Болмыс тек көзге көрінетін дүниелерден тұрмайды

Еңбектің осы тұсына дейін айтылған оқиғалардың барлығы әлемде материя және физиканың заңдарымен түсіндіруге келмейтін өзгеше бір болмыстың бар екенін айғақтайтын жайттар еді. Осы тұрғыдан барлық нәрсені тәжірибе арқылы лабораторияда анықтаймын деу бос әурешілік, әрі адасушылық. Мұндай түсінікпен ғылымның тек оннан бір бөлігін ғана зерттеп-зерделеуге болады. Адам баласын барлық қырынан қолға алып, зерттейтіндер оның материялық табиғаты және физиономиясымен қоса жан дүниесі мен рухани болмысын да қоса қарастыруы қажет. Міне, сонда ғана адам жөнінде обьективті тұжырым жасалуы мүмкін. Сонда ғана адамның қымтаулы жатқан құпиясы ашылып, тылсым сыры ашылмақ.

Адамды бір ғана қырынан қарастырып, зерттейтіндер ешбір ғылыми тұжырымға қол жеткізбейді, керісінше, Алекс Каррель айтқандай, оны жауабы жоқ жұмбаққа айналдырады. Біздер үшін ақыл жетпес жалғыз ғана күш – Ұлы Жаратушы. Оны танып-білдім деу мүмкін емес. Жаратушыны ұғынудың шырқау шегі – Оны танып-біле алмайтыныңды мойындау. Пайғамбарлардан кейінгі адам баласының ең абзал тұлғасы саналатын хазірет Әбу Бәкір (р.а.): «Сені танып-біле алмайтынын мойындау – Сені ұғынудың нышаны»[1], – деген болатын. Адамзаттың асыл тәжі хазірет Мұхаммед (с.а.с.): «Уа, Раббымыз! Сені Өзіңе лайықты түрде біле алмадық»[2] – деу арқылы мағрифаттың (Аллаһты танып-білу ілімінің атауы) шыңын паш еткен.

Адам баласы Ұлы Жаратушыны ешқашан толықтай танып-біле алмайды. Кез келген мәселені Жаратушының білдіргісі келген мөлшерде деңгейінде ғана танып біледі. Адам болмысының мән-мазмұны Ұлы Жаратушыны түсінуге, тануға, өмірін сол жолға арнауға негізделген, сондықтан адам болмысын танып-білудің бір ғана жолы бар. Ол – адам болмысын барлық қырымен қарастырып, бірегей тұжырым жасау. Таяу болашақта білім ордаларымызда адам болмысын жоғарыда айтқандай біртұтас қарастырып, бірегей тұжырым жасайтын ғалымдар көбейеді. Ғаламдағы барлық құбылыстар мен адам болмысына деген ғылыми көзқарас та қайта қарастырылып, жаңаша тұжырымдалады. Ізгілік жаршылары боп келген жаңа көзқарастағы жандар ғылым мен технологияның сан алуан жаңалықтарын ашып, адамзат игілігіне табыстайтын болады.

Осы орайда мына мәселеге де айрықша тоқтала кеткен жөн. Барлық ғылым саласының өзіне тән белгілі бір салалық өлшемдері мен ұстанымдары бар десек, бұлар өз саласында жаңалықтар ашып, мүмкіндігін көрсетуде обьективті ұстаным болып саналғанымен, ғылымның өзге бағыттарында қолдануға жарамайды. Мәселен, математика, медицина, физика, химия сынды ғылым салаларының өзіндік ерекшеліктері бар. Осындай ұқсас ерекшеліктерді айыра алмаған жан медицинаның методологиясын физикаға, керісінше, физиканың заңдылықтарын медицинаға қолданған сәтте мәселені бір-бірімен шатастырып, шиеленістіруі әбден мүмкін.

Дәл осы секілді материялық болмысты зерттеп-зерделейтін методология мен рухани мәселелерді зерттейтін әдіс-тәсіл бір-бірінен мүлдем өзгеше, сондықтан тек материялық өлшем мен логикалық таным тәсілдерін қолдану, басқаша айтқанда, адамның өзінің тәні мен нәпсісінің жетегінде жүріп, рухани танымын тереңдетуі, дамытуы мүмкін емес. Рухани танымдық биіктеуге басқаша бір қарым-қабілет пен тәсіл қажет. Оған материалдық өлшем кепілдікке жарамайды. Рухани танымын биіктетіп, көкірек көзі ашылғандар ғана осы жолдың тарландарына айналады. Руханиятқа қатысты ізгі пікір айтатын, кемел ой таразылайтын танымдық қабілетке ие осындай абзал жандар адамның рухани болмысын, елес денесін немесе біздің терминологиямыздағы «ужуду мәуһибә-хаққани» деп аталатын ерекше қырын байқап,әңгіме ете алады, Рухани танымы тереңдеп, жоғары дәрежеге жете алмаған жандар осы саланың хас мамандары жеткізген тура хабарларға сенім артып, осыны басшылыққа алғаны жөн. Бұл түсінікке қарсы шығу – кертартпалықтың белгісі. Мұндай сыңаржақтық – ғалым деген ардақты атты иеленіп жүргендер үшін үлкен сын.

Адамның түс көруін қалай пайымдаймыз? Қабыл болған дұғалар туралы не айтуға болады? «Алты ай» бойы қабірде жатып өлмей тірі қалған йоганың жағдайын материяның қандай заңдылығымен түсіндіреміз? Руфаи тариқатының (денесіне қанжар, шеге т.б. сұғу арқылы зікір салатын тариқат) мүшелері жасайтын таңғажайыптардың құпиясы неде? Бәрін айт та бірін айт, мұғжизаларды қайда қоямыз? Хазірет Иса Мәсіхтің дем салуымен қайта тірілген өлілерді, хазірет Мұсаның аса таяғы және «йәд-бәйда» (саусағындағы жарқыраған нұр) мұғжизасын, хазірет Ибраһимнің отта жанбай аман қалуын және хазірет Исмайылды бауыздағанда өтпей қалған өткір пышақты, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қол ишаратымен айды екіге жарғанын, саусақтарынан аққан суды, тау мен тасқа, ағаштарға және жан-жануарларға тіл бітіп, өзіне сәлем беруі секілді мыңдаған мұғжизаларды қандай дәлелмен түсіндіріп бере аламыз? Сонда, ақылға қонбайды екен деп, барлық нәрсені жоққа шығарамыз ба? Бұл – түсіне алмау немесе білмеу емес, біле тұра ақиқаттан жалтару. Игі істерге, мәңгілік жақсылықтарға бағыт беретін ізгі дәстүрді көзсіз жоққа шығарушылық қашанға дейін жалғаспақ? Перғауынды жолдан тайдырған осындай қасарысу емес пе еді? Әлде мұндайлардың ақылын «Әбу Жәһил пердесі» тұмшалады ма екен? Мұндайлар ертең-ақ жандары алқымына тығылғанда ақиқатты ап-анық көреді. Бүгін біз айтқан ақиқаттарды күні ертең өз құлақтарымен естиді. Алайда сол кезде барлығы кеш болады, бармақ шайнап қапыда қалады...

[1] Ғаззали, Ихияу улумид-дин 4/252; Ғаззали, әл-Мақсадул-әснә 54 б; Суюти, Шәрху Сүнәни Ибн Мажә 1/103; Мүнауи, Фәйзул-қадир 6/181
[2] Мүнауи, Фәйзул-Қадир, 2/410

Pin It
  • жасалған.
© 2022 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.