СӨЗ БАСЫ

Иман – сенімді тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Ол – сарқылмайтын күш-қуат көзі. Алайда, оның жемісін теріп жеп, игі нәтижесіне қол жеткізу үшін иманды амал арқылы күшейтіп, қуаттап отыру шарт.

Амалды Жаратушы ие көріп тұрғандай жасау «ихсан» деп аталады. Иман мен ихсан көздегі нұр, денедегі жан сияқты. Осы екеуіне негіздей отырып парыз ғибадаттар мен нәпіл[1] құлшылықтар жасау – бақи әлемнің мәңгілік бақытына бастайтын қос қанат іспетті.

Пендені Ұлы Жаратушыға жақындатудың ең сенімді әрі төте жолы – парыз ғибадаттарды орындау. Ал нәпіл құлшылықтарды шын ықыласымен орындаған жан Аллаһ тағаланың ең сүйікті құлы атанып, (құрбәт) «Оған жақын болу» мәртебесіне ие болады.

Ақиқат жолаушысы нәпіл құлшылықтарымен сәт сайын жаңа биіктерге талпынып отырады. Парыз ғибадаттарды орындауға деген құлшынысы мен нәпіл құлшылықтарға деген құштарлығы еселене түседі. Мұндай биік дәрежеге жетіп, рухани әлемге көкірек көзі ашылған жандар Аллаһ тағаланың сүйіспеншілігі мен разылығына бөленгенін сезеді. Тіпті бір құдси хадисте[2] айтылғандай, Аллаһ тағала ондай құлының естір «құлағы», көрер «көзі», ұстар «қолы» және жүрер «аяғы» болады (яғни оның әрбір ісі Ұлы Жаратушысының ерекше қамқорлығымен жүзеге асады). Бір жағынан алып қарағанда, мағрифатуллаһ (Аллаһты тану) деген осы. Ол – білудің білушімен біте қайнасуы, оны бойға сіңіруі әрі (білушінің барлық жағдайының білінушіге) тілмәш болу мәртебесі. Мағрифатты «ар-ұждандық ілімнің пайда болып, дамуы» деп түсіндіргендер де кездескен. Ол бір жағы адамның өзіне тән адамгершілік қасиеттерінің шыңдалуын ұқтырады. «Өзін таныған жан Жаратушысын да таниды» деген сөздің бір мәні осы болса керек.

Мағрифаттың алғашқы мәртебесі – айналадағы менмұндалаған Аллаһ тағаланың ұлық есімдерінің белгілерін сезе білуден, соның астарына жасырынған ғажайып әлемге саяхаттаудан басталады. Осы саяхат барысында пенденің көргендері мен естігендері  тіліне шабыт шәрбатын үйіреді; қимылының бәрін жүрек басқара бастайды. Бар қимыл-қозғалысы Жаратушыға бағынады. Іле көп күттірмей, ар-ұжданына «Оған (Жаратушыға) тек әсем сөздер ғана биіктейді. Оны ізгі істер көтереді»[3] аятының нұр шашқан сәулелері тарайды. Ендігі жерде мағрифаттың алғашқы сатысындағы мұндай жан бүкіл жамандықтардан арылып, көңілі ғайыптан самал боп ескен «хабарлардан» айрықша шаттанады. Ішкі сарайына ашылған тылсым есіктен жүректегі Жаратушысына («Жер мен көкке сыймаған Аллаһ өзінің иманды құлының дархан жүрегіне сыйып кетті» деген мазмұндағы теңеу сөзде айтылғандай) нұрлы жол ашылады, бұл кезде адам кері қайтуды мүлдем ұмытып, ерекше сезімге бөленеді.

Міне, ақиқат жолаушысының Аллаһтан басқаның бәріне сырт беріп, нәпсіні тізгіндеп, көл-көсір рахатқа батқан осы күйі «мағрифат мәртебесі» деп аталады. Ал әр демінде мағрифат жұпарын мейірлене жұтқан адамды «мағрифат ғашығы» десе, мағрифатты тұла бойына сіңіргенді «ариф» (нағыз танып-білуші) деп атайды.

Мағрифат аясындағы өмір жәннат бағындағыдай кіршіксіз, ал рух мәңгілік бақытқа үздіксіз ұмтылумен болады; көңілі тоқ мәз-мейрам. Солай бола тұра ол сақтығын ұмытпайды. Олар «Аллаһқа қарсы келмейді және әмір етілген нәрселерді орындайды»[4] деген өреде періштелермен біте қайнасып күн кешеді. Сезімдері бірте-бірте мағрифатқа оянған бұл жандар күніне бірнеше мәрте жәннат бағының төрінде серуендеп жүргендей көңілдері толқып, сәт сайын сан түрлі мәртебелерде Ұлы Доспен жүздесіп, соның терең ләззатына бөленіп мәре-сәре күй кешеді.

Хақ тағалаға ынтызар құлдар күн сайын яки сағат сайын бірнеше мәрте Онымен қауышып, таңғажайып күйге бөленеді.

Кейбір ғалымсымақтар кішігірім білгеніне семіріп, тоғышарлыққа ұрынса, ариф болса, бақыт тостағанынан сіміре жұтып шексіз рахатқа бөленеді. Тіпті қорқыныш пен үрейден есеңгіреген сәттерде де ол рахат сезім құшағында көзі жылап тұрса да көңілі шат-шадынан күй кешеді.

Осындай ортақ ерекшеліктермен қоса мінез-құлықтары мен таңдаған жолдарына қарай арифтер де өз араларында ерекшеленеді. Кейбіреулері салмақтығымен өз тереңдігін байқатса, кейбіреулері алып сарқырамадай гүрілдеп тұрады. Енді бірі өмір бойы күнәсі мен сауабын ойлап зар еңірейді, бірақ жасын бұлай тұра Жаратушысын ұлықтауға тоймайды, әрі сол тоймаған күйі жалған дүниемен қош айтысып кете барады. Ал кейбірі: «Аллаһтың ұлықтығынан қорқып, одан ұялумен болады», кері қайтуды әсте естеріне алмайтындары да бар. Кейбірі топырақ сияқты: өткен-кеткендер оны табанымен жаншып өтеді. Кейбірі бұлт тәрізді: ізгілердің барлығына шапағат нұрын төгіп, қамқорлығын аямайды. Енді біреулері жел секілді: адамның жан сарайын үнемі самалымен сергітіп қоя береді.

Мағрифатқа қол жеткізгендердің өздеріне тән нышандары да бар: ариф Аллаһ тағаладан басқасына қол жаймайды. Көңілі Жаратушыдан басқаға жұбанбайды. Ол үшін Жасағанмен бірге болудан асқан мәртебе жоқ. Нағыз ариф үшін өзінің Жаббар иесі тұрғанда басқаға қыжалатын айтып, басқамен бірге болудан, басқаны ойлаудан өткен азап жоқ. Мағрифаттың бұл дәрежесіне жете алмаған адам кімнің дос, кімнің дұшпан екенін ажырата алмайды. Нағыз Доспен сырласпаған адам сәл де болса да Одан көз жазып қалудың азабын қайдан ұқсын?!

Сондай-ақ мағрифаттан кейін келетін тағы бір қасиетті ұғым – иақин. «Иақин» – өмірдің әрбір сәтінде жаңа белеске көтерілу, таным көкжиегін кеңейтіп отыру, қанат қомдау.

Иақин – ізденісті білдіреді: ол – ғұмыры шектеулі пенденің өзінің мәңгілік Иесін іздеуі. Мұндай адамның бүкіл өмірін жарық яки нұрлы деуге болады. Оның жан дүниесіне үнемі ізгілік құйылғандықтан өмірі ұдайы шуақты болмақ. Оның құрметіне көктен құт-береке толассыз жауады. Ендігі жерде ол бейне бір Пайғамбарымыз бақилық болмағандай, уахи әлі үзілмегендей, Жәбірейілдің аяғы әлі жерден көтерілмегендей ғұмыр кешеді. Сөйтіп, мәңгілік әлемінен келген жан тебірентерлік самалдарды жайсаң жүрегімен қарсы алады.

Иақин – сену қажет нәрселерге еш күмәнсіз жан-тәнімен беріле илану. Математиктердің есебінше, екі жердегі екі – төрт болғанымен, сапа әрі әр санның бір деңгейде, бір дәрежеде және бір мөлшерде еместігі жағынан оған сын тағуға болар. Ал иақин арифметика-лық өлшемдерден жоғары тұратын нық әрі толық иман болып саналады. Негізі, осындай иманның нәтижесінде ғана жаратылыстың әр бөлшегіндегі әсемдіктерден нағыз сұлулық пен кемелдік иесі – Алллаһ тағаланың көрсе көз тартарлық шексіз әсемдігі мен кемелдігінің нышандарын тамашалап, рухани ләззатқа бөленетін мәртебеге жетуге болады.

Иақин дәрежесіне жеткен адам жұмақ төрінде жүргендей өзін әрдайым ерекше шаттықта сезінеді. Жан дүниесінен үнемі ізгілік төгіледі. Сәт сайын сезімі түрленіп, Жаратушысын әр қырынан тани түседі. Арш[5] бағынан құшақ-құшақ гүл теру, жеміс жинау деп міне, осыны айтады.

Иақинның алғашқы сатысы сауапты істерге үйірсектіктен басталады, ал оның шарықтау шыңы – жанның рахатқа кенелуі, рухани кемелдену. Жалған дүниенің алдамшы қызықтарына семірген адам өзінің Жаратушысын ұмытады, ал керісінше, Жаратушысына көңілі тоқ адам басқа ештеңені керек етпейді. Дүниеге салынғандар – Одан үлес ала алмағандар. Аллаһты жан-тәнімен сүйген адам үшін одан өзге нәрселердің ешбір маңызы жоқ. Ондай адамның жүрегі күннен көзін алмаған «күнбағыстай» ғұмыр бойы Жаратушысынан жүз тайдырмайды. Оның ар-ұжданы да Одан бір сәтке болса да ажырап қалуға жол бермейді. Осындай иақин мәртебелерінің ең жоғарғы деңгейінде саяхат еткен жан әр қонақтаған сайын «Жүрегімнің жай тапқанын қалаймын»[6] ақиқатына куә болып, әр қадамында түрлі-түрлі сый-құрметке кенеледі. Қайда барса да, «(Аллаһтың достары үшін) ешбір қауіп-қатер, уайым-қайғы жоқ»[7] деген сүйінші хабарды естиді әрі бүкіл болмысымен «(Оларға періштелер келіп) Қорықпаңдар! Уайым-қайғы жемеңдер! Өздеріңе уәде етілген жәннатты көріп қуаныңдар!»[8] деген қуанышты сезеді, әрі «Назар аударыңыз! Жүректер Аллаһты зікір еткенде ғана жай табады»[9] кәусар-бұлағымен құмарын қандырып, тіршілік тауқыметінен ада өмір сүреді.

Адам арадағы қандай да бір себепкер мен дәнекерге тәуелсіз, еркін өмір сүргенде ғана жан рахатына  бөленеді. Ақыл өзінің табиғаттан тысқары саяхатын осы мәртебеде тәмәмдайды; рух осы мәртебеге жеткенде, бұ дүниелік қайғы-қасіреттен құтылады; сана-сезім осы сиқырлы мекенде іздегенін табады. Сөйтіп, тамшы телегей теңізге айналады.

Адамды осы мәртебеге жеткізетін белгілі бір жолдар бар. Олардың ең негізгілері – ғылым мен терең ой (тәфәккүр). Ғылым – қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың, жаратылыс заңдылықтарының қыр-сырын танып-білу, Жасаған Иеміздің ұлы мақсаттарының мәнін ұғу. Заттарға билік жүргізу үшін жаратылған адам баласы көреді, сезеді, оқиды әрі үйренеді. Ал бұларды жүзеге асырғаннан кейін табиғаттың қыр-сырын танып-білудің және өзіне бағындырудың жолын қарастыруы тиіс. Міне, осы мәртебе – Ұлы Жаратушының әмірімен табиғаттың адамға, ал адамның Жаратушыға мойынсұнған жері болып табылады.

Ғылым өзінің физика, химия, астрономия, медицина секілді көптеген салаларымен адамзатқа қызмет етіп, күн сайын оған жаңа сый тарту етуде. Ғылым мен технология адамға қызмет көрсетудің құралы ғана болғандықтан одан үркудің қажеті жоқ. Қауіп ғылымда не ғылыми көзқарастар бойынша дүниені тануда емес, керісінше, надандықта, санасыздық пен жауапкершілікті сезінбеуде. Сонымен бірге, мынаны да мүлдем естен шығармау керек: ғылым тек теориямен шектеліп, ой, ар-ұждан, тәжірибе секілді маңызды жайттармен ұштаспаса, өзін де, өзгелерді де адастырады.

Турасын айтқанда, адамның сана-сезімі руханияттан (мәңгілік әлем жайлы ойдан) жұрдай, есіл-дерті технология болып, рухани құндылықтарды ұмытса, онда ғылым мен оның пайдасы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мұндай жағдайда ғылым қайта зұлымдықтың тарауына, қанды қақтығыстардың кең етек алуына, азуы алты қарыс алпауыттардың арандатушылық әрекеттеріне қызмет ететін, әділдікке жаны қас арам ниеттілерге демеу беретін жойқын күшке айналады.

Негізінде, адамның материалдық һәм рухани бақытын, жаны мен тәніне қатысты проблемаларын шешіп, ақыл мен жүректі тоғыстыра алған ғылым ғана пайдалы. Ал оларды орындамаса немесе орындай алмаса, оның еш пайдасы жоқ, тіпті пайдасының болмауы былай тұрсын залалын тигізеді. Сананы тұрмыс билеп алған қазіргі қоғамда адам баласы өзінің материалдық жағдайын жақсартып, рахат өмір сүру үшін ғана ғылым мен технологияға көңіл бөлетін болды. Мұндай түсінік адамдарды күн өткен сайын адами құндылықтардан алшақтатып, ақыл-естен алжастырып, рухани мешеулікке ұрындыруда. Мұндай адамдардың көпшілігі ақиқатты іздегісі келмейді, ол туралы ойлаудан да қашады, тіпті жек көреді. Ондай мешеулікке қоғамды жайлаған тұрпайы «мәдениет», ғалымсымақтардың таяз түсінігі, ел-жұрты үшін жанын пида ететін асқақ рухты адамдардың жоқтығы өз салқынын тигізді. Ең өкініштісі: дархан жүректі, терең ойлы, жаны жайсаң азаматтарды тәрбиелеп шығару деген қастерлі ұғым да өшті. Қоғамда руханияттан жұрдай, дүниені ғана ойлайтын кісәпірлер қаптап кеткен бүгінгі күні ақиқатты тану не ғылымға тереңдей түсу, оның шынайы жетістіктері жайлы сөз қозғау мүмкін емес. Керісінше, мұндай ортада күн өткен сайын алды-артын аңдап отыратын терең ойлы жандар азаяды. Адамдар ақылынан алжасып, робот машиналардың жетегінде жұмыс істейтіндер қаптап кетеді. Олай болса, болашақты жаңаша құруды ойлайтындар келешекте опық жеп қалмау үшін, алдымен ғылымның пайдасы мен зиянын, одан не күтуге болатынын және оның мақсаттарын жақсылап анықтап алуы керек. Өйтпейінше толыққанды ғылым болмайды.

Тәфәккүр (терең ой) – нақты дәлелдер арқылы жаратылыстың қыр-сырын танып-білу. Терең ойлану арқылы адам жұмаққа аяқ басады. Демек, ойланған адамдар үшін ғылымның әр саласы жарық әлемге бастайтын бір-бір баспалдақ іспетті.

Кез келген адам табиғаттың әр бөлшегі мен құбылысынан Жаратушының белгісін көре алады. Себебі бүкіл тіршілік атаулы Жаратқан Иеміздің әмірімен жоқтан бар болғаны анық.

Адам баласы белгілі бір жерге дейін осы дәлелдер арқылы жол тартады, яғни олар адамның қолынан жетектеп, есікке дейін алып келеді, алайда, ішке кіре алмайсыз. Одан әрі ихсан сырының тылсым әлемі басталады. Өмір бойы іздеген ғайып[10] табылып, ар-ұждан Жаратушысының үнін естиді. Іздегенін тапқан соң, іздің керегі қанша?! Бүкіл қасіретті артқа тастап, ұлы Досына қауышқан адам басқа нәрсені ойлай ма?! Негізінде, Аллаһ тағала барлық философиялық категориялардан (дене, материя, заттық бейне, т.б.) пәк, дегенмен адам баласы енді бір қадам басса, бейне бір Оның құшағынан бір-ақ шығатындай сезімге бөленеді. Түптеп келгенде, Ол адамға күре тамырынан да жақын емес пе?! Осы тылсым сыр көрініс тапқан жерде дәлел іздеудің не керегі бар?! Іздегенін тапқан адам дәнекерді қайтсін?! Қазынаны тапқанға іздің керегі бар ма?!

Ең маңыздысы, осы сапардың соңы иманның ең шарықтау шыңы мен ең кемел мәртебесінде түгесілгей...


[1] Парыз – Ислам дініндегі орындалуы міндетті құлшылықтар; нәпіл – міндетті болмаса да, сауап алу үшін жасалатын қосымша ғибадаттар (ауд.).
[2] Құдси хадис «қасиетті сөз» деген мағынаны білдіреді. Ол – Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) тілімен айтылған Аллаһ тағаланың сөздері (ауд.).
[3] Фатыр сүресі, 35/10.
[4] Тахрим сүресі, 66/6.
[5] Арш – Аллаһ тағаланың тағы дегенді білдіреді. Шартты түрде алғанда, бүкіл жаратылыс әлемінен кейін басталатын ұлы Жаратушының әлемі (ауд.).
[6] Бақара сүресі, 2/260.
[7] Қараңыз, Бақара сүресі, 2/62, 112, 262, 274, 277.
[8] Фуссилат сүресі, 41/30.
[9] Рағд сүресі, 13/28.
[10] «Ғайып» – Көзге көрінбеген әлем (ауд.).



Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.