Кішіпейілділік

Жүзін үнемі төмен салып, қарапайым өмір сүретіндердің мерейі Хақтың алдында да, халықтың назарында да үстем болады. Керісінше, мұрнын аспанға шүйіріп, өзін тәкаппар ұстайтын және жан біткенді өзінен төмен санайтын санасыздар халықтың  алдында абыройдан айырылып, Хақ Тағаланың қаһарына ұшырайды. 

Адам өзін шексіз жақсы көріп, тәкаппарланатын болса, бұл оның ақылының кемдігі мен рухының шикілігін көрсетеді. Парасатты және рухы кемелденген адам қолы жеткен табыстардың бәрін Жаратушыдан деп біліп, шүкіршілік танытып, Оның алдында әрдайым басын төмен иіп, құрметпен тағзым етеді.

Кішіпейілділік жан тыныштығын сақтауға және Жаратушының разылығын алуға көмектеседі, сондай-ақ адамдардың қорлығы мен озбырлығынан сақтайды. Иә, о бастан өз шамасын біліп, кішіпейілді болған адам қорлықтың кез келген түріне қарсы сенімді қалқан киген және ең мықты сақтық шарасын жасаған адам ретінде өз бағасын асырады.

Кішіпейілділік адам санасының жетілгендігін білдіреді және бұл қасиет оның жүрегіндегі ізгіліктің нышаны болып табылады; ал тәкаппарлық адамның толыспағандығын және төмендігін білдіреді. Ең кәміл жандар – әрдайым халықпен бірге болуды ар санамайтындар. Адамдармен араласудан қашатын өркөкірек сормаңдайлар бәрібір еңсе тіктеуге мүмкіндік бермейтін табалдырықтан аса алмайды.

Өзі өмір сүрген қоғамда қадір-қасиеті білінбегендер табиғаттарындағы кішіпейілділік арқылы ерте ме, кеш пе биік абыройға ие болады. Ал тәкаппарлық ауруына шалдыққандар уақыт өте келе қоғам тарапынан бөгде элемент ретінде өзінен-өзі ұмытылып, елеусіз қалады.

Кісі адамдықтың шыңына кішіпейілділігімен көтеріле алады, ал кішіпейілділігі көпшілік пір тұтатын атақ-даңқтың, шен-шекпеннің, байлықтың соңына түспеуінен және ғылымды  бас пайдасына асырмауынан белгілі болады. Аталмыш құндылықтарға бой алдырған жанның кішіпейілдігі мен адамдыққа көтерілуі жайлы сөз қозғаудың өзі артық.

Кішіпейілділік бүкіл игі мінездердің кілті іспетті. Оған ие болған басқа да көркем мінездерге ие бола алады. Оған қол жеткізе алмаған көбінесе басқа жақсы мінездерден де мақұрым қалады. Адам пайғамбар (а.с.) шалыс басқан кезінде уысынан шығарып алған көктердің арғы жағына тән барлық игілік пен шапағатқа кішіпейілділігімен қайта ие болса, сол шұңқырға түскен шайтан тәкаппарлық пен менмендіктің құрбаны боп кетті... 

Дәруіштер құлшылық ететін орындарда кішіпейіл болып, жүздерін төмен салғандар осы бір қасиеттің арқасында көкке көтерілу бақытына ие бола білді. Мектептер мен медреселерде де үнемі кішіпейілді болғандар білімдерімен қоғамға пайдасын тигізіп келсе, мұрнын шүйіріп, медресенің ережесі мен тәртібіне бағынбағандар немесе мұғалімнің алдында демін ішіне алып, білім алуды ар санаған бақытсыздар әрдайым құрдымға кеткен.

Тәкаппарлық пен ұлылық «Заты Улуһия» (Аллаһ Тағаланың өзіне тән  сипаты) сипаттарының бірі болғандықтан, өркөкірекке салынып, есірген адамдар әрқашан оның «Қаһһар» есімінің уысына  түсіп, өкініштен өзектері өртенген. Шамасын біліп кішіпейіл болғандардың мәртебесі жоғарылап, Оның құзырына жеткен.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.