Ғайып хақында

«Ғайып» жайлы Құран Кәрімдегі аяттарда көптеген түсініктер берілген:
 «Ғайыптың кілттері Оның жанында. Ғайыпты тек өзі ғана біледі. Ол құрлықтағы, теңіздегі нәрселердің барлығын біледі. Одан хабарсыз жапырақ та жерге түспейді. Жердің қараңғылықтарындағы құрғақ, ылғалды нәрселер түгелдей ап-анық Кітапта бар» (Әнғам, 6/59).

Осы аятта «ғайыптың» түгелдей Аллаһтың жанында болғанын айтуда. Әрі Одан өзге Пайғамбарымыздың да ғайыпты біле алмайтынынан хабар беруде.

Негізінде, Аллаһ Пайғамбарымызға:
«Оларға былай де: «Жанымда Аллаһтың қазыналары бар демеймін, ғайыпты да білмеймін. Әрі сендерге мен бір періштемін деп те айтпаймын. Мен тек өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Көр соқыр мен көзі ашық тең бола ала ма? Ой салмайсыңдар ма?» (Әнғам,6/50)

«Оларға былай де: «Аллаһтың қалағандарынан басқа өзіме ешқандай да бір пайда немесе зиян келтіретін күшке ие емеспін. Егер мен ғайыпты білетін болсам, онда, әлбетте, өте көп жақсылық істейтін едім, сондай-ақ маған ешқандай жамандық та жуымайтын еді. Мен  – тек иманға келе алатын елге ескертуші әрі сүйіншілеуші (елші) ғанамын» (Ағраф, 7/188).

«Жын» сүресінде былай деуде:
«Ол барлық ғайыпты біледі. Ғайыптың сырын ешкімге ашпайды. Тек  қалаған пайғамбарына ғана білдіреді. Сондай-ақ, Раббысынан алынған хабарлардың айна-қатесіз, толық жеткізілгенін білу үшін  Аллаһ өз елшісінің алды-артына күзетші қояды. Негізінде, Аллаһ олардың жағдайын толық біліп, барлық нәрсені жеке-жеке санап, жазып қойған» (Жын, 72/26-27).

Осы аяттардың нұрлы аясынан шықпай, талдау жасайық: «Аллаһ елшісі ғайыпты толық біледі» деу – астамдық, «білмейді» деу – нұқсандық. Ол ғайыпты өздігінен емес, Аллаһ-тың білдіруі арқылы ғана біле алатын. Білгені сол – бейне бір экранға қарап тұрғандай, қияметке дейін болатын барлық оқиғаларды негізгі мәселелерімен қоса түсіндіріп, адамдарға жайып салатын. Біздің абайлап қарайтын мәселеміз – осы. Ол өздігінен еш нәрсе айтпайтын. Айтқанының бәрі де уахи арқылы жеткен Аллаһтың хабары. Аллаһ кейде пайғамбарға ғана емес, үмбет арасында салиқалы, жүрек көзі ашық кейбір жандарға да керемет[1]  ретінде ғайыпты білдіре алады. Аллаһ елшісі де: «үмбетімнің арасында (иләһи) шабытқа ие адамдар бар»[2], – деген болатын. Бұл Аллаһтан келетін шабытқа ие жан дегенге саяды.

Мысал ретінде  айта кетейік:
Бір күні мінберде хұтба оқып тұрып, сонау алыстағы алты қырдың астында соғысып жатқан Ислам әскерін арт жағындағы тауды қалқалап, дұшпан әскерінің жасырын қоршап келе жатқанын көрген Омар (р.а.) қолбасшы Сарияға: «Ей, Сария! Тау жаққа» деп үш рет айғай салады. Мұны естіген Сария артына жалт қарап, ту сыртындағы дұшпанды байқап қалып, қоршауды бұзып-жарып шығады[3].

Алып ғұлама Мухиддин ибн Араби[4] да көп ғасырдан кейін болатын жайттарды ишаратпен айқын баян етіп жазып кеткен. Міне, сол секілді Мәулана, Имам Раббани[5], Муштак Ефенди[6] іспетті жүздеген ірі ғұламалардың болашақ жайында хабар беріп тұрып, Аллаһ елшісіне шынайы берілгендіктерін растауы һәм осы қасиеттердің Мұхаммед шырағының жарығы екенін мойындауы – Пайғамбарымыздың Аллаһтың рұқсатымен қаншалықты ғайып сырларына ие болғанын көрсетеді. Оның тәрбиелеп өсірген шәкірттері асыл нұрдан, иләһи самалдан нәр алып, ғайып әлемін көре алатын болса, барлық үмбеті таразының бір басына қойылса да, жалғыз өзі ауыр басатын екі дүниенің Сардары мұғжиза ретінде ғайыпты неге көре алмасын?...[7] 
Хадис кітаптарында Пайғамбарымыздың үш жүзге жуық мұғжизалары жазылған. Ғайыптан алған хабарларының басым бөлігі расқа шықты, қалғандары уақыты келген кезде болады. Біз бұл кітапта барлығын қамтып айта алмаймыз. Тек бірді-екілі ой сала кету мақсатында сөзімізді нақтылауды жөн көрдік.

Ғайып хабарлары үшке бөлінеді:
Біріншісі – өз дәуіріне байланысты айтқан ғайып хабарлар.

Екіншісі – алыс пен жақын келешекке байланысты.

Үшіншісі – «Сәһл-и мумтәни»[8] тәсілмен айтқандары. Яғни, тың ғылыми жаңалықтармен ғана ақиқаты білінетін мұғжизалы баяндар.



[1] Әулие адамдардың жаратылыс заңына теріс кереғар ғажайыптар көрсетуі. (ауд.).
[2] Бухари, Әнбиә, 54; Муслим, Фәда’илу’с-Сахабә, 23; Тирмизи, Мәнақиб, 17.
[3] Кәнзу’л-Уммал, 12/571.
[4] Мухиддин ибн Араби (Севилья 1165- Димашқ 1240) – әйгілі мұсылман ойшылы, сопы.
[5] Имам Раббани немесе Ахмад Фаруқ Сақанди (Сарқанд 1563 - 1624) – Үндістандық атақты мұсылман ғалым. Үш томдық «Мәктубат» кітабының авторы.
[6] Мустафа Муштақ (Битлис 1758 - Муш 1831) – Түркиялық танымал ғалым, каллиграфия мен сопылық жолының өкілі
[7] Әбу Дәууд, Суннә, 8; Муснәд, 2/76.
[8] Айтылуы тілге жеңіл, бірақ мағынасы өте терең сөздер.


 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.