Пайғамбарымыз өз заманындағы арабтарға ғана келген деген алып-қашпа қауесет таратып жүргендер бар. Осы мәселені түсіндіре кетсеңіз...

Пайғамбарымыздың пайғамбарлық міндетін тек өз кезеңімен шектейтін ешқандай дәлел, тіпті ишарат табу мүмкін емес. Тек арабтарға ғана жіберілгендігін көрсететін де дәлел жоқ. Қолдағы деректердің барлығы керісінше, оның ғұмыр бойы бар ынта-ықыласымен Ислам дінін күллі әлемге жаюды көздегенін айғақтайды.

Александр Македонский әлемді тұтас бағындыру үшін, Цезарь Рим империясының беделін көтеру үшін, Наполеон жаһанды жаулап, алып мемлекет құру мақсатында соғысқан-ды. Ал Әлемдердің мырзасы Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өз ізбасарларына екі дүние бақытына бастау сол жолдағы кедергілерді жою, ең мерейлі болып жаратылғанын адам баласын өзінің негізгі мақсатына сай рухани кемелдендіру, азғындықтан құтқару, жоғалтып алған адами құндылықтарын қайта бүтіндеу мақсатында әлемге имандылықты жаюды бұйырған. Жаратқанның бұйрықтарын орындай отырып, осы ұлы мақсатқа жетуге талпынды. Аллаһтың елшісі көзі тірісінде-ақ төрткүл дүниенің төрт бұрышын нұсқап, дінді барша адамзатқа паш етті.

Енді оның пайғамбарлығының баршаға тән әрі әлемдік екендігін көрсететін кейбір мәселелерге тоқтала кетейік:

Пайғамбарымыз Мекке кезеңінің өзінде кейбір мұсылмандарды Эфиопияға қоныс аудартады. Осының арқасында эфиопиялықтардың біразы Исламды тану мүмкіндігіне қол жеткізген-ді. Сырт көзге қарағанда олардың Эфиопияға барулары хижрат (қоныс аудару) болғанымен, мұсылмандардың қажыр-қайраты арқасында Эфиопияның патшасы мен қарамағындағылар Ислам дінін қабылдады. Міне осының өзі – Пайғамбарымыздың міндетінің әлемдік сипатта екенін көрсететін алғашқы айғақтардың бірі.

Бақыт ғасырында[1] алғашқы мұсылмандардың ішінде Эфиопиялық Біләл, Византиялық Сұхәйб және парсы елінен келген Сәлмандар әр түрлі ұлт өкілдері болғанына қарамастан алғашқы қатардағы мұсылмандардың арасынан орын алғаны, ұлты араб мұсылмандардан да жоғары тұрғаны – Ислам дінінің әлемдік түсінікті қамтығандығын көрсететін айтарлықтай дәлелдердің бірі.

Пайғамбарымыз Нұрлы Мәдина қаласына қоныс аударар кезде соңына түсіп ізін аңдыған, бірақ кейін мұсылмандар қатарына қосылған Сурақа ибн Мәликке Иранның патшасы Кисра ибн Хүрмүздің білезіктерін тағатынын Ирак алынбай тұрып қаншама жыл бұрын сүйіншілеген болатын[2]. Міне, бұл да пайғамбарлық хабарлардың Иранға жететініне ишарат және осы міндеттің орындалуы қажет екенін көрсететін дәлелдердің бірі. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан соң көп уақыт өтпей-ақ, айтқандары айдай келіп, Ирак түгелдей мұсылмандардың қол астына өтті. Сурақа да өзіне айтылғандай Кисраның білезіктерін қолына тақты.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Убадә ибн Сәмиттің жұбайы Үммү Харам бинт Милханның үйінде дем алып жатқан кезінде көзі ілініп кетіп, бір түс көреді. Оянған кезде күлімсіреп: «Түсімде маған үмбетімнің жағдайы көрсетілді. Тақта отырған патшалар тәрізді олардың теңіздерде саяхат жасағандарын көрдім»[3], – деген болатын. Алдыңғы оқиғада айтылғандай, бұл жерде де теңіз асып, қиырдағы елдерге де діннің жететіндігіне ишарат жасалған. Айтқандай-ақ осы сүйінші сахабалар кезеңінде іс жүзіне асқан.

Пайғамбарымыз бірде сахабаларына: «Менен кейін Мысыр алынады. Мысыр халқымен жақсы қарым-қатынас жасап, оларға жұмсақ қараңдар. Өйткені араларыңда туысқандық бар, сендер оларға жауаптысыңдар»[4] деп, Ислам нұрының Мысыр еліне де жететінін білдірумен қатар Мәрия анамыз[5] арқылы орнаған туысқандықтың сақталуын қалаған еді.

Хандак шайқасынан бұрын Мәдина қаласының маңында ор қазылып, Пайғамбарымыз да қолына күрек алып сахабаларымен бірге жұмыс істеді. Ор қазып жатқан кезде Ардақты елші Хираның алынатынын, Кисра сарайы бағандарының құлайтынын және Сирияның мұсылмандарға өтетінін айтып сүйіншілеген-тұғын.

Осыншама дәлелдің бәрін ысырып қойып, қалайша «Оның пайғамбарлығы тек өз ғасыры мен арабтарға ғана тән еді» дей аламыз?! Жоқ әлде Хираны, Кисраны, Сирияны араб түбегінде орналасқан, ол жердің халқы да арабтар еді дейміз бе?

Бұдан тыс, Пайғамбарымыздың міндетінің әлемдік сипатта екенін көрсететін көптеген аят пен хадис келтіруге болады:

Бір хадис шәріпте: «Әр пайғамбар өз жамағатына жіберілген. Мен бүкіл адамзатқа жіберілдім» десе, басқа бір хабарында «ақ-қара бәріне тегіс» деген. Табәридің кітабында осы жайтты қуаттай түсетін мына бір хадис келтірілген: «Мен барлығына Пайғамбар әрі рақым ретінде жіберілдім. Менің міндетімді аяғына дейін жеткізіп, тәмамдаңдар. Аллаһ тағаланың мейірімі жаусын!»[6].

Пайғамбарымыз бірде өзіне Кисраның елшісі келген кезде оған: «Дінімнің үстемдігі болашақта Кисраның тағына дейін жетеді»[7] деп, міндетінің Иран мен Тұранды да қамтып, күллі әлемді нұрландыру екенін ұқтырған болатын.

Анадолы мен Стамбұл мұсылмандардың қол астына кірмей тұрып, ғасырлар бұрын жеңімпаз әскерлердің Еуропаның қақпаларына дейін баратынын айтып сол көркем жеңіске ынталандырып, жеңімпаз әскер мен оның қолбасшысын мадақтап: «Константинополь міндетті түрде алынады. Оны алған қолбасшы қандай мықты қолбасшы, ал әскері қандай мықты әскер!» деп, сахабаларына жер жүзіне тегіс таралу керектігін көрсетіп кеткен еді.

Құрандағы аяттар да ешқандай күмәнсіз, ашық түрде мұны растап, қуаттайды. Мысалы:

«Сад» сүресінде: «Бұл Құран – күллі әлем үшін бір насихат»[8] дей отырып, Пайғамбарымыздың күллі адамзат баласына ескертуші ретінде келгендігін көрсетуде.

«Йасин» сүресінде ап-айқын түрде: «Бұл Құран кеудесінде жаны барларға тегіс ескерту және оған қарсы шығып ақиқатты мойындамағандарға (Жаратқанның азап беретіндігіне тән) үкімі расқа шығу үшін Мұхаммедке берілді»[9] делінген.

«Сәбә» сүресіндегі: «Біз сені бүкіл адамзатқа сүйіншілеуші әрі ескертуші ретінде жібердік. Алайда адамдардың көпшілігі бұны білмейді»[10] деген аят...

«Ағраф» сүресіндегі: «Әй, адамдар! Мен сендердің барлығың үшін көктер мен жердің иесі болған Аллаһ тағаланың елшісімін...»[11] деген аяттар хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бүкіл әлеге жіберілген пайғамбар екендігін анық-айқын баяндауда. Осы бұлтартпас дәлелдер тұрғанда, оның пайғамбарлығын аядай кезеңмен шектеп, тек қана өз дәуіріне жіберілген пайғамбар еді деген негізсіз, дәйексіз пікірлерді тыңдаудың өзі арға сын.

Құран Кәрімде тек өз қауымына ғана жіберілген пайғамбарлардың ерекшеліктері ашық айтыла отырып, күллі адамзатқа жолданған пайғамбардың олардан айырмашылығына назар аударады. Мысалы: Нұх пайғамбар үшін: «Расында Нұхты өз еліне жібердік. Сонда ол: «Уа, елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа Құдайларың жоқ»[12]деді» . Сондай-ақ, Хұд пайғамбар үшін: «Ад қауымына да бауырлары Хұдты жібердік. Ол: «Уа, елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа Құдайларың жоқ» деді»[13]; сол сияқты Салих пайғамбар жайлы да: «Сәмуд еліне де бауырлары Салихты жібердік. Ол: «Уа, елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа Құдайларың жоқ» деді»[14]. Осы сүренің 80-аятында хазірет Лұт пайғамбар, 85-аятта Шұғайб пайғамбарлар жайлы да дәл осылай айтылған. Тіпті Құран Кәрімде осы пайғамбарлар жайлы айтылған жерлердің шамамен барлық жерінде олардың өз елі мен жамағатына пайғамбар ретінде жіберілгендіктеріне назар аудартуда. Міне бұл Құранның кімнің өз еліне ғана жіберілген пайғамбар екенін, кімнің күллі адамзаттың көзін ашып, нұрлы жолға бастау үшін жіберілгендігін көрсету мәселесінде мысқалдай күмәнға орын қалдырмағандығын көрсетеді.

Әсілі, оның пайғамбарлығы пайғамбар ретінде жіберілген күннен бастап-ақ әлемнің барлық аймағына жетіп, халықтың жүрегінен орын тебуі, дәріптеген ақиқаттары Мароккодан Мауараннахрға дейінгі үлкен территорияға ықпал етіп, ел тіршілігінің өзегіне айналуы, көптеген мұсылман мемлекеттері ғасырлар бойы Аллаһтың жіберген ақ дінін бойға сіңіріп, өмір шырағы етуі, Ислам ақиқаттары үнемі өмірмен тығыз астарласып, озық ой сілтеп, ғылымға жол көрсетіп, адамдарды зерттеулер мен жаңалықтар ашуға ынтықтырып отыруы, қас дұшпандардың ғасырлар бойы жасаған қысымдары мен шабуылдарына қарамастан қашан да алғашқы кездегідей өзінің су жаңа қалпы мен өзектілігін сақтай білуі, қазіргі көптеген ойшылдар мен зиялылардың «Адамзат өз құндылықтарын тек соңғы елшінің уағыздаған ұстанымдары мен дәстүрлерінің арқасында ғана қайта табады» дегенге бірауыздан тоқталуы – бұның барлығы оның пайғамбарлығының күллі адамзатқа тән екендігінің бір емес мыңдаған дәлелі саналады.

Қорытындылай келгенде, бүкіл сенімді хадис және тарих кітаптарында жазылғандай, ол пайғамбарлығын бүкіл әлемге жария ету мақсатымен Византия императоры Ираклийге, Мысыр патшасы Муқауқысқа, Иран шахы Құсреуге, Эфиопия патшасына және көптеген адамдарға хат жазып, Хақ дінді қабылдауға шақыра бастаған алғашқы күннен бастап бүгінгі күнге дейін өзін күллі әлемнің пайғамбары ретінде танытты. Ислам дінінің адамзаттың басым көпшілігінің жүрегінен орын алуы да мұны қуаттай түсуде. Тайға таңба басқандай осыншалықты күмәнсіз мәселеде түрлі күмән тудырып, күдік ұялатуға тырысу күншілдік пен қызыл көз дұшпандықтың белгісі болса керек.


[1] Пайғамбарымыз бен сахабалардың кезеңі
[2] әл-Кәмил, 2-т., 74-б.
[3] әл-Бидая уән-нихая, 7-т., 152-б.
[4] Табари, 4-т., 228-б.
[5] Пайғамбарымыздың жұбайларынан Мәрия мысырлық еді. Ол некеден Пайғамбарымыздың Ибраһим деген ұлы дүниеге келген, алайда сәби кезінде шетінеп кеткен.
[6] Табари, 2-т., 625-б.
[7] Табари, 2-т., 146-б.
[8] «Сад» сүресі, 38/87.
[9] «Иасин» сүресі, 39/69-70..
[10] «Сәбә» сүресі, 34/28.
[11] «Ағраф» сүресі, 7/158.
[12] «Ағраф» сүресі, 7/59.
[13] «Ағраф» сүресі, 7/65.
[14] «Ағраф» сүресі, 7/73.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.