Кеңесу

Кеңесу – қабылданатын шешімнің дұрыс болуының алғы шарты. Қандай да бір мәселе төңірегінде он ойланып, жүз толғанып, бір тоқтамға келсек те, өзгелердің ойлары мен сындарын ескермей шешім қабылдау, көбінесе сәтсіздікке ұрындырады. Ойын ешкіммен бөліспей, басқалардың пікірімен санаспай, өз бетінше шешім қабылдаған адам қанша данышпан болса да, әр ойын талқыға салған адамға қарағанда көп қателеседі.

Ең ақылды адам – ақыл-кеңесті бағалай білген, өзгелердің оң пікірлеріне құлақ түріп, оларды кәдеге асыра алатын кісі. Өз ойын ғана жеткілікті санап, тіпті оны басқаларға да тықпалайтын өзімбілермен әрі рухы шикі адамдар айналасындағыларды өзінен бездіріп алады.

Жақсы нәтижеге қол жеткізудің алғы шарты – ақылдасу, жаман нәтиже мен сәтсіздіктерден қорғанудың басты себептерінің бірі – ниеттес адамдардың пікірімен санасу.

Қандай да бір іске кіріспес бұрын кейін тағдырыңа лағынет айтқызатын, өзгелерді жазғыруға итермелейтін, басқа түскен қиындықты одан сайын зіл батпан қара тасқа айналдыратын қателікті болдырмас үшін жан-жақты пікір алысып, сақтықтың бүкіл шарасы алдын-ала қарастырылу керек. Қолға алған істің нәтижесі жақсы болсын десек, тәжірибелі адамдармен ақылдасқан жөн. Әйтпесе, қабылданған шешім ойдағыдай нәтиже бермей, өкінішке ұрындыруы мүмкін.

Бас-аяғы егжей-тегжейлі ойластырылмай басталған қаншама іс бар. Олар нақты бір нәтиже беру былай тұрсын, тіпті сол істі бастағандардың өзін құрдымға өзімен бірге сүйрей кетті. Иә, қандай да бір іске жалма-жан жармасып, оны бір демнің арасында бітіріп тастағысы келген адам соңында бір өзі орындауға шамасы жететін істің өзінде мүлт кетіп, дәрменсіздікке ұшырайды.

Адам ешқашан өзі жаба алмайтын есікті қайта ашпауы керек. Әйтпесе, ашылған есіктен ішке біртіндеп кірген жамандықтар мен құбыжықтар басқаларды жойып жіберіп қана қоймай, өзінің де абыройын айрандай төгеді. Тірі жанмен ақылдаспай, өз ойын ғана жөн көріп, қиялына берілемін деп  ұйқыдағы әбжыланның құйрығын байқамай басып кетіп, ойыннан шығып қалған қаншама адам бар. Ең әттеген-айы, олардың осы ақымақтықтарына тек өздері ғана күймейді ғой..!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.