10. Сабырлық сыры

Бухари мен Муслим екеуі бірдей мына хадисті жеткізеді:
«Шынайы сабыр – алғашқы соққы тигенде...»[1].

Мазаратқа зиярат
Пайғамбарымыз мазаратқа қатысты қараңғылық дәуірде салтқа айналған кейбір жаман әдеттердің жалғасқанын көрген кезде мұсылмандардың мазаратқа баруына тыйым салды. Бірақ кейіннен рұқсат беріп: «Мен сендердің қабірді зиярат етулеріңе  тыйым салған едім. Ал енді мұнан былай қабірлерді зиярат етулеріңе болады!»[2] – деп, рұқсатын берген болатын. Өйткені адам баласы өзін өлмейтіндей көріп, бейғам өмір сүреді. Қабірлер адамға ой салады. Пайғамбарымыз сол үшін рұқсатын берді. Өзі де жұмасына бір мәрте Ухуд шейіттерінің басына барып тұратын еді. Сондай күндердің бірінде әлдебір әйелдің қабірге басын қойып, бет-тырнап, оғаш сөздерді қарша боратып, дауыс салып жатқан кезіне тап келеді. Ол әйелге жақын келіп, оған басу айтып, сабырға шақырады. Бірақ әйел Пайғамбарымызды танымайтын еді. «Аулақ жүр менен, Сен менің қандай қайғыға тап болғанымды білмейсің!» – дейді. Пайғамбарымыз үн-түнсіз бір ауыз тіл қатпай әлгі әйелдің жанынан кетіп қалды. Сол маңдағы адамдар әйелге әлгі адамның Аллаһ елшісі екенін айтқанда, ол одан сайын күйзеліске түсіп, жаны ышқынады. Басы қайғыға душар болып, байқаусызда Аллаһ елшісіне тіл тигізгеніне өкінеді. Дереу есін жиып, Пайғамбарымыздың үйіне барады. Есікті де қақпай, ішке еніп, Пайғамбарымыздан кешірім сұрайды. Сол сәтте Аллаһ елшісінің аузынан: «Шынайы сабыр –алғашқы соққы тигенде» – деген қасиетті сөз құйылып түсті[3].

Том-том кітаптармен ғана айтып жеткізе алатын мәселені Аллаһ елшісі осы төрт-ақ ауыз сөзбен, мұғжизалық ділмарлықпен жеткізді.

Сабыр түрлері
Қайғыға сабыр ету, күнә жасамау үшін сабыр сақтау және ғибадат етуге сабыр...

Күнде бес уақыт намаз, жылына, ең аз дегенде, бір ай ораза, өлшеулі зекет пен парыз, уәжіп тәрізді барлық әмірлер тек сабыр арқылы ғана жүзеге асады. Бұлар адам ғұмырын белгілі бір тәртіпке келтіріп, жүйеге салып, ақыреттік өміріне жағдай жасайды. Мұндай өмір түгелдей нұрлы жолда өтеді де жәннатқа барғанда өз жемісін береді. Сондықтан, адам табандылық көрсетіп, құлшылық жасауға сабыр етеді. Осылайша өз өмірін нұр мен шаттыққа бөлейді.

Сабыр мен «Сабыр шөбі» екеуі бір түбірден шыққан сөздер. Сабыр шөбінің удай ащы екендігі айтылады. Бұл шөптен, негізінде, адамға шипа болатын дәрі-дәрмек дайындалады. Сабыр дегеніміз – ол алғашқы сәтте ғана ащы, алайда нәтижесі қашан да тәтті.

Жағдай өзгерту
Сабыр ету, төзімді, табанды болу, күйзелмеу, іркіліп тоқтап қалмау, белгілі бір ойдың жетегінде кетпеу, әлбетте, оңай емес. Алайда мұндай төзімділік қиындық туып, адамның есі шыққан алғашқы сәтте көрсетілуі керек. Өйткені кейіннен орын ауыстыру яки көңіл күйдің өзгеруі психологиялық тұрғыдан қайғыны сейілтіп, ұмыттырады. Мысалы, басымызға күн туып, қайғылы жағдайға тап болған алғашқы сәтте бұл оған төтеп беріп, төзім таныту мүмкін еместей көрінеді. Бойымызды оттай қарып өткен осы бір өртті көңілімізді басқа нәрсемен жұбату арқылы сөндіруге тырысуымыз керек. Сол үшін де түрегеліп тұрсақ, отыра кетіп, отырған болсақ, жата кетіп немесе сол кездегі жағдайымызды өзгертіп, мысалы, дәрет алып, намаз оқып немесе әңгіме еткен тақырыбымыздан басқа бір тақырыпқа ауысып, яки тұрған жерімізден басқа бір жерге орын ауыстыру керек. Кейде тіпті мызғып алу да іштегі өртті сөндіре алады. Қандай да болсын, көңіліңді немесе тұрған орныңды өзгерту іштегі жалынның бетін қайтарып, адамды езіп жіберетіндей көрінген қайғыны сәл де болса жеңілдетеді.

Сабыр – ғибадаттарды тастамай жалғастыру үшін де аса қажет. Намаз алғаш оқи бастағанда қиын соғуы мүмкін. Бірақ сәл сабыр етіп, жаны намазбен біртұтас болып кетсе, намазын қаза етудің өзі оған ауыр тиеді. Ораза, зекет, қажылық, т.б. ғибадаттар туралы да осылай деуге болады. 

Ойлап қараңыздаршы, қажылыққа бір барған адам қажылыққа тағы барсам деп армандайды. Жолы түспесе қиналып, қайтсе де осы арманын жүзеге асыруға тырысады. Кейде алдарына қойылған бөгет олардың жанына қатты батып, қайтсем өтем деп жанталасады. Оның ғибадатқа деген сүйіспеншілігі алғаш тиген соққыға шыдап, содан алған ләззаттан туады. Барлық ғибадаттар да осындай.

Адам харам істер жасамауы үшін де сабыр сақтауы керек. Күнәға итермелейтін жағдайларда төзімділік танытса, сол күнәдан келетін жамандықтардың бетін қайтарып, оның ауыр соққысынан аман қалады.

Сол үшін Пайғамбарымыз Әлиге (р.а.): «Алғашқы қарауыңның ешқандай оқасы жоқ, ал одан кейінгілеріне жауаптысың»,[4] – деген.

Адам күнәға кезікпей тұрмайды. Ондай сәтте көзін жұмып, жүзін басқа жаққа бұрса, алғашқы сәттегі осалдығы күнә болып саналмайды. Ол ол ма, күнәлы әрекеттен бас тартқаны үшін сауап та жазылуы мүмкін. Алайда оған бір кірген адамның шығуы қиын. Улы жебедей адамның жүрегін жаралап, санасын тұмшалап, рухани қуатын кемітеді. Харамға көз салу харамға түсу жолдарын жеңілдететін жеке-жеке шақыру қағазындай. Әрбір көз салу келесі көз салуға ықпал етеді. Ақырында, ол адам харамға қарай қалай желкенін көтеріп, желіп кеткенін сезбей де қалады. Ал харам жебесінің алғаш қадалған сәтінде сабыр сақтап, харамнан теріс айналу Аллаһ елшісінің үмбетіне өсиет етіп кеткен үлгісі. 

Эпиктеттің былай дегені бар:
«Жаман ойлар есіл-дертіңді билеп алғанда, дереу одан арылуға тырыс. Өйтпесең, барған жеріңнен кері қайта алмайсың».
Адам харамға қарсы ұдайы табандылық танытса, бертін келе ол оның үйреншікті мінезіне айналады. Осылайша жүрегіне ұялаған иман нұры жәһәннамның жалынындай күнәларға қарсы қорған болады. Одан кейін харамға қарамау оның негізгі және табиғи іс-әрекетіне айналып кете барады. Сана-сезіміне жаман бір ой келе қалса, дереу саусағын жүректің иман балына батырып, ерекше нәр алып, жамандыққа бұрылып та қарағысы келмейді. Ол содан айрықша күйге бөленіп, өзін осы бір рухани әлемнен алыстататын нәрседен аулақ тұрады. Мұндай жан өзінің құнанын өзгенің тұлпарынан артық санап, өз еркімен күнәға батпайтын болады.

Әрбір қайғының өзіне тән соққысы бар. Соққыдан аман өткенде қайғы – рақымдылыққа, мұң – ләззат пен қуанышқа айналады. Көңілдегі жан азабы басылып, орнын мәңгілік шаттық басады. Осындай терең тақырыпты Аллаһ елшісі бар-жоғы төрт ауыз сөзбен түйіндеген. 

«Шынайы сабыр – алғашқы соққы тигенде».





[1] Бухари, Жәнә’из,43; Муслим, Жәнә’из, 14,15
[2] Муслим, Жәнә’из,106; Нәсә’и, Жәнә’из, 100: Ибн Мәжә, Жәнә’из, 47.
[3] Бухари, Жәнә’из, 32; Муслим, Жәнә’из, 14,15.
[4]  Әбу Дәууд, Никах, 43; Тирмизи, Әдәб, 28; Дәрими, Риқақ, 3; Муснәд, 5/353.

 


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.