15. Салихалы құлдарға сый-сияпат

Бухари риуаят еткен бір хадисте Аллаһ:
«Мен салихалы құлдарыма ақыретте көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің ойына да, қиялына да келмеген (таңғажайып) нәрселер дайындадым»,– дейді[1].

Хадисте – күтпеген сый жайлы айтылған. Негізінде, Құранда жәннатқа қатысты кейбір нәрселер сөз болады. Олардың аты мен атаулары ғана осы дүниедегіге ұқсас болғандықтан олардың қандай екенін елестету мүмкін емес.

Ибн Аббас (р.а.) «Оларға ұқсас нәрселер берілді» (Бақара, 2/25) аятының тәпсірінде былай дейді: «Жәннатта сендерге берілетін ризықтардың тек аты ғана бар»[2]. Дәмін татып көрген кезде, «мынау ана нәрсеге ұқасайды екен» деп айта аларсыздар, бірақ ешқашан дәл соның өзі бола алмайды. Өйткені жәннат ризықтары да дәл жәннаттың өзі секілді оның мәңгі болуы үшін жаратылған. Яғни, бұл дүниеге тән қауын-қарбыз бен алмұрт, алманы сол жақтан іздеу – аңғалдық.

Жәннат – тосын сыйлар мен таңғажайыптар мекені. Ол – қараған жанды таңғалдырып, бейне бір не істеп, не қойғаныңды біле алмайтын рахат халге түсіретін, ішінде барлық ризық жайылған ақырет дастарқаны. Алайда ондағы мыңдаған жылғы өмір Аллаһтың дидарын бір көруге жетпейді. Яғни, мұсылмандар жәннатқа кіргенде, Раббыларын да көреді. Алайда Аллаһ уақыт пен кеңістіктен тыс. Өйткені заман мен мекен жаратылғандарға тән. Сөйте тұра, уақыт пен кеңістіктен тыс Жаратушы Жаббар Ие салихалы құлдарына Өзінің дидарын тамашалау бақытын сыйлаған.

«Салих» – істі кемшіліксіз, мінсіз орындаушы деген сөз. Салихат болса, кемшіліксіз, мінсіз істелген істі білдіреді. Істелген істердің салихатқа жатып-жатпауы тек иләһи өлшемдер арқылы білінеді. Яғни, Аллаһтың өлшемдеріне сай намаз қалай өтеледі, оразаны қалай ұстау керек, зекет қалай беріледі,  бойды қалай тізгіндеуге болады?  Ар-ожданға қалай қарау керек? Рух қайтсе күшейеді? Ерік қалай шыңдалады? Рухани сезімдер қайткенде жетіледі? Олардың барлығы иләһи өлшемдер негізінде бағаланады. Сондықтан  Аллаһтың әмірлеріне сай адамның өз бойын түзеуі, соған сай бейімдеуі – салихатқа басқан алғашқы қадамы саналады.

Иә, күйші күйін тартпай тұрып алдымен домбырасының құлағын күй бабына келтіргеніндей, адамдар да Ұлы Жаратушының ұнататын хорға қосыла алатындай бір үн шығарғылары келсе, өздерін Құранға сай түзеуі керек. Әйтпесе, Аллаһ олардың жүздеріне назар салмайды! Аллаһ – Естуші де Көруші. Бірақ адамдардың үндері сол мәртебеге лайық болмаса, Аллаһ тағала тыңдамайды. Ол тыңдамаған соң естірту мүмкін емес.

Салихат – қолға алған адал ісін Аллаһтың өзі тікелей қадағалайтынын ойлап, бар ықыласымен орындау. Олай болса, адам істейтін барлық жақсылықтарын тиянақты жүзеге асыруы тиіс. Өйткені ақыретте тозақ отынан құтылуына қандай істің арқау болатыны белгісіз. Сол үшін де Аллаһ елшісі: «Аллаһтан қорық және ешқандай жақсылықты ұсақ көрме»,[3] – дейді.

Осы хадисте: «Менің салихалы құлдарыма» деуде. Демек, салихат, яғни мінсіз іс, оларды Аллаһқа жақындатып, Аллаһ жақсы көрген сүйікті жандардың қатарына қосқан.

Бір қасиетті хадисте Хақ тағала жақсы көрген жандарды:
«Ал оны жақсы көрген сәттен бастап, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүрген аяғы боламын!» – деп бағалаған[4].
Яғни, құл мінсіз ісі арқылы Аллаһқа барынша жақындап, Оның сансыз сипаттарының бояуымен боялады. Одан соң сүйек жуушының қолындағы өлік секілді болады. Оны солға да, оңға да аударатын Аллаһ тағала. Рабтың оны тура бағытқа салуы айтып жеткізгісіз бақыт! Мұндай жолға бір түскен адамның Хақтан теріс айналуы мүмкін емес. Өйткені ол: «Менің құлдарым» деп аталатын мәртебеге жетіп, Аллаһқа жақын болғандардың қатарына қосылған. Мұндай адам әрбір тынысында: «Тастама мені, Аллаһым! Тастама, мен Сенсіз не істей аламын?» – деп дұға етеді.

Ол шама-шарқы жеткенше жақсылық істеп, өзінің әрбір амалынан жәннатқа апаратын себеп іздейді. Өйткені өзін қандай ісі о дүниелік азаптан құтқаратынын білмеген соң, жолында кездескен барлық сауапты істі орындауға тырысады. Орындаған ізгі амалдары ақыретке тосын сый қоржыны ретінде жолданады. Жәннатқа кірген сәтте сол қоржындар кезек-кезек ашылып, көз көріп, құлақ естімеген күйге бөлейді.

Кейде шөлдеген итке су беру секілді елеусіз жақсы-лықтың да жәннатқа жетелейтінін[5], кейде қарауындағы мысығына су бермей қою жәһәннамға тасталуға түрткі[6] екенін ескере отырып, жәннат та, жәннатта берілетіндер де түгелдей таңғажайыптан тұрады деген байламға келеміз.

Адам көзімен көрген, құлағымен естіген нәрселерді ғана қиялдай алады. Өйткені адам өмірінің өзі шектеулі. Сондықтан оның сезімдері де шектеулі. Ал шексіз әлемдегі несібелерді сезіну адам баласының маңдайына жазбаған.

«Ұғып түсіну кішкене ақылға қажет емес,
Өйткені бұл таразы мұншалықты ауырлықты көтере алмас»
(Зия Паша).[7]

Оның тағы бір мәні мынадай болуы мүмкін. Жасалған жақсылықтар үшін Аллаһ кейде он, кейде жүз, кейде жеті жүз, кейде жүз мың, кейде миллион, кейде санын тек Өзі білетін сый береді. Ешқандай құл өзіне нендей сый берілгенін біле алмайды. Ақыретте істерінің қарымы адам ойына келмейтін таңғажайып сый түрінде алдынан шыққанда, таң-тамаша қалады. Осылайша, оның қиялына да келмеген нәрселер шындыққа айналады.

Міне, осыншалықты терең ақиқатты бірнеше-ақ сөзге сыйғызған Пайғамбарымыз біз жіліктеп барып әрең түсінген мәселені ойланып жатпастан табан астында айтқан. Осы бір сөзінің өзі оның қаншалықты елден асып түскен фәтәнат егесі екенін дәлелдеуге жетіп артылғандай. Біз ол кісі жайында сөз қозғаудың терең ләззатынан бас ала алмағандықтан, тағы бірнеше сөзін келтіруді жөн көрдік.




[1] Бухари, Таухид, 35; Муслим, Жәннат, 4-5.
[2] Ибн Кәсир, Тәфсир, 1/91.
[3] Муслим, Бирр, 43; Әбу Дәууд, Либәс, 25; Тирмизи, Әт’имә, 30; Мунәуи, Файду’л-қадир, 1/121, Кәнзу’л-уммал, 6/576.
[4] Бухари, Рикақ, 38
[5] Бухари, Әнбиә, 54; Муслим, Сәләм, 153.
[6] Бухари, Мусәқат, 9; Муслим, 151; Дәрими, Риқақ, 93; Муснәд, 2/507.
[7] Зия Паша (1829-1884) – Түріктің белгілі мемлекет қайраткері, ақын.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.