Біздің құлшылығымызға Аллаһтың мұқтаж еместігі мәлім. Ендеше, неге біз құлшылықты өз қалауымызша жасамаймыз?

Құлшылық сезімі – Хақ тағаланы танып-білуге арқау болатын адам бойындағы қасиет. Яғни, адам баласы әуелі мына ғажап ғаламзатты жаратқан жалғыз Жаратушының барын байқататын маңайындағы қаптаған көріністерге, әсем суреттер мен керемет үйлесімге еріксіз назарын салады. Сосын осы ғажайып жүйенің Иесіне бет бұрады. Міне, осылайша әлемге ғибратпен, үңіле қараған адам ешбір нәрсенің мақсатсыз, жүйесіз еместігін ұғынып, өзіне де осы жүйеге қарай әрекет ету керектігін ұғынады.

Сондай‑ақ, болмысқа әсемдік пен эстетикалық тұрғыдан қараған жан ондағы асқан сұлулық пен әсемдікті байқайды. Бұдан да әдемісі болмас деп таңырқайды. Өйткені, кісінің келбетінен жер бетіне, одан әрі аспан әлемінің жымыңдаған жұлдыздармен көмкерілген жүзіне дейінгі барлық жерде сиқырлы әсемдік, таңғажайып жүйелі қарекет, еріксіз санаңа сурет салатын қайталанбас қолтаңба бар. Көз алдымызда маржандай шашылған осы әсем көрмені көре тұра, оны жасап, түрленткен шебер Жаратушыны білмеу мүмкін емес...

Ішкі жан дүниесіне һәм сыртқы әлемге ой сала қараған зерделі адамның тұла бойында қарғын жүріп, бұрқақ шабыт оянады да ғажайып жаратылыстың суретіне тоймай, бірінен кейін біріне қайта-қайта қарап, кеудесін шаттық кернеп балаша алақайлап, секіргісі келеді... Ең ғажап жаратылыс туындыларынан Жаратушының ең көркем есімдерінің сәт сайын жалт-жұлт етіп көрініс бергенін байқаған сайын бойымызды балқытқан осы құпия әсемдіктердің қайнар көзіне, көркем сырлы сипаттарына марапат жаудырамыз. Қатты таңырқасақ та әдеп сақтай отырып, Ұлы Жаратушының шексіз шеберлігі мен қайталанбас құдіреттілігіне таң-тамаша қаламыз.

Мәселеге өзге қырынан қарағанда, ғаламзаттағы барлық нәрсе басқа бір әлемде бүге-шігесіне дейін дайындалып, адамзаттың игілігіне дап-дайын күйінде ұсынылған тәрізді. Қарасаң көз тоймайтын сан мыңдаған рызықтар мен шәрбәт-жемістерге толы жер беті таусылмас нығметке толы бай дастархан тәрізді. Бау‑бақшалар Хақ тағаланың нығметінің түр‑түрін көрсетіп, қалағаныңша ал деп тұрған дәулеті тасыған байдың қызметшілеріндей көрінеді. Адам баласы осынау кең дастархандағы сансыз нығметтерге қол созған сайын, осы нығметтердің Иесін жан‑жүрегімен сезінгендей болады. Ерекше ләззатқа бөленіп, таңданыс әлеміне еніп кеткендей күй кешеді.

Иә, егер бір сәбиге аяқ астынан ересек кісінің санасы бітсе, рақым шүмегіндей анасының кеудесіне аузын тосқан кезде өзі үшін әзірленген қоректің өзге бір әлемнен келіп жатқанын байқар еді. Осы құбылыстар-дың астарынан сансыз несібелерін асқан жомарттық-пен тарту етіп жатқан бір құдіретті сезініп, артынша сол құдірет туралы ойға батып, ас та төк нығметтері үшін Жаратушының алдында терең тағзым етер еді.

Иә, әрбір нығмет, әрбір шарапат сол нығмет пен шарапаттың иесін көрсетсе, бір жағы бізді Соған құрметпен қарауға мәжбүр етеді. Нығмет, әсемдік, жүйе мен керемет үйлесім қай жерде болса, сол жерде құрмет, таңданыс және құлшылық та болуы тиіс. Яғни, өзін танытуының қайырымын Аллаһ тағалаға дереу құлшылықпен қайтару қажет. Ендеше, осыған қарап Муғтазилиттер[1] мен белгілі бір өлшемде Матуридилер[2] (сенімде біздің мәзһабымыз): «Ешқандай пайғамбар келмей, адамдарды тура жолға бастайтын ешкім болмаса да пенде ғаламзаттағы айғақ-дәлелдерге қарап, Аллаһ тағаланы танып-біле алады және сол танып-білген сеніміне қарай өмір сүруі тиіс» дейді.

Матуридилердің осы көзқарасына көптеген мысал табуға болады. Мысалы, Пайғамбарымыздың айналасындағы кей адамдар пұт толы Қағбаның ма-ңында туып-өскен. Ешкім оларға Аллаһ тағаланы түсіндіріп, тәухид туралы түсінік бермеген. Пайғамбарымыздың өзі де солардың қатарында. Соған қарамастан, бір бәдәуи: «Бір жерде тезек жатса, сол жерден бір жануардың өткенін, бір жерде із жатса, сол жерден біреудің жүргенін байқатады. Қарашы, мынау асқан ғажап аспан әлемі мен оның үндестігіне, таулы-қырлы жер бетінің әдемілігіне! Бұлардың барлығы бәрінен хабары бар Аллаһ тағалаға дәлел болмай ма?» деп тебірене білді.

Мұқият қарасаңыз, бұл жазу-сызу дегенді білмеген бетпақ шөлде тұрмыс кешкен қарапайым жанның айтқаны. Сахараның шөл даласы мен аптапты ыстығынан басқаны көрмеген біреу осылай деп тұрса, өзге білімділердің жағдайын өзіңіз ойлай беріңіз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) адамзатты азғындықтан құтқарып, толық адам мәртебесіне жеткізетін кең түсінікпен дүниеге келген ерекше жан болатын. Жастай зе-ректігінің арқасында ғаламның мәнін ұғынуға талпынды. Өзіне пайғамбарлық келмей тұрып‑ақ, ғалам кітабына мұқият назар аударып, асқан сезімталдықпен оның Иесін іздей бастады. Кейіннен Хира үңгірінде оңаша қалып, терең құлшылыққа берілді.

Айша анамыз Бухари хадис жинағының бас жағындағы Хадиша анамыздан жеткен бір хадис-шә-ріпте сол уақыттарда Пайғамбарымыздың құлшылыққа терең берілгенін, тек қана азық алып кету үшін анда-санда үйіне соққанын білдірген. Бұл − адамның өз сана-сезімі арқылы кейбір тылсым сырларды сезіп, кейіннен Жаратушыға белгілі бір деңгейде құлшылық жасай алатындығын көрсетеді. Осы тұста Зәйіт ибн Амрдың ақтық сәтінде айтқан сөздері де адамға ой салады. Зәйіт хазірет Омардың немере ағасы болатын. Өлер алдында бүкіл жақындарын жинап, болашақта келетін пайғамбар жөнінде білгендерінің бәрін айтты. Ол Хақ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлығын көре алмады. Яғни атына қамшы басып, жағаға жеткенімен, Ислам кемесіне мінуге үлгермеді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) рухы мен оның мән‑мағынасын, «Ахмедтік ақиқатты» жан‑жүрегімен сезді. Бірақ, осы сезімдерінің мәнін нақтылай алмай кетті. Ол: «Арайлап атқалы тұрған Хақ тағаланың бір керемет нұры бар. Шығатынына сенімім кәміл. Белгілерін сезіп тұрмын» дейді. Сосын Хақ тағалаға бет бұрып: «Уа, Ұлы Жаратушым! Мен сені толық тани алмадым. Танығанымда ғой, басымды сәждеге қойып, қайта көтермес едім» деп буырқанған сезімін бусана ақтарған-ды.

Иә, көріп отырғаныңыздай тап‑таза, пәк ар‑ождан егер пұтқа табынушылықпен кірленіп, әбден сыңаржақтанып қалмаған болса, әлемдегі керемет жүйеге, ондағы үндестікке қарап, ол да сол үндестікке сәйкес міндетін түйсінеді. Хақ тағалаға бет бұрып, басын сәждеге қойып, құлшылық жасайды
Ендеше, Аллаһ тағаланы біліп, таныған кезде дереу құлшылық басталады... Иә, сан мыңдаған нығметтерді нәсіп еткен Хақ тағаланың бар екені қандай шындық болса, құлшылық та болуы қажет. Міне, Аллаһ тағала адамның ар‑ожданында бар осы құлшылық сезімінің тәртібін өзі белгілейді. Яғни, Аллаһ оған: «Мен Аллаһпын, ал, сен менің құлымсың. Нығметтерім арқылы мені таныдың. Мен де саған құлшылықтың әдебін үйретемін. Менің құзырыма былайша кіреді; алдымен дәрет алып, одан намазға тұрған кезде нәпсіге бұғау салып, «Жалғыз сен ғана ұлықсың, Жасаған Ием, Сенен өзгенің бәрі де кішік» деу керек. Содан соң құлшылықты сезініп, қол қусырып тұрып, мейлінше тереңге бойлаған жөн. Мұсылманның миғражы саналған намазда мүминдер дәрежесіне қарай рухымен Пайғамбарлар Сұлтанының (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) көтерілген биіктігіне дейін жетуді аңсап, шарықтаған сайын шүкірлік ете рукуғқа иіледі. Рукуғқа еңкейгенде, жаңа бір әлемге енеді. Одан әрі сәждеге барады. Сол жерде кішілігі мен қарапайымдылығының өлшеміне қарай өзгеше бір тереңдікке құлаш ұрады. Одан соң қайта тұрып, терең тыныс алады да жаңаша бір ізденіс пен құлшыныс танытып, екінші рет сәждеге бас қойып: «Құлдың Раббысына ең жақын болған сәті – сәжде сәті. Сәжде еткен кезде Аллаһ тағаланың «көп дұға етіңдер» деген бұйрығының пәрменін аяқтарының ұшына дейін сезінеді.

«Сәжде еткендердің арасында жүргеніңді де көреді»[3] сырымен сәжде етушілер арасында тағзым етіп иіледі. Сәжде етушілер қабілеттеріне қарай намаздың мәйек-негізі саналған миғражға қол жеткізеді.
Міне, құлшылық «Аллаһ тағалаға иман келтіру, Оны тану. Осы танып-білуден туған терең махаббат пен таңданыс арқылы жасалуы тиісті істерді Хақ тағаланың көрсетуімен әмірлеріне сай реттеп, жөнге келтіру» деген сөз.

Осылайша мәселенің ұшын шығарған болдық. Яғни, Раббымызды танығанда естен танып жөнсіз қылыққа бармау үшін, түсірген Құран Кәрімі мен Пайғамбарымыздың жайған нұры аясында, талапқа сай құлшылық жасап, Жаратушының разылығын іздейміз.
Екінші мәселеге келсек, адам баласы өмірде қай салада болмасын, мейлі сауда, ғылым, ауыл шаруашылық, өндіріс т.б. әрқашан өзіне кеңес беріп, жөн сілтейтін ұстазды қажетсінеді. Мысалы, әрбіріңіздің шұғылданатын кәсібіңіз бар. Біреуіңіздің фабрикаңыз бар, онда мата шығарасыз. Енді біреуіңіз пластмасса өндірісімен, ал басқа біріңіз шыны аяқпен айналысасыз дегендей... Егер осы істердің бәрін өте жақсы білетін біреу біздің пайдамызды ойласа, ешкімге алданып қалмай, сауданы жақсы жүйеге қоя білуіміз үшін келіп: «Сендер осы істі сөзсіз жасайсыңдар. Өйткені, бұл – қажеттілік. Бірақ, аса табысты болу үшін жұмыс күшін орынды пайдаланып, мынаны, ананы т.б. жасауларың қажет..» дегенін елестетіп көрейік.

Егер зәредей түйсігіміз болса, бізден еш нәрсе дәметпеген осы бір адал кісінің айтқандарына көңіл қойып, жобалары мен ұсыныстарына қарай жұмысымызды реттейміз. Дәл сол сияқты, Раббымызға деген құлшылығымызды өз қалауымызша жөн-жобасыз емес, әрбірі бізді ерекше аспан әлеміне саяхат етуге дайындаған, әрбірінде ерекше миғраж рухы бар Жаратушы белгілеген құлшылық түріне қарай жасаған кезде, жемісіміз жеті есе өнім берген масақ тәрізді берекетті болады. Бәлкім, «Аллаһу әкбар» деген кезде Жаратқанның мейіріне бөленіп, сол арқылы рухымыз ерекше шабытқа бөленеді. «Фатиханы» оқыған кезде сиқырлы кілтпен құпия құлыпты ашқандай боламыз. Бұдан басқа да намаздың рүкүндері, құлшылық түрлері арқылы небір тылсым қақпаларды ашқандай күй кешеміз. Сірә, сәждеге бас қойған кезімізде күллі қақпалар айқара ашылатын шығар. Жаратқан дұға-тілектерімізді естіп, қабыл етіп, айналамызды періштелер қоршап-қаумалап алар. Осыларды мүмкін емес деп кім айта алады? Оның үстіне Хақ пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бұларды қуаттаған көптеген сөздері де бар. Демек, Раббымыздың бізге көрсеткен құлшылық түрі ең дұрысы болмақ. Өйткені, адамды жаратқан Аллаһ тағала оның екі дүниеде қалай бақытты болатынын да жақсы біледі. Егер бір адам фабрика салып, оның жанына басқару кітапшасын қойса, ең дұрысы – соған қарай әрекет ету. Ендеше, ең дұрысы әр жаққа бір тарту емес, Пайғамбарымыздың үйретуі бойынша, Аллаһ тағаланың әмірлеріне сәйкес құлшылық жасау. Жаратушы Жаппар Ие осы бақытты Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіне, соның ішінде құлшылығын сезіне білген, әсіресе әр дәуірде дінді жандандыруға атсалысқандарға нәсіп қылып, жүрек көздерін ақиқатқа ашқан. Бұған тек қана «һәзә мин фадли рабби» яки «мин фадли раббәнә» (бұл біздің Раббымыздың ерекше сыйы) деу керек.

Иә, бұл – Раббымыздың шарапаты ғана. Хақ тағала осыны нәсіп қылғанындай бұдан кейін де нәсіп ете берсін! Пайғамбарымыздың: «Раббымыз бізді қас қағым сәт, тіпті одан аз уақыт болсын нәпсінің ығына жығылудан сақтасын!» – деген дұғасымен тәмамдайын.

 


[1] Муғтазилиттер – Аллаһ тағаланың қалауы мәселесінде әһли сүннет ғалымдарынан өзгеше ойлаған ақида (сенім) саласындағы ағым. 
[2] Матуридилер – Әбу Мансур әл-Матуридидің жолын ұстанушы, сенімге қатысты салада сүнниттік мәзхаб. 
[3] «Шұғара» сүресі, 26/219.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.