24. Жауапкершілік жүгі

«Әрбірің шопандай жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар. Ел басшысы – қарамағына жауапты. Ер адам – отбасына жауапты. Әйел – отбасы, ошақ қасына, ерінің меншігіне жауапты. Қызметші – мырзасының мал-мүлкіне иелігіне жауапты. Әрқайсысың жауапкер, әрбірің қарамағыңа жауаптысыңдар»[1].

Хадистегі «Ра’й» сөзі бір нәрсені бағып-қағушы, қорғаушы, қамқоршы дегенді білдіреді. Өзіне аманат етіп тапсырылған малға қиянат етпей ең шұрайлы жерлерге жаятындықтан, оларды жыртқыш аңдардан қорғап, керек кезде көмекке ұмтылатындықтан, ыстығына күйіп, суығына тоңып, малға жанашырлық танытатындықтан малшыны да «Ра’и» деп атаған.

Міне, бір мағынада елбасы мен ел арасында осындай байланыс бар. Елбасы мен мәртебесі әр түрлі билік өкілдері – қарамағындағыларды бағып-қағуға, олардың қайғы мен қуанышын бөлісуге, олардың қиыншылықтарын шешуге міндетті...
Үй егесі мен отбасындағы жандар арасында да дәл осы тәрізді етене байланыс бар. Үй басшысы азық-түлік, киім-кешек және оларды лайық бір жерге орналастыру секілді мәселелерде ең басты жауапкер болумен қатар, тәлім-тәрбие, жақсы қарым-қатынас, осы әлем мен ақырет әлемінде бақытты болуға жағдай жасау мәселелерінде де жауапты.

Дәл осындай жағдай әйелдің ерімен қарым-қатынастарында да болуы тиіс. Әйел үй шаруасында ерінің дүниесін, ар-намысын қорғауда отарына жауапты шопаннан кем емес.

Қызметшілердің өз мырзасының мал-мүлкін, баланың өз әкесінің байлығы мен абыройын сақтаудағы жағдайлары, бәрі осы «ра’й» мен «ра’йә» ойымен байланысты. Тіпті дін бойынша ра’й (басшы) мен мәр’й (басқарылушы) болмаған еш нәрсе жоқ деуге де болады. Иә, әркім өзін, ақылы мен сезімдерін, барлық мүшелерін өз алдына дербес аманат секілді қорғауға міндетті.
Ислам – біз білетін барлық қоғамдық жүйелер мен діндерді қамтыған және мемлекет басшысынан үйлеріміздегі қызметшілерге дейін сонау демократия түсімізге де кірмеген заманда барлық жанның мәселесін бүге-шігесіне дейін анықтап, жария еткен біртұтас өмір жүйесі. Бұл тақырыпта оған тең келетін басқа бір жүйе көрсету мүмкін емес.

Ислам Пайғамбары «елбасы жауапкер» дей отырып, оның жауапкершілігін, жауапкерлік шектерін, міндеттерін тізіп береді. Әйел мен ердің жауапкершіліктерін еске салып, екеуіне де осы ауыр жүкті артып, әкенің балаға, баланың әкеге деген жауапкершілігінен де сөз етіп, екі жағына да назар аударады. Тіпті бұл тақырыпқа қазіргі әлемдік даму тұрғысынан қарайтын болсақ, Ислам сонау ерте заманда-ақ қызметші мен жұмысшылардың құқы және жауапкершіліктері туралы сөз қозғап, адамзат тарихындағы қоғамдық дағдарыстардан әлдеқайда бұрын қоғамдық проблемалардың шешімін ұсынған.

Міне, сіздерге елбасы мен елінің бір-біріне деген құқынан (мұның көпшілігі Исламдық заңда айтылған) бала мен ата-ананың құқына, одан ерлі-зайыпты және жұмысшы мен іс берушінің құқыларына дейін фықһ[2] кітаптарында, тәлім-тәрбие жазбаларында, заң туындыларында маңызды орын алған мұнша мәселені бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп жеткізген пайғамбарлық ерекшелігінің тағы бір дәлелі.




[1] Бухари, Жум’а, 11; Муслим, Имарә, 20.
[2] Ислам құқығы

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.