Басқа пәле тілден

Көп сөзділік және бос сөйлеу – адам ақылының кемдігін және рухани жағынан толыспағандығын білдіретін дерт. Сөздің асылы – тыңдаушыға қысқа да нұсқа тілмен жеткізе отырып, ұқтыру. Тыңдаушыға ойыңды жеткізу үшін міндетті түрде ұзақ сөйлеу қажет емес. Көбіне ұзақ сөйлеу белгілі бір дәрежеде зиянын тигізбей қоймайды.  Өйткені көп сөз қарама-қайшы ұғымдарды, ал қарама-қайшы ұғымдар өз кезегінде тыңдаушының санасында түрлі-түрлі жаңа сұрақтарды туғызады. Тыңдаушыға мұндай жағдайдың пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін...

Ақылды кісі – өзі сөйлей берудің орнына, сөзі өзіне әрі басқаларға пайдасы тиюі мүмкін кісілердің көбірек сөйлеуіне жағдай жасаған кісі. Негізінде аса білімді, жүрегі иләһи шабытпен қанаттанған кемел адамдар тұр-ған жерде басқа адамдардың сөйлеуі – әдепсіздік, ал рухани жағынан толысқан адамдардың сөйлемеуі – қоғам үшін үлкен бақытсыздық.

Аз сөйлеп, көп тыңдау – ізгілік пен естіліктің белгісі. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеу есі ауысқандықтың, я болмаса көргенсіздіктің белгісі екені күмәнсіз.

Ауыздан шыққан әрбір сөз нақты бір мәселенің шешімін айту және қандай да бір сұраққа жауап беру үшін айтылуы керек. Сөйлеген кезде сұрақ қойған адамды әрі басқа да тыңдаушыны жалықтырып алмау жағын ойлау қажет.

Адамның сөйлеуді қажет деп таппаған жерде үнсіз қалуы және сөйлеуі қажет жерде ойын айтуы – табиғи нәрсе. Десе де сөзімен пайдасын тигізетін адамға сөз беру – ақылға қонымды әрі әдептіліктің үлгісі. Үндемеудің қадірін ата-бабаларымыз «көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деп жақсы айтып кеткен.

Адам көп сөзімен емес, сөзінің орынды және пайдалы болуымен қадірлі. Керісінше, кез келген жерде және кез келген уақытта аузына келгенін айтқан кісі әрі өзі білмейтін тақырыпты қозғаса, ол адам  көп қателеседі, сонымен қатар өз абыройын айрандай төгеді. «Неғұрлым көп сөйлеген адам соғұрлым көп қателік жібереді» деген нақыл орынды айтылған.

Адам сөзімен өзінің қандай екенін көрсетеді, ал іс-қылықтары оның рухани ұлылығын танытады. Барлық жерде өзін басқалардан ақылды санап, жақ жаппайтын мылжыңдар уақыт өте келе өз достарына да жеккөрінішті көрініп, қорланатын болады. Осының нәтижесінде ол қаншалықты маңызды мәселелер мен қасиетті ұғымдар жайлы сөз қозғағанның өзінде, оның сөзіне ешкім зейін қоймайтын болады. Бұл – ұлы ақиқаттарды құрметтемеу деген сөз.  

Аз жеу, аз ұйықтау сияқты аз сөйлеу де ықылым заманнан  бері кемел адамдардың ұраны болған. Адам рухын шыңдау үшін, ең алдымен тіліне ие болып, қажетсіз және орынсыз сөздерден сақтану керек. Өйткені кез келген жерде аузына не келсе соны айтатындар бұл дүниеде әрі ақыретте көп игіліктен қағылады.

Сөзі мен ісі қабыспаған, өздері істемегенді жұртқа уағыздаған адамдардың жағдайы  тіптен мүшкіл. Сондықтан әркез шындықты айтып өткен ең сенімді Аллаһ Елшісі (с.а.с.) өз сөздерінде «тілі мен ұятты жерлерін тыйып ұстаған адамның бақытқа кенелетінін және оның адамды жәннатқа бастап апаратын төте жолдардың бірі» екенін  үйреткен.

Кісі көп сөйлеу, өзінің сөйлегенін ғана жөн көріп, басқаларға сөз бермеу секілді жаман әдеттен қаншалықты қашық болса, Жаратушыға және жаратылғандарға жақын және сүйкімді болмақ. Ал керісінше жағдайда бұл әдетін тастамаған адам Хақ Тағаланың да, адамдардың да алдында ойлағанына қол жекізе алмайды.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.