Үш негіз

Пайғамбардың хабар әкелуі, әкелген хабарларды басқаларға жеткізуі, әлбетте, басқа адамдардан мүлдем өзгеше. Негізінде, хабар әкелу жағынан өзгенің пайғамбарларға ұқсауы мүмкін емес. Олар тәблиғ ете отырып, бізге де тәблиғты үйретеді.

Тақырыпты үш негізгі бөлімге жіктеп баяндайық.
1. Тұтастық. Пайғамбар Хақтан әкелген хабар мен елшілік міндетіне арналған мәселелерді адамдарға ұсынған кезде оны арнайы жол мен тәсілді қолдана отырып, сол істің ұстасына айналады. Ол адамды өзінше жеке әлем ретінде қарап, хабарларды да адам болмысына сай ұсынады. Сондықтан пайғамбардың тәблиғ міндетінде ақыл, логика, жүрек, көңіл, сезімнің ешбірі ешқашан қалтарыста, яғни  уахидың жарығынан мақұрым қалған емес. Өйткені әр пайғамбар уахи алдында сап түзеген сарбаздай. Уахи оларды қалаған жағына жіберіп, бағыт-бағдар көрсетеді. Тіпті олар ең елеусіз, ұсақ  көрінген мәселелерде де Аллаһтың қалауына сәйкес қимыл жасайды. Олар осылай істеуге мәжбүр. Сондықтан да пайғамбарлар бұл іске аса сақ қарайды...

Осы тұрғыдан алғанда, тәблиғын пайғамбарлардың тәблиғына сәйкес жасамаған жандардың ісі тура жол көрсету жолында жеміс бере алмайды. Мәселен, ақыл қалтарыста қалған жағдайда тәблиғ өз нәтижесін бермейді. Сезім де тәрк етілген заматта, дәл сондай теріс нәтиже туады. Әсіресе, уахидың шегінен асқандар ешқашан діттеген межесіне жете алмайды.

Пайғамбардың тәблиғында ақыл, қисын және сезімдер бір-бірімен тығыз байланысқан. Ол дүйім жұрттың сезімдерін ғана пайдаланып, дүрліктіріп ереуілге шақыруды ойға алмайды. Түгелдей өзіндік көзқарастардан мақұрым етіп, не десең, соған бас изейтін қарақан басына бола ғұмыр кешкен жеке адам халіне де келтірмейді.

Бұған қоса пайғамбар халықтың соқыр сезімдерін ғана оятып, содыр-сотқар күшке де жетелемейді. Ол Аллаһтан келген хабарларды адамдардың жүрегіне енгізу арқылы күш-жігер рухын оятып, адамзаттың көгіне шығарады да, періштелермен теңестіреді.

Құран Кәрім бұл жайлы айтқан кезде, Аллаһ расулына:
 «Менің жолым – осы. Мен және маған ергендер адамдарды көрегенділікпен Аллаһқа шақырамыз», – де» (Юсуп, 12/108) – деп тура жолды нұсқайды.

Бұл жол – пайғамбарлық жол. Ақыл мен қисын, сана-сезім мен жүрек, ар-ождан секілді адам бойындағы барлық қасиеттердің қамтылып, ешбірі де қалтарыста қалмаған тура жол. Бұл бағыттың өзіндік ерекшелігі сол – пайғамбар және оған ергендер адамзатты даналық пен көрегенділік арқылы хаққа шақырады.

2. Қарымта күтпеу. Пайғамбар тәблиғ үшін ешкімнен еш нәрсе күтпейді. Ол тәблиғын тек бір міндет ретінде орындайды. Негізінде, бүкіл пайғамбарлар: «Менің ақымды тек  Аллаһ береді» деп, осы ақиқатқа ишарат еткен[1].

3. Нәтижені Аллаһ тағалаға тапсыру. Пайғамбар тәблиғының нәтижесін Хаққа тапсырып, ешқашан оның нәтижесі жөнінде бас қатырып жатпайды. Өйткені міндетінің тек тәблиғ ету екенін біледі, нәтижесін Аллаһтан күтеді.

Осы үш мәселеден кейін тәблиғтың пайғамбарлыққа тиіс қандай сипат екенін, әр дәуірде осы міндетті орындаған адамдардың, қандай тәсіл арқылы тәблиғ еткендерін әрі қалай жүзеге асыру керек екендігін айтуға тырысайық. Біз Раббымыздан өзімізге жүктелген тәблиғ міндетін разылығы үшін орындап, тура жолдан ауытқымауды тілейміз. Жүрегімізге шынайы тәблиғтың ынта-жігерін салатын да, ақыр соңында табысты ететін де – Аллаһ. Сондықтан Хаққа сенеміз, Соған ғана арқа сүйейміз.



[1] Қараңыз: Худ 11/29; Шуара 26/109, 127,145,164,180; Сәба’ 34/47.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.