ШАЙТАННЫҢ АЗҒЫРУЫ

1. Шайтан және оның басты міндеті
Аллаһқа қарсы шыққанға дейін шайтан періште секілді еді. Ол да періштелер іспетті Аллаһқа құлшылық жасап, айтылған бұйрықтарды орындайтын.[1] Алайда, періште секілді нұрдан жаратылмағандықтан өз дәрежесін сақтап қалатын кепілдігі жоқ еді. Нұрдан жаратылған періштелердің дәрежелері тұрақты еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, періштелердің басты қасиеті сол: олар Аллаһ тағалаға қарсы келмейді, бұйрығына қалтқысыз бағынып, өздеріне тапсырылғандарды ғана орындайды[2].

Адам атаға (а.с.) сәжде ету бұйырылғанда, шайтан тәкаппарлыққа басты. Сөйтіп, оның бет пердесі ашылып қалды. Шайтан тәкаппарланып: «Мен одан артықпын. Оны топырақтан, ал мені оттан жараттың»[3], – деді.

Негізінде, аятта Ібілістің қарсы шыққандығы айтылады. Имам Шиблидің сөзіне сүйенсек, осы қарсылығынан кейін Ібіліске «шайтан» деген ат тағылып, қиямет-қайымға дейін өмір сүруге рұқсат алады әрі «Оларға алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келемін (алдап-арбап тура жолдан тайдырамын) және олардың көпшілігінің шүкіршілік етпейтіндігін көресің»[4] дейді.

Енді осы жерде мына мәселені баса айтқым келіп тұр: соғыс кезінде жаудың жекелеген жауынгерлерінен гөрі олардың жалпы қарулы күштерінің мөлшері, қорғаныс тәсілдері, шабуыл техникалары, әскер саны, қару-жарақ күші, орналасқан орындары секілді соғыста маңызды рөл ойнайтын мәселелер талқыланып, соған қарай шешім қабылданады. Әйтпесе жау әскерінің басшыларының түрі, киімі және басқа жекелеген ерекшеліктерін анықтап білудің пайдасы жоқ. Пайдасы болғанның өзінде жоғарыдағы мәселелер секілді аса маңызды емес. Дәл осы жағдайды жын-шайтандарға да қатысты айтуға болады. Бәлкім, бұл мәселеге көбірек тоқталған тәрізді болсақ та, осы тақырыпқа қатысты барлық мәселені айтып өттік дей алмаймыз. Біз бар болғаны шайтанның келетін жолдары мен иманымызды әлсірететін айла-амалдарын анықтап, оның алдын алу шараларын қарастыруды ғана сөз етуге тырыстық.

2. Шайтанның жаратылуы мен адамды тура жолдан тайдыруына рұқсат берілуінің нендей хикметі бар?
а) Егер шайтан жаратылмаса, адам жаратылысының да ешқандай мәні болмас еді. Өйткені күнә істемейтін, шайтанның азғыруына түспейтін періште тәрізді Аллаһ тағаланың сан мыңдаған мақұлықтары бар. Аллаһ тағала адамды өсімдіктер мен жануарлардан ерекше Өзінің Құдайлық сипатын паш ететін өнер туындысы етіп жаратқан. Сондықтан адам бойына дарытқан бүкіл қабілеттерді жетілдіріп, шыңдау үшін оған қарсылас ретінде жын-шайтандарды қоса жаратқан. Солардың тұзағына түспеу үшін адам әрдайым абай болып, сақ өмір сүреді. Себебі, бұлар адамды кез келген сәтте тура жолдан тайдыруға тырысады. Өзіндегі тәкаппарлықтың құрбаны болған шайтан әрбір ісін саналы түрде істейді. Өмірлік аламанда соңынан қалмай қуып келе жатқан адамның жалғыз қарсыласы да осы – шайтан. Адам баласы мәре сызығын бірінші болып өтіп жеңімпаз атану үшін өзінің көлеңкесіндей артынан қалмайтын ежелгі дұшпанын шаңына да жуытпай үздіксіз жүгіріп, одан әрдайым алда болуы керек. Егер адам баласын осылай қамшылап отыратын қарсыласы болмағанда, ол осыншалықты беріліп жарыспас еді. Сөйтіп, адами қасиеттері мүлдем жетілмей қалар еді.

Адам баласы ең жоғарғы мәртебеге, кәміл адам мәртебесіне осы ежелгі дұшпанымен күресуінің арқасында жетеді. Осы бәсекелестіктің нәтижесінде қаншама Әбу Бәкірлер, дәл осы күрестегі әлсіздігінен қаншама Әбу Жәһилдер дүниеге келді.

ә) Негізінде, шайтанның жаратылуында жамандық жоқ. Керісінше, оның артынан ілесіп, оның айтқанын істеген адам жаман іс істейді. Әрдайым қылмыс істеген адам кінәлі, ал қылмыста қолданылған пышаққа немесе қаруға кінә тақпаймыз. Сондықтан басты қылмыскер – қылмыс істеген адам. Міне, шайтан да жаман іс істеген адамның қолындағы құрал іспетті. Демек, кінәлі кісі – осы құралды қолданған қандықол ақымақтар.

Расында да, нәпсісін тізгіндей алмаған пенде айлакер шайтанның алдауына көніп, күнә жасайды. Олай болса, жамандықтың негізгі себепкері шайтан емес. Шайтан мен жаман істер – қарапайым себептер. Негізінде, жамандықтың басты себепкері – адамның өз еркі. Шынында, адамдар, шайтан бар болғандықтан емес, өз еркімен жамандық істейді.

б) Адам баласы барлық нәрсені өзінің таяз түсінігімен таразылауға бейім. Негізі, мәселенің мәнісі ол ойлағандай бола бермейді. Аллаһ тағала әрбір нәрсені оның жалпы оң нәтижелері мен пайдаларына негіздеп жаратады. Мысалы, отқа қолымызды созсақ, күйдіреді. Осыған қарап, отты «мүлдем зиянды» деуге бола ма? Түптеп келгенде, оны зиянды етіп тұрған – біздің өзіміз ғой. Тіпті осындай кішігірім зияны болса да, біз жалпы нәтижелерге қарап, оттың пайдалы әрі қажет екенін ұғынамыз. Электр тогы да, жаңбыр да осындай...

Аллаһ тағала бір нәрсені жарататын кезде, жалпы нәтижелеріне қарайды. Міне, шайтанның жаратылысы осындай жалпы нәтижелерге негізделеді. Әбу Жәһилдің өз еркімен тозаққа ұмтылуына да, Әбу Бәкір (р.а.) сияқты мыңдаған әулие яки кәміл мүміндердің рухани тұрғыдан жетіліп жұмаққа көтерілуіне де шайтанның ықпалы бар.

в) От, электр тогы және жаңбырдың үлкен пайдаларын бір шетке ысырып қойып, олардың болмашы зиянына бола бұлар керек емес деп айта аламыз ба? Әсте, олай емес, әрине. Дәл сол секілді «Шайтан неге жаратылды?» деп те айта алмаймыз. Кейде бүкіл ағзаны үлкен қауіп-қатерден сақтап қалу үшін іріңдеген саусақты немесе қолды кесеміз, сол сияқты көптеген пайдасы бола тұра, біршама жамандығына қарап, шайтанның жаратылуына қарсы шықпау керек. «Әскерлеріміз қырылып жатыр» деп, әскери қызметті доғарып, соғысқа барудан бас тарта аламыз ба? Сол секілді шайтанның алдап-арбауы мен келтірген зияндары пайғамбардың имандылық жолында жеткен жетістіктерінің мың да біріне татымайды. «Бұл қалай сонда? Шайтанның алдауына сеніп, қаншама адам тозаққа кетіп жатыр емес пе?» – дей алмаймыз. Өйткені аз ғана иманды кісілер көптеген имансыз адамдардан артық. Себебі, сапа әрдайым саннан жоғары тұрады. Өзіңіз ойланып қараңызшы, бір адамның өмірі маңызды ма, жоқ әлде мың жәндіктікі ме?

Құрманың топыраққа көмілген мың дәнінен он бірі ғана өніп шықса, ал қалғаны топырақтың астында шіріп кетсе, онда «989 дәнді шірітіп, 11 құрма ағашына ие болғанша, 1000 дәнді қолымызда ұстап отырғанымыз артық еді ғой» – деп айта аламыз ба?

3. «Уәсуәса» деген не?
«Уәсуәса» деп – шайтанның адам есіне қай-қайдағыны салып, қиялын елітіп, жүрегін азғыруын айтамыз. Уәсуәса – шайтанның адамға, әсіресе иманды кісіге қарсы қолданатын соңғы шарасы, соңғы қаруы, соңғы үміті. Шайтанның адамды тура жолдан тайдырарлық бүкіл айласы таусылса, оның көңіліне уәсуәса салады. Бір жағынан алып қарағанда, уәсуәса – «маған дос болмадың, ендеше өз обалың өзіңе» дегендей, шайтанның иманды кісіні іштей тұралатуға тырысуы.

4. «Шайтанның лүммәсі» деген не?
«Лүммә» – мүмінді азғыру жолында шайтанның түрлі айла-тәсілдерін салып арбауға тырысатын жүректің нақ ортасындағы нүкте. Адамның жүрегінде үнтаспа секілді өзіне жазып алатын әрі періштеден келетін игі сезімдермен қатар шайтанның уәсуәсасына да нысана болатын нүкте бар[5]. Бұл құдды айнаның екі беті (алды-арты) немесе бір бөлмеде мүмін мен кәпірдің қатар тұруы тәрізді. Сізге мәлім, аккумуляторда оң (+) және теріс (–) зарядтары бар. Бұлар – бір-бірін толықтыратын бір бүтіннің бөлшектері іспетті.

5. Уәсуәсаға көбіне жиі ұрынатындар кімдер?
Мұсылмандыққа жаңадан бет бұрған, енді ғана иман еткен кісілерде уәсуәса болмайды. Уәсуәса көбіне дініне берік, шайтанға ермейтін, ғибадатын үзбейтін, иманы терең мұсылмандарда кездеседі.

Адами қасиетін кемелдендіріп, «кәміл адам» болуға тырысқан мүміндер жолдағы қалтарыстарда шайтанның уәсуәсасымен бетпе-бет келіп қалады. Сөз жоқ, адам баласы рухани мәртебелерге көтерілген сайын жол-жөнекей, әр қалтарыста шайтан түрлі тұзақ құрып, күтіп тұрады. Шайтан ең оңтайлы сәтте оның жүрегіне уәсуәса салуға тырысады. Демек, уәсуәса – шайтанның имандылық жолындағы адамның жетістігін қызғануы, көре алмауы.

Уәсуәса кейде ашулы әрі еліккіш жандарда, кейде тоғышар жалқауларда болады. Мүміннің уәсуәсасы арыстандай ақырып емес, түлкідей жылмиып келеді. Мүміннің дәрежесі тым жоғары болса да уәсуәсадан толық құтылмайды. Тіпті сахабалардан кейінгі ең ұлы тұлғалардың бірі Имам Раббанидің өзі уәсуәсаға душар болуы әбден мүмкін.

Уәсуәсаға тап болатын әрбір адамның иманы кәміл, ал, уәсуәсаға ұшырамаған адамның иманы әлсіз деп айтуға да келмейді.

Уәсуәса кәпірде болмайды. Себебі оны азғырудың ешбір мәні жоқ, ол онсыз да еш нәрсеге сенбейді. Кәпірдің күпірлігі уәсуәса емес, бәлкім, есеп-қисабы жасалған, жоспарланған қырсықтықтан туындаған күпірлік болуы мүмкін. Кәпір де кейде іштей мазасызданады, кейде оған бір нәрсе жетіспейді. Бірақ бұлар оны одан сайын қатыгездікке салады. Шайтан оған тың пікірлер сыбырлап, имансыздығын арттырады, мұның соңы, кәпірдің өз «ұстазын» да жоққа шығаруына әкеліп соғады.

Сөз жоқ, шайтан өзіне бағынып, айтқанымен жүріп, айдауына көнетіндерді азғырмайды. Сондай-ақ шайтан азғыруға көзсіз еріп, не істеп жүргенінен бейхабар, рухани мешеу нәпсіқұмар, құлқынының құлы болған адамдарға да тиіспейді. Олар – тұзаққа шырмалған аяқ-қолы кісендеулі тұтқындар, иә дәл солай, олар «босанып шығу» деген ой қаперлеріне де кіріп-шықпайтын шайтанның құлақкесті құлдары. Олар шайтанға разы, шайтан да оларға разы, әйтеуір өзара түсінісіп өмір сүріп жатыр. Әрине, бір жерге барып тірелгенге дейін бұл осылайша жалғаса бермек.

6. Шайтанның діндар адамды азғырудағы мақсаты не?
Шайтан ешқашан иманы кәміл жанды күпірлікке салып, оның Аллаһ пен Елшісіне деген махаббатына селкеу түсіріп, ғибадатының беріктігіне әсте кедергі бола алмайды. Өйткені мүмін әрдайым үздіксіз рухани даму үстінде, Аллаһқа жақындай түсуде. Осы жағдайда шайтан: «Ең болмаса, оған соңғы тұзағымды құрайын, уәсуәсамен оның жүрегін ластайын, құлшылығындағы ықыласын мұқалтуға тырысайын. Бәлкім, оның бетін өзіме қаратармын. Сөйтіп, «Бұрын мұндай нәрсе болмайтын еді, бұл не өзі?» – деп, уәсуәсаға көңіл бөлер. Түбінде әйтеуір берілер – деген үмітпен азғыруын қоймайды. Намаз оқығанда басқа уақытта есіне түспеген нәрселерді есіне салады. Дәрет алып, беті-қолын жуып болған соң, «Апыр-ай, аяғымды жудым ба осы? Басыма мәсіх тарттым ба?» – деген күдікке түсіріп, қайтадан дәрет алдырады. Осылайша мүмин қайта-қайта дәрет ала береді. Сөйтіп, бірте-бірте дәрет алу да, өзге құлшылықтар да оған ауыр соға бастайды,  (Аллаһ тағала сақтасын) соңында бәрін де тастап кетеді. Ақыр аяғы шайтанның ермегіне айналады.

Ғибадатпен қатар иман негіздеріне қатысты мәселелерде де адам түрлі күдік-күмәнға тап болуы мүмкін. Кейде шайтан күнәларды әспеттеп, қызық-тырып пенденің ойын аздырады. Бара-бара ақылға көнбейтін азғынға айналдырып жіберді.


[1] Кәһф сүресі, 18/50
[2] Тахрим сүресі, 66/6.
[3] Сағд сүресі, 38/76.
[4] Ағраф сүресі, 7/17.
[5] Тирмизи, Тәфсирус сурә (2) 35.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.