Үмбетін ел ішінде сенімді тұлға болуға тәрбиелеуі

Пайғамбарлар Сұлтаны Хақтан келген хабарларды сенімділікпен ұстанып, сенімді болудың аясын барынша кеңейткен болатын. Үмбетін де дәл осы мінезден үлгі алуға шақырды. Ел ішінде ешкімнің ала жібін аттамайтын сенімді кісі болып өмір сүруді насихат етті. Оның жанында ұсақ қиянат та жасалмайтын, бірде-бір мұсылман ғайбатталмайтын. Ондайда дереу сөз иесіне ескерту жасап, бойына ғайбат кірі жұқпауын қадағалайтын.

«Пәленше әйелдің мойны қандай ұзын» деген Айша анамызға (р.а.): «Сыртынан ғайбат айтып, оның етін жегендей болдың», – деуі[1], Муаздың сыртынан сөйлеген бір сахабаға да дәл осылай айтуы[2] –  оның әрқашан сенімді екенін тағы бір мәрте дәлелдеп береді. Сондықтан да екі әлем Сардарының сенімділікке бөленген нұрлы шуағы айналасындағыларды түгел баурап, рухани кеселдерден қорғап отырды.

Өзі үнемі мына дұғаны үмбетіне насихаттады: «Аллаһым, аштықтан Саған сиынамын, ол – неткен жаман серік. Қиянаттан да Саған сиынамын; ол – неткен жаман сырлас»[3].

Сенімділік пен қиянат – бір-біріне мүлде қарама-қайшы ұғым болғандықтан, сенімділікпен өмір сүру де, қиянат жасамау да аса маңызды.

Сертіне берік болмай, опасыздық жасаған адамдар жайында айтылған жан түршігер сөзді де Аллаһ расулынан естідік: «Аллаһ қиямет күнінде әуелгі-ақырғы күллі адамды бір жерге жинағанда, әрбір опасыз үшін ту тігіліп, «Міне, пәленұлы пәленшенің опасыздығы осы», – деп бетке басылады»[4].

Хақ пайғамбардың жамандық атаулыға көңілі жабық болатын. Ал жақсылыққа аса құштар еді. Тіпті аса көзге түспейтін жақсылық болса да елеусіз тастамайтын. Ол әрқашан сенімділікпен өмір сүрді. Адамзат та оған сеніп, арқа сүйеді. Ал одан теріс айналғандар алданып, жолда қалды. Ол әрқашан мүмінді желеп-жебеп, қорғап жүретін періште іспетті үмбетін қанатымен қалқалады. Кім, қашан, қай уақытта болсын, тіпті беймезгіл шақта да есігін қақса, оның қуанышты «ләббәйк» деген сөзін еститін.

Әр пайғамбар Хақ тағалаға сенімі арқылы таңдалған. Бұл – олардың ажырамас ерекшеліктері мен ұлы сипаттары. Құран мұны өте анық көрсетеді: «Оларға Нұхтың хабарын оқы. Бір заманда ол еліне былай деген еді: «Уа, ел-жұртым! Араларыңда болып, Аллаһтың аяттарын үгіт-насихат етуім сендерге ауыр келсе, онда мен Аллаһқа тәуекел етіп арқа сүйедім. Ал енді сендер де серіктеріңмен жиналып, не істейтіндерің жайлы бір шешім қабылдаңдар. Кейін сан соқтыратын іштеріңде бір дерт қалып кетіп жүрмесін. Бұдан соң маған ешқандай да мұрсат бермей-ақ, қолдарыңнан келгендеріңді жасаңдар» (Юнус, 10/71).

Нұх пайғамбар (а.с.) Раббысына сеніп, арқа сүйеп, өзіне қарсы шыққан кәпірлерге: «Егер араларыңда болғаным, тұрғаным, мәртебем, тәблиғ етуім сендерге ауыр келіп, көре алмасаңдар, онда қалағандарыңды істеңдер. Осы халіммен Аллаһқа сеніп, арқа сүйедім. Сендер мың, мен жалғызбын. Бірақ Аллаһ мені сендерге жәбірлетіп қоймайтынын біліңдер. Сендер қазір бір жерге жиналып, маған қарсы небір құйтырқы айла-шарғыға барыңдар, барлық серіктеріңді, ортақтарыңды, көмек бере алатын бүкіл жақтастарыңды жинаңдар. Жинаңдар, кейін тағы іштеріңде бір өкініш қалып: «Әттең-ай, былай істегенімізде ғой», – деп жүрмеңдер. Қалағандарыңды жасаңдар. Ойлаған нәрселеріңді түгел іске асырыңдар! Сендерден келетін барлық пәлені көтеруге әзірмін». 

 Нұх пайғамбар (а.с.) осы сөздерді айтқан кезде, Аллаһқа терең сеніммен айтқан. Ол сөзсіз Раббысы қорғап, сақтайтынын білетін. Кемесіне қанша адам  мінгенін біле алмаймыз. Бірақ Ибраһим пайғамбар (а.с.) да, өзге пайғамбарлар да оның нәсілінен келген.

Өйткені Құран Ибраһим пайғамбарды оның нәсілінен таратады: «Күдіксіз, Ибраһим де Нұхтың ұлтынан еді» (Саффат, 37/83).

Һуд (а.с.) да дәл осы Нұх (а.с.) секілді еді: «Мен тек қана Аллаһты куәгер етемін, сендер де куә болыңдар. Мен сендердің Аллаһқа серік қосқандарыңнан мүлде аулақпын. Ал, қане, енді бәрің жабылып, маған тұзақ құрыңдар. Содан соң маған ешқандай да мұрсат бермей-ақ, (қолдарыңнан келгендеріңді жасаңдар). Мен менің де Раббым, сендердің де Раббтарың болған Аллаһқа тәуекел етіп, арқа сүйедім. Өйткені Ол барлық тіршілік иелерінің тағдырын ұстаған. (Күллі жаратылыстың билігі Соның қолында). Күдіксіз, Раббым тура жолда» (Һуд, 11/54-56).

Ал, Ибраһим пайғамбардың (а.с.) халі, Аллаһқа деген тәслимияты (бағыныштылығы) мен тәуекелі былайша айтылған:
«Расында, сендерге Ибраһим де, онымен бірге болғандар да көркем өнеге. Сол кезде олар елдеріне былай деген еді: «Сендерден де, Аллаһтан өзге табынғандарыңнан да мүлдем аулақпыз. Сендерді танымаймыз да. Сендер бір Аллаһқа иман келтіргенге дейін арамызда үнемі дұшпандық пен өштік болады». Алайда Ибраһим әкесіне: «Сөзсіз, сен үшін жарылқау тілеймін. Бірақ Аллаһтан келетін қандай да болсын нәрсеге күшім жетпейді»,  – деген. Олар: «Раббымыз, Саған тәуекел етіп, арқа сүйедік, Саған бет бұрдық, қайтатын жеріміз Сен жақ», – деді». (Мүмтахина, 60/4).

Ибраһим мен жанындағылар күпірге қарсы тұрып, кәпірлерді жекпе-жекке шақырды. «Біз,– деді олар, – сендердің Аллаһтан басқа табынған барлық нәрселеріңнен мүлдем аулақпыз. Сендердің барлық азғындықтарыңды құптамаймыз. Арамыздағы дұшпандық асқына түсті».

Негізінде, бұл дұшпандық Адамнан (а.с.) осы заманға дейін бір толастаған емес. Иман мен күпір – нұр мен түнектей алғашқы күннен бері бір-бірімен сыйыспайтын екі бөлек әлем. Сондықтан күпір иманды ұрымтал тұстан бір сүріндіріп қалудың оңтайлы сәтін аңдиды. Көздері жарыққа үйренбегендіктен, жарқанаттай қараңғылыққа тығылып иман мен пайғамбарлық жарығын көргенде құты қашады.

Өйткені күпірдің өзегінде азғындық пен өшпенділік жатыр. Имансыз барлық жаратылысқа жауыға қарайды. Мұсылманның рухында кең пейілділік пен имандылық бар. Ол барлық әлемді бауырластықтың алтын бесігі деп қарайды. Әркіммен бірігу арнасын, тіл табысу жолдарын іздейді. Керісінше, имансыз кім көрінгенмен таласудан ләззат алады. Алайда әркім бір ғана Аллаһқа иман етіп, шын жүректен сенген кезде ғана жалпыға ортақ бейбітшілік пен тыныштық орнайды.

Сол үшін де Құран Кәрім Ибраһимнің (а.с) әкесіне айтқан сөзіне жеке тоқталған. Хазірет Ибраһимнің сөздері оның аса мейірімділігінен туған тілек болатын. Бірақ ол да Аллаһтың алдында әкесі үшін ешбір қайран істей алмайтынын ашып айтады. Сондықтан Ибраһим (а.с): «Саған арқа сүйедік. Саған бет бұрдық», – деп Аллаһқа  тәуекел етеді. Барлық пайғамбарлардың өміріне мұқият көз салсақ, оларда Хақ тағалаға тәуекел ету мен арқа сүйеуде таразыларының ауыр басқанын көреміз. Олардың тәуекелі жай қарапайым адамдардың тәуекелі емес. Әсіресе, Пайғамбарлар Сұлтанының тәуекелі. Екі әлем Сардарының тәуекел сенімі барлық пайғамбарлардан әлдеқайда терең еді.

Аллаһ оған бірде «Хасбиаллаһ» (Аллаһ тағалаға бел байлау) деуді үйретті. Ал Аллаһ елшісі бүкіл ғұмырын Жаратқанға тапсырып, тәуекел мен сенімділік аясында өткізді. Ойлап қараңыздаршы! Әли (р.а.) секілді «хайдар кәррар» (атылған арыстан) қаһарман адам: «Біз соғыс майданында қыспақта қалып, қорқа бастаған кезімізде дереу Аллаһ елшісінің арқасына тығылып, өзімізді қауіпсіз сезінетінбіз», – деген[5].



[1] Ибн Кәсир, Тәфсир, 7/359; әт-Тарғиб уә’т-Тәрһиб, 4/285.
[2] Муслим, Худуд, 22-23.
[3] Әбу Дәууд, Уитр, 32; Нәсә’и, Истйазә, 19-20; Ибн Мәжә, Әт’имә, 53.
[4] Бухари, Жизиә, 22; Муслим, Жиһад, 9; Әбу Дәууд, Жиһад, 150.
[5] Муснәд, 1/86

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.