Рух сөзінің этимологиясы

Рух сөзінің этимологиясы

Pух – арабшадағы «рихун» және «рухун» сөздерімен түбірлес ұғым. Арабшада «рухун» сөзі «рақым», «рихун» сөзі «жел» деген мағынаны білдіреді[1]. Жалпы «рух» сөзінің көптеген мағыналары бар. Бұлардың бірқатарына төменде жеке-жеке тоқталатын боламыз.

1. Уахи

«Аллаһ періштелерді әмірі һәм қалауы бойынша рухпен (яғни уахимен) қалаған құлына түсіреді»[2] деген аяттардағы «рух» сөзі Ибн Аббастың көзқарасы бо- йынша «уахи» мағынасында қолданылған.[3]

Уахи – рух, өмір деген түсінікке жақын. Адамзат кәміл өмірге уахи арқылы қол жеткізді. Уахидың шарапатынан мақұрым қалған елдер мен ұлттар рухсыз тән секілді, сондықтан Құран кәрімде «Уа, иман еткендер! Аллаһ елшісі сендерді тірілтіп, мәңгілік өмір сыйлайтын иманға шақырғанда, Аллаһ пен елшісінің тілін алыңдар»[4] делінген.

2. Пайғамбарлық

Жоғарыда аталған аяттардағы рух сөзін пайғамбарлық деп түсіндіргендер де болған. Задында, пайғамбарлық пен уахи бір-біріне себеп-салдар байланысымен тонның ішкі бауындай жақын ұғымдар болып саналады.

3. Құран

«Рух» сөзі Құран мағынасын беретінін алға тартушылар да кездескен, өйткені Құран – күллі адамзат өмірінің алтын арқауы.

4. Көңілді қуаныш кернеуі

Рухани сезім мен руханият үстемдік құрған жерде әрдайым рухани қуаныш пен көңілді шаттық кернеп, дарқандық байқалады. Кейбіреулер рухтың мағынасын осы тұрғыдан түсіндірген.

5. Жәбірейіл

Құран кәрімнің кейбір аяттарында «әр-рух» сөзі Жәбірейіл періште (а.с.) мағынасында қолданылған. Құрандағы «Біз оны Рухул-Қудуспен қуаттадық»[5] деген аяттағы «рухул-қудустың» Жәбірейіл періште (а.с.) екендігін ғалымдар бір ауыздаған құптаған.

6. Рух

«Рух» сөзінің келесі бір мағынасы, атауы да айтып тұрғандай, кейбір болмыстарға қаратыла айтылған. Мәселен, адам, жын және періште сынды немесе Хақ тағала жаратқан кейбір тіршілік иелерінің ортақ атауы – «рух» деп аталады. Ибн Аббас «Рух – көктің жетінші қабатындағы періште. Оның жүзі адамға ұқсағанымен, тәні періштенікі болады»[6], – деген.

7. Мәсіх

«Рух» сөзі кейбір аяттарда хазірет Исаға (а.с.) қатысты қолданылған. Мәселен, «Аллаһтан келген бір рух»[7] делінген аяттағы «рух» сөзі хазірет Исаға (а.с.) қатысты айтылған.

8. Нәпсі, жан

Рух сөзінің жалпылама мағынасы – тәнге жан беріп, өмір сүргізетін күш, яғни нәпсі, жан болып табылады.[8]

[1] Исфаһани, Мүфрәдат, «R-V-H» баптары
[2] «Мүмин» сүресі, 40/15
[3] Табәри, Жамиул-бәйан, 14/77
[4] «Әнфәл» сүресі, 8/24
[5] «Бақара» сүресі, 2/87
[6] Ибн Кәсир, Тәфсирул-Қуранил-ғазим, 5/112-113
[7] «Ниса» сүресі, 4/171
[8] Исфаһани, Мүфрәдат, 369-371 бб.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.