7. Ниет

Бухари, Муслим және Әбу Дауу‎д Омардан (р.а.) төмендегі хадисті жеткізеді:
«Әркімнің ниеті қандай болса, табысы да сондай. Кімде-кім  Аллаһ пен елшісі (разылығы) үшін хижрәт жасаса, оның хижрәты Аллаһ пен елшісіне бағытталады. Кімде-кім қандай да бір дүние немесе үйлену, үйлі-баранды болу үшін хижрәт жасаса, оның хижрәты де сол көздеген мақсатта болады»[1].

Аллаһ елшісінің бұл сөздерді айтуына хижрәт себеп болғандықтан, хадис мағынасынан шығатын негізгі мәселе де – хижрәт. Өйткені риуаят бойынша екі әлем Сардары мұны мына оқиғаға байланысты айтқан.

Мұсылмандар Аллаһ үшін Меккеден Мәдинаға көшіп (хижрәт) жатты. Алайда, есімі беймәлім бір сахаба жақсы көрген Умми Қайс деген бір әйел үшін хижрәт еткен еді[2]. Ол адам мұсылман адам болатын, бірақ хижрәттағы ниеті мен ойы басқа еді.
Ол да бір мұхажир (көшуші) еді, бірақ Умму Қайстың мұхажирі болып саналды. Тек  Аллаһ үшін төзуі тиіс қиыншылыққа ол бір әйел үшін бел буды. Есімі айтылмай, осы жай Аллаһ елшісінің жоғарыда біздің айтып өткен мүбәрак сөздерінің айтылуына түрткі болған-ды. Себептің жекешелігі үкімнің жалпылығына кедергі емес. Оқиғаның үкімі – бәріне ортақ.

Хижрәт қана емес, барлық іс ниетке байланысты. Адам хижрәт жасауды қалағанда, ниеті тек қана Аллаһ пен елшісі үшін болса, ол солардың разылығына бөленеді. Намазда да, оразада да, зекетте де. Жоғарыдағы бір хадисте айтып өткеніміздей, Аллаһтың алдындағы борыштарын орындаған адам Раббысын үнемі алдынан табады. Бұл табу – Оның рақымдылығы мен жарылқауы. Адам осыған кенелгенде, қатты толқып, сәждеге бас қойып, Раббысына жақындауға тырысады. Раббысына жақындаған сайын тұла бойына осы сезім мен ой ұялайды. Бұл иелік арқылы басқа бір әлемге өткенде, яғни қабірде, хашырда, сиратта да Раббысын алдынан табады. Егер істері оны «Лиуаул-Хамдқа»[3] жеткізсе, сол жерде Екі әлем Сардарына жолығып,  қиял жетпес табысқа кенеледі.

Ниетінде Аллаһ жоқ адам қанша тырысса да, егер хижрәттағы мақсаты әйел болса, онда жұмсаған күш-жігері, көрген қиыншылықтары тән қызығынан аспай, тасқа ұрылған шыныдай жасаған еңбектерінің талқаны шығады.

Үнемі өмірін тәнқұмарлықпен өткізіп, еш уақытта ар-ождан мен рухының үніне көңіл аударып, құлақ салмаған адам ғұмырын босқа өткізеді. Өмірін Аллаһ разылығына арнаған пенделердің қол жеткізген табыстарынан мүлде құралақан қалады.   
Басқа хадисінде Пайғамбарымыз: «Мұсылманның ниеті жасаған ісінен қайырлы», – дейді[4].

Өйткені адам қанша тырысқанмен де, бәрібір ниетіндегі амалға қол жеткізе алмайды. Аллаһ тағаланың істелген іске қарағанда, көкейдегі ниетке қарай сауап жазуы шексіз рақымдылығын көрсетеді. Сондықтан, қол жеткен табысқа қарағанда ниет әлдеқайда артық. Мұсылманның ниеті жасаған ісінен әлдеқайда қайырлы.

Тақырыпқа байланысты төмендегі хадиске зейін қойыңыздар.

Пайғамбарымыз бір хадисінде:
«Абай болыңдар! Адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол жақсарса, бүкіл дене жақсарады, егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Мұқият болыңдар! Ол – жүрек»[5], – дейді.

Шын ықыласты болсаңдар, қаққан қазықтарыңыз ағашқа айналып, шашқан дәндеріңіздің барлығы өнеді. Алғашқыда қылтанақтай көрінгенмен, кейін бәйтеректей алып болып өседі. Ақыретте осылардың көлеңкесінде өмір сүресіздер. Олар сіздердің ниеттеріңізге қарай үлкейіп, көркейеді де, жәннат жемістері болып алдарыңыздан төгіледі.

Ниетіне қарай адамдардың іс-әрекеттері де жеке-жеке ғибадатқа айналады. Жатарда түнгі ғибадатқа ниеттеніп жатқан адамның ұйқыдағы тыныстары да зікірге айналады. Негізінде, мұндай болмаса, аз уақытта мұншалық аз іспен жәннатқа қалай қол жеткізе алатын едік? Мұсылманда Аллаһқа деген мәңгілік құлдық ниет болғаны үшін, мәңгілік жәннат өмірі тарту етіледі. Кәпір үшін де жағдай осы іспетті. Яғни, ол да Аллаһқа мәңгілік қарсыласу ниетінде болғаны үшін мәңгілік жәһәннам беріледі.
Біз ниетіміздегі мәңгілік құлдық ниетіміз арқылы жәннатқа лайық болатынымыздай, кәпір де ниетіндегі мәңгілік қарсылығымен жәһәннамға лайық болады. Істердің ең кішкентайынан ең үлкеніне дейін барлығына баға беріп, бейне бір оларға жан бітіретін тек ниет қана.

Жақсылықтарда ниеттің әкелетін пайдасы ұшан-теңіз. Біреу бір жақсылық жасауға ниет етсе, жасай алмаса да, дәптеріне бір сауап жазылады. Егер оны іске асырса, жағдайына қарай кейде он, кейде жүз, кейде одан көп сауап жазылады. Жамандықтар ниет етіліп, бірақ іске аспаса, күнә болып жазылмайды, жүзеге асқан күннің өзінде тек қана бір күнә жазылады[6]. Әлбетте, әрбір жамандықтың күнәсы да көлеміне қарай берілетіні белгілі.

Хижрәт хақында
Осы жерде хадисте хижрәтқа өзгеше маңыз бергенін ұмытпайық. Негізі, ерекше тұрғыдағы хижрәт аяқталған.

Аллаһ елшісі: «Мекке алынған соң хижрәт жоқ»[7] деген еді. Бірақ жалпы мағынада хижрәт қияметке дейін жалғасады. Хижрәт пен жиһат – бірге туған, бірге өмір сүретін егіздер. Жиһаттың қияметке дейін жалғасатыны хақында Пайғамбарымыз: «Жиһат қиямет күніне дейін жалғасады»[8], – деген болатын.

Ата-анасы мен сүйіп қосылған қосағынан, одан қалса кішкентайдан бірге өскен достарынан айырылып, ақиқатты аңсаған жүректерге ақиқатты айтып жеткізу үшін ел мен жерін тастап, сонау жырақта жүрген әрбір дағуа адамы,  әрқашан да түгесіліп бітпейтін бір хижрәт кеңістігінде күй кешеді. Әрине, ол осы істерінің сауабын да сөзсіз алады.

Айтылған хадисте дін жолында жасалған хижрәтқа тарту етілетін арнайы сауап жайлы сөз етеді. Істердің сауабы ақыретте сыйлық ретінде берілетініне ишарат етсе керек. Періштелер бұл істің сауабын емес, жасалған істі ғана жазады. Істердің қарымын Аллаһ өзі береді.

Хадистің басындағы сөз (иннама) «тек қана» деген мағынаны білдіреді. Істер ниетпен ғана жүзеге асады. Ниетсіз ешқандай ғибадат қабыл болмайды. Адам ниетсіз мың бас намаз оқып, көп жыл ораза тұтып, дәулетінің барлығын жұмсағанымен, қажылыққа тиісті парыз, уәжіптердің барлығын ниетсіз орындаса, істерінің барлығы босқа кетеді. Ол намаз оқыған, ораза тұтқан, зекет берген, қажыға барған жан болып саналмайды. Барлық іс-әрекеттерді ғибадатқа айналдыру адамның ниеті арқылы ғана жүзеге асады.

Тосқауыл
Хадиске көз салсақ, Аллаһ елшісінің ең көлемді деген әуелі ниет, кейіннен хижрәт тақырыптарын екі-үш сөзбен-ақ түйіндеп өткенін көреміз. Күнәларды тәрк ету мағынасына келетін хижрәттан бастап, барлық көшушілерді, «сәһлі-мумтәни» (күрделі мәселені өте жеңіл, оңай түсіндіру) тәсілімен бір-екі ауыз сөзге сыйдырып айту – Аллаһ елшісіне ғана тән нәрсе. Мәселені тағы да тереңірек айтуда пайда бар. Ең үлкен мұхажир (көшуші) – жасаған күнәларынан жырақ кетіп,  жүрегін Аллаһқа деген сүйіспеншіліктен өзге нәрсенің бәрінен арылтқан адам[9].   

Қасиетті көш
Күнәлардан қашып, Жаратқанның есігін қағу, Одан кешірім келгенге дейін табалдырықтан тапжылмау да хижрәт. Мына жалбарыну осыны қандай тамаша жеткізген:
«Аллаһым, келді алдыңа күнәһар құлың.
Кеше гөр,
Күнәлармен күн кешіп ем.
Кешсең мені, Сенің шексіз ұлылығың
Қусаң мені, Сенен басқа кім кешірер?!»

Бұрынғы жасаған күнәларын тастаған соң, соны қайталаудан жерінген  адам – шын мағынада үнемі хижрәт жолында жүрген жан.

Адалдық аумағынан тыс жерлерді миналы алқаптай көріп, ол жерлерге жақындамаған, қол-аяғы мен құлағына, аузына абай болып, сақтық танытқан адам өмірінің соңына дейін үнемі хижрәт аясында күй кешеді. Ол мейлі адамдардың арасында, мейлі ғұмырын елден жырақ жерде өткізсін, қасиетті көш оның жүрегінің түбінде әрқашан жан жолдасы болады. Бірақ қылуеттей елден тысқары жерде өмір сүруде де хижрәттың өзіндік бір ерекшелігі бар. Адам ол жерде мағрипатқа жетіп, иләхи шабытқа кенеледі.

Осыған қосымша хадистегі ишараттар:
а.  Ниет – амалдың рухы, ниетсіз амал өлі саналады.

ә. Ниет – жақсылықты жамандыққа, жамандықты жақсылыққа айналдыратын нұрлы да сырлы абылхаят.

б. Істің іс болуы ниетке байланысты; ниетсіз хижрәт – туристік саяхат, жиһат – бұзақылық, қажылық – алдамшы саяхат, намаз – гимнастика, ораза – диета деген сөз. Ғибадаттардың адамды жәннатқа ұшырып апаратын қанат болуы – тек қана ниетінде.

в. Мәңгілік жәннат – мәңгілік құлдық ниетінің жемісі, мәңгілік жәһәннам – мәңгілік мойындамау мен мәңгілік күпір пиғылының кесірі.

г. Адам ниетінің арқасында аз күш, аз шығынмен өте үлкен әрі зор бағалы нәрселерге қол жеткізе алады.

ғ. Ниетін жақсылыққа бұра алғандар көптеген игіліктерге кенеледі.

д. Дүние игілік ретінде жаратылғанмен, оларды ізгі мақсатта қолданбау не оларды діни өлшемдерге сай бағаламау Аллаһ пен елшісінің разылығына қайшы. Мол табысқа кенелуге мүмкіндігі бар адам өзінің теріс істерімен  мұндай мүмкіншіліктен құр алақан қалады.

Хадисте сырға толы терең мәселелер қамтылған. Әрбірінің өз алдына жеке-жеке кітапқа жүк боларлық салмағы бар. Атомның күнді көрсете алғанындай, дарияны тамшыға сыйдыра алған сөз Сұлтаны терең мағыналы мұндай мәселелерді бір ауыз сөзбен жеткізгеніне қайран қалмасқа не шара?!




[1] Бухари, Бәд’у’л-уахи, 1; Муслим, Имарә, 155; Әбу Дәууд, Талақ 11.
[2] Ибн Хәжар, Фатху’л-Бәри, 1/24-25.
[3] Мадақ байрағы. Пайғамбарымыздың байрағы. Махшарда мұсылмандар осы байрақтың астында жиналады (ауд).
[4] Һәйсами, Мәжмә’у’з-зәуаид, 1/61,109.
[5] Бухари, Иман, 39; Муслим, Мусақат, 107; Муснәд, 4/280.
[6] Бухари, Риқақ, 31; Муслим, Иман, 206-207.
[7] Бухари, Жиһад, 1, Муслим, Имара, 85.
[8] Мәжмау’з-зәуә’ид; 1/106.
[9] Бухари, Иман, 4; Ибн Мәжә, Фитән, 2.


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.