Бәрзах көріністері

Фетхуллаһ Гүлен: Бәрзах көріністері

Бірде Эдремит–Авжылар елдімекенінде рухани дүниемізді дамыту үшін арнайы лагерь ұйымдастырып, сол жерде бас қостық. Бір күні арам ниетті бірқатар кісілердің осы лагергье тінту жасайтындығына қатысты қаңқу сөздер естідік. Осыны естігесін түскі астан кейін «Бәдір сахабаларының» есімі жазылған тізімді оқи бердім. Тізімді оқып жатқанда арқамды шатырдың тірегіне сүйеп отырған едім. Осы кезде бұрынғылар «ұйқы мен ояу халдің арасы – яказа» деп атаған халге ендім. Көз алдымда байрақтарын көтерген, қару-жарағы сақадай-сай қаптаған қалың қол егістік алқабы жақта жиналып қалыпты. Неге екені белгісіз қалың қолды Бәдір сахабалары деп ойладым. Олар лагерь орналасқан жерді қоршап алғанға ұқсайды. Мен тұрған жерден кенеттен қорғанның алып қақпасы пайда бола кетті. Жиектері томардай тақтайдан жасалған осы қақпаның бергі жағында тұрып, әлгі қалың қолға әлі таңдана қарап тұрмын. Олардың арасынан бірі күш көрсету мақсатында қолындағы темірден жасалған қаламын[1] сілтеп тұрып атып, әлгінің найзасы қақпаны қақ жарып тесіп өткен кезінде селт етіп ояндым.

Бұрындары түсімде Бәдір сахабаларын көргенім бар еді. Осы жерде де дәл солай сахабаларды түгел тамашаладым. Тіпті бірнеше рет түсімде солармен бірге жорыққа аттанып бара жатқанымды көріп: «О, тоба! Бәдір сахабаларымен бірге жорыққа аттанып бара жатқаным қалай? Мен олардан қаншама ғасырдан кейін өмірге келдім емес пе?!» – деп таңырқайтынмын. Бұрынғы түстерімде олардың барлығын түрін-түстеп анық көретінмін. Бұл жолы олардың түр-түсін анық көре алмадым және араларында кімдер бар екенін де байқамадым. Тек хазірет Хамзаны ғана анық көрдім.

Біраздан соң біздің жиналған орнымызға шабуыл жасамақ болған бірнеше адамның автокөліктері жол айрықта апатқа ұшырап, күл-талқан болып жанып кеткенін естіп білдік. Олардың қазаға ұрынған уақыты мен менің түс көрген сәтім бір уақытқа дөп келгеніне таңырқадық. Кейіннен әлгі шабуыл жасамақ болған көлікті өз көзімізбен барып көрдік. Қайтар жолымыздың дәл үстінде екен. Демек, әлгі темір найзаның қақпаны қақыратып тұрып лақтырылуы мына қазаның болатынына ишарат екен деп түйдік. Ал енді, қақпаның болуы біздің Аллаһ тағаланың ерекше қамқорлығында екендігіміздің ишарасы деп жорыдық, яғни осы бір кішігірім оқиға арқылы сахабалар бізге: «Сіздер Аллаһтың ерекше қамқорлығында және қорғауындасыздар. Арман-мақсатымыз бір болса, бір пайғамбардың соңынан ерген болсақ, уақыт пен ғасырлар бізді сізден ажырата алмайды. Біріміз фәни дүниеде болсақ, біріміз бақи дүниедеміз. Біріміз шығыста болсақ, біріміз батыстамыз, бірақ осыған қарамастан барлығымыз бір саптамыз» деп үн қатқандай.

Жаратқан Ие осы алған бағытымыздан танбауды нәсіп етсін! Әйтпесе, өз мұңымызды көптеген ғасырлар бұрын дүниеден өткен оларға жеткізіп, олардың лебізін жер басып жүрген біздің білуіміз мүмкін емес.

Осы орайда ғалымдар «Үлкен тұлғалардың руханиятынан медет дәметудің дұрыс емес екенін» айтады. Орынды айтылған. Алайда жүректе тәухид нық орнығып, бір Аллаһқа деген сенім мықтап орын тепсе, мұндай үкілі үміттен келер ешбір қатер жоқ деп ойлаймын, өйткені қасиетті рухтар (Аллаһ бізді де сол дәрежеге жеткізе көрсін) тәннен босанып шыққаннан (бақилық болғаннан) кейін рухани болмыс, яки періште сынды өмірлерін атап-арнаған жолда тірілерді рухани тұрғыдан қолдап-қуаттайды. Алайда бұл үшін жоғарыда да атап өткендей олармен рухани байланысқа түсетіндей дәреже кемел рухтың болуы шарт.

Рух пен рухтың өзара қарым-қатынасы, бір-біріне жіберетін толқындарды дәл өзінің фрекансында жіберу және өзгелерге әсер ету секілді құбылыстарды материялық таным аясында түсіндіріп беру мүмкін емес.

Валтсонның Ыстамбұлдағы гипнозға қатысқан достарымның бірі маған мынадай жайларды айтып берген еді.

Гипноз университет салондарының бірінде жүзге жақын ғалымның көз алдында болды. Қойылым барысында адамдар Валтсон «ұйықта» десе ұйықтап, «тұр» десе тұрып, «отыр» десе отырған. Бір адамның басына мұздай су құйып: «Сені өртеп жатырмын», – десе, әлгі адам ойбай салып бақырады. Енді біреудің басына қайнаған су төгіп: «Үстіңе салқын су төгіп жатырмын» дегенде, әлгі адам қалыпты күйінен танбастан отыра береді.

Осы тәріздес гипноздар бүгінгі таңда көбейіп кетті. Мұндай сеанстарда көрермендер өте көп болады. Бұларды көре тұра кейбір метафизикалық күштердің бар екенін жоққа шығару, мойындамау немесе елемеу мүмкін емес. Осындай құбылыстардың астарында жатқан ақиқат пен шындықты дұрыс пайымдау өте маңызды әрі қажетті. Осының барлығы материядан тыс, метафизикалық әлемге қатысты болмыстардың бар екенін айғақтайды.

[1] Кішігірім найза

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.