Пайғамбарымыздың мұғжизаларына мысалдар

 «Миғраж» мұғжизасы
«Исра» сүресінің 1-аятында: «Бір түні өзіне аяттарымыздың бір бөлігін көрсетейік деп (Мұхаммед) құлын Мәсжид Харамнан айналасы құт-берекелі Мәсжид Ақсаға апарған Аллаһ нұқсан сипаттардан пәк. Шынында, Ол – Сәмиғ (барлық нәрсені естуші), Басир (барлық нәрсені көруші)»[1], – делінген. «Нәжм» сүресіндегі 8-11-аяттарда: «Сосын жақындап төмендеді (Оның Мұхаммедке жақындағаны сонша) садақтың тұтқасы мен жібі аралығындай, бәлкім одан да жақын. Ол (яғни Аллаһ) құлына уахи ететін нәрселерін оның көкейіне салды. Оның (Мұхаммедтің) көзімен көргенін жүрегі жалғанға шығармады»[2], – деп айтылып, Миғраж оқиғасына ишарат етілген. Сондай-ақ хадис кітаптарында осы киелі сапардың бүге-шігесіне дейін айтылған[3].

Құлшылығы арқылы жанымен де, тәнімен де асқақтап ерекше күйге енген Елшісін Аллаһ тағала құзырына қабылдап, Жамалын тамашалау бақытына бөлеген. Құлшылығының жемісі ретіндегі Миғраж сапарында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бүкіл себептер мен заңдылықтарды, адамзатқа тән перделерді басып өтіп, алыс арақашықтықтарды бір-ақ аттаған. Жұлдыздар мен аспан денелерін баспалдақтай қолданып, Жаратушысын көруге кедергі келтірген қабаттарды артта қалдырған. Сөйтіп, кәдімгі денесімен барып Хақ тағаланы көрген. Сондай-ақ, пайғамбарлармен сәлемдескен, періштелерді көрген, Жәннат пен оның әдеміліктерін және тозақ пен оның сұсты көрінісін тамашалаған.

Үмбетіне насихаттайтын мәселелерді өзіне деген үлкен сеніммен насихаттасын, адамдар сырттай сенген нәрселерді көргені бойынша оларға айтып жеткізсін, тіпті Аллаһ тағаланы көрсін және көріп «бар» десін, мәләкүтті, періштелерді, жұмақты, тозақты көрсін әрі түсіндірсін деген мақсатпен шығарылған Аллаһ тағаланың құзырынан сағатына мың жылдық пәни өмір жетпеген жұмақты және бір сәтіне мың жылдық жұмақ өмірі жетпейтін Жәмалуллаһты[4] тамашалаған соң, Құранға қатысты барлық мәселенің ақиқатын, тәмәссүл қасиеттерін, бүкіл ғибадаттардың мән-мағынасы мен хикметтерін түсіну, түсіндіру және пайғамбарлық қызметін тәмамдап, үмбетін қараңғылықтан құтқарып, нұрлы әлемге шығару жолында өзіне түрлі қорлық көрсетілген қиын-қыстау уақытта қайтадан жер бетіне оралған. Әрі өзімен бірге мүміндердің миғражы болған намазды да сыйлық етіп ала келген.

Осы жерге дейін жүздеген мұғжизасынан тек біршама мысалдар келтіруге тырыстық. Олардың жан-жақты түсініктемелері ұлы ғұламалардың нұрлы еңбектерінде баяндалған.


[1] Исра сүресі, 17/1.
[2] Нәжм сүресі, 53/8-11.
[3] Қараңыз: Бұхари, Бәдъүл-халқ 6; Мәнәқибұл-ансар 41; Мүслім, Иман 259, 263; Нәсаи, Салат 1.
[4] Аллаһтың жамалы (шексіз-сұлулық, көркемдігі мағынасында).

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.