• Басты бет
  • Кітаптар
  • Ғасыр тудырған күмәндар-2
  • Қазіргі заманда фәни дүниені қалай бағамдауымыз керек? Бүгінде біз дүние мен ақырет істерінде көбіне тепе-теңдікті сақ-тай алмай жатамыз. Ал Пайғамбарымыз-дың кезеңінде бұл қалай іске асқан?

Қазіргі заманда фәни дүниені қалай бағамдауымыз керек? Бүгінде біз дүние мен ақырет істерінде көбіне тепе-теңдікті сақ-тай алмай жатамыз. Ал Пайғамбарымыз-дың кезеңінде бұл қалай іске асқан?

Фәни дүние ­– жол-жөнекей саялайтын аялдама-ларымыздың бірі ғана. Бұл ақиқатты Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) көптеген хадистері айғақтайды. Адам баласы рух әлемінен ана құрсағына, сол жерден фәни дүниеге, одан әрі балалық, жастық, егделік, кәрілік кезеңінен өтіп, қабір әлеміне (бәрзах), одан әрі хашыр әлеміне, сол жерден мәңгілік сапарға аттанады. Осы сапарда адам фәни дүниеде аз ғана уақыт аялдайды. Аллаһ елшісі бір хадисінде бұл жалғанды «ағаш көлеңкесінің саясында бір сәт демалу» деп сипаттаған. Адам баласы бейне бір жолаушы тәрізді. Осынау ұзақ сапарында аз‑кем бел жазып, аяқ суыту үшін бір ағашты саялайды. Фәни ғұмыры осы ғана. Сондықтан да бұл дүние адам баласы үшін мәңгілік тұрақ емес. Керісінше, бір түн түнеп шығатын қонақжай тәрізді.

Біздің шынайы отанымыз – рухтар әлемі. Біз сол жерден тәндік қалыбымызға еніп, фәни дүниеге келдік. Осы жерде біз мәңгілік өміріміздің азығын жинап, шынайы отанымызға қайта ораламыз. Фәни дүниеге осы тұрғыдан қарауымыз керек.

Мүмін – барлық істе таразы басын тең ұстап, иләһи өлшеммен жүретін адам. Сондықтан да барлық мәселедегі секілді бұл мәселеде де асыра сілтеуден немесе бейғамдықтың кесір-кесапатынан өзін сақтай білуі тиіс. Фәни дүниеге қонақ ретінде, ақыретке мәңгілік тұрғын ретінде мән беру, шынайы иләһи өлшемнің белгісі болса керек. Осы тепе‑теңдікті Құран бізге: «Аллаһтың саған бергенінен (Оның жолында жұмсап) ақыреттің қамын жаса, бірақ фәни дүниеден де нәсібіңді ұмытпа»[1], – деп тәлім беруде.

Раббымыз бізге нендей нығметтер сыйлады? Ақыл, жүрек, рух, тән, денсаулық, жастық шақ пен басқа да мыңдаған нығметтерді санап тауыса алмайсың. Ал осылардың барлығы – ертең ақыреттік игіліктерге бастайтын адамның басты байлығы. Басқа бір аятта бұл мәселе: «Аллаһ мұсылмандарға жәннатты беріп, олардың малдары мен жандарын сатып алды»[2] – делінген.

Бұл жағдайда адам баласынан фәни, өткінші нәрселер талап етілсе, Аллаһ тағала бұлардың қарымына мәңгілік, тұрақты нәрселерді сыйлайды. Осы уағдаластықтың негізінде Құран Кәрім біздерге мәңгілік өмір жөнінде көп ізденуімізді насихаттайды. Асылында біздің ұлық мұратымыз бен іс-әрекетіміз ақыреттік игілікке кенелуге бағытталуы керек. Ал ақыретте бақытқа бөленуді қамтамасыз ететін жалғыз мекен – осы фәни дүние.

Қасиетті Құраннан келтірілген жоғарыдағы аят біздің осы фәни дүниемізді де назардан тыс қалдырмауға шақырады. Дегенмен, мұнда пенденің ең ұлы мақсатының мәңгілік өмір екенін ұқтыруда. Себебі, адамның барлық мүмкіндіктері тек сол жерде ғана толықтай ашылып, кемеліне келеді. Фәни дүние тұрғысынан адамды дақылға теңер болсақ, ақыретте ол көкпен ұштасқан зәулім бәйтерекке айналады. Иә, жәннатта барлық сезімдер кемелденеді: көру, дәм сезу, ләззат алу сезімдерінің өткірлене түсетіні соншалықты, бұлар бәлкім қазіргіден он мың есе күшейеді деп топшылауға болады. Сондай‑ақ, жәннатта Хақ жолындағылар Аллаһ тағаланың дидарын көріп тамашалайды. Оның дидарын бір сәт тамашалау адамды мыңдаған жыл жәннат өмірінен артық ләззатқа бөлейді. Ендеше, осы екі дүниенің қайсысын ерекше қадір тұту керек екенін адам осы бастан шешіп алғаны абзал. Кез-келген пенде үшін өз Жаратушысын көруден асқан қандай бақыт бар?! Әсіресе, Жаратушының разылығына қол жеткізу – пенде үшін ешқандай дәрежемен, мансаппен өлшенбейтін ең абзал нығмет. Тіпті жәннаттың өзі мұның қасында түкке тұрғысыз.

Құран Кәрім де мұны ең үлкен нығметке теңейді: «Раббыңның разылығы бәрінен үлкен»[3]. Бір хадисте: «Аллаһ мұсылмандарды жәннатқа, кәпірлерді жәһаннамға кіргізгеннен кейін мұсылман құлдарына: «Құлдарым, маған разысыңдар ма?», – деп сұрайды. Олар: «Мұншалық нығметке ие болған соң қалай ғана Саған разы болмаймыз?», – деп жауап береді. Осы кезде Хақ тағала: «Онда мен сендерге бұдан да үлкен шарапат жасаймын: мәңгілік разы болып, сендерге ешқашан да қаһарланбаймын», – дегендігі жайлы айтылады.

Егер біз ақырет үшін фәни дүниеге көңіл бөлу керек десек, ақырет игілігінің жемісін көруге дәнекер болғандығы үшін бес күн жалғанды сүйген боламыз. Егер жалған дүниеге деген жүрегіміздегі сүйіспеншілік осы болса, мұның ешқандай әбестігі жоқ, себебі бір хадисте: «Дүние – ақыреттің егіс алқабы» – делінген.

Бұл ойды одан ары былай өрбітуге болады: ақыреттік игілікке тек осы дүние арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Өйткені, барлық сана-сезім, түйсік пен рухани танымымыздың кемелденуі осы жерде қанат жайып өркендейді. Хақ тағаланы көруге де осы дүниедегі амал, ниетіміз арқылы ғана лайық бола аламыз.

Фәни дүниеде көретіндей болмыспен жаратылмағандықтан адам баласы Аллаһ тағаланы көре алмайды. Себебі Аллаһ тағала – уақыт, кеңістіктен тәуелсіз, санамызға ұялар кез келген ұғымнан пәк. Ол бізге күре тамырымыздан да жақын. Ол өзінің мейірімділігімен біздің барлық қажеттіліктерімізді өтеп, иләһи қалауымен барлық ісіміздің болашағын айқындап, шексіз құдіретімен біздерге билік жүргізуде. Тассауыф тілімен айтар болсақ:
«Хақтан айқын еш нәрсе жоқ,
Оны тек соқырлар ғана көрмейді!».

Ал біздің Хақ тағаланы көре алмауымыз – өзімізге тән нұқсандық. Бұл нұқсандықты жою Аллаһ тағаланың ықтиярында. Ақыретте осы нұқсандық жойылып, адамдарға Жаратқанның жамалын көру бақыты бұйырып, асыл мұратына жетеді.

Міне, дүние осындай жеміс беретін егін алқабы тәрізді. Фәни дүниеден ақыретке өткен кезде нұрлы перделер бірінен соң бірі ашылып, пенде Раббысының дидарын тамашалайтын болады.

Бұл дүние – Хақтың қасиетті есімдерінің бүршік атып, жеміс беретін орны. Демек, фәни дүниеде мәнсіз, мағынасыз еш нәрсе жоқ. Мәулана Жәләлиддин Румидің[4] сөзімен айтар болсақ, біз және біздің қалауымызбен айналамызда болып жатқан барлық нәрселер – Аллаһ тағаланың алып бағанаға асылған таңбалы байрағы тәрізді. Бұл байрақты желбіретіп тұра-тын да тікелей Хақ тағаланың өзі. Сондықтан барлық жағдаяттарға да біз Хақ тағаланың бақшасындағы Оның есімдерінен сыр шертетін гүл шоғыры ретінде қарауымыз керек. Біз бақылаған әрбір гүлде немесе сол гүлдің жапырақтарына тамған әрбір шықтардан Оның әсемдіктерін тамашалаймыз. Мәулана түсінуге ауырлау соғатын тілмен мұны: «Әулиенің аяғына кісен салып, ақылын бұғаулайтын, оларды Хақтың жаршысы ететін және оларды Хақ жолына байлап-матайтын ерекшелік – Хақ тағаланың бау-бақшасында сейілдейтін ай маңдайлылардың шағылысқан сәулелері» деп сипаттаған.

«Уахидият» (Аллаһ тағаланың даралық тұғыры) бейнесі арқылы Хақ тағала Өзінің кейбір әсем айшықтарын көз алдымызға Даралығына куә болуымыз үшін жайып салған. Одан кейін Оның біртұтас даралығының («ахадият») сыры мен мәніне қарай әрі өзгеше шарапатының арқасында әрбіріміз деңгейімізге лайықты құрметке бөленеміз. Сондықтан да Хақ тағаланың – «Уахидият» байрағында бейнеленген ай маңдайлыларға келсек, олар біздерге осы әлемде көрі-ніп, көңілге жұбаныш сыйлайды. Біз солардың бойынан Хақ тағаланың есімдерінің сәулесін тамашалаймыз.

Бұл жерде біз осы терең де нәзік мәселенің түсіндірмесін жасаудан аулақпыз. Біздің айтпағымыз: дүние – Хақ тағаланың бір бағы. Осы бақтағы ай маңдайлылардың сәулесі біздің рух айнамызға шағылысып көрініс табуда. Ендеше дүниеде көргендеріміз әр түрлі өлшем арқылы Аллаһтан келген сәулелердің толқындары ғана. Әлбетте, мәселені «уахдат-ул ужут»[5] негізінде пайымдаудан аулақпыз. Әйтсе де, Имам Раббанидің «заттардың ақиқат болмысы Хақ тағала есімдерінің шағылы ғана...» сөзіне де толықтай қосыламыз.

Иә, біз дүниені басы бүтін тәрк ете алмаймыз. Өйткені, ақырет игілігі негізінен осы дүние арқылы жүзеге аспақ. Дүниенің ластыққа толы екені де рас. Сөйте тұра, фәнидің өзінде небір ақиқат жауһарлары сақталған. Осы орайда Мәснәуидегі[6] Махмуд  Ғазнауиге[7]  қатысты хикаяны айта кеткен жөн болар. Лафонтеннен бұрын да Бейдаба[8] өз еңбектерінде жан‑жануарлардың тілімен өзгеше тәсілмен данагөй кеңестер береді. Бұл тәсілді кейін Ислам ғұламалары да пайдаланды. Мәулана да осылардың санатында болатын. Осы еңбекте Махмуд Ғазнауи ауласындағы бір қаңғыбас итпен сөйлеседі. Ит тынымсыз түртінектеп сарай жанындағы күл‑қоқыстан бір нәрсе іздеп жүреді. Кейде ертеңіне сол жерге қайта барып кешке дейін тіміскілейді. Бір күні сұлтан Махмуд: «Бірнеше күннен бері күл‑қоқыстан шықпай қойдың. Еш нәрсе таба алмадың, бірақ іздеуден неге сонша жалықпайсың?», – деп  иттен сұрайды. Сонда итке тіл бітіп: «Мен бірде осы жерден сүйек тауып алғанмын. Сондықтан күнде келіп, тағы да бір сүйек тауып қалармын деген дәмемен тіміскіленіп жүрмін», – деп жауап қатады.

Міне, ақиқатты іздеу Аллаһтың салиқалы, әулие құлдары үшін де күл‑қоқыстан сүйек іздеген иттің кейпі тәрізді. Ұлы Жаратушы осы дүниеде жақсы мен жаманды, ізгілік пен зұлымдықты қатар жаратқан. Әр  істің  астарындағы көлеңкелі, сұрықсыз нерселерді де Аллаһ тағаланың жаратқаны білінбес үшін барлық құбылысты себеп-салдармен перделеген. Сырттай жамандық секілді көрінетін барлық нәрселер осы перденің тасасында жасырулы. Дегенмен, осылардың бәрін жаратқан – Аллаһ тағала. Осы құбылыстардың бәрінің астарында Аллаһ тағаланың біз біле бермейтін есімдерінің шағылдары көрініс табуда. Аллаһ есімдері шексіз. Сондықтан да оның саны Хақ тағалаға ғана аян. Кейбір есімдерді Хақ тағала тек қана өз ілімінде сақтап, тіпті пайғамбарлары мен ең жақын періштелеріне де үйретпеген. Міне, сондықтан да біз дүниені осы қыры-нан пайымдап, кейбір ақиқаттарға қол жеткізгенімізді місе тұтпай, тағы да табылып қалар ма деген үмітпен өзгелер күл‑қоқыс деп санаған жерлерін аралаймыз, әрі мұны бар ынта-ықыласымызбен орындаймыз.

Фәни тірліктің бойымызда жиіркеніш сезімін оятатын өзге бір қыры бар. Дүниенің бұл қыры өткінші әрі ләззәтын бір таттырса қарымын қып‑қызыл қасіретпен қайырып алатын сұм, сұмпайы болып келеді. Ол ойын не ойыншық тәрізді. Дүниеге бой алдырған жандар үшін дүниенің бұл қыры өмірлік мұрат болса, біз үшін бұл керісінше, ең жиіркеніш тудыратын жағы. Фәнидің бұл қырына қанша жиіркене қарасаңыз да аздық етеді.

Фәни дүние мен мәңгілік өмір арасындағы асыл тепе-теңдікті біз дәл осы тұрғыдан орнатқанымыз абзал. Дүние өткінші, ақырет болса мәңгілік. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) дүниені ешқашан тәрк етпеген. Бірақ, халық арасында әрдайым Хақпен бірге болған. Аллаһ елшісінің даналыққа толы сөздерінде: «Адамдардың арасында жүріп, олардың көрсеткен қиыншылықтарына төзу – тау басында жалғыз өмір сүруден әлдеқайда артық», – дейді.

Біз де дәл осылай істеуіміз қажет. Яғни, жалғандық пен жамандық қатар аққан дүние теңізін кешеміз... Алаңқайлар мен базарларды аралаймыз... Ұстаз бен шәкірт боламыз... Рухымызға ауыр соғатын кейбір қиындықтарға сабыр етіп, қажет болса материалдық әрі рухани қажеттіліктерімізден бас тартып, жанымызды пида етеміз; иә, өз менімізді толықтай ұмыталық; тіптен Аллаһ тағалаға жақындық пен оның уәлиі (досы, әулие құлы) болатын жолдардан өз еркімізбен бас тартатындай жанкешті бола отырып, яғни, Аллаһ елшісі жәннәттің өзін тәрк етіп үмбетіне қайта келгендігі (миғражда – аудармашыдан) секілді, оның осынау мөлдір де асқақ көркем мінезінен сусындап, осы ақиқаттың шынайы өкілдері болуға талпыналық. Мұндай жандар бейне бір алаулаған от ішінде қалғандай күй кешіп, дүниенің фәни жүзіне әсте көңіл аудармайды. Олар қашан да халық арасында Хақпен бірге.

Бүкіл әлемнің байлығы Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қолында бола тұра жүрегі оған селт етпеген. Ол өмірге қалай келсе, солай кетті. Туылғанда жай бір матаға құндақталса, өмірден көшкенде де жұпыны бір матамен кебінделді.

Аллаһ елшісі өзінің бүкіл ғибратты ғұмырын фәни дүние мен ақырет арасындағы тепе-теңдікті орнататын асқақ мәдениет қалыптастыруға арнады. Ол ғұмырының соңына дейін осы ұлы мұратынан бас тартқан емес. Ол бүкіл ғұмырын Аллаһ жолына арнады. Адамзатқа көрсеткен әрбір қызметін тек қана Аллаһтың разылығы үшін орындады. Дүниенің рақатына бөлену яки өмірдің қызығына еліту ойына да кіріп шықпады.

Киелі шаңырағында да дәл осындай ахуал қалыптастырды. Құдай қосқан қосақтары дүниеге қатысты болмашы талаптар қойған кезде көңілі түсіңкіреп, олардан уақытша жырақ кетуге ант еткен еді. Тіпті, бір кездері Құранның әмірімен қадірлі жарларына ардақты пайғамбарымыздың жанында қалу немесе кету секілді таңдау еркі берілген сәт те болды. Яғни, Аллаһ елшісінің тапқан-таянғанына қанағат етіп қалуына немесе осы киелі шаңырақты тәрк етуіне рұқсат етілген. Аллаһ елшісінің барлық жары қандай жағдайға душар болмасын, ыстықты да, суықты да бірге бөлісуді дүние нығметтерінен биік қойды.

Осы оқиғаның ыстық‑суығы басылмай жатып, ки-елі шаңыраққа Омар (р.а.) кіріп келеді. Ол адамзаттың асыл тәжі – сүйікті пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) астына ши төсеп, сонда жатып жүргенін байқайды. Осы жағдай Омар (р.а.) жанына қатты батып, көңілі босайды. Аллаһ елшісі неге жылағанын сұрағанда: «Византия мен Иран патшалары құс төсекте жатқанда, сен Хақ тағаланың елшісі бола тұра шидің үстінде жатырсың. Мен осыған жылаймын», – деп жауап қатады. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Ей, Омар! Дүние солардікі, ал ақырет біздікі болуын қаламас па едің?», – деп, хикметке толы өшпес сөзін қалдырады.

Аллаһ елшісі фәни тіршілікті біржола тәрк етпеген. Ол әрбір нәрсенің астарындағы ақиқатты көре білді. Исламды төрткүл дүниеге тарата отырып, өзгелердің де ақиқатты шынайы сезіне білуіне жол ашты.

Осы жерде қазіргі заманғы қоғамтанушылар айқындаған мына жәйтті айтпай кетуге болмас: адамзат хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) дейін жиырма бес пайыз көлемінде ғана өркендеген. Онымен бірге яғни, жиырма үш жылдай қысқа уақыт аралығында өркендеу мәжесі елуге жеткен. Сол кезден біз өмір сүріп отырған дәуірге дейін бар болғаны жиырма бес пайызға ғана артқан, яки жетпіс бес пайыз. Ал жүз пайызға тек бізден кейінгілер ғана жете алады екен. Осы жағдайға жіті назар аударсақ, адамзаттың ғасырлар бойы ұзақ уақытта жеткен жетістіктеріне Ол ширек ғасырда-ақ жетіп, қияметке дейін келетін ұрпаққа жол көрсетіп кетті!

Ол дүниені тәрк етпеген болатын. Екі жиһан сардары қай нәрсеге қаншалықты мән беруіміз қажет екендігін білген, үмбетін де осы бағытта тәрбиелеген...


[1] «Қасас» сүресі, 77
[2] «Тәубә» сүресі, 111
[3] «Тәубә» сүресі, 72
[4] Мәулана Жәлаладдин Руми – ХІІ ғасырда өмір сүрген танымал Ислам ойшылы, ақын әрі сопы.
[5] Уахдат-ул ужут – болмыстың біртұтас-дара екендігіне қатысты Ибн Арабидің пайымдауы. Дегенмен Ислам ғұламаларының көпшілігі Ислам ақидасы негізінде бұл ұғымның бірқатар пікірталасқа жол беретіні жөнінде айтқан. 
[6] Мәснәуи – Мәуләнә Жәлаладдин Румидің басты еңбегі.
[7] Махмуд Ғазнауи – өзінің діндарлығымен танымал, Ғазнауиттер мемлекеті мен династиясының негізін салушы.
[8] Бейдаба – «Қалила мен Димна» атты моральдық тәрбиеге қатысты еңбектердің авторы.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.