Ираклий

Аллаһ елшісі екінші хатын Дихиәтул-Кәлби арқылы Ираклийге жіберді. Ираклий – Рим императоры. Ираклийге жолданған хатта мыналар жазылған-ды:
«Аллаһтың елшісі – Мұхаммедтен Рим патшасы Ираклиге! Аллаһтың сәлемі тура жолға түскендерге болсын! Мен сені Исламға шақырамын. Мұсылман бол да, саламат тап. Сонда Аллаһ саған сауабыңды екі есе береді. Егер теріс қарасаң, онда барлық ақиқатты жоққа шығарғандардың обалы сенің мойныңда.

Ей, Кітап елі, келіңдер, арамыздағы ортақ сөзде бірігейік. Аллаһтан басқасына құлдық етпейік, Оған ешқандай да ортақ қоспайық және Аллаһты қойып,  бір-бірімізді құдай орнына қоймайық. Егер олар сонда да жүздерін бұрса, онда: «Біздің мұсылман болғанымызға куә бол!» – деңдер»[1].

Бұл сөздер Ираклийге айрықша әсер етеді. Сол күні жақын жерде Әбу Суфиян жүрген болатын. Император мен Әбу Суфиян арасындағы әңгіме былайша өрбиді. Ираклий:
– Бұл адамның нәсілі қандай?
– Текті, ақсүйек нәсілге ие.
– Бұрынғы ата-бабаларынан осындай пікірде болғандар бар ма еді?
– Жоқ, болған емес.
– Ата-бабалары арасында патша болғандар бар ма?
– Жоқ, болған емес.
– Оған ілескендер әлсіздер ме, әлде бай-бақуаттылар ма?
– Көбісі әлсіз жандар.
– Жамағаты азаюда ма, әлде көбеюде ме?
– Күн өткен сайын көбеюде.
– Жалған сөйлеген жері болды ма?
– Жоқ, оның ешқашан жалған сөйлегенін көрмедік.
– Опасыздық жасаған жері болды ма?
– Бұдан кейінгісін қайдам. Бүгінге дейін жасаған жоқ.

Міне, Әбу Суфиян ол кезде әлі мұсылмандықты қабылдамаған әрі Аллаһ елшісінің адуынды дұшпаны болатын. Осы әңгімелесудің соңғы сөзінде ғана көңілге аздап күмән ұялатар сөз айтты.

Ираклий Әбу Суфиянның берген жауабын қайталап, осы айтылғандардың бәрі Аллаһ елшісінің пайғамбарлығына дәлел екенін айтады. Содан өзінің епископын шақырып алып, одан да осы жайды сұрайды. Сонда екеуінің пікірі бір жерден шығады. Император иманын жариялап: «Көп ұзамай, мына менің аяғым басқан жерлердің барлығы түгелдей соныкі болады»,– дейді. Көп кешікпей айтқаны айдай келді[2].

Бірақ поптардың келіспеуінен қорыққан Ираклий сөзін өзгертіп: «Мен сендердің қаншалықты діндеріңе берік екендеріңді білейін деп, әдейі сендерді сынадым»,– дейді. Епископқа келсек, иман келтіріп, Аллаһ елшісіне алыстан серт береді[3].



[1] Бухари, Бәд’у’л-Уаһи, 6
[2] Бухари, Бәд’у’л-Уаһи, 6
[3] Һәйсами, Мәжмә’у’з-Зәуа’ид, 8/236. Исабә, 2/216

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.