Жолаушы жайлы

Адам баласы – саяхатшы, ал барша әлем – оның зерттеп, тануына ұсынылған түрлі-түсті көрмелер, құнды да көркем кітаптар. Жолаушы осы кітаптарды оқу, білімін арттыру және адамдықтың шыңдарына шығу үшін осы әлемге жіберілген. Түрлі оқиғаларға толы бұл сапар адамға бір-ақ рет беріледі... Ақиқатқа іңкәр, көңілі сергек жандар үшін Ирам бақтары тәрізді сыңсыған жәннат бақтарын құру үшін осы сапардың өзі жетіп жатыр.  Ал ұйықтап жүргендер, қас-қағым сәт қана өмір сүргендей болады. Олардың келгендері мен кеткендері бір...

Өмір мен табиғат заңдылықтарына терең көз жіберіп, ақыл елегінен өткізген адам, гүлдердің көз жауын алар әсемдігінен ағаштардың мың бұрала тербелген бұтақтарына, найзағайдың жантүршігерлік сесінен құстардың құлақ құрышын қандыратын сайраған үніне дейін барлық нәрсенің күміс күлкі боп шашылатын, жапырақ боп төгілетін, бұлақ болып сылдыр қағатын әсем сәулелерін көреді және қилы-қилы құбылыстан құдіреті шексіз Жаратушының атына айтылған мадақты аңғарады. Жарық, жылу, тартылыс, химиялық байланыс, жалпы тіршілік заңдылықтарынан қарайғанға қара болған Иләһи болмыстың іздері мен белгілерін байқап, айран асыр болады.

Рух киіздей ұйысқан осы өмірдің беймаза шуынан алшақтап, Бірлік әлемінің (Жаратушының жалғыз екенін дәлелдейтін әлем) тереңіне бойлаған сайын Ұлы Жаратушының әлемдегі салтанатты шағылдарын тамашалап еміренеді. Осындай Иләһи сүйіспеншілікке жеткен, Жаратушыға алып-ұшқан сүйіспеншілік толқынының ырғақ-ырқына берілген жандар үшін теңіздердің буырқануы, моласындай бақсының жападан жалғыз мүлгіген қорықтардың момақан көрінісі, бұлттармен бой жарыстырған айбатты шыңдар, тау бөктерінде сылаң қаққан кешкі көлеңкелер, сиқырлы бақтардан бүкіл жер бетіне жайылған, тіршілікті масайтатын ию-қию хош иіс-тер, самал желден баяу тербеле билеген гүлдер мен гүлге қонған мөлдір шық Оның адамды сиқырлайтын шексіз сұлулығының көрінісі емей немене..?

Әр дыбыс Ол туралы ән,  әр нәрсе Ол жайлы бір кітап болса, Оның шынайы бейнесінің қандай екенін біліп-білмеуіміздің қаншалықты мәні бар? Неміс ақыны әрі ойшылы Гëте: «Біз өз рухымыздан әрі табиғаттан Жаратушының бар екенін сеземіз. Оның табиғатын білуіміздің қандай маңызы бар? Иә, Оның табиғаты жайлы не білеміз? Ұлы Құдірет жайлы шектеулі әрі тар түсінігімізден не опа? Оның жүздеген көркем есімдері мен сипаттарын атап, еске алсам да ақиқаттан бәрібір алыспын. Тәңір деген ұлы ұғым тек адам бойында ғана емес, сонымен қатар әлемнің үлкенді-кішілі барлық оқиғаларында, табиғаттың бай да құдіретті құшағында түрлі пішінде көрінгендіктен, Ұлы Құдіреттің құдіретіне санамыз жете қояр ма екен?!» – деп, туындылары арқылы Өзін көрсеткен, бірақ Затымен (Өзіне тән табиғатымен) әлемде көзге көрінбейтін сол сырға толы болмысың (Сырлы болмыс – Жаратушы) жайлы сөз еткен-ді.

Біз де Өзі жаратқан туындылары арқылы Өзін танытқысы келген, көзге көрінбейтін шексіз  Жаратушыны тану үшін жаңа саяхатшылар мен саяхаттар жайлы ойланып-толғанамыз. Оның айтқанымен ақырын жүріп анық басу үшін, Оған адастырмай алып баратын есіктердің бәрін ашып тауысуымыз неғайбыл жолға шықтық. Қиямет қайым болғанға дейін, Оған арналған әндермен әлемді дүр сілкіндіруге бел байладық. Басқаша болуы мүмкін бе? Біз және барлық жаратылыс Оны тану және таныту үшін жаратылғанбыз және бұдан асқан абыройлы міндет жоқ. Біз бәріміз – оның болмысының көлеңкелеріміз, Ол – барлық жаратылыстың бастауы әрі соңын тұйықтаушы.

Жомарттығымен бұлақтарды ағызған, айгөлек күнге жарықтан белбеу таққан және жылудан оның басына тәж кигізген, жерді түрлі-түсті әсем гүлдермен құлпыртқан һәм жерді сан алуан бояуға малындырған – Ол.   Көктер, жер және алып теңіздер Оның арқасында ғана бар болды. Бұлт теңіздің көзімен Оған еңсе тіктесе, теңіз бұлттың тілімен Оны ұлықтайды. Ол қасіреттен қан күрең тартқан топырақпен жерді құнарлы етті. Алып күндер – Оның босағасының қызметшілері, барша әлем – Оның адал құлы.

Уа, Ұлы Жаратушы! Әлемнің бүкіл салтанаты Сенің байрағыңның астында Саған бас июде және барлық патша атаулы – Сенің құлдарың! Күллі жаратылыс Саған ұмтылып, Сенен тірлік сұрап, тілек тілейді. Тек Сен ғана ешкімге мұқтаж емессің! Шексіздікпен салыстырғанда қас қаққанша уақыт аралығында пайда болып, өсіп-өнетін, ізінше жоқ болатын жаратылыстан Сен тым үстемсің және еш нәрсеге мұтаж емессің! Жалғызсың! Теңдессізсің! Мұқтаждықтан адасың! Күллі болмыс Сенің ұдайы өмір сыйлар жалғыздығыңның тұнық бұлағыңа жамырай қол созып жәрдем сұрайды. Сенің жалғыздығың – аптапты шөлде қалғандардың кәусар бұлағы әрі Жаннаты. Жер беті де, Көк күмбезді асқақ аспан әлемі де Сенің құдіретің және қалауың бойынша бір ізбен айналып, өз бағытынан айнымайды. Егер бұлардың бәрі Саған арқа сүйемесе, жұлдыздар шоғыры үзілген тәспінің тастарындай әлемнің түкпір-түкпіріне шашылып кетер еді және оған ешқандай күш тосқауыл бола алмас еді.

Бақытты біз Сенен таптық. Сені тану арқылы ғана балдай тәтті бақытты таныдық.  Сенен келмеген қуаныштан қашып, Сені ұмыттыратын бақытқа лағынет айтамыз. Иә, Саған арналмаған барлық нәрселерден теріс айналып, Сені еске алмағандарды да ұмытқан абзал.

Уа, мейірімі шексіз Ұлы Жаратушы! Біздер Сенің босағаңның қызметшілері және Сенің жолыңда дүние мен ақырет дейтін өткел бермес асудан асып өтуге бел байлаған адал құлдарың ретінде ешқашан да Сенен басқаға сәжде қылып, құлдық ұрмадық. Саған ғана мұңымызды шақтық.  Егер өзгеден рахым күтіп күпірлікке барсақ «мың да бір тәуба» деп Өзіңе қайта оралдық. Босағаңнан айырылмағандардың тостағанын махаббатыңмен меймілдете толтырып, ғасырлар бойы жүздері күлкі көрмегендерге қуаныш сыйла!

Уа, азалы көңілдердің үміті мен бақыты! Уа, жалғыз қалғандардың Иесі! Уа, шарасыздардың Шарасы! Күн сала қараған дәрменсіз құлдарыңа есік аш; кенезесі кепкендердің шөлін қандыр және оларды құтқара гөр! Өзіңді сан түрлі жолдармен түйсініп, жүрегімізді жай таптырған ғажайып сұлулығыңды өзге жандармен де бөліскіміз келді... Егер де осы мақсатта абайсызда арманымызды айға балап, санамыз жетпес ұлық ақиқаттар жайында ағат кетсек, бізді кешіре көр!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.