Ата-ана

Ата-ана – адам баласының ең әуелі құрмет көрсетуі тиіс қасиетті жаратылыс. Олардың алдында ізеттілік танытпаған, құрметтемеген адам Аллаһ Тағалаға қарсы шыққан болып саналады. Оларға жәбір-жапа көрсетіп, әбіржіткендер ерте ме, кеш пе, өздері де солардың кебін киеді.
 
Адам баласы қызылшақа болып дүниеге келген сәттен бастап, әке-шешесінің қамқорлығында болады. Олардың аялы алақанын, сәбиін өсіріп жеткізу үшін тартқан тауқыметі мен тақсіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан оларды аялап, сыйлау – адамдық борыш әрі азаматтық міндет.

Хақ Тағаланың мейіріміне бөленуіне себепкер болғаны үшін ата-анасын қастерлеген адамдар – осы дүниеде де, арғы дүниеде де жұлдызы оңынан туған ең бақытты жандар. Олардың тірі жүргенін ауырсынып, қабақ шытқан адамдар азап тартпай қоймайды.

Адам баласы әке-шешесіне құрмет көрсеткеніне қарай Жаратушысына құрмет көрсеткен болып саналады. Оларды аялап, құрметтемеген адам Аллаһ Тағалаға да тағзым етпеген болып есептеледі. Қазіргі таңда Аллаһ Тағаланы танымағандар ғана емес, «Оны танып, жақсы көремін» дегендердің өзі ата-анасына лайықты құрмет көрсете алмай жатқаны қынжылтады.

Сөз жоқ, бала ата-анасының алдындағы парызын орындап, оларға құрмет көрсетуі тиіс. Ата-ана да өз кезегінде баласының тән саулығын ғана ойламай, оның рухани саулығына да мән бергені жөн. Мүмкіндігінше ерте бас-тан оның тәрбиесін адам жанының ең білікті, тәжірибелі дәрігерлеріне тапсыру керек. Баласының жүрек пен рух саулығын ескермеген ата-ана қандай тәрбиесіз, мұндай көргенсіздіктің құрбаны болған бала да неткен бақытсыз..!

Ата-анасының қадірін білмей, беттен алып, төске шап-қан бала – «адамға ұқсас құбыжық», ал баласының рухани дамуын ойламаған ата-ана – мейірімсіз жауыз. Әсіресе, олардың ішінде балалары өз жолын таңдап, руханият әлеміне қаз-қаз басып, қанат қаға бастаған шағында олардың ерік-жігерін құм қылған ата-аналар..!

Отбасы – қоғамның негізгі элементі. Адамдар бір-бірінің құқығы мен міндеттеріне қаншалықты құрмет көрсетсе, қоғам да соншалықты берік және салауатты болмақ. Әйтпесе, отбасында таппаған мейірім мен құрметті қоғамнан іздеу бекершілік..!

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.