Таңғажайып тәслимият

Таңғажайып тәслимият[1]

Ол ағаштың саясында тынығып отырған-ды. Сол кезде Ғаурас атты  кәпір екі әлем Сардарының мызғыған сәтін пайдаланып, бұтақта ілініп тұрған қылышты алып тамағына тіреп, мазақ еткендей: «Ал, қане, көрейін, сені менің қолымнан кім құтқарады?» – дейді. Бұл тосын әрекетке Хақ пайғамбар еш қобалжымайды, өйткені оның Жаратушыға деген сенімі нық еді. Іле: «Аллаһ!» – дейді күндей күркіреп. Кәпірдің өті жарылып, талағы айырылып кете жаздайды. Сасқанынан қолындағы қылышын жерге түсіріп алады. Тұрған жерінде қаққан қазықтай қалшиып қатып  қалады. Дәл осы сәтте қылышты Аллаһ елшісі қолына алады да: «Ал енді сені кім құтқарады?» – деп сұрайды. Әлгі адамның зәре-құты қашып, қалшылдап кетеді. Бұл кезде Аллаһ елшісінің дауысын естігендер  сол маңға қарақұрым боп жиналып қалады. Бұл жағдай оларды таң-тамаша қалдырған еді. Осыдан соң Аллаһқа деген иман, Пайғамбарға деген сенімдері одан да арта түсті. Ғаурас сенім Пайғамбары «әл-Әминге» сенім сөзін беріп кетеді[2].

Танымал драматург Бернард Шоу былай дейді: «Хазірет Мұхаммед – кісіні барлық қырымен таңғалдыратын адам. Осы бір ғажайып сырға толы жанды түгелдей терең түсіну мүмкін емес. Әсіресе, оның біз түсініп, ұғына алмайтын өзгеше бір ерекшелігі – Аллаһқа деген сенімі мен сүйеніші».

Оның сенімі мен тәслимиятының өзіндік ерекшелігіне өзіміздің өлшемдеріміз бойынша баға беру әбестік. Аллаһ жанындағы орны, қадірі, назы да Аллаһқа деген сенімі мен сүйеніші деңгейінде болатын. Хақ пайғамбардың дұғасымен, тілегімен, сенімімен түндер күндізге айналып, зұлматтар нұрдай жарқырап, көмір де алмасқа айналып, қайыршыларға сұлтандық мал-мүлік беріледі. Осыған орай табиғиндық құрметті Хасан Басриден мына жайтты айта кетпекшімін. Бұған хадис талаптары тұрғысынан сын тағуға болар, дегенмен Пайғамбарымызға байланысты болғандықтан, меніңше, маңызды оқиға.

Оқиға былай:
Басралық бір жас жігіт әкесімен бірге қажылыққа баруға ниет етеді. Меккеге барар жолда әкесі қайтыс болады. Қайтыс болып қойса бір сәрі, мүрденің түрі адам танымастай өзгеріп, жиіркенішті мақлұққа ұқсап кетеді. Бұл жағдай бейшара жас жігітке өте ауыр тиіп,  не істерін білмей дал болады. Енді, кімді шақырып, оның жаназасын кімге шығартады? Кенеттен тұла бойы көтертпей зіл тартып, оны ауырлық басады. Өң мен түстің арасында тұрған сәтте, кенеттен шатырдың есігі ашылып, жүзі күндей жарқыраған нұрлы бір адамның ішке енгенін көреді. Осы нұрлы кісі әкесінің жаназасының басында тұрып, қолымен денесін түгел сипайды. Сол сәт алақаны тиген барлық жері бұрынғы түріне қайта еніп, әкесінің жаназасы нұрлы адамның кейпіне айналып шыға келеді. Жас жігіт аң-таң. Келген кісі шатырдан шыға бергенде, орнынан тұра ұмтылады: «Аллаһ үшін айтшы, сен кімсің?» – дейді. Әлгі адам: «Сен мені танымадың ба? Мен Мұхаммедпін», – деп жауап қайтарады. Бұл сөзді естіген жас жігіт қуаныштан бір орында тұра алмайды. «Уа, Аллаһтың елшісі, неге әкемнің түрі өзгерді?» - деп сұрайды. Аллаһ елшісі: «Ол үнемі ішімдік ішетін. Түрі өзгеруінің себебі сол», – дейді. Жас жігіт: «Келуіңіздің себебі?» – дегенде: «Өйткені сенің әкең қай уақытта да менің атым аталса, салауат айтатын еді..», – деп жауап береді.

Хақ пайғамбар – ел арасында көп сенімге ие болған халқы арқа сүйеген тұлға. Үмбеті де дәл сондай сенімге лайық болуға тиіс.

Бір аятта былай айтылады:
«Расында, Аллаһ сендерге аманаттарды лайықты орнына тапсыруларыңды, адамдардың арасына билік етсеңдер, әділдікпен билік етулеріңді әмір етеді. Расында, Аллаһ сендерге неткен жақсы өсиет айтады. Күдіксіз, Аллаһ – барлық нәрсені естуші, күллі нәрсені көруші» (Ниса, 4/58).

Бұл аяттың түсу себебі жайлы Әли (р.а.) былай дейді:
«Мекке азат етілген соң, Пайғамбарымыз Қағбаның кілттерін сол күні әлі мұсылман бола қоймаған Осман ибн Талхадан алып, Қағбаны өзі ашты. Дәл сол кезде Аббас (р.а.) келіп кілттерді сұрайды. Бірақ Қағбаның кілттері қайтадан Осман ибн Талхаға берілді. Аздан соң осы үлкен кісі мұсылман болды[3]. Бірақ аяттағы үкім жалпы адамзат үшін айтылған. Өйткені Хақ пайғамбар аманаттың жоғалуын қияметтің белгісі санайды: «Аманат жоғалғанда, қияметті күтіңдер!»[4].

Иә, аманаттың жүгі ауыр. Әрі істі өз шеберіне беру де – аманат. Бұл әлем жүйесін ұстап тұратын негізгі себептер. Аманаттың жоғалуы жалпы тепе-теңдік пен жүйенің бұзылуына апарып соқтырады. Ол сақталмаса, әлемнің бары не, жоғы не, бірдей.
Басқа бір хадисте де осыған байланысты Аллаһ расулы былай дейді:
«Әрқайсысың жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар: Ел басшысы – жауапкер; ол – қарамағына жауапты. Ер адам – отбасының басшысы; ол – отбасына жауапты. Әйел – ерінің үйіне басшы; ол – меншігіне жауапты. Қызметші – мырзасының мал-мүлкінің басшысы: иелігіне жауапты. Әркім – жауапкер: әрбірің қарамағыңа жауаптысыңдар»[5].

Мұнан шығатын қорытынды: әркімнің бір-біріне аманат болуы, біз бәріміз де бір-бірімізге аманатпыз. Болмыс – толық Аллаһ тағалаға аманат. Құран – әуелі Жәбірейілге, сонан соң Мұхаммед алейһиссәләмға аманат. Құран ақиқаттары мен Мұхаммед алейһиссәләмның пайғам-барлық дағуасы – үмбетіне аманат. Сонан соң барлық үмбет – Хақ тағалаға аманат.

Қоғам өмірін құрайтын жайттардың барлығы бір-біріне жалғанған шеңберлер тәрізді. Бұлардың біреуінде пайда болатын ақау қалған шеңберлерге дереу жайылады. Бұған ешкімнің күмәны болмас деп ойлаймын. Адамның жеке басында кездесетін кемшілік түзелмесе, ол аз уақытта асқынып, қатерлі ісікке айналатынына дау жоқ. Ондай болса, әлемнің әрбір шеңбері ақаулардың алдын алып, тиесілі аманатты толық орындауы шарт.

Хадис шәріпте осы бір-біріне қатыстылық мәселесі терең қозғалған. Негізінде, етікшіден елбасына дейін ұлтты құраған әр адам аманат мәселесінде өз жауапкершіліктерін ұғынған сәтте адамзат утопиядан арылып, іздегендерін «әминдер» (сенімділер) қоғамынан табады.

Аманаттың қаншалықты маңызды екенін Аллаһ елшісі былай аңғартады: «Аманатқа сенімі жоқтың иманы да жоқ»[6]. Иелігіндегі аманатқа ие болып, аманаттың құқын қадағаламаған жанның иманы да толық емес.

Аманатқа қиянат еткен адамды кәміл мұсылман дей алмаймыз.  Ондай мұсылманда аманатқа деген жауапкершілік сезімі болмайды. Кәміл мұсылман – аманатқа сенімді. Аманатқа сенімсіздің иманы кәміл емес.

Басқа бір хадисінде Аллаһ елшісі мұсылманның анықтамасын былайша береді: «Нағыз мұсылман – адамдардың дүниесі мен жандарына сенімділік көрсеткен адам»[7].

Пайғамбарымыздың туралығы жайында айтылған бір хадисті осы жерде қайталауды жөн көріп отырмын. Аллаһ расулы былай дейді: «Сендер маған алты мәселеде уәде беріңдер, мен де сендерге жәннатқа кепілдік берейін! Сөздерің мен істерің бір жерден шығып, атқан оқтай түзу болыңдар!

1. «Тек қана шындықты айтыңдар!».

2. «Уәделеріңде тұрыңдар!». Негізінде, уәдеден таю – мұнафықтың белгісі.

3. «Аманатқа сенімді болыңдар!». Сенімге ие болғандарың үшін сендерге бір нәрсе аманат етіп берілсе, абай болыңдар!

4. «Ар-ұятты болыңдар!». Ар-ұяттарыңды сақтаңдар, басқалардың ар-ұятына да дәл өздеріңдікіндей қараңдар!

5. «Көздеріңді харамнан сақтаңдар!». Сендерге қатысы жоқ нәрсеге, тыйым салынғанға назар салмаңдар!
Харамға көз тастаған адамның жүрегіне құрт түседі. Бір құдси хадисте Хақ тағала былай дейді: «Харамға қарау – шайтанның улы оқтарының бірі. Кім мені құрметтегендіктен харамға қарамаса, жүрегіне бір иман саламын. Сонда оның ләззатын іштей терең сезінетін болады»[8].

6. «Өзгелерге зиян тигізуден қолдарыңды аулақ ұстаңдар!». Ешкімге де, еш нәрсеге де жамандық жасамаңдар![9]

Сенімді адам болудың шарттары саналатын осы баптарды ұстанған жан ақыретін де кепілдікке алады. Мұнымен қоса, Аллаһ елшісі әлгі мәселелерде сақ болған берік жанға жәннатты уәде етуде.

Жер шарының сенім аясына бөленуі, мына дүниенің амандығы сенімді,  уәдесіне берік жандарға байланысты. Егер бүкіл Ислам әлемі өзіне жүктелген аманатқа ие болып, жер жүзінде сенімділік пен сенімнің өкілдігі салтанат құрған деңгейге жетсе, қоғамдық тыныс-тіршілігіміз де қайтадан тепе-теңдікке иелік етер еді. Ал, бүгінде бүкіл әлемнің хал-ахуалы жүрек сыздатар ауыр жағдайда.

Осы көріністі Акиф шайыр қандай тамаша сипаттайды:
Ар-ұят тастап мекенін,
Алапес, қулар әр жерде
Жалын шашқан жауызды,
Бүркелепті нәзік перде.
Опа құлап, сөзге тұрмай, аманаттар тапталып,
Хақ қалып, жалған озып, қиянаттар қаптады ұқ...
Адам жаны түршігер,
Я, Құдай!
Жалмауыздар бәрін жұтып жалмапты,
Дін құлап, иман да топыраққа шын батты.
Әттең-ай!  Қайттім енді…
Дін де, иман да қалмапты.



[1] Тәслимият: Хаққа шексіз берілу.
[2] Бухари, Мәғази, 31; Жиһад, 84; Муслим, Фәдә’ил, 13; Мустәдрак, 3/29
[3] Ибн Хажәр, Исабә, 2/460; Ибн Һишам, Сирә, 4/55.
[4] Бухари, ‘Илм, 2; Муснәд, 2/361.
[5] Бухари, Жума, 11; Уасайа, 9; Муслим, Имара, 20; Әбу Дәууд, Имара, 1.
[6] Муснәд, 3/135.
[7] Тирмизи, Иман, 12; Ибн Мәжә, Фитән, 2.
[8] Кәнзу’л-Уммал, 5/328.
[9] Муснәд, 5/323

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.