ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІ МЕН ОТАҒАСЫЛЫҚ ҮЛГІСІ

Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) – Аллаһ тағала-ның «Раб»[1] есімін байрақтай желбіретіп ең жоғарғы деңгейде алып өткен жан. Ол – Хақ тағаланың бұл есімінің күллі адамзат арасындағы таңдаулы өкілі әрі бүкіл болмысы да сол міндетке сай ерекше жаратылған тұлға. Әлбетте, оның тәрбиесін көргендер рухани дәрежесімен барша адамзат ішінде пайғамбарлардан кейінгі қасиетті мәртебеге ие болған. Хазірет Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.а.) сынды  пайғамбардың үзеңгілес жансеріктерінен асқан дара тұлғаларды көрсету де, арнайы жетілдіру де мүмкін емес. Сонымен қатар, өзге жандардың Әбу Бәкірден (р.а.) басқа сахабалардың дәрежесіне көтеріле алуы да неғайбыл. Өйткені олар тікелей Аллаһ елшісінің өзінен, оның даналық тәрбиесінен нәр алған. Сахабалардан кейін де Пайғамбарымыздың өнегелі ғұмырынан үлгі алып өсіп, кейінгі ғасырларға шашудай шашылған қаншама інжу-маржандар бар. Олар да оны өнеге тұтып, одан тәрбие алып өскен. Әрине, барша адамзаттың мақтанышына айналар абзал кісілерді тәрбиелеп шығару – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ екені түсінікті жайт. Фузайл ибн Иаз, Бишр Хафи, Бейазид Бистами, Жүнейіт Бағдади, Әбу Ханифа, Шафиғи, Имам Мәлік, Ахмәд ибн Ханбәл, Имам Раббани, Имам Ғазали, Мәуләна Жәләлиддин Руми, Шах Гәйләни, Шазәли, Нахшибәнди, Ахмет Руфағи секілді тағы басқа бірқатар ғұламалардың барлығы да оның тәрбиелік ұстанымдарын негізге ала отырып жетілген. Мағынасы терең, хадис деп те айтылатын  мынадай сөз бар: «Менің үмбетімнің ғұламалары Израйыл ұрпақтарының пайғамбарлары тәрізді». Бұл сөзді Пайғамбардың аузынан шықты деуге болмайды. Дей тұрсақ та, бұл сөздің мағынасы өзінің түп негізіне тартпай қоймайды. Пайғамбарлардың биігіне ешбір пенде шыға алмайды. Ол әсте мүмкін де емес. Алайда кейбір жекелеген қасиеттерінде ұқсастық болуы мүмкін. Міне, аталмыш кісілер және солармен деңгейлес өзге де жандар солардың қатарына жатады. Олар жер бетіне тек адамзаттың бақыты үшін келген тәрізді. Егер олардың орнын басқа біреулер басатындай мүмкіндік болса, сірә, көктегі періштелердің жерге түсуіне тура келетін болар. Өйткені, олардың орнын тек күнәдан пәк періштелер ғана баса алады.

Бұл – хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғана тән ерекшелік. Иә, сол арқылы ғана осындай жемістер өнген, мәңгілікке дейін де дәл осылай өніп-өсе бермек. Қазіргі мына қуаңшылық заманнан кейін жер беті қайта гүлденіп, әлі де талай таңдаулы адамдар өсіп жетілер. Менің де бар үмітім соларда. Өзім ес біліп, оң-солымды танығалы, ешқашан үмітімді жоғалтпай, әрдайым сол бір тақуа жандарды күттім. Бұдан кейін де ақырғы демім шыққанша күте бермекпін.

Аллаһ елшісінің әз тәрбиесі туралы сөз қозғамас бұрын, оның отбасындағы тәрбиелік өнегесін сөз етіп көрейік. Ол – бала, жар, немере сүйген. Қасиетті шаңырақтың отағасы.




[1] Раб: Жаратқан ие; Тәрбие етуші, Хақ тағаланың бір сипаты.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.