Пайғамбарымыздың кішіпейілділігі

Аллаһ елшісі өте кішіпейіл болатын. Негізі үлкендердің үлкендігінің белгісі – кішілік болса, кішілердің кішілігінің белгісі кісілік пен тәкаппарлық[1]. «Кімде-кім кішіпейіл болса, Аллаһ тағала оның мәртебесін өсіреді, кімде-кім көкірек қақса, Аллаһ оны қор қылып, төмендетеді»[2]. Барша жұрт Әз елшінің терең кішіпейілділігіне қарап, үлкендіктің не екенін ұқты.

Көкірек қағып, тәкаппарланғандарды Аллаһ тағала жер түбіне батырған. Қарун, Перғауын, Нәмруд – бәрі де соның кебін киген. Жаратушымыз кішіпейілділердің мәртебесін өсірген. Олар Мұса (а.с.), Иса (а.с.), Ибраһим (а.с.) және хазірет Мұхаммед алейһиссәләм.

Аллаһ елшісінен өткен кішіпейіл жан болмады. Ол Аллаһтың құлы әрі елшісі болатын. Күндіз-түні Жаратқанға жалбарынып құлшылығында қашан да орта жолды сақтап: «Туралықтан айрылмаңдар, орта жолды сақтаңдар, әрқашан туралыққа жақындауға тырысыңдар»[3], – дейтін. Ғибадаттың  өзінде астамшылыққа, яки кемшілікке бару Аллаһ елшісінің жолы емес. Ол – тұп-тура орта жол мен туралықты мықты ұстанған адам. Негізі, туралық мұсылмандардың бес уақыт намазында Хақ тағаладан тілеген жолы емес пе? Ол – пайғамбарлармен сыддықтардың, шейіттердің жолы. Ақыретте солармен бірге болуды қалағандар осы дүниеде олардың жүрген жолымен жүруі тиіс.

Діннің рухында жеңілдік бар. Оны ауырлатқан, адам ақырында өзі жеңіліп тынады. Алайда туралық шеңберінде жүзеге асқан дін – жеңілдіктің нақ өзі. Осы мәселе басқа бір хадисте: «Күмәнсіз, осы дін жеңіл. Кімде-кім оны қиындатса, дін оған ауыр соғады»[4], – дейді.

Хақ елшісінің дінді ұстануы қандай болса, адамның көтере алатын діни өмірі де сол болмақ.

 Пайғамбарымыз хадисінде: «Мынаны жақсы біліңдер! Ешбірің амалдарың арқылы құтыла алмайсыңдар», – деген. Бір адам күндіз-түні құлшылық қылып, Әсуәд ибн Язид ән-Нәхәи, Мәсрук яки Тауыс тәрізді ғибадат етсе де, бұл амалдары оның ақырет қиындығынан құтылуына жетпейді.

Аллаһ елшісінен жоғарыдағы хадисті естігенде,  сахабалар дереу ақыретте Пайғамбарымыздың өз жағдайы қалай болмақ деген ойға қалды. Өйткені, оларға Аллаһ елшісінің жағдайы иләһи өлшем мен сенімділікке толы еді. Іле іштегі ойларын жасыра алмай: «Сен ше, Хақтың елшісі?» – деп сұрайды.  

Міне, Аллаһ тағаладан қорқып, құзырында қалай тұру керектігімен өзіне жарасар тереңдікпен берген жауабы: «Иә! Егер Раббым маған рақымдылық пен шарапатын төкпесе, мен де амалыммен құтыла алмаймын».[5]

Кішіпейілдік дедік.
Оның кішіпейілділігінің өнегесі ретінде құлшылықтағы тереңдігін айтпай кетпеске болмайды:
Ол бір хадисінде «Менің шапағатым үмбетімнің үлкен күнә жасағандарына тиеді»[6], – дейді.

Аллаһ оның шапағат ету құқығын ақыретте осылай бағалайды. Негізі, біздің барлық үмітіміз де осы емес пе?

Күнәһармыз. Бірақ өзгеге табынбадық. Тек Аллаһқа құлдық ұрдық. Мәуләнаның сөзімен айтқанда:
«Құл болдым, құл болдым, құл болдым!
Мен Саған қызметте қол қусырдым.
Азат етілген құлдар қуанар,
Ал мен саған құл болғаным үшін қуандым!»

Хақ тағала біздің жалбарынған дұғаларымызды естіп, қабыл еткені іспетті уақыты келгенде оның елшісі де бізге шапағат ететіндігіне сенеміз.

Хақ елшісі үлкен күнә жасағандарға шапағат етеді. Біз де осы дүниеде тұрып, одан бізге шапағат етуін сұраймыз. Оның шапағатынан мақұрым қалуды қалайтын ешкім жоқ деп ойлаймын.

Шапағатын осылай кеңейтсе де, Аллаһ елшісі басқа бір хадисінде ең алысынан бастап ең жақынына дейінгі елі мен руына: «Ей, Қағб ибн Мүррә руы! Нәпсілеріңді Аллаһтан сатып алуды (Ақыретте пайда беретін сауапты істер жасауды, Құдайдың кешіріміне бөленуді) ойлаңдар. Өйткені, мен ақыретте сендерге жәрдемдесе алмаймын», – деп дауыстайды.

«Ей, Әбдіманап руы! Нәпсілеріңді Аллаһтан сатып алуды ойлаңдар. Өйткені, мен ақыретте сендерге жәрдем қолын соза алмаймын».
«Ей Әбдімүтталіп руы! Нәпсілеріңді Аллаһтан сатып алуды ойлаңдар. Өйткені, мен ақыретте сендерге көмек көрсете алмаймын»
[7].
Сол заманда ру-тайпалар өз руынан шыққан ақын мен батырлары арқылы өздерін мақтап жатқанда, Аллаһ елшісінің осы сөздері кішіпейілділік өнегесі үшін аса маңызды. Ол ақын да, батыр да емес. Ол – ғаламның Мырзасы әрі ақырғы Пайғамбары. Осыған қарамастан, ру мен тайпасына Аллаһ құзырында тұрғанда көмектесе алмайтындығын айтып, «Бізден пайғамбар шықты» деп мақтануға жол бермей, олардың жауапкершіліктерін естеріне салды.

Өзіне ең алыс ағайынынан бастап, ақыр соңында ең жақындарына келіп: «Ей, нағашы әпкем Сафия! Сен де нәпсіңді Аллаһтан сатып алуды (Ақыретте пайда беретін сауапты істер жасауды, Құдайдың кешіріміне бөленуді) ойла. Өйткені, ақыретте саған жәрдемдесе алмаймын!»[8] дейді.

Сафия (р.анһа) – Хамзаның (р.а.) қарындасы. Ухудта Хамза (р.а.) шейіт болғанда, ағасының сүйегін көрмек болады. Алайда, Аллаһ елшісі жүрегі шыдамас деп рұқсат етпейді. Осы батыл әйел ақырында қоймай жүріп, оның күл-паршасы шыққан денесін көреді. Иә, ол өте өжет әйел болатын. Сафия (р.анһа) – Аллаһ елшісі «Хауариім» деп атаған Зүбәйір (р.а.) атты сахабаның анасы[9].  Сафия – қанқұйлы Хажжажға қарсы Қағбаны қорғаған, дар ағашында шейіт болған Абдуллаһ ибн Зүбәйірдің (р.а.) әжесі[10].  Одан қалса, Сафия (р.анһа) Аллаһ елшісінің нағашы әпкесі еді. Осыған қарамастан, екі әлем Сардары оған әлгіндей насихат айтқан...

Иә, Аллаһ елшісі – тепе-теңдікті сақтай білген адам. Кейбір шамасын қарамай  көсіліп сөйлеушілер секілді ақыретте бәріне қол ұшын беретіндігін айтпаған. Тіпті, қол ұшын бере алмайтындардың арасында өз сүйікті қызы Фатима (р.анһа) да болды. Ол қызына да сол сөзді қайталап: «Ей, Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қызы Фатима! (Сен нәпсіңді Аллаһтан сатып алуды ойла) өйткені ақыретте саған да көмек көрсете алмаймын»[11], – дейді. 

 Фатима (р.анһа) – Әлидің (р.а.) жары. Жасы жиырма беске толмай, бұл өмірден көшіп кеткен. Артынан келген барлық әулие мен асфиялар – оның нұрлы ұрпағы. Ол һәм уахи нөсерлеп жауған Пайғамбардың шаңырағында өскен. Ол һәм Аллаһ елшісінің «Фатима – менің бір бөлшегім»[12] деген қызы. Пайғамбарымыз оған жәннат әйелдерінің бибісі болатындығын айтқан[13]. Бірақ осыған қарамастан, Аллаһ елшісі Фатимаға (р.анһа) «Өзіңді Аллаһтан қорғауға тырыс!» деген.




[1] Бәдиуззаман, Лемеат.
[2] Мәжмәуз-Зәуәид, 10/325; Кәнзул-Уммәл, 3/113.
[3] Бухари, Иман, 29; Муслим, Мунафиқин, 78.
[4] Бухари, Иман, 29; Нәсәи, Иман, 28; Муснәд, 4/422.
[5] Бухари, Риқақ, 18; Мәрдә, 19; Муслим, Мунафиқин, 71,73,75-76.
[6] Әбу Дәууд, Суннә, 21; Тирмизи, Қиямә, 11; Муснәд, 3/213.
[7] Бухари, Уасәя, 11; Тәфсир, (26), 2; Муслим, Иман, 348-352.
[8] Муслим, Иман, 349-350.
[9] Бухари, Жиһад, 40-41; Муслим, Фәдәилус-Сахаба, 48.
[10] Ибн Хәжәр, Исәбә, 2/309-311.
[11] Бухари, Уәсәя, 11; Тәфсир, (26), 2, Муслим, Иман, 348-350. 
[12] Бухари, Фәдәилул-Асхаб, 12, 16, 19; Муслим, Фәдәилус-Сахаба, 93-94.
[13] Бухари, Фәдәилул-Асхаб, 29; Тирмизи, Мәнәқиб, 30.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.