Құранда барлық ғылым саласы туралы ашық айтылмауының мәнісі неде?

1. «Егер Құран Кәрім барлық ғылым жайында, егжей-тегжейлі баяндаса, оның Аллаһ сөзі екені дәлелдене түсер еді» деу қате. Неге десеңіз, Құран энцклопедия кітабы емес, әрі жоғарыда айтылғандай, ондағы негізгі мәселе – адамның бүкіл өмірі, оның бұ дүниеде де, ақыретте де бақытты өмірге қол жеткізуі. Осы негізгі мақсат тұрғысынан алып қарағанда, әр уақытта, әр жерде, әр түрлі жағдайда және түрлі деңгейде ғұмыр кешкен барша адамзаттың өмірінде ғылымның алатын орны қандай? Олай болса, Құран не үшін оған кеңірек орын бөлуі керек?
Сондай-ақ ғылым жайлы кең мәлімет беру Құранның ижазына[1] қайшы.  Сол үшін Құран Кәрімде Аллаһты тану, тәухид, пайғамбарлық, хашр мен ғибадат секілді негізгі мақсаттар жайлы кеңірек толғаған әрі ишара түрінде берілген ғылыми-технологиялық ұғымдар: жер шарының домалақ екені, оның айналатыны, полюстердің жалпақ екені, адамның жаратылысы, ұрықтың ана құрсағында өсу сатылары, атомдар, саусақ ізі, жаңбырдың пайда болуы, бұлттардың йондануы, дыбыс пен көрініс тасымалы, т.с.с. оның ижазы мен шебер баяндау тәсіліне нұқсан келтірмейтіндей дәрежеде орын алған.
Осы жағымен де ол өзінің иләһи сөз екенін дәлелдеуде.

2. Ғылым да адам сияқты дүниеге келіп, сәбилік шақ, балалық шақ, жастық шақ, естиярлық шақ секілді даму кезеңдерін бастан өткізеді. Алдымен теория дүниеге келеді. Сосын оны тәжірибеден өткізеді, нәтижелерін салыстырады. Сөйтіп, бұл теория не жарамсыз болып табылады, не болмаса сол дәуірдегі ғылыми жетістіктер тұрғысынан дұрыс деп қабылданады. Көбінесе осы дұрыс деп қабылданған теориялар белгілі бір уақыттан кейін  маңызын жояды, себебі кейінгі зерттеулер оның дұрыс еместігін дәлелдейді де, нәтижесінде жаңа дұрыс пікірлер жарыққа шығады. Бұл дұрыс пікірлер уақыт өте келе ескіретіндіктен, олардың орнын дұрыс деп табылған жаңа пікірлер басатынын жиі көреміз. Негізінде, «тартылыс заңы» сияқты өзгермейтін заңдар да бар. Алайда бұлар саусақпен санарлықтай өте аз. Ғылым үздіксіз дамуда, ғылыми тұрғыдан дұрыс деп бағаланған тәсілдер, жетістіктер, идеялар уақыт өте келе өз маңызын жоғалтуда. Мысалы, «Ньютон физикасы», «Эйнштейн физикасы» бір кездері дұрыс деп табылған, тіпті екеуі де бірдей дұрыс болып көрінген кездер де болған. Алайда қазіргі уақытта «Эйнштейн физикасында» да қателіктер табылып жатыр. Ертең нелер болатынын біз әзірге білмейміз. Дәл осы құбылыс химияда да, биологияда да, астрономияда да кездеседі. Бұл жағдайда Құран қай дәуірдегі ғылым жайлы айтуы керек?

3. «Кез келген ғасырда, мәселен, жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген адамға сол ғасырдағы жетістіктер туралы айтсын» десек, онда мына мәселелер туындайды:

а) Құран – белгілі бір дәуірдің кітабы емес, бүкіл уақыт, мекенмен,   адамзаттың кітабы. Тіпті адамдармен қоса жындардың да кітабы.

ә) Тек қана белгілі бір ғасырдағы адамзаттың мүддесін дәріптеу Құранның барлық ғасырды қамтыған қасиеті мен негізгі мақсаттарына қайшы келеді.

б) Кешегінің адамы осы ғасырдағы ғылымның жетістіктерінен не түсінеді? Батыс Еуропада «жер шары айналады» деген оқымыстыларды зынданға тастаған. Сол кездің адамдарына бүгінгі ғылым мен технологияның деңгейі, жетістіктері жайлы айту – сол ғасырдағы адамды дінінен шығаратын, санасын сансырататын, қате түсінікке жетелейтін «күнә» болып саналатын. Бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерін қозғаған кітап көне ғасырлардағы адамдар үшін түсінікті, белгілі мәселелерді қалай қамти алсын?

в) ХХІ және ХХІІ ғасырдағы ең озық ғылыми-технологиялық жетістіктерді көрген сол ғасырлардың адамдары Құранға «ХХ ғасырдың ескірген кітабы» деп қарамас па еді?

г) Бүгін дұрыс болып табылған көптеген ғылыми «жорамалдың» кейінірек қате жақтары жарыққа шыққанда, Құран қателіктерге толы кітап болып қалмай ма? Қателіктерге толы кітапты қалайша иләһи кітап дей аламыз?
Құран барлық уақыт пен мекендерге, түрлі деңгейдегі және түрлі шарттардағы барша адамзатқа үн қатуда. Сондықтан қолданған тілі, тәсілі, қозғаған тақырыптары, әрине, соларға лайықты болады.

4. Кітап сөресінен қанша кітап оқуға шамаңыз жетеді? Бір кітапты жалықпастан қайталап оқуды жүйкеңіз көтере ме? Сондай-ақ әлемде әр түрлі саладағы ғылыми кітаптардың саны қанша, білесіз бе? Құран ғылым туралы жан-жақты талдағанда, онда мыңдаған кітапхананы толтыратын том-том кітаптар дүниеге келер еді. Адамдарды бірдей дәрежеде қызықтырмайтын мұнша кітапты кім зерікпей оқиды? Мұнша том-том кітап адамдарды қалайша тура жолға сала алады, қалайша бұ дүние мен о дүние бақытының қайнар бұлағы бола алады?

5. Адамға ақылды, ойды, түйсікті, талғамды, іздену қабілетін, қызығу сезімін және сол сияқты мейлінше жан-жақты және жетілдіруді қажет ететін көптеген сезім-қабілет берілген. Егер өмірге сынақ үшін келген адамға ғылым туралы барлық нәрсе бүге-шігесіне дейін айтылу, онда адамға берілген соншама сезім-қабілеттердің не мәні қалар еді? Адамның ақылы барлық нәрсені қабылдауға мәжбүр болса, өз еркімен таңдай алмаса, онда сынақтың, яғни мына өмірдің қадір-қасиеті мен хикметі болар ма еді?

6. Ғылыммен не ғылыми ұғымдармен адамның бәрі жаппай шұғылдана алмайды. Оның үстіне бұның қажеті де жоқ. Сондай-ақ ақыл, түйсік, түсінік, білім мен мәдени деңгейі және қоғамдық өмір талаптары да бұған мұрша бере бермейді. Сосын ғылым атаулының бәрі «пайдалы ғылым» санатына жатпайды. Өте маңызды, адамға өте пайдалы ғылым салалары бар болғанымен, ғылыммен айналысатын адам некен-саяқ. 

Құран болса, белгілі аз топқа ғана емес, балалардан қарияларға, ерлерден әйелдерге, егіншіден жұмысшыға, оқымыстыдан оқымағанға және адамзаттың тоқсан пайызын құрайтын қарапайым адамдарға арналған. Бұл жағдайда адамның рухы, жан дүниесі, ақылы, сезімдері, ықтияры, мақсаты, бұ дүниелік және ақыреттік өмірі,  түрлі проблемалары, ғибадаты, қоғамдық қатынастары мен қажеттіліктерін Құраннан сылып алып тастап, оның орнына кейінгі дәуірде жарыққа шығатын әрі үздіксіз өзгеріс үстіндегі біршама ғылыми ұғымдарды бүге-шігесіне дейін тәптіштей айтуын Құраннан талап ету – Құранды дұрыс танымаудың әрі адам өмірі мен жаратылысты білмеудің нышаны. Құраннан кең орын берілетіндей ғылымның қандай құқығы бар?

Құран өзіндегі негізгі мақсаттар мен адамның жаратылысқа қатысты маңызына қарай барлық нәрсе-ден сөз етеді. Күллі адамның өміріне қатысты ғибраттар көрмесі, адамның жеке және қоғамдық өмірінің іргетасы ретіндегі пайғамбарлардың, ежелгі қауымдардың қиссаларына орын береді. Мағрифатуллаһ[2], тәухид[3], иман, адамның түрлі қасиеттері, жаратылыстың негізіндегі ғылыми ақиқаттарға тоқталып өтеді. Дінсіздікке, салғырттыққа, ақыл мен еріктің тұралауына, ескіруге, түсінбестікке, көп бос сөзге жол бермейтіндей түрде астарлы мағына, теңеу, мысал беру арқылы әр дәуірдегі, әр мекендегі, әр деңгейдегі адамдарға мәселелерді өте түсінікті етіп алдына жайып салады.

Құран Күн сияқты: далада өскенге де, университетте оқыған ға да сәулесін бірдей түсіреді, бірақ әркім оның сәулесінен бірдей дәрежеде пайдалана алмайды. Экватордағы адам мен полюстегі адам одан түрлі деңгейде пайдаланады. Егіс даласына тұқым сепкен адам мен дастархан басында сол тұқымның жемісін жеген адамның көретін пайдасы екі түрлі. Бас қолбасшы мен шені одан төмен әскербасылардың «шабуылға шығыңдар» деген бұйрығы мен алға қойған мақсаты бірдей, бірақ деңгейі, түсінігі, орындау қабілеті, ойлау аясы және беделі әр түрлі.

Мысалы, он төрт ғасыр бұрын түскен Құранда «інжір» деген сөз бар. «Інжірді» оның дәнін, тамырын, бұтағын, жапырағын, гүлі мен жемісін – бәрін бір ағаш деп түсінуге болады. Алайда, алғашқы дәуір адамы «інжір» сөзін, мәселен, оның «дәні» деп ойлаған, олардан кейін келгендер оның «тамыры» десе, содан кейінгілер оның «бұтағы», олардан кейінгілер «жапырағы, гүлі» деп түсінген.

Міне, Құран ақиқаттары бір ағаштың дәннен өсіп шығуынан бастап жеміс бергенге дейінгі сатылары сияқты, қиямет-қайымға дейін дүниеге келетін әр деңгейдегі адамға рухани азық беріп тұшындырады. Әр дәуірде адамдар Құраннан қабілетіне қарай өз несібесін алады.

Біз бұған «бүтінді бөлшекпен түсіндіру» дейміз, яғни бұл Құранның өте оңай, һәм өте қиын жағы. Дән арқылы жемісті көрсету, түсіндіру деп осыны айтады. Немесе Күнді жарату арқылы әрбір тірі жан иесіне сәулесін түсіру, жылуын төгу әрі күйдіріп алмай әрқайсысына нәр беріп өсіру...

Күн – сөнбейтін, ескірмейтін жарық пен жылу көзі. Адамдар дүниеге келеді, есейеді, қартаяды, өледі. Мына өмір өзгереді, тарих сахнасына әр түрлі халықтар келіп-кетеді. Алайда Күн – сол әу бастағы Күн. Ол ақырзаманға дейін де барша әсемдіктің символы болып қала бермек.

Құран Күннен де жарық әрі маңызды. Ол мәңгілік жап-жас болып қала бермек. Ғасырлар өткен сайын, ғылым дамыған сайын, жасарып, жарығы мен жылуы да молая түседі. Ғылым оның шыңға тіккен туына жету үшін жанталасатындай.

Құран жаратылыстағы заңдылықтардың белгісі ретінде біртіндеп түскен немесе керісінше айтсақ, жаратылыстағы заттар мен құбылыстардың бағыт-бағдары Құранмен үйлескен сайын біртіндеп түсінікті бола бастаған. Дәннен ағашқа, спермадан адамға, ғаламның жалынды оттан бүгінгі қалпына келгені секілді бұл түсінік те біртіндеп, ақырындап қалыптасқан, қалыптасып жатыр да. Құран жиырма үш жылда түсу арқылы адамның жаратылысы мен табиғатына ең тиімді түсіндіру тәсілін таңдаған. Дәрігердің дәрі мөлшерін белгілеуі секілді зәрулікке қарай біртіндеп жаман мінезді, қате түсінікті, жаңсақ сенімдерді жойып, олардың орнына әдемісін, дұрысын орнықтырған. Ғылым да осы бағытпен, жалпыға ортақ осы қағидамен біртіндеп жетілуде.


[1] Аз сөзбен көп мағына білдіру (ауд.).
[2] Аллаһты тану (ауд.)
[3] Бір Аллаһтың бар екеніне иман келтіру (ауд.)

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.