2. Жұбайларына деген құрметі

Аллаһ елшісінің әйелді бағалап, қадірлеуі сол заманға дейін де, одан кейінгі заманда да салыстырмалы түрде алғанда өте биік  деңгейде екендігі әмбеге аян. Ол түнде тұрып, жарларының біреуінің хал-жағдайын сұраса, дереу өзге зайыптарының да бөлмелерін аралап, олардың да көңілдерін аулайтын. Сондықтан да олардың барлығы да өздерін Рақым елшісінің ең сүйікті жарына балайтын. Бұл да оның теңдессіз мәрттігінен туындаған. Алайда жүректің біреуді өзгеден артығырақ жақсы көруіне ешбір адамның шамасы жетпейтіні рас, «адамның көтере алмайтын жүгін» одан да күтудің қажеті жоқ. Аллаһ расулы қолынан келмейтін осы жүректің біреуді артығырақ жақсы көруі секілді өте шетін мәселеде Хақ тағалағадан кешірім тілеп: «Байқамай біреуін өзгелерінен артық жақсы көруім мүмкін. Оным әділетсіздік болар. Сол үшін, уа Раббым! Қолымнан келмейтін осы мәселеде Сенің рақымыңа сыйынамын..»[1] – дейді.

Оның осы нәзіктігі жарларының жан дүниелеріне ұмытылмас терең із қалдырса керек. Өйткені ол өмірден өтіп, уақытша айырылысқан кезде жүректерінде бітпес сағыныш қасіреті қалып қойды. Шамасы, Ислам адамның өз-өзіне қол салуына тыйым салғандықтан, жандарын өлімге қимады. Бірақ Аллаһ елшісінен айырылғаннан кейінгі өмірлері оларға бітпес зар, көңілдері құлазыған қу медиенге айналып, ғұмыр бақи жалғыздық тақсіретін тартты. Негізінде, Аллаһ елшісі барлық әйел затымен сыпайы қарым-қатынас жасады әрі осылай етуді үмбетіне де үйретіп кетті. Елге айтар сөзін алдымен өзі іске асырып, өнеге көрсеткен. Оның осы әдептілігін Бухаридың сахих кітабынан көруге болады: болған жайтты Сад ибн Әбу Уаққас Омардан (р.а.) бізге жеткізеді. Омар (р.а.) былай дейді: «Бір күні Аллаһ елшісінің  жанына бардым. Қарасам, Хақ елшісі күлімсіреп тұр екен. Мен: «Пайғамбарым, Аллаһ тағала сені мәңгілік шаттыққа бөлесін, бірақ осы күлімсіреуіңіздің сыры неде?», – деп сұрадым. Ол: «Мына әйелдердің іс-әрекеттеріне күлкім келгені. Әлгінде ғана қасымда дауғырып сөйлесіп отыр еді. Сенің дауысыңды ести сала басылып қалды», – деп жауап қатты. Пайғамбардың осы сөзін ести сала, даусымды көтеріп: «Ей, нәпсілерінің дұшпандары! Хақ пайғамбардан қорықпай, менен қорыққандарың ба? Осы қылықтарың әдепсіздік емес пе?» – дедім. Олар: «Сен қатал адамсың», – деп жауап берді»[2]

Асылында, Омар (р.а.) да қатал жан емес. Ол да әйелдерге жібектей есіліп тұратын. Міне, бұл жерде Омардың нәзіктігін де Аллаһ елшісінің нәзіктігімен ғана  салыстырып, байқауға болады. Олардың әлгі пікірлері хазірет Омарды Ақырғы Пайғамбармен салыстырудан туған. Десек те, ешкімді онымен салыстырып бағу мүмкін емес екендігін білгеніміз абзал.

Иә, олар Хақ елшісінің биязылығы мен нәзіктігін бойларына толықтай сіңіріп алған. Сондықтан да Омардың (р.а.) жүріс-тұрысы оларға қатал адамның жүріс-тұрысындай көрінетін. Алайда, хазірет Омар болашақта пайғамбарлыққа тиіс халифалық жүгін толықтай арқалай алатын күшке ие еді. Аса тақуалық шыңында ғұмыр кешіп, пайғамбарлардан кейінгі ең үлкен өнегелілердің бірі болатын. Кезі келгенде, дәл солай болды да. Ол әрбір іс-әрекетінде ақиқаттың шылбырынан берік ұстанып, бұрысты бұрыс, дұрысты дұрыс етіп көрсетуге бар қажыр-қайратын жұмсай білді.

Оның бойында халифалыққа жеткізетін алабөтен рухани күш болды. Осы күш өзгелерге сырттай қатал көрінуі де мүмкін. Бірақ Омар (р.а.) келешектегі дін дағуасын осындай рухымен ғана арқалай алмақ. Ұлы мақсаттың нәтижесі де солай болып шықты.




[1] Тирмизи, Никах, 41; Ибн Сад, Табақат, 2/231.
[2] Бухари, Әдәб, 68.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.