РУХ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАБИҒАТЫ ТУРАЛЫ ЖЕКЕЛЕГЕН ДӘЛЕЛДЕР

1. Рух – «әмір» әлемінен келген саналы болмыс

Рух «әмір әлемінен»[1] келген саналы болмыс болғандықтан, материялық әлемдегі тіршілік иелеріне ұқсамайды. Енді осы екі әлемге біршама түсініктеме берейік:

Материалдық әлем – көзге көрінетін өзіміз тіршілік етіп жатқан әлем. Кейде ол – мүлік және шәһәдат әлемі деп те аталады. Аллаһ тағала бұл болмыстарға жан береді, өлтіреді, жаңа денелер жаратады. Жаратылған бұл денелер белгілі бір кейіпке енеді, сәнделіп безендіріледі. Өсімдіктер, жануарлар, адамдар – осы әлемнің өкілдері. Көзге көрінетін атом, жер шары, бүкіл аспан денелері – бәрі материялдық әлем деп аталатын осы әлемге жатады.

«Әмір» әлемі – біздің әлемімізге қатысты өлшемдермен өлшенбейтін, заңдылықтары өзгеше әлем. Бұл әлемнің негізі – материя емес, мағына. Мағынаны елестете алмағандықтан, біз тек қана ол әлемнің материялық әлеммен астасып жатқан ұшқындарын көре аламыз, солар арқылы ғана «әмір» әлемін пайымдауға тырысамыз. Тақырыпты түсінікті ету үшін жекелеген мысалдар келтірейік:

Мәселен, бір дәнді немесе ұрықты қарастырайық. Заттың әлемге жататын тұқымның ішінде де тіршілік көзі бар. Демек, оның да «әмір» әлемімен байланысы бар. Өйткені әрбір ұрықта оның өмірі болып саналатын өзегі және тірілу, өну, өсу заңдылықтары бар. Ұрықтағы осы тіршілік түйіні жарылады, ашылады, өніп шығады да, өркен жайып, көп ұзамай ағашқа айналады, жеміс салады. Бұл ондағы өсу заңдылығының арқасында жүзеге асады. Дегенмен бұл заңдылық көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды, тіпті дыбысы да естілмейді. Біз оның бар екенін өзі ықпал ететін материялдық дененің сатылап өсуіне қарап пайымдай аламыз. Яғни, заттың әлемге қатысты жағын көріп тамашалай аламыз да, әмір әлеміне қатысты жағын көре алмаймыз, бірақ сеземіз. Өйткені материалдық себептер мұндай нәтиже туғыза алмайды. Неге десеңіз, топырақ пен ауаның әр бөлігінде жер бетіндегі бүкіл өсімдік атаулыны танып-білетіндей, олардың барлығына бөлек түр беретіндей арнайы қасиеттері болу керек. Бұл дегеніміз – еш ақылға сыймайтын нәрсе.

Сондай-ақ, әйелдің жатырындағы аталық ұрық та құдды топырақтың қойнындағы ұрық секілді «өсу заңдылығы» бойынша өсіп-жетіледі.

Әйелдің жатыры әр ай сайын тазартылады. Бұл – заңдылық. Сосын жатыр қабыршақтары аталық ұрық үшін витамин қоймасы ретінде дайындалады. Бұл да заңдылық. Әйелдің жатырына қарай ұмтылған миллиондаған аталық ұрықтан тек біреуі ғана жұмыртқаның нәзік қабыршығынан ішке енеді де, артынша бірден тесік жабылады. Міне, тағы бір заңдылық! Содан кейін Құран Кәрімде баяндалғандай, аталық ұрық кезең-кезеңімен үш қараңғылықта жасуша, тін және ағза кезеңдерін өткереді. Осы кезде оның нәр алуы да ғажап[2]. Бұл да жеке алдына бір заңдылық. Осылардың барлығын «эмбриологиялық[3] заңдылықтар» деп атайды. Қазіргі уақытта ұрықтың даму кезеңдерін арнайы құралдармен бақылай аламыз, бірақ осы даму сатыларына ықпал ететін заңдылықтарды көре алмаймыз.

Дәл сол секілді тартылыс күші мен тебіліс күші заңдарын білмейтін адам кемде-кем, сонда да оларды көрген ешкім жоқ. Біз тек олардың материялық әлемге жасаған ықпалын ғана көре аламыз.

Рух та бір заңдылық. Жоғарыда берілген мысалдарда түсіндірілген заңдылықтар түріне жатады. Тек ерекшелігі сол – басқа заңдылықтарда ақыл-ес жоқ, ал адамның рухы саналы болмысқа жатады.

Аллаһ тағала рухты «Кун!» әміріне қатысты әлемнен жіберген. Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рух жайлы айтылғанда «Рух – Жаратушымның әмірінен және сендерге ол жайлы өте аз мәлімет берілді, – деп айт»[4] делінген. Бұл аятта «Раббул-әламиин» (әлемдердің Жаратушысы) демей, «Рабби» (Жаратушым) деп айтылуы оның (рухтың) материялық әлемге қатысты емес, «әмір» әлеміне қатысты екенін дәлелдейді.

2. Рухтың болмысын толық әрі нақты түсіну мүмкін емес.
Рух түрлі құрама бөлшектерден емес, біртұтас жаратылған. Материя атомдардан, атомдар да әр түрлі бөлшектерден тұрады, сондықтан таралып бөлшектенеді. Алайда рухтың болмысы тұрақты: иондарға бөлінбейді не шашырамайды. Сондықтан да біз оны бір затты көргендей көре алмаймыз, зертханаға апарып, зерттей алмаймыз. Дегенмен, материялық әлемде байқалған ықпалы арқылы оның бар екенін мойындаймыз. Мойындасақ та, оны шын мәнінде елестете алмаймыз. Асылында, бір нәрсенің бар екенін мойындау мен оның табиғатын білу – екі бөлек ұғым.

Бір нәрсені көру үшін көз керек, алайда көз де жеткіліксіз. Өйткені, ми қызметін үздіксіз әрі ақаусыз атқармаса, көз көру қызметін жүзеге асыра алмайды. Өйткені көз терезе сияқты, ал көру миға тән функция. Мидың өзі де жападан жалғыз жұмыс істемейді. Ол да құрамындағы бүкіл бөлімдерді жұмыс істету үшін бір басқару орталығына, әрдайым басқарып отыратын бір басшыға мұқтаж. Ол басшы – рух.

Рас, ми ешқашан өзін басқарған рухқа: «Сенің табиғатыңды білмеймін, олай болса, сен жоқсың» – демейді. Шыны керек, ми өзін басқарушы үстем күшті түсіне білуі үшін өзіндегі ескірген, тозығы жеткен және материямен шектелген сезімдерінен асып өтіп, өзіндегі бүкіл қабілеттерді қолдануы керек. Тек сонда ғана бір-бірімен біте қайнасқан мыңдаған шеңбер ішінен, барған сайын үлкейе түсетін аралықтардан өтіп, рух сияқты ұшы-қиыры жоқ теңіздің қыр-сырын түсінуге жақындай алады. Мұның мына материялық әлемде жүзеге асуы мүмкін емес.

Рухтың болмысы беймәлім болғандықтан, оны суреттей алмаймыз. Рухты жоққа шығару немесе оны суреттеуге тырысу – бос әурешілік.

Рухты суреттемек былай тұрсын, кейде осы әлемге қатысты заттар мен құбылыстардың өзін шынайы әрі нақты суреттей алмай жатамыз. Мәселен, өмірінде балдың дәмін татып көрмеген адамға ешбір талантты жазушы, тапқыр шешен балды суреттеп жеткізе алмайды, балдың нағыз шырынын таттыра алмайды. Өмірінде ешқашан гүлдің иісін иіскеп көрмеген біреуге оның хош иісін тек суреттеу арқылы сезіндіре алмайсыз.

Сіздің тіліңізді ұқпайтын біреуге бір кітапты бастан-аяқ оқып берсеңіз де түсінбейді.

Осылардың бәрін қорытындыласақ, рух туралы қанша айтсақ та, оны шынайы түрде суреттей алмаймыз. Оны біздің таным қабілетімізбен түсіну мүмкін емес.

3. Әл-дәрменіміз құрып, сөйлеуге шамамыз келмегенде, рухымызды көтеретін не?
Біз өмір сүріп жатқан әлемде тілдесу мүмкіндігінің мол екендігі баршаға мәлім. Бұл жерде біз – адамның тіліндегі алтын сөздерді емес, сөйлесу арқылы жүзеге асатын ақпарат алмасу, хабарласу тәсілдерін айтып отырмыз. Өйткені әрбір түсіндіру тәсілі сөйлеудің бір түріне жатады.

Айналамызда біз ести алатын қаншама дыбыс түрлері бар. Екі тастың соқтығысуынан шыққан дыбыс пен екі ағаштың немесе екі темірдің шығарған дыбысы – бір-бірінен өзгеше. Жерден атқылап шыққан бұлақтың сылдыры мен тып-тыныш аққан судың сылдыры да бірдей емес. Дауыл мен құйынның ұйытқыған дауысы қорқынышты болса, кешкісін ескен самал желдің үні құлаққа қандай жағымды! Найзағайдың да дауысы бар, естігенде, жүрегің тас төбеңе шығады. Ал жаңбырдың сиқырлы үні адамның жан дүниесін баурап алады.

Ормандағы тіршілік иелерінің де өздеріне тән дыбыстары бар. Біреулерінің үні жағымсыз естілсе, енді біреулерінікі жаныңды сергітеді.  Көктегі бозторғайлар да өзгеше әуендетеді. Бұлбұл сайрайды, қарға қарқылдайды, шымшық шиқылдайды дегендей.

Мына материялық әлемнің өзіне тән тілдесу, тіл қату әрі бұлардың алуан түрлі болуы бір-бірінен еш айырмасы жоқ бірыңғай дыбыстан әлдеқайда жақсы. Аллаһ тағала да әр әлеммен олардың өз тілінде тілдеседі. Ол періштемен бір бөлек, пайғамбармен басқаша, әулиемен өзгеше жолмен тілдеседі. Ал жалпы адамзатпен кітабы арқылы сөйлессе, тау-тасқа, көкке басқаша тіл қатады. Бал арасы мен сол тектес тіршілік иелерімен өзгеше бір уахи арқылы тілдеседі.

Бәрзах[5] әлемінің өзіне тән сөйлеу тілі бар. Сол секілді махшарда[6], жұмақ пен тозақта өзгеше сөйлеу мәнері болады.

Енді өз әлемімізге оралайық. Адамдар арасындағы тілдесу тәсілдері де сан алуан. Жер бетінде мыңдаған тіл бар. Тіпті сезімдерімізді дене қимылдарымызбен басқаша жеткізе аламыз. Әр ұлттың немесе сол ұлттың ішіндегі әрбір ру-тайпалардың қуанған кездегі әрекеттері де соншалықты әр түрлі болуын басқа немен түсіндіруге болады? Негізінде, әдет-ғұрыптардың әр түрлілігі де осыны ұқтырмай ма?

Адам компьютер арқылы сөйлескенде де, кәдімгі әңгімелесуден басқаша тілді қолданады. Бәлкім, ол алдағы уақыттарда роботтармен басқа тілде сөйлесетін шығар. Сондай-ақ адамдардың телепатия жолымен тілдесуі де бізге басқа әлемдердегі өзгеше сөйлеу тәсілдерінің болғанын көрсетеді. Және де жындармен сөйлесетіндер мен гипноз жасаушылардың тілдері де өзгеше.

Бұған қоса, тілін қимылдатпастан, адамның өз-өзімен іштей сөйлесуі бар. Бұны «нәпсіге тән сөйлесу» дейді. Асылында, сөйлеу деген кезде, бірінші кезекте ойымызға келетіні – тіл арқылы сөйлесу. Бұл – өз қалауымыз бойынша, мидың қызметі мен сөйлеу мүшелеріміздің көмегі арқылы сыртқа шығарған мағыналы ойлардың жиынтығы, құлаққа жағымды естілетін, тыңдаушылар еститін тілімізден төгілген інжу-маржан сөздер немесе ажал келгенге дейін жалғаса беретін сөйлеу түрі. Дегенмен іштей сөйлескенде, тіл мен ерін қимылдамайды. Тыңдаушы өзіміз де болуымыз мүмкін, басқасы да. Қиялымыздың қанат қағуымен мүлдем басқа әлемдерге сүңгіп, осы күнге дейін өзіміз көріп-білмеген болмыс-тармен шүйіркелесеміз әрі бір-бірімізді түсінеміз де.

Түстің де өзіндік тілі бар. Дене мүшелеріміз бейне бір өлім құшағына енгендей, қалың ұйқыға кіргенде, таңғажайып құбылыстар мен қаншама өткен-кеткен оқиғаларға куә болып, кімдермен, нелермен сөйлеспейміз десеңші! Кейде күлкіміз тау жаңғыртып, өксігіміз жүрек тұншықтырады... Біз осындай сан түрлі жағдайды бастан кешіп  жатқанымызда, қасымыздағы ояу отырғандар олардың ешбірін де сезбейді. Қатты дауыстап күлгенімізге қабақ шытып не өкіріп жылағанымызға аяушылық танытпайды. Міне, дене үнсіз тұңғиыққа шомған сәтте де жан дүниемізбен тілдесетін тылсым күш бар. Оны «рух» деп атаймыз. Кейбіреулер оны мейлі басқаша атасын, бәрібір одан оның мәні өзгермейді.

Сондай-ақ, нәзік сезімдеріміз бен түйсіктеріміздің де өздеріне тән тілдері мен өздеріне тән тілдесу тәсілдері бар.

4. Рухтың өзіне тән жамылғысы бар
Рухтың өзіне тән жамылғысы бар. Біз оны рухтың дене-бітімі десек те, оның бұдан басқа да: «нұрлы бейне», «жылжымалы нәзік дене», «салмақсыз дене», «фантом», «энергиялық дене», «көшірме дене» деген секілді т.б. атаулары да бар.

Барлық нәрсе жұп-жұбымен жаратылған десек, біздің кәдімгі денеміздің де сыңары болады. Міне, ол – «елес дене». Бұл елес дене – өте нәзік әрі сұйық. Ол – рухтың сыртқы қабығы не киімі секілді қызмет атқарады. Ол өлімнен кейін де рухты жалаңаш қалдырмайды, яғни денеден айырылғаннан кейін де рухпен бірге болады. Демек, рух кәдімгі денені тастап шықса да, өзінің жамылғысынан ажырамайды.

Бірқатар мұсылман ғалымдарының еңбектерінде, сондай-ақ көріпкелдердің дәйектерінде де айтылған-дай, адамның кемтар мүшесінің орнында рухтың жамылғысы байқалған.

«Возвращение к Богу в России» (авторлары Шейла Останде және Линн Шредер) атты кітапта осы мәселелерге байланысты ұзын-сонар қызықты мәліметтер бар. Мәселен, бір топ дәрігер: «Бүкіл тіршілік иелерінің атом мен молекулалардан тұратын физикалық денесімен қатар  оның көшірмесі секілді энергиялық денелері бар», – дейді.

5. Кирлиан әдісі бойынша рух жамылғысының суреттері түсірілген
Кирлианография – өте жоғары қысым толқынында суретке түсіру арқылы елес денелерді анықтауға көмектеседі. Қолдары шолақ адамның кирлианография арқылы түсірілген суретінде оның қолдарының орнында өзгеше бір елес дене көрінген. Ол – рухтың елес денесінің бейнесі болуы мүмкін. Қазақстандағы Алматы қаласында орналасқан Киров университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – ауд.) бір тірі болмыстың қыбырлаған елес денесін көрудің сәті түскен.

1968 жылдары «Кирлиан әдісінің биологиялық негіздері» атты кітап жарыққа шықты. Сондағы суреттерде кесілген дене мүшелерінің орнында елес дененің (биоплазмалық дене) бейнесі көрінеді.

Америкалық дәрігер Ваттерс те су буының иондарға жиналу қағидасына сүйене отырып, арнайы камерада елес денені анықтады. Елу шақты шегірткені эфир майы сіңген мақтамен орап, олардың өлуге таянған уақытынан бастап камераға бу жіберіп, бірнеше сурет түсірген. Сол арқылы, өлген он үш шегірткенің елес денелерінің суреттегі бейнесін анықтаған.

6. Елес дене кәдімгі денеден бөлініп шығып, кеңістікті кезе ала ма, басқа жерлерде белгілі бір бейнеге еніп көріне ме?
Французша «Ле монде ла вие» журналының 1963 жылғы наурыз айындағы нөмірінде – әрине, егер бұл христиандықты насихаттау мақсатында жарияланбаса, бір шіркеу қызметкерінің басынан өткен мынадай оқиға баяндалған.

Шіркеу қызметшісі бір топ баламен Швейцарияға Альпі тауларына серуендеуге сапарға шыққанда жолда көзі ілініп кетеді. Оянған сәтте өз денесінен өзінің бөлініп шыққанын әрі өзін-өзі тіпті басқара алмай жатқанын сезеді. Аз уақыт өткен соң бұл жағдайға денесі үйреніп, таулардың үстімен ұша бастайды. Балалар есіне түсіп, олардың қасына барғысы келеді де, оларға барады. Сосын жарын еске алуы сол-ақ екен оның да жанынан табыла кетеді. Осындай таң-тамаша саяхат барысында оны өзінен басқа ешкім көрмеген. Бір мезет аяқ астынан өзін ауыр сезіне бастайды да, өзінің кәдімгі денесіне қайта оралғанын көреді. Сөйтіп, тылсым саяхат барысында көрген-білгендерін бүге-шігесіне дейін адамдарға айтып бергенде олар бұған таң қалысқан. Бұл құбылыстың мән-жайы Англия-да арнайы зерттеліп, расында да дәл осы оқиғаның болғандығы анықталған.

Кеңес Одағы кезінде денеден тәуелсіз саяхаттай алатын йогалар туралы зерттеулер жүргізілген. Ес-түсінен айырылғанда, комада, медитациялық жағдайда және көп мөлшерде наркоз салынғанда, адам рухының өз денесінен рухани денесінің бөлініп шығатындығы анықталған.

Негізінде, періштелер мен жындар да белгілі бір пішінге еніп, көріне алады. Түсте кейбір ақиқаттарды көре аламыз, қабір әлемінде істеген амалдарымыз бізге көрінеді. Рух та өзінің жамылғысы болған – елес денесімен көрінсе, өзінің кәдімгі денесіне ұқсағанын көрген болар едік. Сондықтан, біз түсімізде өзімізге таныс адамдарды көреміз. Біз ол адамның кәдімгі денесін көрген сияқты болсақ та, шындығында, бізге көрінетін оның рухы. Негізінде рух материалдық жамылғысы бар дене іспетті. Оның рухани жамылғысы елес дене тәрізді.

Рухтың елес денесі кәдімгі дененің бейнесіне ұқсайды. Әулие кісілер бір мезетте әр түрлі жерде осы елес денесімен көрінеді. Олар осы екінші денесімен бір мезетте бірнеше жерде көріне береді. Мәселен, олар түрмеде отырса да, таңғы намазда мешітте, әрі дәл бір мезгілде Қағбада да бола алады. Хазірет Абдулхамид[7] қажылыққа еш бармаған, бірақ оны қажылықта көргенін ант ете отырып айтқандар бар. Тіпті, «келіп, мына үйге түсті» дегендерді де көрдік. Ел арасында «Пәлен соғыста пәлен деген әулие кісі әскерлерге көмектесіпті» деген көптеген оқиғалар айтылады. Ұзаққа барудың қажеті жоқ. Кипр шайқасында бір әулие кісі ұшқыштың жанына отырып: «Балам, бомбаларды анда таста, мұнда таста», – деп жол көрсеткенін айтқандар бар. Олардың кәдуілгі денелері жерленген қалпында жатқанымен рухани болмысы әр жерде болу қабілетіне ие. Сондай-ақ, олар елес денелерімен бір-біріне қараған айнадағы бейнелер секілді, бірнеше жерде көріне алады. Мәселен, «Абдал» тобына жататын әулиелер қазір мешітте отыр десек, дәл сол сәтте Пайғамбарымыздың да жанында бола алады. Не болмаса Қағбада, не басқа бір жерде дінге қызмет етуде. Егер оларды танып, құшақтай қалсаңыз, қолыңыздың денесінен өтіп кеткенін көресіз. Өйткені, қолыңыздың тиген жері олардың кәдімгі денесі де, рухы да емес. Бәлкім, сынап секілді аға алатын елес денелері болуы мүмкін. Я болмаса, олардың сол денелерге еніп, бізге көрінген сәті болар. Күннің өзі материялық жаратылыс, алайда мыңдаған жерде бірдей көрінеді емес пе?


[1] Аллаһ тағаланың бұйрық беруі арқылы пайда болған. Яғни ғайып әлемінен келген (ауд.).
[2] Хажж сүресі, 22/5.
[3] Адамның, жануарлардың және өсімдіктің ұрықтық даму заңдылықтарын зерттейтін биологиялық ғылым саласы (ауд.).
[4] Исра сүресі, 17/85.
[5] Адам өлгеннен кейін басталып, қиямет-қайымға дейін жалғасатын әлем (ауд.).
[6] О дүниеде адамдар есеп беру үшін жиналатын жер (ауд.).
[7] Түрік сұлтаны ІІ Абдулхамид (1842-1918)

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.