«Улул-азм» деп аталған пайғамбарлар кімдер? Бұл ерекше есім неліктен тек соларға ғана берілген?

 «Улул-азм»[1] деп аталған пайғамбарлар кімдер? Бұл ерекше есім неліктен тек соларға ғана берілген?

«Улу» сөзі араб тілінде «ие» деген мағынаны білдіреді. Сол сарындағы «зу» сөзінің көпше түріне жатады. Мәселен, «зүлмал» ­­– мал иесі, «улул-әл баб» болса – ақыл иелері деген мағынаға саяды.

«Азм» сөзі – табандылық, ерік-жігер, қайсарлық деген мағыналарды білдіреді. Ал «улу» сөзімен қатар келгенде мағынасы табандылық пен шешімталдық дегенге саяды. Тақырыпқа қатысты болмағанымен, осы сөзбен байланысы бар бір аятқа қысқаша сілтеме жасай кеткенді жөн көрдім. Адам ата туралы: «Ол табанды болмады»[2]  мағынасындағы аятты кейбір тәпсіршілер[3]: «оны (Адам ата) күнәға жоламауда табандылық көрсете алмады» мағынасында түсіндірме жасаған. Өз басым, пайғамбарға қатысты мұндай тәпсірді қабылдай алмаймын. Бұл аятты: «Ол білместен күнә жасады. Бірақ мұны саналы түрде, әдейілеп жасаған жоқ. Сол күнәні жасау үшін табандап тұрып алмады...» деп ұққан дұрыс болар деген ойдамын.

«Улул-азм» пайғамбарларға келер болсақ, бұлар Құран Кәрімде: «Есіңе ал, бір кездері пайғамбарлардан уәде алған едік: сенен, Нұхтан, Ыбрайымнан, Мұсадан және Мәриям ұлы Исадан...Олардан айнымас серт алдық», – деп баяндалған болатын. Бұл жерде «сенен» сөзімен айтылмақ болғаны – адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) және Нұх (а.с.), Ибрахим (а.с.), Мұса (а.с.) және Иса (а.с.) пайғамбарлар аталған.

Әрбір пайғамбардың өзіндік мәртебесі бар және олар өте ауыр сынақты бастан өткізген. Жоғарыда аты аталған пайғамбарларға қатысты Құрандағы оқиғалар жіті сараланса неліктен бұларды «азим», яғни табанды, қайратты, қайсар пайғамбарлар деп атағандығы түсінікті болады. Қанша құқай, жәбір-жапа көрсе де Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тағдырға налымағандығы белгілі. Бәдірде жеңіске жетеді, алайда, Ухудтағы ауыр жағдай еңсесін басады. Ухудта орындарынан тапжылмау керектігін білдірген бұйрықтың мән‑маңызын түсінбей шайқаста өздеріне бекітілген орындарын тастап жеңіліске сеп болған сахабаларға кейіп бір ауыз сөз айтпаған. Әйгілі сахаба Хамзаның шейіт болуы қабырғасын қайыстырып, қақыратып кетті, алайда, ол бұл жайтты да сабырға жеңдіріп, қайғы-мұңын ішінде сақтай білді.

Оның бір ғана арман-мұраты бар еді – адамзаттың тура жолға түсуі. Сондықтан бұл мәселеде өте табандылық танытты. Дағуасына жан-тәнімен берілгені соншалықты, ақиқатты жаю жолында өзін құрбан етуге бар болатын. Құран аяттарының бірінде: «Құранға сенбейді деп таусыла жаздайсың»[4]  – деп ескерте отырып, Пайғамбарымыздың аса ықыласты болғандығын көрсетуде. Бар аңсары хақ жолында жанын пида ету болғандықтан, назалану, үмітсіздікке салыну дегенді әсте білмейтін. Басына түскен ауыртпалықтарға төтеп беріп, әркез сабырлы қалпын сақтайтын. Жылдар бойы тоқып келе жатқан руханиятының сырлы жібін біреу үзсе, қабақ та шытпастан қайта тоқуға кірісетін.

Негізінде бұл қасиет бүкіл пайғамбарларға тән ортақ ерекшелік. Алайда әр пайғамбардың дәрежесі әркелкі болғандықтан, олардың бастарына түскен қиындықтары да бірдей емес еді. Әрине, бұл олардың үмбеттеріне де қатысты жайт.

Осы турасында мына бір оқиғаның астары неткен терең десеңізші!? Ардақты пайғамбарымызға ғайып пердесі ашылып, бүкіл пайғамбарлар көрсетіледі. Біз осы жерден бастап оқиғаның мұнан кейін қалай өрбігенін Пайғамбарымыздың (c.a.c.) өз аузынан естиік: «Көргендерім арасында соңынан ерген бірде-бір үмбеті жоқ пайғамбарлар да бар еді. Ал кейбірінің артында саусақпен санарлық қана адам болды. Кенет бір қалың жамағаттың ағылып келе жатқанын көрдім. «Бұл менің үмбетім бе?», ­– деп сұрадым. «Жоқ, бұл – Мұсаның үмбеті», – деген жауап келді. Біраздан кейін жаңағыдан да қарасы көп бір үмбет көрдім. Менің үмбетімнің осы екендігі білдірілді».

Осы тұста баяндалған жайтқа қатысты аз‑кем ой шалдыра кетелік, қандай да бір пайғамбар ғұмырын дін жолында арнап, жанын салып, қызмет етеді, алайда оны түсінер бірде-бір тірі жан табылмай, пәни өмірмен қош айтысады. Кейбірі саусақтың санына жетер‑жетпес адамды ғана соңынан ерте алған. Олардың орнына өзімізді қойып көрейік: Егер біз дәл осындай сынаққа ұшырасақ, мұндай ауыр жүкті арқалай алуымыз неғайбыл болар еді...

Ибраһим пайғамбар (а.с.) қол-аяғы байланған күйі  кейін қызыл тілі сумақтап, үсті-үстіне өршеленген алапат отқа тасталады. Періштелер көмек қолын созады. Алайда, Ибраһим пайғамбар тәуекелге бекіп: “Мен Аллаһқа ғана сүйенемін. Шын қамқоршым Сол ғана”[5] – деп табандылық танытады.

Нұх пайғамбардың (а.с.) ғасырлар бойғы жанкештілігінің арқасында аз ғана адам кемеге ілікті, бірақ өз баласын айтқанына көндіре алмады. Бұл пайғамбар әке үшін қандай ауыр азап десеңізші? Мұны жан-жүрегімізбен түсіне қою аса қиын, тіпті мүмкін емес.

Иса пайғамбарды (а.с.) дінсіздер өлім жазасына кескенде ол небәрі отыз үш жаста болатын. Мойнын созса, сол сәт шабуға дайын жалындаған қылыштарды көрер еді. Осыған қарамастан ол өжеттік танытып, алған бетінен қайтпады.

Олар – «Аллаһу ястафи»[6]  сипатына ие болған, сүттің бетіндегі қаймағындай ұлы тұлғалар. Жаратқан Иеміздің құдіреті мен қалауы оларға осындай қасиеттер дарытқан. Мызғымас тәуекелшілдік пен табандылық бойдағы негізгі қасиеттері еді. Сондықтан да олар – «улул-азм» дәрежесіне көтерілді. Дәрежесіне қарай әрбір пайғамбар мен ғұламада «азм», яғни жігер мен табандылық кездеседі. Дегенмен бұл заңғар мәртебенің шыңына аты аталған ұлы пайғамбарлар ғана шыққаны мәлім.


[1] Жігерлі, табанды, тапжылмайтын, айнымас бекем мағынасында.
[2] «Таһа» сүресі, 110 аят.
[3] Құранға түсіндірме жасаушылар
[4] «Кәһф» сүресі, 6.
[5] «Әли Имран», 173.
[6] «Аллаһу ястафи» – Құрандағы мына бір аяттың сөзі: «Аллаһ өз пайғамбарларын адамдар мен періштелер арасынан таңдайды». «Ястафи» сөзінің бұл жердегі мағынасы електен өткізгендей мұқият сұрыптау арқылы белгілеу, сайлау дегенге саяды.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.