ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ ӘКЕЛІК МІНБЕРІНДЕ

Ұлы Жаратушының ақырғы Пайғамбары барлық істе ұлылықтың асқан үлгісін көрсете білді. Пайғамбарымызды тану барысында оны адамзаттың өткен-кеткен алып тұлғаларымен салыстыру ешбір ұтымды нәтиже бере қоймайды. Себебі шектеулі таным көкжиегімізбен хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) болмысына бойлау әсте мүмкін емес. Өйткені Аллаһ тағала ерекше сый ретінде оған әр салада оқ бойы озық болуды нәсіп еткен.

Адамзаттың мақтан тұтар Тұлғасы өзіне сай мақтан тұтарлық тұлға болып ғұмыр кешті. Мұның дәлелі адамзат әлі күнге дейін оған деңгейлес құбылысты білмейді. Тіпті Пайғамбарымыздың қасында жүрген кейбір адамдардың өзі оның қадірін түсіне алмады. Сәт сайын күн шуағынан нәр алып келген гүл кенеттен күн көзінен тасаланып қалса, күйі не болмақ. Күннің шын мәнісіндегі қадірін сол кезде ғана түсінбей ме?.. Сол секілді Пайғамбарымыздың кейбір замандастары оны тану тұрғысынан келгенде, қолдарын кеш сермеп, қапыда қалды. Дей тұрғанмен, үмбетінің арасында оны танып, құрмет көрсеткендер қашанда жеткілікті болған.

Арада он төрт ғасыр өтсе де, біз әлі Хадишаға (р.а.), Айша (р.а.) мен Умму Сәләмаға (р.а.), Хафсаға (р.а.) «анам» деген сәтте, іштей ғажайып қуанышқа бөленіп жатамыз. Әлбетте, бұл сезім сол заманда әлдеқайда терең һәм әлдеқайда шынайы болатын. Бұлардың барлығы Пайғамбар үшін еді. Хазірет Әбу Бәкір өзінің қызы Айшаға «анашым» дейтін. Онсыз да «Пайғамбарларыңның әйелдеріне келсек, олар да мұсылмандардың анасы» (Ахзаб, 33/6) аяты да осыны айтпаушы ма еді? Міне, хазірет Әбу Бәкір де осы себепті құшағында мәпелеп өсірген қызы хазірет Айшаға «анам» дейтін еді. Бірақ, амал қанша, осыншама  көрсетілген құрметтің қай-қайсысы да Пайғамбарымыздың жоқтығынан туған қайғы-қасіретке шипа бола алмады. Иә, кейінгі жылдары осы қасіреттен көз ашпады, көкіректерінен оны жұлып тастауға шамалары келмеді. Қашан да қасірет сағынышын баса алмай, мұңайып, ой үстінде күй кешті. Бас қоса қалса шерін ақтарып, жылаумен болды. 

Ол ғажап отағасы болумен қатар, ғажайып әке, сол әкелігінің тереңдігіне лайық теңдессіз ата да болды.

Ол балалары мен немерелеріне ыстық ықыласпен мейірім-шапағатын төгетін. Оларды ақырет пен шынайы хақ ілімге баулуды ұмытпайтын. Сөйте тұра, олардың ақыреттік мәселелерге немқұрайлы қарауына жол бермеді. Оларға кеңпейіл болса да, Аллаһ тағаламен арасындағы байланыс-ты сақтауда байсалдылыққа баулыды. Бір жағынан, оларды емін-еркін ұстап, өмір сүру жолдарын үйретсе, екінші жағынан, олардың боркемік, бойкүйез болып өсуіне жол бермеді. Жол бермеуі былай тұрсын, бар ынты-шынтысымен көңіл бөліп, оларды әрдайым асқақ һәм ақыреттік өмірге дайындады. Бұл да оның асқақ даналығы мен ұлық парасат пайымының бірден-бір дәлелі.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.