2. Құрандағы ескертулер және Бәдір тұтқындары

Бәдір  тұтқындарына  қатысты мына  аят Пайғамбары-мызға ескерту ретінде түскен:
«Ешбір пайғамбарға жер жүзінде жауға өктем келіп, жеңіске жеткенге дейін тұтқын ұстау жараспайды. Сендер дүниенің фәни пайдасын ойлайсыңдар. Аллаһ (сендерге) ақыретті қалайды. Аллаһ өте үстем, аса хикмет иесі. Егер Аллаһтан алдын-ала беріліп қойған үкім болмағанда, (тұтқындардан бодау) алғандарың үшін үлкен азапқа душар болар едіңдер» (Әнфәл, 8/67-69).

Пайғамбар тұтқын ұстай алмайды. Мұндай әрекет өзге пайғамбарларда да болмаған. Егер өзіне дейінгі пайғамбарларда кездеспесе, ол бұндай жағдайда қандай шешім қабылдау керектігін қайдан білмек?!

Пайғамбар ешкімге арқа сүйемей дін-дағуасы мен пікірлері арқылы өзін дәлелдегенге дейін бұлай жасамауы қажет болатын. Яғни тұтқындарды бодау алу арқылы босатып жіберуі керек еді. Керісінше, осы арқылы мұсылмандар күшейіп, мықты мемлекет болу үшін уақытты ұтымды пайдалану арқылы толықтай қуатты күш болуды көздеуі тиіс болатын. Негізі сенің ерекше болмысың да осы мақсатқа қызмет етеді. Өйткені, сенің осы дүниедегі көздеген жалғыз мақсатың дінді үстем ету еді. Айналаңдағыларыңның да ой-пікірлері де осындай. Яғни, сендердің жасағандарың ізгілік іс болса да, негізінде, одан да жақсысы бар. Аллаһ тағала да сендерден осыны талап етуде. Яғни жоғарыдағы аяттың мәні осында еді.

Алдын ала жазылып қойылған жазу мен осы істері үшін оларға азап келмейтініне қатысты тағдырдағы бұйрық болмағанда, мұсылмандар қасіретке душар болуы мүмкін еді. 

Хақ елшісі Бәдірде жауларды жайпап, бетін қайтарып, мұсылмандардың рухын бір көтеріп тастады. Бұл олардың жүректеріндегі он бес жылдық өртті сөндіреді. Өйткені, осы он бес жылдың көлемінде кәпірлерден тартпаған азабы мен көрмеген зұлымдығы қалмаған еді. Әуелі ыстық мекені Меккеден айрылып, Мәдинаға келді. Бірақ, бұл да Мекке мүшріктеріне аз көрініп, айыздарын қандырмады. Енді келіп бұлардың жаңа отанына шапқыншылық жасай бастады. Мұсылмандар бәріне де көніп, қайғысын ішке жұтып қарсылық білдірмеді. Бәдірге дейін олар не істеп бақса да, мұсылмандардың бас көтеріп қарсы шығуына тыйым салынған болатын. «Ұрғанға қол көтермей, сөккенге сөз қайтармай, тіпті жүректерін тас-талқан еткендерге де ренжімеу қажет» деп, осы өлшеммен жүрді. Міне, Хақ тағала оларға рұқсат берді (Хаж, 22/39). Бұдан кейін мұсылмандар да күшпен жауап беретін дәрежеге жетті. Тым құрығанда, өздерін қорғай алатын болды. Бәдір – алғашқы күрес. Мұсылмандар жеңіп, жауларын тұтқынға алады. Сонымен қатар, мұндай оқиға да алғаш рет көрінді. Осы мәселеге қатысты иләһи хабар болмағандықтан, Аллаһ елшісі сахабаларын жинап ақылдасты. Тұтқындардың тағдырына қатысты үкім осы ақылдасудан кейін белгілі болды.

Алдымен өзінің рух халі мен Құран үйреткен көркем мінезіне орай екі әлем Сардары осы тұтқындарға кешірім ету жағында болды. Өйткені, сол күнге дейін Құран Кәрім оған әрқашан: «Сен кеңпейіл бол» (Хижр, 15/85) және «Сен Раббыңның жолына хикмет және көркем насихат арқылы шақыр» (Нахл, 16/125) деп, оны осы жолға бағыттаған еді. Рақымшылдық жасау оның болмысына айналды. Аллаһ елшісі басқаша ойлап, кесіп-піше алмайтын да еді. Өйткені, Құран оған: «Сен ең көркем мінезді адамсың» (Қалам, 68/4) дейді. Әркімнің көркем мінезден алатын нәсібі бар. Ол болса, күллі көркем мінездің мұрагері. Өйткені, Пайғамбарымыз – Аллаһ тағаланың Өзінен тікелей үлгі алып, ең биік шыңға жеткен пайғамбар. Сол мінезді Құраннан  үйренді. Осындай көркем мінезге толықтай өкілдік еткен адам – хазірет Мұхаммед алейһиссәләм[1]. Оның кешірімділігі мен рақымшылдығының тереңдігіне қараңызшы! Күндердің бір күнінде сәті келіп Мекке алынғанда, сол күнге дейін өздеріне  қастық жасап келген жандарға ол бейне бір шәрбат ұсынғандай: «Бүгін ешкім айыпталмайды» (Жүсіп, 12/92) деп, артынша жалпыға бірдей рақымшылдық жасайды[2].

Пайғамбарымыз қашанда рақымшылдық жағында. Сонымен қатар, осы мәселені сахабаларымен ақылдасады. Алдымен Әбу Бәкірдің (р.а.) пікірін сұрайды. Ол: «Пайғамбарым, бұлар – сенің қауымың, руың, өз халқың. Негізі бұлардың саған да, мұсылмандарға да жасамаған қастандықтары қалмаған. Бірақ сен рақымшылдық жасап, өлтірмей азат етерсің. Сол арқылы олардың тура жолға кірулеріне арқау боларсың. Менің пікірім, міне, осы рақымшылдық жағында», – деп жауап қатады.

Аллаһ елшісі Омардан да (р.а.) пікірін сұрайды. Ол: «Пайғамбарым! Мына қолымызда тұрған тұтқындар – Меккенің беделділері мен бетке ұстарлары. Бұлар өлтірілсе, бұдан былай күпірлік есін жинай алмайды да, қайталап алдымыздан шықпайтын болады. Сондықтан да бұлардың өлтірілуі қажет. Тіпті әрбір мұсылман өз жақындарын өлтірсін. Ақилді Әли (р.а.) өлтірсін. Әбдірахманды әкесі Әбу Бәкір (р.а.) өлтірсін. Пәленше деген туысымды маған бер. Оны өз қолыммен өлтірейін», – деп жауап береді[3].

Аузы дуалы екі досының да ойлары белгілі болды. Сыддық тұтқындарды құнмен босатуды құп көрсе, Фаруқ олардың өлтірілуін жақтады. Аллаһ расулы, алдымен, Әбу Бәкірге (р.а.), содан кейін Омарға (р.а.) былайша тіл қатады: «Ей, Әбу Бәкір! Сен тура атам Ибраһимге (а.с.) ұқсайсың. Оған елі жамандық жасап, тіпті отқа тастады. Алайда, ол Раббысына былай деді: «Раббым! Кімде-кім маған ерсе, ол менің үмбетімнен саналады. Кімде-кім маған қарсы шығып, теріс айналса, Сен Кешірімді әрі Рақымдысың» (Ибраһим, 14/36).

Әрі Исаға (а.с.) да ұқсайсың. Ол елінен көп жапа шекті. Алайда, ол да: «Раббым! Азаптайтын болсаң, олар – Сенің құлдарың. Егер рақымшылдық етсең, Әзіз де,  Хаким де Сенсің»(Маида, 5/118)[4].

Бір күні Аллаһ елшісі дәл осы сөздерді қайталап: «Хауыздың басында сол жерге келген бір топ адамның су басынан қуылған түйелердей қуылғанын көріп «Сахабаларым, сахабаларым» деп Аллаһ тағалаға жалбарынамын. Сол кезде маған: «Олардың сен жоқ кезде не бүлдіргендерін білмейсің ғой», – деп айтылады. Мен сонда салиқалы құлың Исаның (а.с.): «Раббым! Егер оларды азаптайтын болсаң, олар – Сенің құлдарың. Егер рақымшылдық етсең, Әзіз де Хаким де Сенсің»[5] деген сөзін қайталаймын.

Әбу Бәкір (р.а.) – Аллаһ елшісінің алғашқы шәкірті әрі досы. Ойы дәл Ақиық елшінің ойымен бір жерден шығады. Осы ұқсастықты шешімдерінен де байқауға болады.

Хақ  Пайғамбар Омарды (р.а.) екі үлкен пайғамбарға ұқсатып: «Ей, Омар! Сен де Нұх (а.с.) тәріздісің. Ол: «Раббым, жер бетінде бірде-бір кәпірді тірі қалдырма» (Нұх, 71/26) деген еді.

Сен, сондай-ақ, Мұсаға (а.с.) ұқсайсың. Ол да: «Раббымыз! (Перғауын мен жақтастарының) мал-мүліктерін жермен-жексен ет, өйткені, олар жан қиналатын азап көрмейінше сенбейді»[6](Жүніс, 10/88).

Екі пайғамбар да елі мен Аллаһ тағаланың дұшпандарынан көп қорлық көріп, бәріне де сабыр ете білген еді. Бірақ, олардың күн өткен сайын өшпендіктері артқанын білген кезде екі пайғамбар да Аллаһ тағалаға жоғарыдағы аяттарда айтылғандай жалбарынған. Жаратушы Жаббар Иенің екі үлкен елшісі олардың күпірліктерінен кері қайтпайтынын, тіпті қайтпақ тұрмақ ұрпақтарын да залымдыққа тәрбиелегеніне көздері анық жеткен соң олардың жер бетінен жоғалуын тілейді. Хақ тағала да әуел баста жазылған тағдыр бойынша қос пайғамбардың дұғасын қабыл қылып, оларды жермен-жексен еткен.

Ақырында, Аллаһ елшісі өзгермеген ұлы мінезіне сай кешірім етеді. «Бұларды тірі қалдырайық. Исламмен танысып, нағыз ғұмырмен қауышсын» деген тоқтамға келеді.

Оқиғаның қалған бөлігін Омардан (р.а.) тыңдайық: Бір шаруаммен Пайғамбардың қасынан кетіп қалдым. Ісімді тындырып қайтып келсем, Аллаһ елшісі мен Әбу Бәкір егіле жылап отыр екен. «Неге жылайсыңдар?» – деп сұрадым. Бірақ, олардың жауап беруге шамалары жоқ. Көздерінен парлап аққан жас беттерін жуып кетіпті. Мен сауалымды қайталап: «Айтыңдаршы, не болып қалды, неге жылайсыңдар?» – дедім. Сол кезде ол екеуі маған «Әнфәл» сүресінің 67-69 аяттарын оқыды. Міне, ескертудей көрінген аяттар осыған қатысты түскен болатын»[7].

Аллаһ тағала оған ижтиһад (ой түю, үкім шығару) етуге рұқсатын берген еді. Ол осыған орай ижтиһад етіп, істің жақсысын таңдады. Бірақ, Аллаһ тағала ең жақсы құлына жақсыны лайық көрмей, «Саған ең жақсысы ғана жарасады» дейді. Ең жақсысы тұрғанда жақсысын ғана таңдағанды жөн көрмей, оған ескерту жасады. Бұл жерде ешқандай қателік те, күнә да жоқ. Аллаһ елшісі қашан да ең жақсылар арасында жүруші еді. Иә, мәселені осылай түсіну керек. Әрі аталмыш аяттың қалай айтылғанына көңіл аударсақ, Хақ елшісіне жұмсақ һәм жылы ескертілген: «Егер Аллаһтан алдын ала беріліп қойған үкім болмағанда, (тұтқындардан бодау) алғандарың үшін үлкен азапқа душар болар едіңдер» (Әнфәл, 8/67-69). Ендеше, аяттың мағынасына жіті назар аударған жөн. «Егер Аллаһтан алдын ала беріліп қойған үкім болмағанда» сөзі – әу бастан осы үкім беріліп қойған дегенді білдіреді. Осы үкімге орай сендер олжа алып, одан пайдаланасыңдар. Ендеше, жазмышта жазылған үкім уақыты келгенде, іске асқан.

Аллаһ тағала олжа мен тұтқындарды (тұтқындар да олжаға жатады) ижтиһаттан кейін де харам етпейтін еді. Бірақ, барлығы сынақ деңгейінде жүзеге асып жатты. Адам атаның (а.с.) басынан кешкеніндей кейіннен болатын уақиға уақытынан бұрын жүзеге асып, «өте жақсының» орнына «жақсы» таңдалған. Негізі Бәдірден кейін онсыз да осылай болатын еді. Шамасы, басқа бір аяттағы мына үкім де осы пікірді нықтай түседі: «Соғыста кәпірлермен кездессеңдер, оларды жеңгенге дейін мойындарын шабыңдар. Сонда берік байлаңдар (тұтқынға алыңдар) да сосын қамқорлық жасаңдар (қоя беріңдер). Немесе бодау алыңдар. Соғыс құралдарын қойғанға дейін (сөйтіңдер). Егер Аллаһ тағала қаласа, олардан өш алар еді. Бірақ біріңді-бірің арқылы сынау үшін. Сондай Аллаһ жолында өлтірілгендер болса, Аллаһ тағала олардың амалдарын зая етпейді» (Мұхаммед, 47/4). Бейне бір Пайғамбарымыз сол сәтте Аллаһ тағаланың кейіннен білдіретін осы үкімін сезгендей екен. Бірақ, осы үкім кейіннен берілетін болғандықтан оны алдын ала жүзеге асырған абзал болса, ал оны күту – мұнан да абзал болмақ.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз өзгелерге емес, тек өзіне ғана берілген бес нәрсені санағанда, олардың бірі ретінде соғыс олжасының да адал екендігін айтады[8]. Бәдірге дейін және бұрынғы өткен пайғамбарларға да адал саналмаған соғыс олжасы сол күні мұсылмандарға адал деген үкім шығады. Дәл осы істің басы-қасында жүрген Пайғамбарымызға сырттай сөгіс тәрізді көрінген осындай ескерту келген. Бұдан басқа Хақ пайғамбардың ижтиһадына қатысты келуі де назар аударарлық мәселе. Жақсы үкімді де, өте жақсы үкімді де таңдау сауап болатын мұндай шешімде тікелей Хақ тағаланың аясында тәлім-тәрбие алған Аллаһ елшісі бұдан өзге үкім де бере алмайтын еді. Айтқандай-ақ, осыдан кейін келген үкім де оның осы ойына сай келген болатын.

Соғыстан түскен олжаның адал екендігі аят пен хадисте айтылған. Сондай-ақ, бұл бар ынта-ықыласымен Аллаһ жолында күресуге де ешқандай кедергі емес. Жауды жеңген соң олардың дүние-мүліктерін кәдеге жарату арқылы дұшпанды әлсіретіп, мұсылмандарды күшейтуде қандай әбестік бар. Бір жағынан, олжа Хақты толық тани қоймаған адамдар үшін ынталандыру болмақ. Бірақ, ешкім олжаны алуға мәжбүр де емес. Тіпті кез келгені Амр ибн Ас (а.с.) тәрізді: «Мен олжа алу үшін мұсылман болмадым»[9] деуі де мүмкін. Бірақ, жұрттың барлығын да осындай деуге және болмайды.

Осы тақырыпты қортындылағанда, Адамның (а.с.) тыйым салынған жеміске қол созу мәселесінде айтылған бір ерекшелікті тағы бір еске салсақ. Хақ тағала болашақта адал ететін тыйым салынған жеміс арқылы Адамды (а.с.) сынаған. Шамасы, соғыстан түскен олжа мәселесінде де осындай жағдай орын алған. Болашақта адал болатын олжа Бәдірден кейін сынақ құралына айналған еді, бірақ, артынша негізгі үкімдер білдірілген болатын. Осы жерде негізгі үкімге сай қарекет еткендіктен, бұл жерде ешқандай күнә жоқ. Тек адам болмысындағы дүниеге деген құмарлықтың қатеріне назар аударып, осыған тосқауыл қоюдың қажеттілігін білдірген.

Негізінде, мұндағы дәріс пен ескерту барлық мұсылмандарға қатысты. Аллаһ елшісіне келсек, оның өмірінде дүниеге деген құмарлығы болмаған. Ескерту дүниені қаламайтын Аллаһ елшісіне айтылып, үмбетіне ғибрат болды. Яғни, мұсылмандар дәріс алып һәм мұңаймасын деп «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегендей сөз Аллаһ елшісіне айтылған. Осындағы иләһи тәрбие тәсілінде бір адамға насихат айтқанда, қаншалықты сақтық таныту қажеттілігін де көрсетеді.

Тәбук уақиғасы
Тәбук – сарбаздар соғысқа толық дайындалып шыққанымен, ұрыс болмаған жорық. Бұл Византияға қарсы жасалған арнайы жорық тактикасы болатын. Тәбукте қызу шайқас болады деген оймен Аллаһ елшісі мұсылмандарды ашық түрде соғысқа жаппай шақырып, жолға шығады. Алайда кей кісілер  бара алмайтын себептерін айтып, соғысқа қатыспауға   рұқсат сұрайды. Әз елші рұқсатын берді. Міне, Хақ пайғамбарға сырттай сөгістей көрінген аяттардың екіншісі  осыған қатысты түсті. Аят былайша: «Аллаһ сені кешірсін, пайғамбар. Саған шын айтқандар анықталып, өтірікшілерді білмейінше, оларға неге рұқсат бердің?» (Тәубә, 9/43). Осы аяттағы бірінші сөйлемді «Аллаһ сені кешірсін» мағынасында түсінетін болсақ, ол күнәға жол бергендей сезілуі мүмкін. Бұл аудармалық мағынасында өте тұрпайы естіледі. Осы сөйлемді «кешірілгір», «кешірім алғыр» деп аударатын болсақ, Пайғамбарымызға қатысты аяттың шынайы өңін ашуға ептеп жақындайды.

Әуелі, Хақ тағаланың аятты осы сөйлеммен бастауы оған арнайы көңіл бөліп қарағандығын білдіреді. Екіншісі, ескерту білдірілетін сөйлем кейінге қалдырылған. Осылайша аяттағы сөйлем жылы шыраймен көмкерілген. Замахшариден[10] Сәккәкиге[11] дейін барлық сөз өнерінің ұсталары осы аятты Аллаһ тағаланың Пайғамбарымызға деген ескертуі емес, керісінше, бір ілтипаты деп түсіндірген[12].

Қандай да бір әке өз баласын еркелетіп, құлағын тартқанда, ауыртып алмайын деп абайлайды. Тіпті, баласы осы қылығын басқаша түсініп қалмасын деп оған күлімдеп қарайды. Мұнда да мейірім аясында ескертудей көрінген бір ілтипат бар. Бұл әсте Пайғамбарымызға берілген сөгіс емес.

Шамасы, осы аятта Аллаһ елшісіне мына мәселелер ескертілсе керек:
Келушілер рұқсат алып кетті. Сен болсаң, оларға ләм-мим демедің. Сол рұқсат сұрағандардың арасында мұнафықтардың да бар екендігін  жақсы білесің. Бұлар – сырттай мұсылман болып көрінсе де, іштей барлық пәлекет пен жамандық ойлап жүргендер. Оларға неге рұқсат бердің? Сен рұқсат бермегеніңде, саған берілген жандар мен сөздерінде тұрмайтын, табанының бүрі жоқ һәм көкіректері қиянатқа толған мұнафықтардың арасы ашылып, олардың шынайы жүзін көретін едің. Сен де сол кезде мұнафықтардың кім екендіктерін жақсы білетін едің. Сенің өзің «Мұнафық сөйлегенде, жалған сөйлейді, уағда еткенде сөзінде тұрмайды, өзіне аманат берілсе қиянат жасайды»[13] дегеніңдей, олардың белгілері айқын еді. Сен осылайша жеке-жеке олардың кім екендіктерін жақсы білер едің. Пайғамбар оларды онсыз да білетін еді. Бірақ, рақымшылдығы мұндай істің түйінін шешуді сәл кешіктірді.

Осы сөздерде ескерту ғана бар. Әсте сөгіс жоқ. Сөгістің болуы былай тұрсын, қастерлеу сезіліп тұр. Осы жерде Аллаһ елшісін ең жақсысын таңдауға итермелегендігі көрініп тұр. Өйткені оған қашанда ең әдемісі жарасады.

Замахшари «кешірім жайлы айтылған жерде күнә да бар» дейді[14]. Бірақ, Фахруддин Рази мұндай жорамалды құп көрмей, «Біз үшін кешірімділік айтылған жерде күнәнің болуы мүмкін, бірақ пайғамбарларға кешірімділік тек ілтипат үшін айтылады»[15], – дейді. Ендеше, осы аят бастан-аяқ Пайғамбарымызға қатысты ілтипатқа толы.

Жоғарыда айтылғандай, Пайғамбарымыз ағзам фәтәнатқа ие. Істің қалай жүзеге асатындығын, не істеу қажеттілігін өте жақсы білетін. Осы жерде де сол фәтәнатына сай бір әдіс берілген. Ол: мұнафықтар мұсылмандардан іргесін ажыратып алғанға дейін  рұқсат берілмеу қажет еді. Сонда мұнафықтар рұқсат алып, өздерін жасырып қала алмайтын еді. Өйткені, Аллаһ елшісі оларға рұқсат бермегенде, олар бәрібір соғысқа қатыспайды да, өздерін айқын танытады. Хақ тағаланың қалауы осы бағытта болды. Пайғамбарымыздан да талап етілген бағыт осы еді. Негізі Хақ тағала елшісіне мұнафықтарды білдіріп, Хабибіне барлық нәрсені хабарлап тұрды. Оларды осылай әшкерелеу мұсылмандар үшін әлдеқайда пайдалы.

Міне, Құранға қарай Аллаһ елшісі рұқсат беру арқылы мұндай мүмкіндікті жіберіп алды.

Негізі бұл Пайғамбарымыздың түпкі адамгершілігінің көрінісі еді. Мысалы, ол өмірінде ешқашан қатты кетпеген. Жеке адамның қателіктерін бетіне айтпаған. Адамның есімін атамай, ел алдында мысалдар келтіре отырып алыстан орағытып, жанамалап, жалпылама білдірген. Сонда кінәлі адамдар да өз қателіктерін іштей түсініп, бетіне басып айтпағандықтан, оған ренжімеген. Пайғамбарымыз олардың жанын жаралап алмауды көздеп, ишаралап жеткізген. Әсіресе, ол білуін білсе де, адамның кемшілігін бетіне басып айтып, жерге қаратуды қаламады. Мысалы, Аллаһ елшісі барлық мұнафықтар мен оларға басшылықта кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ, мұны ешқашан елге әшкерелемеген. Әшкерелеу былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Тіпті, мұнафықтардың бірі келіп, пұшайман болғандығын айтады. Артынша мұнафықтығынан із де қалмай, ықыласты мұсылманға айналды. Өз пұшаймандығын айтқан ол, Аллаһ елшісіне: «Пайғамбарым! Мен тәрізді қаншама адамдар бар. Шақырайын, олар да шынайы иман келтірсін!» дегенде, екі әлем Сардары өз мінезінен жаңылмай: «Жо-жоқ, олай жасама! Менің оларды білгенімді айтпа! Бірақ сен айтылуы тиіс нәрселерді айттың», -  дейді.

Иә, ол ешкімнің бетіне басып айтып, оларды жерге қаратпаған. Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлүл Пайғамбарымыздың ең адуынды дұшпаны еді. Бірақ, амал нешік, ол ел арасында мұсылман болып көрініп жүрді. Аллаһ елшісіне де өзін солай көрсетуге барын салды. Ақиық елші ақырына дейін ол бір күні шынайы мұсылман болар деген үмітін үзбеді. Бірақ, Аллаһ оның һидаяттан нәсібін үзгендіктен, ол мұнафық болып өлетін болды. Ақтық сәтінде де мұнафықтығын жасырып қалу үшін Аллаһ елшісіне ұлын жіберіп, одан көйлегін сұраттырады. Мақсаты ел-жұртқа «егер мұнафық болса, Хақ пайғамбар оған көйлегін бермейді» дегізу еді. Рақым Пайғамбар мұны да бәрінен де жақсы білетін. Осыған қарамастан, көйлегін шешіп берді[16]. Жаназа намазына да қатысты[17]. Өйткені оның ұлы да, қызы да иман жүзді мұсылмандар болатын. Аллаһ елшісі солар үшін  мұнафық әкелерінің барлық іс-әрекетіне төзімділік танытты.

Осы тақырыпқа қатысты ой сала кету мақсатымен мынадай шағын мысалды да айта кетуді жөн көріп отырмыз: Сахабалардың бірі құлын сататын болды. Бірақ, қамқоршылық құқының өзінде қалғанын қалады. Алайда Исламда қамқорлық құқы құлды азат еткен адамға тиесілі болатын. Діннің үкіміне қарсы амал ету күнә еді. Шамасы, құлын сатпақ болған сахаба дін үкімінің басқаша екендігін білмеген. Бұл оқиға Пайғамбарымызға баян етіледі. Аллаһ елшісі бұл жолы да тікелей айтпай, мінберге шығып, барша халыққа діннің осыған қатысты үкімін жария етіп: «Қамқоршы – азат етуші ғана болады», – дейді[18].

Аллаһ елшісінің кеңпейілдігіне қатысты осы секілді мың-сан мысалдарды келтіруге болады.

Алдында айтылып кеткен рұқсат мәселесінде де Хақ пайғамбардың осы кеңпейіл мінезі басымдық танытқан еді. Ол ат құйрығын үзіспеу мақсатымен, өзінен рұқсат сұрағандардың ішкі ниеттерін беттеріне айтпай, бәріне де рұқсат береді. Иә, оның пейілі тым кең еді. Ол: «Біз Сенің көкірегіңді ашып, рухыңды кеңейтпедік пе?» (Инширах, 94/1) сырына ие пайғамбар еді. Пайғамбарымыз олардың жалған сөздерін елемей, пайғамбарға тән мінезін көрсетіп жатты[19]. Иә, ол мәртебесінің биіктігін Құран, Тәурат, Інжіл бір-бірімен жарыса   жария еткен неткен ұлы пайғамбар десеңізші?!

«Абәсә» сүресі
«Абәсә» сүресі алғаш қарағанда, Пайғамбарымызға жасалған ескерту не оған берілген сөгістей көрінеді. Бұл тақырыпты қозғағанда, алдымен осы сүренің түсуіне себеп болған оқиғаны жеткізейік. Сосын аяттардың мағыналарына назар аударып, Пайғамбарымыздың бейкүнәлігіне көлеңке түсірген осы тақырыпқа қатысты оқиғаларды талдап, Аллаһ елшісінің күнәдан пәктігінің күн тәрізді айқын екендігін көрсетуге тырысайық.

Ақиық елші Утбә мен Әбу Жәһил сияқты құрайыштың үлкендеріне дінді насихаттап отырған кезде, көз-көрмейтін Абдуллаһ ибн Умми Мәктум (р.а.) ішке енді де, Аллаһ расулының сөзіне килігіп: «Пайғамбарым, маған дінді үйрет», – дейді. Ол осы сөзін бірнеше мәрте қайталағанда, Хақ пайғамбар қабағын шытып, жүзін басқа жаққа бұрады. Сөйтті де әңгімесін ары қарай жалғастыра береді. Міне, осы жағдай «Абәсә» сүресінің түсуіне себеп болды.

Егер келген адам көр болмағанда, Аллаһ елшісі  осы қылығы үшін ескерту алмайтын еді. Келген адамның көзі көр болғандықтан, Пайғамбарымыздың кеңпейілділік танытуы   қажет еді. Қабағын шытып, жүзін басқа жаққа бұрғаны ескертуге себеп болды. Жалпылай қарау арқылы кейбір адамдардың түйген тұжырымы – осы. Тереңірек талдайтын болсақ, пышақтың екі жүзі болатыны секілді мың-сан қыры бар ақиқаттың басқа жағын да көруге болады. Сонда әлгі тұжырымның қаншалықты асығыс берілгендігі аңғарылады.

Жоғары лауазымды кісілердің алдына барғанда, әдептілік сақтағанымыз секілді Аллаһ елшісінің құзырына жай бір адамның алдына кіргендей баса-көктеп кіре салуға да болмайды. Құран Кәрім көптеген аяттарында Пайғамбарымыздың алдына қалай кіріп, қалай отыру керектігін (Ахзаб, 33/53; Нұр, 24/58),   дауыс бәсеңдігіне дейін (Хұжырат, 49/2-3), т.б. білдіру арқылы осы тәрізді әдептіліктерді мұсылмандарға тікелей Хақ тағаланың өзі үйреткен.

Хақ тағаланың алдында әдептілік сақтау керек. Намаз оқыған жанның алдынан кесіп өтпеу – осының бір көрінісі. Бір мұсылман Хақ тағаланың құзырында намазға тұрғанда, өзге бір адам оның алдын кесіп өтуге тырысса, ханафи мәзһәбы бойынша намаздағы адам оған ескерту жасауы қажет. Малики мәзһәбы бойынша тікелей әлгі адамға тосқауыл жасау қажет. Тіпті адам қайталап өте берсе, көкірегінен қағып жіберсе де болады[20].

Өйткені намаз оқыған адам – сұлтандардың Сұлтанының құзырында тұрып, Жаратушымен тілдесуде деген сөз. Әңгімелесіп отырған екі кісінің сөзін бөлу – қаншалықты әдепсіздік болса, намаз оқып тұрған адамның алдын кесіп өтудің қандай әдепсіздік екендігін шамалай беріңіз? Сондықтан да Пайғамбарымыз: «Егер намаз оқыған адамның алдын кескен адам қандай күнә жасағанын білсе, қырық жыл бойы күтсе де, әлгі адамның алдынан кесіп өтпес еді»[21], – дейді. Хақ тағаланың құзырында тұрудың өзіне тән әдептілігі мен қағидалары болса,   елшісінің құзырына кірудің де өзіне тән ұстанымдары бар.

Пайғамбарымыз сол сәтте не істеп жатыр еді? Жүректері мұз болып қатқан адамдардың ар-ождандарына өзінің жан сарайынан сарқырап аққан кәусарларды құйып жатты. Ол адамдардың тура жолға түсуі үшін жанын пида етуге бар. Құранда осыған қатысты ол жайлы айтылғанда, «өзін өлтіру» (Кәһф, 18/6; Шұғара, 26/3) сөз тіркесі келтірілген. Иә, ол иманнан мақұрым адамды көргенде жан тәсілім етіп жатқан адамдай қиналған. Ол дәл осылайша ынты-шынтысымен беріліп айтып жатқанда, біреу келіп, сөзін бөліп, көңілін алаңдатады. Негізі оған келген адамның бір себебі болды. Өйткені оның көздері көрмейтін. Алайда Аллаһ елшісі қабағын шытып, жүзін басқа жаққа бұрған болса, оның, ең аз дегенде, он себебі болды. Ендеше, мұндай жағдайдағы оның іс-қимылын қателікке санау (пайғамбарды жамандамақ болғандарды айтамыз) – қателіктің нағыз өзі.
Оқиға осылай болса, шешімі мен жауабы – осы. Алайда Бухари, Муслим, Ибн Мәжә, Әбу Дәууд, Тирмизи, Нәсәи, Ахмәд ибн Ханбәлдің «Муснәді», Хакимнің «Мустәдрәкі» тәрізді хадис деректерінде осы оқиға тәпсірде айтылғандай жазылмаған. Тәпсірлерде сөз болатын қаһармандардың бірі – Пайғамбарымыз, екіншісі – Ибн Мәктум (р.а.) және екі адам бар:  Әбу Жәһіл мен Утбә. Алайда нағыз тәпсіршілер Пайғамбарымызға келген адамның кім екендігі жайлы бірнеше адамдардың атын атаған. Тіпті, келген адамның көзі көр ме, әлде ауыспалы түрде айтылған ба? Бұл да белгісіз. Ендеше, осы тақырыпта жан-жақты ойлану қажет.

Ибн Мәктумнен (р.а.) басқа жеті адамның аттары да аталған. Ибн Мәктумнің (р.а.) бұл жерде өзгелерден басым түсетіндей қандай да бір дәлел жоқ. Тіпті, осы атақты сахаба Исламға алғаш кірушілердің бірі болған. Пайғамбарымыз оны екі рет Мәдинада өз орнына уәкіл етіп қалдырған. Кейін, шамасы, Қадисияда шейіт болған[22]. Негізі Хадиша анамыздың (р.анһа) жағынан Аллаһ елшісіне жақындығы да бар. Иә, Ибн Мәктум – Хадиша анамыздың (р.анһа) немере ағасының баласы. Осы тұрғыдан алғанда, оның сол жерде бөтен болатындай ешбір орны жоқ. Көзі көрмегендігіне қарамастан, Аллаһ елшісіне өкіл болғандығына қарағанда, жоғары парасатты адам. Сондықтан да, жоғарыда айтылғандардың соңында тұратын адам.
Кім білсін, бәлкім көзі көр адам мұнафық шығар. Аллаһ расулы да оның мұнафықтығын білген болуы мүмкін. Дінге шақырғанына немқұрайдылықпен қарап қана қоймай, сөзін бөле бергені үшін Хақ елші оған қабағын шытып, жүзін бұрған шығар. Ендеше, бұл – қалыпты жағдай. Мұнда ешқандай сөкеттік жоқ. Бірақ, осылайша топшылағанымызбен, оқиғаның қалай өрбігенін нақты айта алмаймыз. Басқаша да болуы мүмкін. Бірақ, уақиғаның қаһарманы болған Ибн Мәктумді (р.а.) «келген көзі көр адам – осы» дейтін көзқарас біздің мына жорамалымыздан да әлсіз қисынға құрылған. Олай болатын болса, екі көзқарасқа объективті қарау керек.

Осы арада назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе мынау:
Кейбір тәпсіршілер «әбәсә уә тәуәллә» сөзі Пайғамбарымызды емес, Уәлид ибн Муғираға қатысты дейді. «Әбәсә» етістігі Құран Кәрімде екі жерде кездеседі. Біреуі – осы сүредегі «әбәсә» етістігі. Екіншісі – «Муддәссир» сүресінде кездескен «әбәсә» етістігі. Енді ойлап қараңыздар: Құран Кәрім осы сөзді «Муддәссир» сүресінде бір имансыз үшін пайдаланған. Мейлі ол имансыз Уәлид ибн Муғира болсын, мейлі басқасы болсын, айырмашылығы шамалы (Аққад «Муддәссир» сүресінде айтылған осы адамның Уәлид еместігін айтады). Өйткені аятта оған «Зәним» деп айтылған. Бұл «беделі төмен» деген мағынаны білдіреді. Алайда Халидтің әкесі кәпір саналғанымен, ақсүйек болатын. Сол жердегі адамды Уәлид дей қоятындай сүннетте де дерек жоқ.
«Қабағын шытты, тыржитты» тәрізді сөз тіркестері Құранда бір жерде кәпір үшін берілген (Муддәссир, 74/22). Ендеше, басқа бір аятта Аллаһ расулы үшін қалайша қолданылады? Аллаһтың елшісінің қашан да жүзінен нұр арылмаған.

«Тәуәллә» етістігі үшін де жағдай осылай. Құранда осы сөз Перғауын үшін де қолданылған (Таһа, 20/60). Негізі бұл етістік көбіне тек Перғауын үшін қолданылмаған. Бір анығы, Құранның осы тәсілі перғауындар үшін қолданылған[23].

Ендеше, Құран қалай ғана осы сөзді Хабибуллаһ үшін қолданбақ? Кәпірге кигізген қалпақты Пайғамбарымызға қалай кигізбек?
Осы көзқарасқа тоқтасақ, әдептілік шеңберінен аттаған – Пайғамбарымыз емес, көзі мән-мағынаны білмейтін көр болған кәпір. Көр адамдай келіп, Пайғамбарымызға қабағын шытып, артынша шығып кеткен. Ағзам пайғамбарлардың күнәдан пәктігін ескерсек, осылай да топшылауға болады. Негізінде, дерек тұрғысынан осы пікірді қуаттайтын бірде-бір риуаят (дерек) кездеспейді. Десек те, қисынға сай келетіндіктен бұл топшылауды да жоққа шығара алмаймыз.

Біздің осы талдаудағы мақсатымыз – аяттың түсуіне қатысты себептерді алға тарту арқылы аяттарға немқұрайдылықпен қарап, Пайғамбарымыздың күнәдән пәктігіне нұқсан келтірмек болғандарға айқын жауап беріп, пайғамбарлардың Аллаһ тағаланың кепілдігінде екендігін тағы да бір паш ету. Болмаса, иман келтірген жандар Екі әлем Сардарының Аллаһ тағала алдындағы қадір-қасиетін өте жақсы біледі.

Иә, ол ерекше адам болатын. Аллаһ уахи етті, ол да осы иләһи хабарды алып, тәблиғ етті. Олай болса, оның осы ерекшелігі мен сенімділігін, күнәдән пәктігін Хақ тағала үнемі қорғады. Оны қорғау – мойнымыздағы борыш. Бірнеше мәрте қайталап айтуымыздың себебі де осы. Адамзаттың ардақ тұтар Тұлғасын жай бір адам етіп көрсетіп, сынағысы, сынау арқылы қаралағысы келетін сыртта да, ішімізде де ашық яки құпиялай жүрген небір адамдар бар.

Оның исмәті мен абыройын өз ар-намысымыз бен абыройымыздан жоғары қойып, қорғаштап отыруымыз міндетті. Бірақ күш-қуатымыздың да шектеулі екендігін де білеміз. Иә, кешеден  бүгінге дейін Пайғамбарымыздың төңірегінде дау шығаруға тырысқан дін   дұшпандары мен әдейі яки білмей оларға көмектескен адамдармен күресуге мүмкіндіктеріміз жеткілікті емес. Негізі ниеті бұзықтардың сауалдары мен жүректерге еккен күмән күдіктерінің бәріне жеке-жеке жауап бере алмаймыз. Асылында, бұл шарт емес. Үлкендеріміз осыған қатысты нақылдап: «Әр үргенге бір тас лақтырсам, жер бетінде ешқандай тас қалмас еді» деп өте жақсы айтқан.

Осы жерде тағы бір маңызды мәселені қайтадан еске салмай, өте алмаймыз.

Пайғамбарымыздың болашаққа қатысты айтқан сөздерінде мынадай хабар бар: «Ақырзаманда бір түтін шығады. Осы түтін кәпірлерді өлтіріп, мұсылмандарды да тұмауға ұшыратады»[24] дейді. Яғни,   ақиқатты мойындағысы келмеген атеистік философия құдайын танымайтындарды рухани тұрғыдан өлтірді. Мұсылмандар арасында да күмән тудырды. Бүгін қолына бет орамалын алып, мұрнын қайта-қайта сүртіп жүргендердің халі, міне, осындай...

Араб тілі мен тіл заңдылықтарын терең білмегендіктен, осы надандықтарын бүркемелеуге тырысқандар «бізге Құранның аудармалық мәтіні жетеді, хадистің қандай қажеті бар!» деп сандырақтап жүрген замандастарымыздың халін, одан артық қалай суреттеуге болады. Бұл жеңіл мәселе емес. Әбу Жәһил, Утбә, Шәйбәлармен басталып, еуропалық шығыстанушылармен жалғасып, Гольдциерлер[25] арқылы ғылымға айналдырылған, Вольтерлер[26] арқылы пьесаға айналдырылған, күшейтілген осы күпірлік сценарийін өз әлемдерінде әзірлеп, арамыздағы кейбір жандайшаптардың қолымен іске асыруға тырысуда. Не надандығынан яки мансап құмарлығымен немесе қолдарына ұстатқан бес теңгелік олжа арқылы оларға «ойнаңдар» деуде. Олар болса берілген жарлықты орындау үшін жаман кейіпкердің рөлін сомдауда. «Бізге Құран жетеді. Бәрін де аудармамен шеше аламыз. Араб тілінің не қажеті бар? Аударма оқып-ақ мүжтәһид болуға болады». Осындай сөздер арнайы әзірленген басқа да үлкен сценарийдің бір-екі көрінісі ғана. Осы арқылы имансыздық әлемі тәжірибе жасауда. Оңтайлы сәт тапқан кездерінде (иншаллаһ, таба алмасын) айтқан сөздері мұнымен ғана шектеліп қалмайды.

Осы тұрғыдан алғанда, сахабалардың Пайғамбарымызға көрсеткен құрметін қайта жаңғыртуға өзге замандарға қарағанда қазір әлдеқайда мұқтажбыз. Мұқтаж болған соң да осы мәселені санамызға терең сіңіріп, ажырамас мінезімізге айналдыру үшін Аллаһ елшісінің исмәт пен сенімділігіне зәредей күмәнмен қарамайтындай өте жақсы білуге тиіспіз.

Сахабалар: «Біз Аллаһ елшісін тыңдаған кезде, басымызға құс қонып, оны үркітіп алмауға тырысып, демімізді ішімізге тартып, өте мұқият тыңдайтын едік»[27] дейді. Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар (р.а.) Аллаһ елшісімен асқан байыптылықпен тілдескен. Өйткені олар уахимен қуатталған Пайғамбардың құзырында отырғандарын терең ұғына білген. Оны тыңдау Ұлы Жаратушыны тыңдағанмен бірдей. Өйткені Жаратушыдан  келген уахи әуелі Аллаһ елшісінің кіршіксіз таза ар-ожданы мен тұп-тұнық көңіліне қонып, сол күйінде еш өзгермей халыққа жететін. Сондықтан танитындар оның құзырында үнсіз ғана айтқандарына құлақ қоятын. Сөз Сұлтанының жанында айтылған орынсыз сөздер – кім айтса да, мәні жоқ сөздер. Біз де ақиқатты сахабалардай ұққанда, солар секілді оның ғажап сөздеріне құлақ қоюмен боламыз. Сонда ғана ғасырымыздың дертіне дауа таба аламыз.

Оның сөздеріне әдепсіздікпен қарап, сүннетті жоққа шығару күпірлікке жол салғанмен бірдей. Сол көпірдің үстінде жүруді дағдыға айналдырғандар ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні хазірет Мұхаммед алейһиссәләмнің әлемінен қол үзіп, Әбу Жәһилдерге барып қосылады.

Мұндай күмәнді ойлардан арылып, қауіпсіздік шарасын қарастырудың жолы – Аллаһ елшісін жан-жақты тани білу. Оның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – күнәдан пәктігі. Дін оның күнәдан пәктігімен тұтас бірігіп кеткен. Одан саңылау іздеу дінде орны толмас ең үлкен бүлікке жол ашады.

Сақифтіктердің ұсынысы
Пайғамбарымызға сөгістей көрінген басқа бір аят: «Олар саған уахи еткенімізді тастатқызып, оның орнына жалған бір сөз құрастырып, Бізге жала жапқызуды ойау-да. Осылайша өздеріне сені дос тұтатындай. Егер біз сенің жігеріңді жанымасақ (Егер сен Біз қорғап, қолдаған пайғамбар болмағаныңда), әрине, оларға бір табан болса да, жақындар едің. Мұндай жағдай орын алатын болса, саған тіршілікте де, қайтыс болғаннан кейін де, әлбетте, еселеп азап таттырар едік. Сосын бізге қарсы өзіңе  жәрдемші таба алмас едің» деп келеді (Исра, 17/73-75).

Сақиф руы одан өздерінің мұсылман болғандарын бұлдап, қайтарымы ретінде өздеріне ерекше жағдай жасауын талап етті. Бұлар Аллаһ расулына мұсылман боламыз, бірақ кейбір парыздарды бізден алып таста деген талаптарын қояды. Оларда «егер басқалар: «сіздерге мұндай артықшылық қайдан берілді?» деп сұрай қалғанда Аллаһ елшісі: «Раббым, маған осылай жарлық берді» деп айтады деген балаша ойлары болды[28]. Аяттар олардың осы жағдайлары мен Пайғамбардың айқын ұстанымын білдіреді. Бұл аяттарда да Пайғамбарымыздың күнәдән пәктігіне көлеңке түсіретін бір ауыз сөз жоқ.

Олар Аллаһ елшісін айтқанымызға көндіріп, айдағанымызға жүргіземіз деп ойлады. Уахи мен пайғамбарлықтың не екенін білмеген осы надандар өздерінің тар түсініктері бойынша «адамдардың тура жолға түсуін жан-тәнімен қалаған адамның біздің Исламды қабылдаймыз деген ұсынымызға да «жоқ» демей, тура жолға түсетініміз үшін біздің мойнымыздан кейбір жауапкершіліктерді алып тастайды» деп ойлады.

Бұл өздеріне тән пікір еді. Хақ пайғамбарға келсек, ақылы тұрмақ оның қиялында да мұндай нәрсенің қылт етуі мүмкін емес. Дін – біртұтас дүние. Оны бөлшектеп, өз қалауымызға сай өңін айналдырып алатын болсақ, оған дін деп қарау да мүмкін емес. Ақиық елші пайғамбарлықтың алғаш күнінде өзін тыңдағандарға не айтса, өмірінің ақырғы сәттерінде де сол сөзді айтты. Ол – туралықты берік ұстанған адам. Ислам да негізі адамды туралыққа бастау үшін келген. Онда бір-біріне қарама-қарсы үкімдердің болуы мүмкін емес. Мұндай пікірдің шынайы ілімге қиысатын тұсы жоқ. 

Мұндай ұсынысты Пайғамбарымыз тұрмақ Әбу Бәкір (р.а.) де қабылдамай тастаған. Діннен шығу (иртидат) оқиғаларында «намаз оқимыз, бірақ зекет бермейміз» дегендерге соғыс жариялаған[29]. Ендеше, осы аятта Пайғамбарымыз қателесті дейтіндей ешқандай сөз жоқ. Аятта айтылған жайт – кейбір ақылы келте адамдардың Аллаһ елшісіне ешқандай қатысы жоқ пікірлері мен қиялдары. Пайғамбарымыз олардың мұндай ойларынан ада һәм пәк.

Екінші аятта: «Егер Біз сені асқақ таулар тәрізді мықтамағанда, иә дәл таулардай ақиқатқа қазық болып қағылмағанда, аз да болса оларды мақұлдар едің» (Исра, 17/74) делінеді.

Айтылған осы сөзді Пайғамбарымыздың ұлылығын көрсету үшін пайдалануымыз керек.

Егер ол пайғамбар емес, қатардағы идеалистердің бірі болғанда, қол астына кіруді қалаған осы адамдарды өзіне қарату үшін олардың шартын орындап, ойларына көз жұма қарауы мүмкін еді. Өйткені, адам жаратылысының осындай осал тұстары болады. Бірақ, Аллаһ елшісі – күллі осалдық пен пенделіктерден қорғалған пайғамбар. Адамдарды өзіне емес, Аллаһ тағаланың дініне тартуға тырысуда. Дінді тұтастай қабылдамаған адамды Хақ пайғамбар не үшін қабылдап, сол үшін діннің үкімін өзгертсін? Ол тек Хақ тағаланың әмірі мен тыйымдарын жеткізуші елші ғана. Үкімді шығарушы, әмір мен тыйымдарды қоюшы – тікелей Аллаһ тағаланың өзі.

«Оларды мақұлдауың мүмкін еді» сөзінен де төмендегідей мағынаны пайымдауға болады:
Егер Біз сенің барлық іс-әрекеттеріңді уахи арқылы бақылауға алмағанда, сен де өзгелердей дінді тәблиғ етуде ақыл мен қисын жолын таңдағаныңда, сенің де «Мен бұларды мақұлдай тұрайын, сосын оларды біртіндеп дінге бойларын жылытып, толық мұсылман болуларына жағдай жасайын» деп ойлауың бек мүмкін еді.

Иә, сенің санаңда мұндай ойдың ұшқыны да болмады. Бірақ, мұндай ойға Біз барғызбадық. Сен мұндай әрекетке баратындай Біз сені бір сәт болсын назардан тыс қалдырған емеспіз.

Басқа мағынасын былайша түсінген жөн: Сен болмысыңа сай олардың тура жолға келуін қатты қалайсың. Олар иман келтірмеді деп жаныңды жегідей жейсің.

Сен – көңіл сарайы барша әлемдерге ашық адамсың. Оларға да құшағыңды айқара ашу сенің осы шексіз мейірім-шапағатыңнан өрбиді. Сен мейірімділігіңмен оларды тура жолға түсу үшін ұсыныстарын қабыл етіп, оларды һидаят есігінен кері қарай қайтармайтын едің. Бірақ, Біз сенің болмысыңды белгілі бір өлшемде жараттық. Осы арқылы сені астамшылық пен кемшіліктен сақтадық. Кімге қашан және қандай деңгейде мейірімділік көрсететініңді өте жақсы білесің. Сондықтан да сен рақымдылығыңды иләһи рақымдылықтан жоғары қойып шайтани ойға мойын бұратындай жан емессің.

Мәуләнаға қатысты: «Кел, кел! Кім болсаң да кел!» деген сөз бар. Осы сөздің түп-төркініне үңілсек, Ислам ғұламасының Пайғамбарымыздан үлгі алғаны көрініп тұр. Аллаһ елшісі – бір адамды да назардан тыс қалдырмай, тегіс тура жолға түсуін қалаған көңілі терең жан. Жер бетінде барлық жан мұсылман болып, бар-жоғы бір-екі адам ғана осы иләһи хабардан мақұрым қалса, Рақым Пайғамбар әлгі иманнан қалыс қалғандардың тура жолға келуі үшін барын салар еді. Иә, оның көк қақпалары тәрізді елдің бәріне айқара ашық кеңпейіл жүрегі бар. Егер иләһи сақтық болмағанда, шамасы «лә иләһә илләллаһ» дегендерді де өз қатарына алуға тырысар еді. Бірақ Аллаһ оның сезімдеріне өлшем мен тепе-теңдік қойып, Пайғамбарын қорғап, қолдаған. Осының арқасында ол әсте қателікке бармады.

«Аз да болса мақұлдар едің» деген сөз олардың ойын мақұлдаған деген мағынаға келмейді. Бұған жол ашатын қандай да бір жоқ бола тұра, Пайғамбарымыздан мұндай осалдық іздеу нағыз осал адамның ісі болса керек.

Аллаһ тағала әу бастан оның тірегін берік етіп сақтаған. Ол да өз ғұмырында әсте қателеспейді. Өйткені, оның болмысы ақиқатпен біте қайнасып, іс-қимылдарын уахи арқылы жүргізген. Жүрегі де Аллаһ тағаланың разылығына тола еді. Мұндай сұлтандар Сұлтаны көктерге тақ құрып отырғанда, оның тобығына лай жұғуы мүмкін деу – не лайдың, не көктерге тақ құрып отырудың не екендігін білмеу деген сөз. Не дейік, Аллаһ тағала мұндай ойлаған жандарға да туралық нәсіп қылсын!

Әсіресе, осы аяттардан кейін түскен мына аят Аллаһ елшісінің олардың имансыздығын құп көрмейтінін айқын көрсетеді. «Олар сені түртпектеп еліңнен қуа жаздады. Мұндай жағдайда олар ұзаққа бармайтын еді» (Исра, 17/76).

Кедейлерге деген көзқарасы
Пайғамбарымызға ескертудей көрінген ілтипатқа толы бұл аят та құрайыштықтардың мынадай талабына қатысты түскен. Құрайыштықтардың ығай мен сығайлары Аллаһ елшісіне келіп: «Сенің жаныңда кедей, міскін, құл-құтандар отыр. Біз олармен бірге отыра алмаймыз. Не бізге арнайы бір күніңді бөл немесе біз келген кезімізде оларды қасыңнан аластат»[30], – дейді. Осыған байланысты сонда мынадай аят түсті: «Таңертең және кешқұрым Раббыларына жалбарынып, Оның дидарын тілегендерді қума. Олардан саған, сенен оларға да келіп-кетер зиян болмайды. Сондықтан, оларды қусаң, зұлымдық көрсетушілерден боласың» (Әнғам, 6/52).

Сондай-ақ «Кәһф» сүресінде де дәл осы мағынаға сай мынадай аят бар: «Таңертең және кешқұрым Раббыларына Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр қыл. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ, Бізді еске алуды ұмытқандарға, ісінде шектен шығып құмарлықтарына ергендерге бағынба!» (Кәһф, 18/28).

Аллаһ елшісіне пайғамбарлығы басталған күннен бері оған мойынсұнып, беріктігін танытқан адамдар бар еді. Бұлар кедей, міскін жандар болатын. Сол заманда кәпірлер кедейлермен тізе түйістіріп бірге отыруды ар санаған. Алайда Рақым Пайғамбар үстемдікті тек тақуалық пен Аллаһтан қорыққан жандарға лайық көрген бір дінмен келген (Хұжырат, 49/13)7. Сол дін бойынша байдың кедейден ешқандай артықшылығы жоқ.

Пайғамбарымыз «Жәннат төрт адамға ынтызар»[31] дейді. Осы төрт адамның төртеуі де кедей жандар: Аммар кедей, Салман кедей, Миқдад кедей, ақырғысы Әли (р.а.) де кедей. Ел-жұрт жәннатқа, жәннат болса, осы адамдарға ынтызар. Келсін деп күн санап жатқандай. Олардың жүректері Аллаһ тағалаға деген қорқыныш пен құрметке толы жандар болған. Күндіз-түні Раббыларын еске алып, қашан да Оның құзырында тұрғандай ғұмыр кешкен. Хақ тағалаға жақындардан болуын мұрат еткен болса, пайғамбарымыз қалай ғана оларды жанынан аластатсын.

Бірде Әбу Зәрр (р.а.) Біләлге (р.а.): «Ей, қара әйелдің ұлы»,- деп қалады. Оның Біләлді кемсіткенін құлағы шалып қалған Пайғамбарымыз қабағын шытып: «Сенің бойыңда әлі де надандықтың қалдығы бар»,- деп ашуланып, оған: «Қол астыларыңда жұмыс істегендер – өз бауырларың. Оларға ішкендеріңнен ішкізіп, кигендеріңнен кидіріңдер. Шамасы келмейтін нәрселерді олардан талап етпеңдер. Егер талап ететін болсаңдар, өздерің де көмектесіңдер»[32], – деп насихат айтады.

Сонымен қатар Пайғамбар өте кішіпейіл болған. Құзырына кез-келген жан еркін кіріп-шыға алатын. Негізі Ислам дінінің рухында да осы ұстанымдар бар. Мұсылмандардың байы мен кедейі, құлы мен ақсүйегі, басшысы мен қызметшісі бір сапта тұрып құлшылық қылмаушы ма еді? Ендеше, осындай діннің өкілі Ұлы Пайғамбар кедей болғаны үшін кейбір адамдарды қалай құзырынан қумақ? «Аллаһым, мен жұпыны тіршілік ете-йін. Кедей боп өлейін, кедейлермен бірге қайта тірілт»[33], – деген тікелей өзі емес пе еді? Осындай сөзді айтқан адам кедей достарын жанынан қууы мүмкін бе? Жо-жоқ, әсте олай емес. Аллаһ елшісі ешқандай кедейді жанынан қумады. Мұндай ойдың өзін маңына жуытпады.

Сонымен қатар, ол пайғамбар еді. Барша жұрттың тура жолға келуін қалады. Дәрежесі хасан яки әлсіз бір хадисте Омардың (р.а.) Исламға кіруі үшін дұға оқып жалбарынғандығы айтылады. Тіпті, кейбір деректе өз есімі Амр ибн Хишам болған Әбу Жәһилді де осы дұғасына қосқан[34]. Аллаһ елшісі осы дұғасында: «Аллаһым, осы дінді Омар ибн Хаттаб (р.а.) арқылы қуаттандыр»[35] дейді.

Шамасы, Аллаһ тағала Хабибіне болашақта болатын оқиғаларды аңғартқанда, Омардың (р.а.) кейін көптеген жеңістерге қол жеткізетіндігін көрсетсе керек. Пайғамбарымыз осыны білгендіктен, оның Исламға кіруін қалап дұға еткен болуы мүмкін. Яки, Ақиық елші ерекше пайымдылығының арқасында Омардың (р.а.) келбетінен Исламға лайық екендігін аңғарып, дұға еткен.

Аллаһ елшісі Құрайыштың үлкендерінің де Исламға кіруін жан дүниесімен қалайтын еді. Оларды үйінде сан рет қонақ етіп, сый-сияпат көрсетіп, жүректерін жібітуге тырысқан. Бірақ, қашан да олар оның осы қалауына қитұрқы жауап қатып, бастарына қонып тұрған бақты ұшырып алды.

Олар Пайғамбармен кездесу жөнінде ұсыныс жасайды. Мына хабар Аллаһ елшісін үміттендірді. Омардың (р.а.) һидаяты үшін Хақ пайғамбар жатпай-тұрмай тілек тілеп, ол ақырында мұсылман болды. Омар мұсылман болған соң Ислам тарихында елеулі оқиғалар орын алып, Пайғамбарымыздың сонша тілек-тілеп жалбаруында қателеспегенін көрсетті. Егер бұлар да мұсылмандықты қабылдаса, Исламның кең таралуына көп септіктерін тигізбек.

Алайда, олардың ұсыныстары Ислам дінінің негіздеріне қайшы шықты. Рақым Пайғамбар олардың қисынсыз талаптарын естігенде, мұңайып, ауыр күрсінген шығар. Өйткені мұндай ұсыныс бұрынғы өткен барша пайғамбарларға да жасалған. Аллаһ елшісі олардың жөнсіз талаптарымен келіспейді. Әлбетте, мұның оңайға соқпайтыны белгілі. Табалдырығына дейін келген осы һидаяттан мына адамдар түкке керексіз тәкаппарлыққа бола құралақан қалды[36]. Аллаһ елшісі олардың осы қасіреттерін көріп қайғырды. Аятта оның көңілін жұбату үшін, «Олардың алдынан өттің Оларға қатысты жауапкершіліктен құтылдың» делінген.

Пайғамбарымыз кедейлерді қасынан тастамады. Бірақ, өзгелердің һидаяты үшін де шаралар қарастырды. Дереу осы шешімінің дұрыстығынан хабар беретін аят түседі. Өйткені, ол достарын аластатпауға шешім қабылдаған. Аят та оған кедейлерді жаныңнан қума деуде еді.

Бір ескерту
Міндетті түрде назар аударылуы тиіс мынадай бір нәзік мәселе бар.
Құран Кәрімде Пайғамбарымызға әрі барша мұсылмандарға бірдей қатысты жүздеген нұсқаулар бар. Бұл нұсқаулар мен тыйымдар шариғи заңдылықтарды құрайды. Ал оларды тікелей Аллаһ тағаланың әмірлері орындалмағандықтан айтылған сөздер деуге келмейді. Мысалы, Құран Пайғамбарымызға «Намаз оқы, ораза ұста, зекет бер» дейді. Бұлардың әрбіреуі өз алдына бөлек әмірлер болып табылады. Сондықтан да, бұларды Пайғамбарымыздың орындамауына қатысты келген ескертулер деп ойлау әсте дұрыс емес. Дәл осы секілді Құран Кәрімде Пайғамбарымызға: «Кедейлерді қума!» деген. Бірақ, бұл әсте «Неліктен кедейлерді жаныңнан қуып жатырсың, оларды қумауың керек еді ғой» деген сөз емес. Бұл Аллаһ елшісінің күнәдан пәктігіне қайшы. Бұл жарлық Пайғамбарымыздың іштей түйген шешімінің туралығын растау үшін келген. Әрі бұл жарлық оның фәтәнаты мен исмәтін де паш етіп, көкірегі соқырларға таяқ ұстатқандай ету үшін түседі.

Айтқандарымды «Кәһф» сүресіндегі аяттан айқын байқай аласыздар. Өйткені, Аллаһ тағала осы аятта екі әлем Сардарына: «Күндіз-түні Раббыларын еске алғандармен бірге сен де сабырлы бол» дейді. Сабырлық – өз қалпыңды сақтау деген сөз. Мысалы, бір адам құлшылық кезінде сабырлы болады. Құлшылықтан бір елі ажырамай терең ғибадат қылады. Өзге біреу қайғыға қарсы тұрып, сабырлы бола алады. Қайғы-қасірет оның қалпын бұза алмайды. Ол еш нәрсе болмағандай бәз-баяғы күйін сақтайды. Күнә алдында сабырлы болу да сол тәрізді. Күнә жасамау үшін де бұрынғы қалпын бұзбау ләзім. Пайғамбарымызға «сабырлы бол» деуі «бұрынғы қалпың мен түйген шешіміңді сақта» дегені. Бұл да Аллаһ елшісінің түйген шешімінің Хақ тағаланың разылығына лайық екендігін көрсетудің бір түрі. Осы тұрғыдан алғанда, Аллаһ елшісін мақтау бар. Оның іс-әрекетінің дұрыстығын Аллаһ тағаланың өзі растап, сүйіншілейді. «Сұм дүние үшін оларға мойныңды бұрма. Негізі Сен оларға көне қоятындай адам емессің. Өйткені, оларға мойын бұру сенің рухыңды алай-дүлей етіп, қараңғылыққа тұншықтырады. Алайда, сен пәк, таза жансың. Сенің ой-өрісіңде иненің ұшындай да дақ жоқ» деп сүйіншіленіп жатқандай.

Ол – осындай пайғамбар. Раббысының құзырына да осылайша кірген. Күнә одан жер мен көктің арасындай қашық. Ол шыр етіп дүниеге келгенде, қандай пәк болса, көз жұмғанда да, дәл сондай таза да мөлдір еді.



[1] Муслим, Мусафирин, 139; Әбу Дәууд, Татауу, 26.
[2] Ибн Хишам, Сирә, 4/55; Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 4/344.
[3] Муслим, Жиһад, 58; Муснәд, 1/31-32.
[4] Қуртиби, 8/31; Муснәд, 1/383.
[5] Бухари, Тәфсир, (21), 2; Муслим, Таһарат, 37; Салат, 53; Тирмизи, Қиямәт, 3; Ибн Мәжә, Мәнәсиқ, 40, 76.
[6] Қуртуби, 8/31; Муснәд, 1/383.
[7] Муслим, Жиһад, 58; Муснәд, 1/31-32.
[8] Бухари, Тәйяммум, 1, Салат, 56; Муслим, Мәсәжид, 3.
[9] Муснәд, 4/197.
[10] Замахшара Махмуд (1074-1144) – Орта Азиялық атақты мұсылман ғалымы, арабист, ақын әрі жазушы.
[11] Сәккәки Әбу Яқуб (1166-1299) Фикһ пен филология саласында аты әйгілі, Орта Азия ғалымы, сүбелі ғылыми еңбектердің авторы.
[12] Қараңыз; Қуртуби, 8/98-99.
[13] Бухари, Иман, 24; Муслим, Иман, 107; Тирмизи, Иман, 20; Муснәд, 2/2, 291, 357.
[14] Зәмәхшәри, Кәшшәф, 2/153-154.
[15] Рази, Мәфәтихул-Ғайб, 16/73-74.
[16] Бухари, Жәнәиз, 23; Либәс, 8; Муснәд, 2/18.
[17] Бухари, Жәнәиз, 23.
[18] Бухари, Кәффәрат, 9.
[19] Бухари, Тәфсиру, (21), 2,5,14, Муслим, Тахарат, 17, Салат 53, Тирмизи, Қиямә, 3.
[20] Қараңыз; Жәзири, Мәзәһиб, 1/272/273.
[21] Бухари, Салат, 101; Муслим, Салат, 261; Әбу Дәууд, Салат, 108.
[22] Ибн Хәжәр, Исәбә, 2/523-524.
[23] Қараңыз; Бақара, 2/305; Таһа, 20/48; Нәжім, 53/33; Мағариж, 70/17; Ғашия, 88/23; Ләйл, 92/16; Алақ, 96/13
[24] Муслим, Мунафиқин, 39; Муснәд, 3/178.
[25] Гольдциер (1850-1921) – Венгриялық арабист, исламтанушы.
[26] Вольтерлер (1694-1778) – Француз жазушысы, публицист. Қайта өрлеу дәуірінің энциклопедисті
[27] Бухари, Жиһад, 37; Әбу Дәууд, Тыбб, 1; Нәсәи, Жәнәиз, 81; Ибн Мәжә, Жәнәиз, 37; Муснәд, 4/287-288.
[28] Ибн Хишам, Сирә, 4/184; Ибн Сағд, Табақат, 1/312-313.
[29] Бухари, Итисам, 2; Муслим, Иман, 32; Әбу Дәууд, Зәкәт, 1.
[30] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 3/129.
[31] Мәжмәуз-Зәуәид, 9/307; Әбу Нуайым, Хилия, 1/142; Суюти, әл-Фәтхул-Кәбир, 1/297-298.
[32] Бухари, Иман, 22; Итқ, 15; Муслим, Иман, 40.
[33] Тирмизи, Зуһд, 37; Ибн Мәжә, Зуһд, 7.
[34] Тирмизи, Мәнәқиб, 18.
[35] Мустәдрәк, 3/83.
[36] Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 3/83; Кәнзул-Уммәл, 14/39-40.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.