Сезім мүшелерінің көмегінсіз көру, есту және иіс сезу

Сезім мүшелерінің көмегінсіз есту, көру және иіс сезу қабілеті де метафизикалық болмыстардың, әсіресе, рухтың бар екеніне дәлел. Осыған қатысты Мәулана Жәләлиддин Руми: «Сөйлей алатын өте ұсақ бөлшектерді көрдім. Олардың жейтін тағамдарын айтатын болсам, әңгіме көбейеді»[1], – деген болатын.

Мәулана – жеті ғасыр бұрын өмір сүрген Ислам тасаууыф ілімінің көрнекті өкілі. Ол өмір сүрген дәуірде адамдардың микроп туралы да, микроскоп туралы да хабары жоқ еді. Алайда Мәулана микроптарды көргенін, тіпті олардың немен қоректенетінін де айтып кеткен. Бұл тұста кемеңгер мұның барлығын қайдан білді, қалай көрді деген сауал туындайды. Ол көрген жайттарды жай көзбен көре алмайтынымыз белгілі. Әрине, Мәулана бұларды материядан тыс, рухтың көзімен көріп, тамашалады. Бұл мәселені басқалай түсіндіру мүмкін емес.

Алайда мұндай қабілет көрінгеннің бойынан табыла бермейді. Мұндайға қол жеткізу үшін адамның рухани дүниесі кемелденіп, метафизикалық әлемнің тылсымдарын тануға деген көкірек көзі ашылуы қажет. Сонымен қатар, мұндай танымдық қабілетке ие жанның сол сәттегі халі байқай білсек, сезе білген түйсігі өте маңызды. Сондықтан болса керек, бір мәжілісте болған адамдардың бірінің көргенін екіншісі мүлдем көре алмауы мүмкін, өйткені мұндай жандардың дәл сол сәтте метафизикалық болмыстарды көру қасиеті болмағандықтан, көкірек көзі ашылмаған.

Ахмед ибн Ханбәл мен Табәрани осы айтылған ойды нақтылап, дәлелдей түсетін бір оқиғаны жеткізеді.

Бірде Хазірет Аббас ұлы Абдуллаһты ертіп алып Аллаһ елшісімен жүздесу үшін мешітке барады. Мешітте Аллаһ елшісі жанында отырған кісімен маңызды бір мәселені талқылап отырғандықтан хазірет Аббас пен ұлына назар аудармайды.

Бұған аздап көңілі құлазыған хазірет Аббас ұлын ертіп алып сыртқа шығады. Ибн Аббас (р.а.) әкесіне: «Әке! Аллаһ елшісінің жанында отырған адамға назар салдың ба? Осы уақытқа дейін мұншалықты сұлу адам көрген емеспін», – дейді. Хазірет Аббас: «Қайсысы сұлу? Аллаһ елшісі ме, әлде сол кісі ме?» – деп сұрайды. Ибн Аббас: «Әлгі кісі», – деп жауап берген соң, әкесі ойланып қалып: «Жүр, барып кім екенін сұрап білейік», – дейді де, екеуі қайтадан мешітке кіреді. Аллаһ елшісінің жанына барып, болған жайды түгелдей баяндайды. Аллаһ елшісі Ибн Аббастан: «Сен менің жанымдағы адамды көрдің бе?» – деп сұрайды. Ибн Аббас: «Иә, көрдім», – дейді. Аллаһ елшісі жаңа жанында отырғанның Жәбірейіл екенін, өзі туралы өте жақсы сөздер айтқанын жеткізеді»[2].

Осы жағдайда хазірет Аббас Жәбірейілді (а.с.) аңғаратындай халде болмағаны үшін періштені байқамады. Алайда оның қасындағы ұлы Абдуллаһ ибн Аббас періштені көзімен көрді. Демек, метафизикалық болмыстарды көре білу үшін осыған сай рухани ахуалдың болуы қажет.

Анығында әркім рухани танымдық тереңдігіне қарай ақыретте Аллаһ тағаланы көре алады. Бұл үшін адам иләһи әлемді тамашалайтын танымдық тереңдікке бойлауы қажет. Бұл дүниеде ешбір жан Аллаһты көре алмайды. Көрдім дегендердің айтқаны бос қиял немесе сандырақ. Шексіздік иесін шектеулі көзбен көру мүмкін емес. Біздің айтпағымыз, адам баласының осы дүниеде кісілік кемелдікке қол жеткізіп, осы қабілетінің жемісін арғы дүниеде көру мәселесі. Аллаһ елшісінің айтуынша, біз жаннатта Аллаһты көреміз және көрген сайын өзгеріске түсіп отырамыз.[3]

Иә, Аллаһ тағаланы көру барысында неше түрлі әлемдерге қадам басамыз. Жаратушыны жаннатта көреміз. Алайда жаннатты Аллаһ тағаланың тұғыры деп есептеу немесе Оны тек жаннатта болады деп ойлау дұрыс емес. Мұсылмандар жаннатқа кіргенде бұл дүниенің кеңістік өлшемдерінің шектеуінен құтылады, яғни мұнда адам үш өлшемді мекен мен жалғыз өлшемді уақыт кеңістігінің тар аясынан құтылады. Ғаламда шарықтап жүргендей ғажайыпқа кенеліп, дәл осы күйде Жаратушыны жаннатта көретін болады.

Мүмин ретінде біздер көзімізбен көріп жүрген физикалық кеңістіктің бар екеніне сенгеніміз секілді метафизикаға да дәл солай сенуіміз қажет. Көзімізбен көріп, тамашалап жүрген бұл дүниедегі түрлі құбылыстар шын мәнінде өзінің шынайы кейпінің көлеңкесі ғана. Бір өкініштісі, көкірек көзін шел қаптап, сезімдік танымы тұралаған кейбір жандар ақиқатты осы көлеңкелерден ғана тұрады деп ойлап, адасуда.

Ғаламдағы құбылыстардың сыртқы көрінісімен шектеліп қалмай, астарындағы мән-мағынасын ұғынуға талпынған сайын адамның жүрегі, сана-сезімі және рухани танымдық қабілеті тереңдеп, кемелдене түседі. Мұндай дәрежеге жеткен жан жанарын қолданбай-ақ көкірек көзімен көріп, құлақсыз-ақ естіп немесе мұрынның көмегінсіз иіс сезетін қабілетке ие болады.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Саптарыңды түзу ұстаңдар. Шайтанның араларыңда жүргенін көрудемін. Мен алдымды қалай көрсем, артымдағыны да солай көремін»[4], – деген. Осыған ұқсас тағы бір жайт, Жақып (а.с.) Жүсіптің (а.с.) иісін өте ұзақтан сезген еді[5]. Хазірет Омар он күндік жол болатын қашықтықта майдандағы бас қолбасшысына соғыс тактикасын айтып: «Әй, Сария! Тау жаққа қарай... Тау жаққа қарай...»[6] – деп нұсқау бергені белгілі. Хазірет Омар осындай ұзақ қашықтықтан өзінің даусын қолбасшы Сарияға жеткізе білген.

Мұндай мысалдар бүгінгі күннің өзінде жетіп артылады. Мұрнымен естіп, тобығымен иіс сезгендер, саусақтарымен немесе аяғының саусақтарымен көретіндер өте көп. Осы секілді тәжірибелер көрсеткендей, адам белгілі деңгейде рухын шыңдау арқылы сезімдік таным арқылы біле алатын жайттардың бәрін сезім мүшелерінің көмегінсіз-ақ біле алады.

Бұл ғажайыпты қалай түсіндіруге болады? Бұл арқылы нені дәлелдей аламыз? Аллаһ тағала көру үшін көзді, сөйлеу үшін ауызды, иіскеу үшін мұрынды, есту үшін құлақты берді. Алайда кей жағдайларда рух бұлардың ешбірін қажетсінбейді. Керек жағдайда рух құдды түс көргендегідей секілді тылсымға толы үлкен мүмкіндігін де көрсете алады. Мұндай жағдайда рух күш алып, сезім мүшелерінің көмегін қажетсінбей, өзгеше бір тәсілмен көреді әрі естиді.

Бүгінде «телестазия» өз алдына отау тігіп, дербес зерттеу саласына айналды. Бұл саланың зерттеу нәтижелері барлық күшті материяға теліп, даму дөңгелегі тек материядан туындайтынын алға тартатын және барлық нәрсені материяның түрлі формадағы көрінісі деп есептейтін материалистік көзқарасты күн санап жоққа шығаруда, өйткені жоғарыда аталған нақтылы жайлардың ешбірін материямен түсіндіру мүмкін емес.

[1] Мәулана Жәләлиддин Руми, Мәснәуи, 3-том, 26- өлең
[2] Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал, 13/458
[3] Қараңыз: Бұхари, Тәухид 24; Мәуәқыт 16, 26; Тәфсир (50) 2; Мүслим, Мәсәжид 211; Әбу Дәуіт, Сүннет 19; Тирмизи, Жаннат 15, 16, 17; Ибн Мажә, Муқаддима 13
[4] Нәсәи, Имамә 28; Әбу Дәуіт, Салат 93, 98; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/262; 3/154, 260, 283
[5] Қараңыз: «Жүсіп» сүресі, 12/94
[6] Табәри, Тарих 2/553-554; Бәйхаки, әл-Итиқад 314 б; Ажлуни, Кәшфул-хафа 2/380

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.