Саясат

Саясат – халықты әрі Жаратушыны риза ету жолындағы басқару өнерінің бір түрі. Үкімет қолындағы билік арқылы халықты озбырлықтан қаншалықты сақтай алатындығына байланысты саяси тұрғыдан кемелденген һәм адамдардың келешекке сенімін қалыптастыратын күш болып есептеледі. Егер керісінше жағдай орын алса, келешектің шырағы жалп етіп сөніп, үкімет құлайды және артынан лағынет пен балағат қарша борап, тәртіпсіздік орнайды.

Атам заманнан бері бұқараны ақылды, білімді және өз ісіне жетік саясаткерлер билеген. Оларды  жаманы мен жақсысы аралас өз ортасынан суырылып шыққан  тәжірибелі әрі сұңғыла саясаткерлер басқарған. Біз де тап осындай ақылды және дарынды басшыларға ие болған кезімізде әлемді басқарған болатынбыз...

Тәжірибелі басшы мен саясаткер әділдікті ту етіп ұстап, адамдардың құқығын қорғап, ауыр да қиын істерде жа-уапкершілік танытуы тиіс. Ал аса шетін мәселеде қиын-нан қиыстырар ер данаса әрі парасатты болғаны жөн.

Үкімет – әділдік пен қауіпсіздіктің кепілі. Әділдік пен қауіпсіздік болмаған жерде үкіметтің де болуы мүмкін емес. Үкіметті диірменге ұқсатар болсақ, оның шығаратын ұны – тәртіп, тыныштық пен қауіпсіздік. Ал мұндай өнім шығара алмаған диірмен күпсінген адамға ұқсайды: айналасын ұн тозаңына толтырудан ары аса алмайды.

Үкімет өзі басқарған жұртын «менің халқым» дегеннен гөрі халықтың басқарушыларды «менің үкіметім» дегені маңызды. Менің ойымша, әрбір үкіметте болуы керек қасиет – осы. Ал егер халық басқарушы үкіметті өлексеге үймелеген құрт-құмырсқа ретінде көретін болса, ол «дене» мен «бастың» бір-бірінен әлдеқашан ажырағанын білдіреді.

Елдің үкіметке құрметі мемлекет қызметкерлерінің қатігездігі арқылы емес, мемлекет басшыларының салмақты істері мен қызметтеріндегі шынайылық арқылы келу керек. Адамзат тарихында үкімет халықты күшпен, не зорлық-зомбылықпен, не адастыру арқылы ұзақ уақыт билей алмаған. 

Мемлекетті басқаратындар парасаты мен іскерлігіне қарай таңдалатын болса, мемлекет қуатты әрі ізгілікті болмақ. Мұндай ізгі қасиеттерден жұрдай адамдарды қызметке тағайындайтын үкімет ұзақ тұра алмайды. Өйткені ондай мемлекет қызметкерлерінің шикілігі ерте ме, кеш пе белгілі болады. Бұл үкіметтің сүйегіне таңба салады және халықтың қарғысы мен наласына қалады.

Мемлекеттік қызметкерлер өз қызметін заң аясында жүзеге асырумен қатар, мейірімділігі арқылы халыққа жұмсақ болуы керек. Осылайша өз абыройын, әрі мемлекеттің абыройы мен заңның үстемдігін қорғайды. Шектен тыс қаталдық күтпеген жерден шиеленістерге апарып соқтыруы мүмкін. Ал тым жұмсақтық қоғамды жамандық пен бұзықтықтың ордасына айналдыруы мүмкін екенін естен шығармау қажет.   

Заң ханға да, қараға да бірдей. Оның сақталуын қамтамасыз ететін құзіретті органдардан бұқара халық қорқып қана қоймай, өздерін толық қауіпсіз сезінуі үшін батыл әрі әділ болуы керек. 

Мемлекеттің қуаттылығы мен тұрақтылығы адамдардың иманды, ақылды, күшті әрі жігерлі болғанына тікелей байланысты.

Бағбан өзі еккен жемістерді зиянкестерден қызғаштай қорғап, баптап өсіреді. Уақыты келген кезде жемісін жинайды. Міне, үкімет пен халық арасындағы қатынас та бағбан мен жиын-теріннің арасындағы байланыс сияқты.

Алып мемлекет ұлы халықтан пайда болады. Ал ұлы халық білімді, қаржылық жағдайы жақсы, парасат-пайымы биік және рухы шыңдалған әрі саналы ғұмырында өз болмысын өзгертпейтін күрескер тұлғалардан туады.

Адамдары рухани жағынан жетілмеген, толық қалыптаспаған халықты олардың арасындағы ең білгір, ең тәрбиелі және аса тәжірибелі адамдар басқаруы тиіс.  Халық үшін мемлекеттік істердің білімі, парасаты төмен, басқару қабілетінен мақұрым адамдарға табыс етілуінен асқан қасірет жоқ. 

Ақыл-парасат, тектілік пен ізгіліктен мақұрым, мемлекеттік істерден бейхабар сормаңдайлар байқаусызда мемлекет басына келе қалса, мемлекеттің билік мұрсатын теріс пайдаланып, өз бас пайдаларын ғана ойлап, халықты «залым патша» сияқты басқарудан тайынбайды. Мұндайлар билік басына келген мемлекеттерде тек залымдардың «хахахалауы» мен езіліп, ыңырсыған халықтың ащы үні шығады. Мұндай бақытсыздық жайлаған орта Ад пен Самуд халқының бастарына келген апат-қасіреттерге міндетті түрде тап болған.

Үкімет халқының іс-әрекеттерін ғана үйлестіріп қоймай, олардың санасын да тәрбиелеп, тәртіпке келтіруге тырысу керек. Ол үшін адамдардың ойы бір жерден шығып, бірдей тәрбие алуы тиіс. Халықты халық етіп құрайтын жекелеген тұлғалар түрлі мәдениеттің ықпалына ұшырап, бір-біріне қарсы шығып, идеологиялық майданда бір-бірімен қырқысып жатса, ондай халық өз-өзін іштен ірітіп, өз-өзінің түбіне жетіп тынады.

Ұлт күшті болуы үшін адамдар бірдей ойлап, бірдей түйсініп, бірдей сезінуі қажет және ортақ діні, мәдениеті болуы тиіс. Егер осы айтылғандар сақталмаса, ұлттың шаңырағы шайқалып, күндердің күнінде жалп етіп ортасына түсуі мүмкін.

Әр нәрсенің өз жөні, өз саясаты бар. Халықтың өркендеуі үшін күрескендердің саясаты өзінің бас пайдасын ойла-мастан, халықтың қуанышына ортақтасу, оның қайғысына қабырғасы қайысу болып табылады.

Дұрыс басқару мен орынды саясатты көп жасағандардан, жағымпаздық пен жарамсақтық арқылы атақ пен мансапқа қол жеткізгендерден немесе  кейбір ұйымдар мен топтардың қамқорлығы арқасында жалған даңққа ие болғандардан емес, оны  рухы асқақ әрі терең ойлы және ақиқат жолында жанын пида ете алатын ержүрек адамдардан  күту керек.              

Әрбір шаңырақ – өз тұрғындарына тәлім-тәрбие беретін мектеп; ал әрбір мектеп – қажетті рухты шәкірттерінің бойына егетін әскери академия; әрбір академия – халықтың тұрмыс-тіршілігі, тыныштығы мен өміршеңдігі үшін қам жейтін парламент, ал сол әрбір парламент міндеттері мен құзіретіне қарай өзіне тапсырылған әрбір мәселені ұлттық рух пен менталитет  призмасынан өткізе отырып қарастырған әлеуметтік «лаборатория» ретінде қызмет ете алатын болса, ондай халықты ең тамаша басқару жүйесі мен саяси мамандарға ие деп айтуға болады.

Басқалардан бөлекше ойлау – кемелденген адамдарға тән қасиет. Әлбетте, қоғамның дамуын тежеп, елді алатайдай бүлдіріп, жік-жікке бөлетін түсінікті тек пасық ойлы арам ниеттілер болмаса, ешкімнің қолдай қоймасы анық. Мұндай арандатушылыққа жол беру ұлттың жойылуына көз жұма қарауды білдіреді.

Сіздің отансүйгіштігіңізді қолдамайтын адамдар жа-йында қанша жақсы ойда болсаңыз да, олардың кез келген уақытта зиян тигізуі мүмкін екенін жадыларыңыздан шығармаңыздар. Әсіресе, олардың ұлт пен қоғамның күретамырындай маңызды стратегиялық нүктелерді иеленуіне ешқашан жол бермеу керек. Әрине, бір адам  жеке басына қатер төндіретін істерге төзімділік таныта алады, алайда ұлты мен мемлекетінің мүддесіне қатысты істерде «мұндай» төзімділік танытуға оның құқы жоқ.

Сіздің түсінігіңізден бөлек көзқарасқа ие болғанымен, шынайы және пайдалы адамдардың болуы мүмкін екенін естен шығармаңыз және сіздің пікіріңізге сай келмейтін әрбір көзқарасқа бірден қарсы шығып, оларды өзіңізден үркітіп, алыстатып алмаңыз. Тіпті, қажет болса, олардың ойларын, тәжірибелерін пайдаланудың жолын іздестіріп, олармен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болу керек. Әйтпесе «бізше ойламайды екен» деп өзіңізден бездіріп алған наразылар сізге қарсы топ құрып, сізді жермен-жексен етуі мүмкін. Адамзат тарихында наразы адамдардың игі істерін атап айту мүмкін болмаса да, олар құлатқан биліктің саны шексіз.

Қандай жолмен келсе де, өз жүйесіне, өз түсінігіне және өз әлеміне пайдасы тиетін білім мен ойды пайдалана білу – көпті көрген, көп тоқыған адамдардың тәжірибелерінен пайдаланумен бірдей.

Діннің біріктіруші, толықтырушы секілді ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Дін – халықты басқарушылар мен қатардағы адамдарға түгесілмес рухани азық беретін әрі өмірлік маңызы бар мәселелердің де жауабын табуға болатын институт.

Мемлекет пен ұлт үшін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін дін сияқты басқа күш  жоқ. Өйткені, дін ар-ожданға ықпал ете алатын аса маңызды күш болумен қатар, адамның іс-әрекеті мен қимылын үйлестіруге септігін тигізетін басты элемент болып табылады. Сондықтан да басшылар діни өмірді ұлттың өмірі деп біліп, қосымша қоғамның ожданын үнемі қорғап-қолдауы тиіс.

Ұлтты көтеру; жастарды өзімізге тән пікірлеріміз бен сенім аясында өздері өмір сүріп жатқан уақыт талабына жауап бере алатындай етіп тәрбиелеуге, кедейлік пен мұқтаждыққа қарсы саналы түрде күресе отырып, көпші-лік алдында сенімділікті сақтауға тиіспіз және өндіріс пен сауданы білімді әрі талантты кісілердің басшылығына беруіміз керек.

Ұлттың өміршеңдігін қамтамасыз ететін үш элемент бар:  Дін, даналық және қару. Даналықты ақиқат ілімін игеріп, оны өмірде қолдана білу өнері деуге де болады.

Мына дүние – тәжірибе мекені және бұл жерде барлық нәрсе тәжірибе арқылы келген мағынасы мен құндылығына байланысты мәнге ие болады. Меніңше, ғылымның табиғи болмысы мен өнімділігі сақталуы үшін сынақтан өткен үлгілерге ғана көңіл бөлмей, жаңа үлгілерді де қолдануды назардан тыс қалдырмау керек.

Ата-аналарда мейірім, сезімталдық және жауапкершілік; әкімдерде тәртіп, тазалық және сауда орындарында қауіпсіздік; қазыларда қара қылды қақ жарған әділдік, адалдық, бейтараптылық пен азаматтық ерлік басты негіз болып табылады.

Мемлекет пен ұлттардың бір-бірімен бәсекеге түсуі – табиғи құбылыс. Сондықтан олардың арасындағы саясат я шынайы достыққа негізделеді немесе қандай да бір мүдденің айналасында өрбиді. Зиян тигізбеу және зиянға ұшырамау шартымен бұл екі жолды да қолдануға болады. Бірақ біз біреуді адастырмайтынымызды білсек те, басқалардың бізді адастыруына жол бермеуін қадағалау, яғни сақ болу – саясаттың басқа бір қыры.  

Саясатты тек партия, насихат, сайлау алды үндеу немесе билік үшін күрес деп білетіндер қателеседі. Ол – өткенді, осы шақты және келешекті қатар ойлап, халықтың ризашылығын Жаратушының разылығымен үйлестіруді көздейтін жан-жақты басқару өнері.

Өткен шақ – шынайы өмірден алынған үлгі және ғибратқа толы өзінше бір мектеп. Бұл мектептің бергендері мен үйреткендерін дұрыс сараптай алғандар келешекті де жемісті басқара алмақ. Шындығында, өткен күндер мен алдағы күндердің еш айырмашылығы жоқ, өзгерген – олардың түстері ғана.

Күштің дәурені өткінші; әділдік қана мәңгілік. Олар бүгін болмаса да ертең міндетті түрде жеңіске жетеді. Сондықтан ең пәрменді саясатты хақ пен әділдікті ту еткен саясаттан күту керек.

Қалыптасқан өлшемдер бойынша «Саясатқа араласпаймын, саясатқа араласпа» деу «Отан және ұлттың ісіне, ұлттың өмірі мен болашағына араласпаймын және араласпа!» дегенмен бірдей.

Адамдардың көпшілігі күнделікті саяси ойындарды, халықтың алдануын, билік пен бас пайда үшін жүріп жатқан күрестерді және осы жолда орын алған барлық заңсыз, адамдыққа жат қылықтардың өңін айналдырып, бұрысты дұрыс етіп көрсетуді саясат деп білетіндердің сөзіне ермей, керісінше рухани өмірі мен ниетінің тазалығына мән беріп, Жаратушымен байланысын берік ету үшін, мұндай саясаттан  іргелерін аулақ салуы қажет. Әттең, әділ және хақ жолымен ұштасқан саясат арман; көпшілігі бос сөз, бөстекі әңгімеден аса алмай, көзбояушылықпен айналысып жүр.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.