Құраннан тыс тәрбие

а) Пенделерді перғауынға айналдырады

Күні бүгінге дейін байқалғандай, Құраннан тыс тәрбие адамдарды жалпы алғанда перғауынға айналдырған. Иә, перғауындықтың екі қыры бар. Күшті, қуатты кезде зорлықшыл, қатігез, залым, мақтансүйгіш даңғой әрі өзімшіл болып келеді. Ал әлсіз, әлжуаз кезінде ол басқалардың табанын жалауға баратындай тым арсыз әрі бейшара. Бәдиуззаманның айтқанындай, дүниелік пәлсападан бас алмаған адам «негізі перғауын, бірақ бас пайдасы үшін болар-болмас нәрселерге құлдық ұратын қорлықтағы перғауын. Құлқынына жарайтын пайда шықса, арсыз секілді әркімнің бір табанын жалаудан арланбайтын сүмелек». Құранның тәрбиесін сіңіріп өскен жандарға келсек, ол да – «құл, бірақ ешкімнің алдында құлдық ұрмайтын, тек бір Аллаһқа ғана құлшылық ететін арлы құл».

Бұл жағдай тек Мұса пайғамбар дәуіріндегі перғауын үшін емес, тарихтағы бүкіл перғауын мінезділердің ортақ сипаты. Мұндай перғауындар қазіргі заманда көптеп кездеседі. Ісі түскенде не пайданың шеті қылтиғанда, алдыңызда қол қусырып, бар айтқаныңызды істеуге бар, алайда қолы пұшпаққа жете қалса, өзін зор сезініп, басқаларға күн көрсетпей, жабайы мінез танытады. Осы «қос қырлылықтың» белгісі ретінде олар перғауын және нәмрут деген екі атауға ие.

Перғауынға айналған пенделердің мұндай қайшы-лығын Құран былай сипаттайды:

«Дереу (адамдарын) жинады да (оларға) айғайлап: «Мен сендердің ең ұлы Раббыларыңмын» деді»[1].

Бұл оның өз-өзіне масаттанып, маңайын қоршаған әскерінің алдында өзін зор сезінген кезі.

Перғауынның қатты қорлыққа тап болып, бей-шараға айналған кезі де бар. Бұл кезде сүмелектердің ең сүмелегіне, сорлылардың ең сорлысына айналған оның бейшара күйін Құран былай суреттеген:

«Біз Исрайылұлдарын теңізден өткіздік. Алайда перғауын мен әскерлері оларға зұлымдық жасап, шабуылдау үшін арттарынан қуды. Ең соңында (теңізде) бата бастаған жағдайда (перғауын) «Шындығында, Исрайылұлдары сенген Құдайдан басқа тәңірі жоқ екендігіне мен де сендім. Мен де мұсылманмын», – деді»[2].

Шынайы тәуба келтірмей, көзбояушылықтан аса алмағаны, жәдігөйлікке салынғаны мұқият үңілсеңіз аңғарылатындай. Егер ол сол сәтте шынайы сенгенін білдіргенде, Аллаһ оның иманын қабыл алуы мүмкін еді. Шынайы болмағандықтан, тағы да жарамсақтыққа салынып, шыбын жаны аузына келгенде де туралыққа беттемегендіктен, Аллаһ тағала оның тәубасын қабыл алмады. Міне, бұл кәнігі перғауындық. Бүгінгі күні мұндайларды жүздеп, мыңдап кездестіруге болады. Атақ-даңқ, лауазым үшін табалдырығыңызға жатып алып, аяғыңызды сүюге де арланбайтын олар ісі біткенде қайқаңдап кете барады. Жалт бұрылып бара жатып сізге «нәсиян мәнсия»[3] опасыздығын жасап кетеді. Шындығына келгенде, олардың сізді толғандырған ұлттық мәселелер, дініңізді, иманыңызды, ұрпақ тәрбиесі секілді аса маңызды мәселелерге бас қатырмайтынын, тек көзбояушылық жасап сізді алдауға тырысатынын олардың бойынан тамашалап, жүрегіңіз шайлығады.

Құраннан тыс тәрбиенің көсеуін ұстағандар, бәлкім, сол тұрған күйі бар қасиеттерімен перғауын бола қоймас. Біз мәселенің осы қырын есепке ала отырып, мұқият көңіл бөліп, мұндай қылықтарды «перғауынның мінезі» деп атаумен шектелеміз. Кейде бір мүминнің бойында перғауын мінезі, ал бір кәпірдің бойында Мұса мінезі болуы мүмкін. Мүминнің бойындағы перғауындық мінезі жалғаса берер болса, Құдай өзі бетін ары қылсын, ол адам бара-бара перғауынға айналуы мүмкін. Мақтаулы Мұса мінезіне ие адам да жүре-жүре бір күні хазірет Мұсаның жағына шығуы да ықтимал. Иә, Аллаһ адамдардың лауазым, атағына, сыртқы ажары мен тегіне емес, жүрегіне, тақуалығына, зүһдіне, бір-ақ сөзбен айтқанда, сапасы мен ізгі қасиеттеріне қарайды. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Аллаһ сіздердің сыртқы түр-тұлғаңызға қарамайды. Ол сіздердің жүректеріңізге және амалдарыңызға қарайды»[4].

ә) Қасарысу қырсық қылады

Құраннан тыс тәрбиемен өскен адам қасарысуын қоймайтын тәкаппар болады. «Арым, атағым, абыройым» деп талайдың көз жасына қалып, кісі ақысын жеп, адами құндылықтарды таптайды. Ал шын мәні-сінде «қырсықтық» мінез адамға тура жолда табанды-лық таныту үшін берілген.

Иә, кез келген дүние-байлық, атақ-даңқ, мансап-сүйгіштіктен және түрлі жақсылықтан мақұрым қалсаңыз да, өзіңіз жақсы білетін дін дағуасынан айнымау үшін Аллаһ белгілі бір деңгейде адамға қасарысқан табандылық мінез дарытқан. Алайда сіз бұл мінезді жаман жаққа бұрып қателіктерге бұрсаңыз, ол мінез пайдалы бола тұра зиян келтіреді. Адам осы мінезінен таймаса, Құдай сақтасын, түбінде өкінішке ұрынады. Мұндай мінез адамды перғауындыққа сүйрейді. Тіпті бара-бара ондайлар ақиқатты көре тұра қабылдамай әрі болар-болмас пайдаға бола адамдық қасиетіне жараспайтын ұсақ қылыққа барудан арланбайды.

Бұрын да, бүгін де жағдай сол қалпынан еш өзгермеді. Иә, Құраннан тыс, Аллаһтың кітабынан тыс берілген тәрбиенің рухқа беретіні кеше де, бүгін де сол. Олар «Біз, зиялы қауым өкілдері» деп сөз бастайтын, әркімге мұрнын шүйіріп қарайтын, өздері секілді ойламайтындарды адам құрлы көрмейтін, күні басқаға түсіп тұрған әлсіз кезде өзінен жоғары тұрғандарға бас изеп шыбындайтын арсызға айналып, ал қолына зәуде билік тие қалса, өзі секілді ойсыз-сәулесіз қуыс кеуделерді таптап кете жаздайтын бүгінгі күннің перғауындары. Кейбір ерекше жағдайларды ескермесек, бұлардың бұрынғылардан еш айырмашылығы жоқ.

Құраннан тыс тәрбиеде тек қарын тойдыру, тәнді қанағаттандыру ғана бар. Бұндайлардың адамзаттың бақыты дегендері өз нәпсілері мен әуестіктерін қанағат-тандыру үшін ғана. Америка, Германия, Англия, Франция, Швеция, Норвегия, Голландия секілді бірқатар елдер экономикалық жағдайларын түзеп, өз елін бақытқа кенелттік деп ойлауы мүмкін. Олар утопия жазушылары суреттеген идеал әлемді орнаттық деп ойлайды. Ал біз шынайы бақыт пен шаттықты иманнан және Исламнан табамыз. Олар бақыт пен қуанышты экономикалық жағдайдың түзелуіне, барлық экономикалық келеңсіздіктердің жойылуына негіздегендіктен бақытты материалдық рахат өмірдің нәтижесі деп біледі. Яғни, әмиян толы болса, мемлекет күшті болса, қоғам бақытты деген сөз.

Алайда өзін-өзі өлтіру оқиғаларының көбеюі, жаңа философиялық жүйелердің пайда болуы, түрлі-түсті көтерілістер, өздерін қанағаттандырудың түрлі жолдарын іздеу және т.б. мұндай қоғамда да қанағаттанбау-шылық пен бақытсыздықтың бар екенін әрі адам бақыты үшін материалдық байлықтың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Мұны «Жұбаныш пәлсапасы» деп те атауға болады, өйткені кім жақсы киініп, кім жақсы ішіп-жесе, сол адамның көңілі шат. Бұл пәлсапа онсыз да қарын тойдыру мен нәпсіқұмарлықты жеке адамның бірден-бір мақсаты деп таниды.

б) Мақсаты пайда

Құраннан тыс тәрбиенің мақсаты пайда табу. Бүкіл күрестің (діни құндылықтар үшін күресті қоспағанда) негізі басқада емес, тек қана пайдада жатыр. Қандай істі қолға алмайық, «Осыны істегенде материалдық қандай пайда табасың?» дейтін сұрақ кесе көлденеңдеп алдымыздан шығады. Бұл сұрақ пайдакүнемдердің «бойтұмары» тәрізді. Өмір сүрудің мәні мен мазмұнын материалдық игіліктерден іздейтіндіктен: «Бүгінге дейін намаз оқып елді дамытып қарқ қылдыңдар ма? Ораза ұстап келдіңдер, немене ұлтты ұшпаққа шығардыңдар ма?» – дейді. Танымы таяз, ойы шектеулі, сезімі қасаң мұндай адамдар ақиқатты айтып, иманды, Құранды қорғаштайтындарды суқаны сүймейді не түсіне алмайды. Мұны қаласаңыз, «Құраннан тыс қалудың дөрекілігі» деп атасаңыз да болады.

в) Өмірлері күреске, диалектика мен демагогияға негізделеді

Пайданың соңына түскендер дүниені бөлісе алмай әдетте бір-бірімен қырылысып жатады. Пайда табуды көздеген кез келген қоғам байлыққа таласып, өмірі үзілмейтін қырқыстардан көз ашпайды. Бұл капитализмнен коммунизмге, социализмнен фашизмге дейін соңында «измі» бар қоғамдық жүйелерге тән дерт. Тіпті осы қисынға салсақ, қайткен күнде де басқаның мүлкіне көз тігіп, айламен немесе күшпен оның барлық затын тартып алуға да болады. Иә, пайда табуға негізделген, Құран қағидаларына мүлдем жат түрлі жүйелерде өмір сүрудің басты құралы – күрес. Әлсіздің сұрыпталып, жойылуы, өмірдің күштілер мен азулыларға тән болуы.

Бұл ойды биологиялық тұрғыдан қарастырғыңыз келсе, алдыңыздан Ламарк не Дарвин теориялары шыға келеді. Сатылай өсу теориясындағы «табиғи сұрыпталу» немесе «Өмір тек күштілерге ғана тән» деген секілді қайшылыққа толы негіздерге сүйенетін мұндай жүйелер шынайы адамдық қасиеттерді жермен-жексен етіп отырған. Бұл теорияға сенсек, мемлекет пен қоғам арасында да әлсіз, кедейлер жойылып, ең әлділер мен ең күштілер өмір сүруі тиіс. Барлық құбылысқа «Өмір – күрес» деп қарап, жан-жануарлар әлемінен өсімдік әлеміне дейінгі бүкіл тіршілік иелерінің өзара қарым-қатынасын тек қырылысқа, текетіреске апарып тірейтін бұл түсінік бойынша адамдардың қазіргі жағдайларын да сол күрестің бір нәтиежесі ретінде бағалап, бір-бірін талап-жеуді табиғи заңдылыққа жатқызады.

г) Қоғамдық құрылым бөлінушілік пен шовинизмге негізделген

Құраннан тыс тәрбиеде жеке адамдар мен қоғам арасындағы ең маңызды байланыс өзіміз куә болып жүрген, түп негізінде тұтастай «бірігу» идеясы жатқан социализм мен коммунизмге тән. Олар қоғамның тұтастығын осы негіздер арқылы сақтауды көздейді. Алайда коммунизм, социализм болсын, фашистік жүйелерде болсын идеологиялар басқаларды жұтуға, жоюға бағытталған және осы бағытта әрекет етеді. Мәселен, коммунизм өзіне қарсы бүкіл жүйелерді жер бетінен жоқ қылуды көздейді. Фашизм мен нацизм де одан қалыспайды. Оған осы заманғы тарихымыз куә. Иә, олардың Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарда күллі адамзатқа келтірген зобалаңы баршаға мәлім.

ғ) Қара күшке сүйену

Құраннан тыс қоғамдық және пәлсапалық жүйе-лерде көп мәселе күшпен шешіледі. Кім күшті болса, соныкі дұрыс. Бұл да перғауынға тән мінез. Адамдық құндылықтарға құрметпен қарамаған күштің «тірлігі» тарпа бас салу. Мәселені күшпен шешуді көздейтін адамның ешкімге соқтықпауы қиын. Адамзат жиырмасыншы ғасырда мұның мысалын көп көрді. Жеке адамдардың бір-біріне әлімжеттік жасауы өз алдына, ел мен ел бір-біріне көз алартып, шамасы келсе, бір-бірін жер бетінен жоқ қылуды көздейді. Құраннан тыс мінез-құлық олардың жүрегіне сызат түсіргендіктен мүминдердің өзінде де сол жарақаттардың радиоактивті әсеріндей түрлі келеңсіздіктер бой көрсете бастады.

[1] «Назиғат» сүресі, 23-24-аяттар
[2] «Юнус» сүресі, 90-аят
[3] Мағынасы: «ұмытылып кете барды» дегенді білдіреді, бұл тіркес осы қалпында Құранда кездеседі («Мәриям» сүресі, 19/23).
[4] Мүслим, Бирр, 33; Ибни Мажә, Зүһд, 9.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.