Өйткені, әр жүз метр көтерілген сайын ауа қысымы бір дәреже төмендейді. 20 000 метр биіктікке көтерілгенде арнайы оттегімен тыныстамаса, дем жетпей өліп кетеді.

Тағы бір мысал.
«Будандастырушы желдерді жібердік те көктен су түсірдік. Сендерді осы сумен сусындаттық. Әйтпесе, сендер суды жинап ала алмайтын едіңдер»[2].

Бұл аят ХХ ғасырда ғана ашылған ғылыми жаңалықты Құранның он төрт ғасыр бұрын айтқандығының дәлелі. Жел ылғалдан пайда болған бұлттарды бір‑бірімен соғыстырады. Осы сәт бұлттардағы оң-теріс зарядтардың әсерінен найзағай жарқылдайды. Жел ығыстырған күйі бұлттарды айдап әкеліп, жерге жауын жаудырады. Сондай‑ақ, желдер жер бетіндегі өсімдіктердің аталық ұрығын аналықтарына жеткізу арқылы оларды будандастырады.

Бұған қоса, осы аятта жауған жаңбыр суларының жер астында жиналатынын, оны бұлақ, құдық арқылы сыртқа шығарып суғару ісіне жаратуға болатынын айтуда. Он төрт ғасыр бұрын осы табиғат заңдылығын тұспалдап, Құран өзінің мәңгілік мұғжиза екендігін көрсеткен.

Басқа бір аятта: «Барлық нәрсені жұп‑жұбымен жараттық»[3] делінген. Араб тіліндегі «барша» деген мағынадағы «күллу» сөзі егер белгілі бір зат есіммен келсе, бүтіннің барлық бөлшектері дегенді білдіреді. Ал белгісіз зат есіммен келсе, онда жеке-жеке әр бөлшекті меңзегені. Аяттағы «уә мин кулли шәйин халақнәә зәужәйн» дегендегі «шәй» (нәрсе) сөзі белгісіз зат есімге жатады.

«Барлық нәрсені» жұп қылып жараттық деуде. Яғни Аллаһ тағаладан басқа нәрсенің барлығының жұбы бар. Тіпті өсімдіктер де жұп болып жаралған, олардың да аталық-аналығы бар дегені. Аяттағы «зәужәйн» сөзі еркек пен ұрғашыны білдіреді. Керек десеңіз, материяның ең ұсақ бөлшегі атом да жұптас. Өйткені ол оң-теріс зарядтардан құралады. Барлық нәрседегі қарсы мәндегі тартылыс және тебіліс күштері де осы ыңғайлас. Заттар егер осы қасиеттерін жоғалтса, онда олар өздері де жоғалып, болмыстарын сақтап қалуы мүмкін болмас еді.

Бұл ақиқат «Ясин» сүресінде тіпті терең түсіндірілген:
«Жердің өсіргені, өздері өндірген әрі небір беймәлім нәрселерден барлық жұптарды жаратқан Аллаһ тағаланы пәктейміз»[4].

Байқасаңыз, сол заманның адамдарына қарата айтылған ақиқатта олар әлі түсіне қоймайтын жайттар да тілге тиек етіліп: «Әлі сендер біле қоймаған нәрселерді де жұбымен жаратты» дейді.

Басқа бір аятта былай делінген:
«Аспанды құдіретімізбен Біз жасадық. Оны тоқтаусыз кеңейтудеміз»[5].

Араб тілінде етістіктер жаңаруды, өзгеруді, ал есім сөздер тұрақтылықты білдіреді. «Уә иннәә лә мусиуун» есім сөзге жатады. Үш шақтың ешбіріне тәуелді болмай, ұдайылықты білдіреді. Яғни, «бұрын кеңейтіп қойдық», «дәл қазір кеңейтіп жатырмыз», «болашақта кеңейтеміз» емес, «үнемі кеңейтудеміз» дегенді білдіреді.

Ең жа­қын бес-ал­ты га­лак­ти­ка­дан бас­қа бүкіл га­лак­ти­ка­лар біз­ден тоқтаусыз алыстауда екенін 1922 жы­лы аст­ро­ном Хабл (HubbIe) зерт­теп тап­қан еді. Оның ай­туынша, жа­рық жыл­дам­ды­ғы­мен есеп­те­ген­де біз­ден мил­лион жыл­дай қа­шық­тық­та ор­на­лас­қан бір жұл­дыз біз­ден жы­лы­на 168 км жыл­дам­дық­пен, екі мил­лион жыл ұзақ­та­ғы жұл­дыз екі есе жыл­дам­дық­пен, үш мил­лион жыл ұзақ­тық­та­ғы үш есе жыл­дам­дық­пен тоқ­та­ма­стан алыстау­да. Бельгиялық ғалым, математик Ламайтрдің де пікірінше бұл ғаламның тоқтаусыз кеңею үстінде екендігін көрсетеді. 

Мінекей, ғылымда кейін қолға алынған «ғарыштың кеңеюі» бұдан он төрт ғасыр бұрын Құранда жазылған.
Бүкіл ғылым әлемі, ғалымдар үмми кісіге аян етілген осы ақиқаттарға бас иіп, Құранды ұстаз деп мойындағаны жөн еді. Алайда, өкініштісі, баяғы жартас бір жартас күйінде қалып, қараңғыға үйір көкірегі соқырларға таң ата қоймады.  

Басқа бір аятта:
«Көктер мен жерді ақиқатпен жаратты. Түнді күндізге, күндізді түнге айналдырады және күн мен айды меңгереді»[6] делінген. Араб тілінде «тәкуир» сөзі домалақ пішіндес затты орау, шеңберді айналу дегенді білдіреді. Ендеше, аят «түнді күндізге, күндізді түнге орайды» деп тұр. Демек, «юкәууиру» сөзі арқылы жер шарының домалақ екендігін ұқтыруда.

Бір жағынан «Назиат» сүресінің отызыншы аятында бұл мәселе сөздің түбірі тұрғысынан айқын айтылуда:
«Уәл арда бада зәлика дәхаха»
«Көктерді жүйеге келтірген соң жерді де Аллаһ түйе құсының жұмыртқасы түріне келтірді»
[7].

Демек, жер шарының пішіні түйе құсының жұмыртқасы тәріздес сопақтау болғаны. Түсіндірме тәпсірдің қажетінсіз-ақ Құран бұл жерде ақиқатты анық айтуда. Осындай ишара Құранның басқа да көптеген аяттарында бар. Бірақ, біз осыны жеткілікті санаймыз.

Бұған қоса, Құран тәрбиеге қатысты да көптеген өлшемдерді бекіткен. Бірақ, оған көңіл бөлмегендіктен әлемдегі барлық тәрбие жүйелері, оның ішінде психологиялық, социологиялық негіздемелер де бар, айналып келгенде жетесіз, бұзық жастарды тәрбиелеп шығаруда. Осылай кете берсе, адамзаттың соры еселене беретіні сөзсіз. Құранды танып, ұғып, соның бұйрықтарын басшылыққа алғанда ғана барлық проб-лемалар шешімін тауып адамзаттың көңіл көкжиегі тыншымақ.

Міне, осы себептерден барып заман қартайып, толысқан сайын Құран жасарған үстіне жасара түсуде. «Ақырзаман» атты мына дәуірімізде әлі талай зерттеу нәтижесінде Құранның ақиқаты толған айдай толықсып көрінеді. Адам еркіне тұсау қойылмас, дегенмен сол уақыттарда адамдардың көбі дінге ақылмен бет бұрып әлі-ақ «ләә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдән расулуллаһ» дейтін болады.


[1] «Әнғам» сүресі, 6/125.
[2] «Хижр» сүресі, 15/22.
[3] «Зарият», 51/49.
[4] «Ясин» сүресі, 36/36.
[5] «Зарият» сүресі, 51/47.
[6] «Зүмәр» сүресі, 39/5.
[7] «Назиат» сүресі, 19/30.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.