Қанында бар қасиет

Тәблиғ – екі әлем Сардарының туа бітті қасиетіндей еді. Біз жеуге азық, ішуге су таппаған, яки тыныс ала алмаған кездерімізде қалай  қиналсақ, ол тәблиғ етер жан таппағанда, солай қиналатын. Тіпті ас-суға зауқы соқпайтын. Кейде апталап, айлап ораза тұтатын[1]. Кейде аштығын басатындай ғана аз жейтін. Бейне бір тәблиғ толғағы тәбетін қашырғандай. Зікірден ғана «қорек» әрі ләззат алатын періштелердей Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тәблиғ арқылы өмір сүрді. Хабар-дағуасын көңілі ояу бір жанға айтса, сол күні ерекше қуанышқа бөленетін.

Құран Кәрім осы жағдайын былай баян етеді:
«Елшім! Олар иман келтірмеді деп, өзіңді-өзің жеп бітіре жаздайсың» (Шұғара, 26/3).

Басқа аятқа қарасақ:
«Бұл Құранға сенбеді деп арттарынан қалмай, аз қалса, өзіңді-өзің жеп бітіре жаздайсың» (Кәһф, 18/6).

Ол қай жерде қап-қара, сәждесіз бір маңдай көрсе, қабырғасы қайыса күйзеліп, көңілі құлазып сала беретін. Көзіне түскен әрбір имансыз адам Адамзаттың асыл тәжінің ішкі дүниесінде бейне бір мұң дауылын тұрғызатын. Бұл Аллаһ елшісінің рухында әу бастан бар өзгешелік. Пайғамбарлық келгенде, бұл өзгешелігі одан сайын тереңдей түсті. Негізінде, оның ізбасарлары да соған ұқсап, діннің әмірлеріне бар жан-тәнімен берілуі керек.

Осындай иманы терең сертті кісілердің бірінен: «Неге үйленбедің?» – деп сұрағанда, ол:  «Мұхаммеди үмбеттің мұншалық дерті мен ауыртпалығын ойлаумен күн кешіп жүріп, үйленуді ойлауға мұршам болмады!» – деп, тереңдігіне әркім бойлай алмайтын жауап қайтарған екен.

Міне, Пайғамбар мен оның ізбасарының халі! Бүгінгі әлем де осындай еңіреген ерлерді күтуде.

Осы тақырыптың ажарын аша түсетіндіктен, осыған қатысты бір мысал айта кетейін.  

Германияда бір шаңырақ астында үй иесімен бірге тұрған иман жүзді бір бауырымыздың бойындағы  Мұхаммеди тәрбие сол үйдің адамдарына әсер етіп, Аллаһ оларды иман нұрына бөлейді. Алдымен отағасы, кейін зайыбы, содан соң бала-шағасы да дәл сол атмосферадан тыныс ала бастағанда, үй жәннат сарайының біріне айналып шыға келеді. Бір күні отағасы әлгі бауырымызбен әңгіме-дүкен құрады. Жан-дүниесінде һидаяттың сезімдері енді-енді ояна бастаған ол бауырымызға: «Бауырым, сені жақсы көремін. Тіпті жүрегімді жарып, сені сол жерге қойғым келеді. Өйткені сен менің Хақ жолға түсуіме арқау болдың. Маған да, отбасыма да мәңгілік бір өмір әкелдің. Бірақ сөйте тұра, саған қатты ашуланамын. Тіпті дәл қазір жағаңнан ұстап алып, жерден алып, жерге салғым келеді. «Неге? Не үшін? – деп сұрайтын шығарсың. Айтайын: «Сен келмей тұрып, жақында менің әкем қайтыс болды. Алайда ол мұсылман болуға менен әлдеқайда лайық болатын. Бізге қарағанда рухы пәк әрі шынайы ғұмыр кешті. Егер сен ол өлмей тұрып келгеніңде ғой, оның да һидаятына себеп болар едің. Сен кешіктің. Менің саған қатты ашуланатынымның мәні сол», – деп сырын ашады.

Иә, сол кісінің риясыз ашуы маған Еуропаның, тіпті бүкіл әлемнің сыңсуындай көрінеді. Мен жағадан алып, есепке тартылатын махшар күнінің азабынан қатты қорқамын. Өйткені Ислам дінін өз деңгейінде айтып жеткіздім дей алмаймын.


[1] Бухари, Саум, 20; Муслим, Сыйам, 56.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.