2. Фатимаға деген сүйіспеншілігі мен құрметі

Исламда әйел-еркек деп алалау жоқ. Мұны Аллаһ елшісінің өзі тікелей көрсетіп кетті. Алалау қайдан болсын, егер бірі –  хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), бірі –  Хадиша болса. Бірі Адам ата, бірі – Хауа ана болса. Бірі Әли, бірі – Фатима болса. Фатима (р. анһа)– Аллаһ елшісінің қызы, қияметке дейінгі күллі Әһли-бәйттің анасы әрі біздің де анамыз. Ақиық пайғамбардың қызы Фатимаға деген әкелік мейірімі алабөтен еді. Қызы келген кезде, дереу орнынан тұрып, қолынан ұстаған күйі өз орнына отырғызатын. Үнемі қал-жағдайын сұрап, жақсы көріп, маңдайынан сипап, кетер кезінде де әлгіндей ілтипат көрсетіп, шығарып салатын[1]

Бірде Әли (р.а) Әбу Жәһилдің қызына үйленгісі келеді. Негізі бұл мүбәрак әйел де ағасы Икрима секілді мұсылман болып, мәңгілікке жол тартқан бақыт керуеніне барып қосылған-ды. Бірақ Әлидің бұл қылығы Фатиманың қабағына кірбің түсіріп, көңілін құлазытты. Шамасы, Әли бұл некеге Фатима ренжиді-ау деп ойламаса керек. Фатима Аллаһ елшісіне келіп жағдайын айтып, мұңын шақты. Оның мұңайғанын көрген екі әлем Сардарының да көңіл-күйі бұзылып сала берді. Артынша мінберге шығып мына хұтбаны оқыды: «Мен Фатимаға қоса Әлидің тағы бір әйел алғысы келгенін естідім. Егер Әлидің шешімі нақты болса, онда алдымен Фатимамен ажырассын. Өйткені, оның мына қылығы Фатиманың жанына қатты батты. Фатима – менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адамның мені де ренжіткені. Оны қуантқан  адамның  мені де қуантқаны»[2].

Сол сәтте көпшілік арасында Әли де бар еді. Дереу райынан қайтып, сүйікті жары  Фатимаға қайта оралды. Өйткені оны көзінің қарашығындай қатты аялайтын[3].

Мұны білетіндіктен Фатима да оны сыйлап, жанындай жақсы көретін. Негізі осы бір жаны нәзік, талдырмаш қана әйелдің болашақта өзінен тарайтын әулиелерге ана болудан басқа міндеті жоқтай еді. Үнемі әкесінен, әкесінің дінге деген ынтасынан көзін алмай, жіті қадағалап жүретін. Аллаһ елшісі ақтық сәтінде оны қасына шақырып, көп өтпей көз жұматындығын айтқанда, Фатима еңіреп жылап жіберіп еді, алайда өзінен кейін алғаш көз жұматын, өзіне қауышатын жанның, сол екендігін айтқанда қуанғаны сонша төбесі көкке бір елі жетпей қалып еді[4]. Иә, әке мен қыз бірін-бірі қатты жақсы көретін. Бірақ Аллаһ елшісі Фатиманы қанша сүйгенімен де, тепе-теңдіктен ауытқымай, орта жолды сақтап,  қызын көтерілуі тиіс рухани биікке жетелеп, оны ақыреттік өмірге дайындайтын. Өйткені сол жақта ғана мәңгілік бірге болмақ. Ал мына өмірде олар бар-жоғы жиырма бес жыл ғана бірге өмір сүрді. Иә, Фатима (р.анһа) Аллаһ елшісі қайтыс болғанына алты ай толғанда, бұл дүниемен қоштасып әкесінің артынан кетті. Көз жұмғанда, бар-жоғы жиырма бес-ақ жаста еді[5].




[1] Муслим, Фәдәилул-Сахаба, 98; Бухари, Мәнәқиб, 25; Мәжмәуз-Зәуәид, 9/203.
[2] Муслим, Фәдәилул-сахаба, 93-96.
[3] Сонда.
[4] Муслим, Фәдәилул-Сахаба, 98-99; Бухари, Мәнәқиб, 25.
[5] Мәжмәуз-Зауәид, 9/211; Ибн Сад, Табақат, 8/29; Ибн Хажар, әл-Исәбә, 4/379.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.