Баланың құқықтары

Адам баласы әуел бастан жұп болып жаратылған. Адам ата мен Хауа ананың жаратылуы арасында уақыт айырмашылығы жоқ десе де болады. Адам баласының жұп болып жаратылуы үйленудің табиғи құбылыс екенін көрсетеді. Басты мақсат – ұрпақ сабақтастығы. Сондықтан да, ұрпақ тәрбиелеп өсіруді мақсат етпей үйлену көңіл көтеру немесе қызық көру ғана. Мұндай жұптан дүниеге келген бала – бір сәттік сезімнің бақытсыз құрбаны.  

Адам баласының ұрпағы адаммен ғана жалғасын табады. Жүрек пен рух көкжиегіне қанат қаққан адаммен... Ешқандай тәрбие көрмеген, рухани қабілеті кем, осы себепті адамдықтың  шыңына жете алмаған ұрпақ Адам атадан тараса да, олар – тек адамға еміс-еміс ұқсайтын қызық бір жаратылыс.  Ал мұндайлардың ата-анасы – бауырында бөлтірік бағып өсірген бақытсыз жандар.

Ата-ана баласын ізгілікке тәрбиелегеніне қарай балаларына «балам» десе жарасады, ал бала тәрбиесімен шұғылданбағандардың бұлай деуге қақысы жоқ. Әсіресе оған жарға итеретін жамандық пен зұлымдықтың жолын көрсетіп, адамдықтан алшақтатқан болса...

Кез келген халықтың болашағы, оның өміршеңдігі ұлттық болмысы мен ұлттық рухы кемелденген, жақсы тәрбиеленген ұрпақтардың қолында. Егер ұлт өз болашағын аманат етіп тапсыратын көргенді ұрпақ өсіре алмаса, оның келешегін қара түнек басады. Сөз жоқ, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттың келешегіне ата-ана жауапты.

Егер ата-ана баласын мейірімге бөлеп, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өздеріне әрі қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек сыйламақ. Керісінше, оның адамдық қасиеттеріне көңіл бөлмесе, қоғамды ішінен ірітетін зиянкес жегі құрт боп өседі.

Өсімдік те, жануар да күтіміне қарай жеміс беріп, өз ұрпағын  жалғастырады. Ағаш қарамаса қурайды, жануар еңбек етуге жарамсыз, өмір сүру қабілетін жоғалтады. Ал бұл әлемге мың-сан қабілетпен жіберілген адам баласы ше? Ол да ағашқа мән бергеніміздей көңіл бөлуге лайық емес пе?

Адам баласы, баланы дүниеге әкелетін сенсің! Оны асқақ ғайып әлеміне лайық етіп тәрбиелеу сенің борышың. Оның тән саулығына қалай мән берсең, жүрегі мен рухани өміріне де үлкен жауапкершілікпен қара. Аллаһ Тағаланың разылығы үшін ол бейшараға мейірімділік танытып, құтқар!

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.