Пайғамбарлық міндеті

Аллаһ тағала пайғамбарын аманатқа беріктігі үшін таңдағандықтан, ол осының жауапкершілігін ғұмыр бойы сезіп өткен. Әсіресе, уахи келген заматта оның әр сөзін жаңсақ естімесем екен деп немесе  байқамай қағыс қалдырмасам екен деп алабұрта толқып, Жәбірейіл әкелген уахиын оқып бітірмей жатып, аяттарды жадында тоқу үшін тоқтаусыз үсті-үстіне қайталайтын.

Тіпті осы мәселеге сақтық танытып, жауапкершілікпен қарағаны сонша – Құран былай дейді: «(Елшім!) Құран түскенде, жаттаймын деп, асығып қобалжыма. Шын мәнінде, оны жинау, оқу – Бізге міндет. Ал оны Біз оқығанда, оқылуына ілес. Сосын оны түсіндіру – Бізге міндет» (Қиямет, 75/16-19).

Құран оған аманат етіп тапсырылған. Ол осы қасиетті аманатқа байқамай қиянат жасап алудан қорқып, жел өтінде қалған күзгі жапырақтай қалтырайтын. Сонда елшісін жұбатып, аманатта сенімді ететініне Аллаһ кепілдік берді.

Аллаһ елшісі аманатқа сенімді болу үшін көп қайрат жұмсап, өзіне жүктелген осы бір ауыр жүктің салмағын терең сезініп өтті.

«Қоштасу қажылығында» күн көкжиекке батып бара жатқан... Ол да өмірінің ақыры жақындағанын сезіп, сертіне берік достарына:  «Жақында мені сендерден сұрайды. Сол сұрақтан бұрын мен сұрайын. Міндетімді толық атқардым ба?» – дейді. Сахабалар бірауыздан жер мен көкті жаңғырта дауыстап: «Иә, сен міндетіңді толық атқардың әрі айна-қатесіз бұлжытпай орындадың!» – деді. Осыдан кейін екі әлем Сардары қолын көтерді де, «Аллаһым, куә бол!» – деді[1].

Аманатта сенімді болу тікелей Аллаһтан басталып Жәбірейілге, одан кейін Аллаһ елшісіне барып тоқтаған. Одан бел асып үмбетіне жеткен. «Қоштасу қажылығында» үмбетінен қайта куә алып, қайтадан Аллаһқа барып тоқтайды.

Ең сенімді хадис кітаптарының риуаятына сүйенсек, Аллаһ елшісінің сенімділігіне байланысты Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Егер Аллаһ елшісі өзіне келген аяттардың кейбірін жасырмақ болса, сөзсіз мына аятты жасыратын еді: «Хабибім! Сол кезде өзіне Аллаһ та бақ берген, сен де бақ берген Зейдке: «Жұбайыңмен ажыраспа, Аллаһтан қорық!» – деп, Аллаһтың жариялайтын әмірін көңіліңде жасыруда едің. Адамдардан қорқасың. Негізінде, қорқуға Аллаһ лайық» (Ахзаб, 33/37)[2].

Аят мына себепке байланысты түскен. Көз алдында өскен, азат етілген құлы Зейд ибн Харисәні туысқан әпкесінің қызы Зейнеп бинт Жаһшпен үйлендірген болатын. Бірақ олар жарасып кете алмады. Негізінде Зейнеп анамыз (р.а.) Аллаһ елшісінің әміріне бағынып, Зейдке (р.а.) үйленген болатын. О бастан өз еркімен және өзінің қалаған адамына үйленбегендіктен, еріне тиісінше құрмет, жылы ықылас көрсете алмады. Негізінде, Аллаһ оның Зейдтен ажырасып, «пәк ханымдар» арасына қосылуын көптен әмір еткен. Бірақ ол күнге дейін арабтардың әдет-ғұрпы бойынша адам біреудің баласын «балам» деп атаса, ол ендігі жерде оның баласы саналатын. Оның әйелі де, бір жағынан, келіні саналатын. Зейнеп бұрын анасы арқылы Аллаһ елшісіне ұсыныс жасаған-ды. Бірақ Аллаһ елшісі бұл ұсыныстан бас тартқан еді. Осы некелікке Аллаһ тікелей әмір берді. Зейнеппен шаңырақ көтеру екі әлем Сардарына өте ауыр тиді. Амал нешік, бұл иләһи  әмір болатын.

Айша анамыз (р.а.) осыны меңзеп: «Егер Аллаһ елшісі өзіне келген уахидың қандай да болсын бір аятын жасырғысы келсе, осы үйлену жайлы айтылған аятты жасыратын еді» деген. Бірақ өзіне келген уахиға ол өте сенімді еді. Сондықтан ұсақ мәселені де ел көзінен жасырып қалуды ойға алмайтын. 


[1] Бухари, Хаж, 132, Мәғази, 77; Муслим, Хаж, 147; Әбу Дәууд, Мәнасик, 56; Ибн Мәжә, Мәнасик, 84. Ибн Кәсир, Бидәйа, 5/173
[2] Бухари, Таухид, 22,; Муслим, Иман, 288.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.