• Басты бет
  • Кітаптар
  • Ғасыр тудырған күмәндар-1
  • Хақ тағала кейбіреуге байлықты да, атақ-абыройды да үйіп-төгіп берген. Енді біреулер өмір бойы кедейлік пен ауру-сырқаудан, қасіреттен көз ашпайды. Бұл – Аллаһтың адамдарды алалағаны ма?

Хақ тағала кейбіреуге байлықты да, атақ-абыройды да үйіп-төгіп берген. Енді біреулер өмір бойы кедейлік пен ауру-сырқаудан, қасіреттен көз ашпайды. Бұл – Аллаһтың адамдарды алалағаны ма?

Танымдық мақсатпен ғана болмаса, мұндай сауалды қоюдың өзі күнә. Алайда адамды іштей мазалап жүрсе қысылмай сұрағаны абзал.
Аллаһ тағала қалағанына дүние-байлық, қалағанына кедейлік береді. Бірақ, бұл жерде әр түрлі себептерді де ескеру керек. Мысалы, кейбіреулердің еті тірі келіп, іскерлігі арқылы дүниені көп табуы мүмкін. Мұны жоққа шығара алмайсыз. Сонымен қатар Аллаһ тағала кейбір адамдарға қанша тырысса да дүние бермейді. Әлсіз бір хадис-шәріпке жүгінсек: Хақ тағала дүниені қалағанына, ілімді сұрағанға беретіндігі айтылады.
Сондай‑ақ, байлықты сөзсіз қайырлы нәрсе деп санамау керек. Иә, кейде Аллаһ тағала дүние-мүлік, бақ, дәулет, дүниеуи тыныштық пен бақыт тілегендерге қалағанын беріп жатады. Ал кейде бермейді. Бірақ, Хақ тағаланың бергені де, бермегені де қайырлы. Өйткені, сен жақсы адам болсаң, берілген дүниені орнымен жұмсасаң, бұл сен үшін қайырлы болмақ. Алайда, сен нашар адам болып тура жолдан айнысаң, Құдай тағаланың бергені де, бермегені де саған жақсылық алып келмейді.
Иә, тура жолда болмасаң, кедейлік сені күпірлікке итермелеуі мүмкін. Өйткені, кедейлік ашындырып, Құдайға деген наразылық тудыруы мүмкін. Тура жолда жүрмесең, байлық та сен үшін сор болмақ[1].
Мұндай хикметті сынақтан сүрінбей өту бақыты көптеген адамдардың маңдайына жазбаған. Өмірде байлығының есебінен жаңылысқандар мен ынсапсыз күй кешіп, жүрегінен нұр тайғандар қаншама?!
Сондықтан оларға Хақ тағаланың мал‑мүлік, дүние беруі «истидраж»[2] ретінде, тура жолдан таюына себеп болған. Өйткені олар байыған сайын қалтырап, дінге көңіл бөлмей, жүректерін қарайтқан, Жаратушы ие берген рухани қабілеттерін шыңдай алмаған.
Осы тұста Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мына бір хадисін еске алған жөн:
«Араларыңда небір адамдар бар: қол жайып, Аллаһ атымен ант етсе, Жаратушы ие олардың антын міндетті түрде қабылдайды. Бәрә ибн Мәлік −солардың бірі»[3].
Алайда, Әнәстің бауыры Бәрә ибн Мәлік ішерге асы, жатарға тұрағы жоқ адам еді. Осы Бәрә секілді үсті-басы алба-жұлба, ел‑жұртқа дуана көрінетін небір адамдар бар. Олар жүрегінің кеңдігіне, жан сарайының әсемдігіне қарай бағаланған. Хақ пайғамбар мұндай кісілер Аллаһты ауызға алып ант етсе, тілегі сөзсіз қабыл болатындығын айтқан.
Сондықтан да жеке алғанда байлықты да, кедейлікті де жамандық не жақсылыққа жатқызбау керек. Өз кезегінде кедейлік те Аллаһ тағаланың ең үлкен нығметі. Хақ елшісі өз еркімен кедейлікті таңдап: «Дүние (нығметтері) солардың, ал ақырет біздікі болуын қаламайсың ба?»[4] деген. Хазірет Омар жер бетінің қазыналары мемлекетке құйылып жатса да жұпыны ғана өмір сүрген.
Бірақ, (Аллаһ сақтасын) күпірлік не адасқандыққа соқтыратын кедейлік те жоқ емес.
Ендеше, орнын білсе кедейлік те, байлық та – нығмет. Негізгі мәселе – жүректің адалдығы.
Яғни, «Раббым, Сенен не келсе де ұнамды: жұмсақ шапан да, суық кебін де, нәзік гүл де, қатты тікен де, жақсылығың да, қасіретің де!».
 Шығыс Анадолы халқы: «Сенің әрбір ісің ұнамды» деп жатады.
Шалқыған байлыққа кенелген жан Хақ тағаламен бірге болса туралықтан адаспайды. Ондай жан әулиелерден бір саты жоғары, пайғамбардан бір саты төмен тұрады. Аллаһ тағаламен байланысы болмаса, кедей сорлының бұл дүниесімен қоса ақыреті де оңбайды. Сондай‑ақ, Аллаһ тағаланы ұмытқан бай да сырт көзге дүниеде бақытты көрінгенмен, ақыр соңында орны толмас қасіретке душар болады[5].

Сілтемелер

[1] Қараңыз: «Тәғәбун» сүресі, 64/15

[2] Истидраж: дінсіздердің күнәсін арттыру үшін Аллаһ тағаланың үсті-үстіне молшылық беруі.

[3] Тирмизи, Мәнәқиб, 54

[4] Бухари, тафсир (66) 2; Муслим, талақ 31.

[5] «Қасас» сүресі, 28/78-84.
    

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.