СҰЛУЛЫҚТАН – ҒАШЫҚТЫҚҚА

Әлемдер – әрбір парақпен, әрбір жолмен, әрбір сөзбен және әрбір нақышпен өрнектеліп тоқылған мән-мағыналары арқылы таңғажайып бір кітап, керемет бір көрме, тамаша бір сарай, сондай-ақ, әртүрлі бөлім-бөлшектен жасақталған біртұтас заттың, сан алуандығымен белең алған тұтас оқиғалардың «бұдан асқан ғажап жоқ» деген мазмұнымен паш етіліп, өз бет-бейнесіндегі бас айналдырған жарасымдылығы, таңғалдырған тәртібі, көзді арбаған сұлулығы және ең тамаша табиғат суретінің бау-бақшаларынан асқан ғажайып жүйесі мен байлығы арқылы сезгіш рухтарды баурап алып, олардың терең ой тұңғиығына түсіп, ең асқақ асыл сезімдерімен жыр жырлатқан сондай кең де байтақ, түрлі-түсті қайнар бұлағы. Бұл бұлақтан сусындаған жандардың шөлі еш уақытта қанбайды. Ол туралы айтылған сөздер мен жазылған хикаялар да өзі сияқты, бітпейді де таусылмайды. Расында, «егер Раббының (әрқайсысы терең мағына білдіретін «лафзы мүжәссәм» ) сөздерін жазу үшін теңіз сия болса, тіпті, тағы бір сондайды көмекке әкелсек те, әлбетте Раббының сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді» . Қайбір кезде назарымызды  байтақ әлемнен бастап ішкі дүниеміздің тереңдіктеріне қарай, адамдық құндылықтар кеңістігінен бастап Құс жолына қарай аударып мән берсек, әртүрлі сезім жолдары арқылы жүрекке құйылған мән-мағыналар бір-бір шертпек тәрізді жүрек қылдарын шертіп отырады және әр шерткен сәтінде, рухымызға ақиқатқа деген ғашықтықтан қандай әдемі әуендер естіртеді десеңші! Естіртеді де, сезімдерімізді елжірете зерттеу сүйіспеншілігіне жетектеп, жан-жүйемізді ғылымға деген ынтық сезіммен қанаттандырады және ұжданымызда күніне бірнеше мәрте иманның мағрифатқа  айналғанын, мағрифаттың ғашықтық пен ынта көкжиегіне көтерілгенін, қарапайым ой-толғаныстардың толығымен әлемдік әмір-пәрмендерге жетіп байланысқанын сеземіз. Жан-жүйемізбен сезінеміз. Осы тұста адам толығымен о дүниеге қарай бейімделгендей, өз әлеуетінің тереңдіктеріне жеткенін, сөйтіп тылсымның түндігі түріліп, ап-анық күй-хәлге ауысқанын тағы бір мәрте сезеді және:
«Аллаһтың хақтығынан аян бірде-бір зат жоқ,
Көзсіздерге бұл жасырын екен» (Ниязи) дегендей, тіршіліктегі орнын және ұстанымын тұспалдап отырады. Содан иләһи келісімге сай марапаттары мен жетістіктерін жан-жаққа әуелетіп жеткізіп жатады.
Осы бағыттағы ақиқат қызығушылығы мен адалдық ынтық сезімінің арнасына түсіп қанаттанған әрбір жан адамдық болмысын алыс сапарға даярлап, үнемі айдынында жүзіп жүрген Рақымы Шексіздің таусылмас ырыс-ілтипаттарын одан әрі ауқымды және одан әрі мөлдір екенін көріп сезуге тырысады. Есімдерінің сәуледен жаралған саңылаулары арқылы Аллаһты сезіп тануға күш салады. Өзінің ішкі дүниесінде Жаратқанның кенеп матаға жазған көне ой-өрнектерін бұдан да анық және бұдан да түрлі-түсті кейіпте көруге жігерленеді. Әр демде шүлен тартылғандай жоғарыдан жеке ілтипаттар тәрізді түскен ашық және жасырын жақсылықтарды көріп, мырзасына алғыс айтқан құлы іспетті Раббысын еске алуға ыждағаттанады. Еске алудың сырына тереңдеп, жоқтықта қол қусырып, Сұлтандардың Сұлтанының шексіз ырыс-нығметінің арқасында қадір-қасиетіне құн үстіне құн қосылғанын ұғып, осы ой мен санасы арқылы өзі туралы сөз ете бастайды. Яғни, Аллаһтың алдында өз кішілігін сақтап, Оның ұлылығына жарасатындай бар дауысымен үн қатуға ынталанады. Содан соң, өз әлсіздігін, өз кедейлігін жете алмас бір күштің, түгесілмес бір байлықтың аспабындай үндестіріп жатады және өзгелердің де дәл осы ой мен пікірге қосылғанын біліп отырады. Сондай-ақ, өз тереңдігінің тәжірибелі сүңгуіріндей асыл жанның тұңғиығына жетеді. Сонан соң, өз жан дүниесінде тереңдеп кеңейе түскенінше, естіп сезген әрбір мағынаны, түсініп таразылаған әрбір ақиқатты өзгелерге де жеткізуге күш салады. Жүректегі иманын Хаққа құлшылық етуімен дыбысқа салады... Ақыл мен қисынға қонған мағрифатын ой-толғау мен үнсіз зерттеу арқылы азықтандырады... Көңіліне ұялаған ынта мен ықыласы әр сәтте тереңдей беріп ынтық сезімге айналады... Ғылыми талдау мен талқылауында және көрген мен білгенінде тұрақты түрде таңырқау мен келісім көкжиегінде алып-ұшып жүреді... Таңырқау мен келісімдерін жүректің қадірлеуші құдіретімен үнемі тазартып, сезім мен толғау дүниесін ғашықтық әніне айналдырады. Айналдырады да, бұдан былай отырғанда да, тұрғанда да тек Оны ғана ойлайды... Онымен жүздесемін деп қиялдайды... Оны іздейді... Оған жету үшін қайтадан Оған бет бұрған көкжиекті бақылайды... Әрбір құбылысты Оның шақыруы деп қабылдайды және қайта айналып келіп, Оған жалбарынып жалынады... Өмір бойы Оның құзырында қалуға бекемденеді және аузын ашып бірдеңе айтқысы келгенде, Ол туралы ғана әңгіме етеді. Әңгімесін тоқтатып, Онымен ғана сырласатын болады. Тіпті, кейде сезімі, не болмаса, санасы немесе түсінігі болар, әр заттың кескін-келбетіне, сезімдеріне көз көрмеген, құлақ естімеген, адамдық болмыс-бітімінен асқан қандай сый-сыяпат тартады, шіркін!.. Таңғаларлық дүние ғой!..
Негізінен, Аллаһтың «Өзіне деген сүйіспеншіліктің» қалыптасу мақсатымен жаратылған адам тек осы қарым-қатынасы арқылы жаратылыстың мәніне сәйкес әрекет ететін болады. Яғни, Аллаһтың Өзіне және сипаттарына деген махаббаты адам баласының көкірегінде ғашықтыққа айналып көрініс тапқанда ғана адам жаратылыстың басты мақсатына жететін болады және сондағы өз орнын бекемдей түседі.
Ғашықтық – біртұтас, қайнаған тіршіліктің ортасындағы адам баласының «ішкі куәлігі». Ол осы куәлікпен қауым ішіндегі көптікке тоқталмай, кәміл сенімімен үнемі өзінің қайнар көзіне және беталысына қарай жүреді, сондай-ақ, әрқашан да көңілінде алаудай жанған ғашықтықтың нұр-сәулесінің арқасында көзі тайып кетпей, көзқарасы көмескіленбей, ұдайы мақсат пен мұратын көздеп отырады. Тіпті, ол әманда оған бекем байланған сияқты, мағыналардың тереңдігі мен ұзақ жолдың сенімсіздігі оны еш уақытта тежемейді де адастырмайды. Әлбетте, ғашықтық жолы қиын да азапты болады, бірақ, егер адам осы жолға бір мәрте түссе, бұдан былай әрбір азап ләззатқа айналады, зейнет бейнеттің алдына шығады, зәр-заһар бал-шекерге айналады. Сондай-ақ, егер де көкірек көзі толық ашылып, көріп-білген, тамашалап көңілге тоқыған әрбір заттан Оның іздерін, ишараларын, хат-жолдауларын, түрліше көрініс тапқан толқындардың бойындағы нұрларын көре бастаса, енді бұдан былай оның назарында салыстырмалы барлық жарықтар сөнеді, күндер көрінбей қалады... Айлар тұтылады... Жұлдыздар жібі үзілген тәспінің моншақтары іспетті шашылып, қараңғылыққа көміледі... «Бүкіл жер жүзіндегілер түгесіледі. Ұлы дәрежеге ие әрі жомарт Раббың өзі ғана қалады».  Демек, көңіл көкжиегін бүкіл сана мен сападан үстем бір Аллаһ қана орап алады. Содан осы дәрежеге жеткен көңіл иесі тәннің кішірейтілген «хаты» бола тұра кеңейе түседі және басынан аяғына дейін «хат қалтасын» белдеулеп қояды. Тіпті, қабілетіне қарай біртұтас әлемдерді құшағына сыйдыратындай дәрежеге жетеді және әрбір нәрседе Оны сезеді. Тән мен бәденнің кей-кейде осы арақатынасқа араласып кетуі оның жарқын жан дүниесіне айдың тұтылуындай әсер еткізіп, ажалдың келгеніндей үркітеді және ғаламат әлемдердің таңғажайып құбылыстарына куәгерлік міндетін жалғастыру үшін бір орында тұрғызбай, әртүрлі аспани ілтипат серіппелерді іздеп жүреді. 
Ғашық кей-кейде жан-жүйесінде ғашықтық пен «құтты жүздесуді» ұштастырған нүктені тереңнен сезетіні соншалық, пәни әлемге тәуелді барлық нәрсе көз алдында ғайып болады және бергі ұштан бастап, арғы ұшқа дейін болмысының Аллаһқа қарай бой алып жалғасқан жолдарда алаудай жанатын, сондай-ақ, көкжиектің арғы бетін тұспалдап көз қысатын шырақ шамдай сезеді. Ал, кей-кейде іңкәрдің жүздесу үмітінен асып түскенін байқағанда, ішкі дүниесіне шоқ түсіп, жан-жағынан лаулатып өртегендей жанып-күйіп өтеді, алайда «Ошақтар сынды жансам да, ашықтан-ашық қам жемеймін, Тек қана, түспесін жүрегіме жат алау» (М.Лүтфи), деп үміті мен ынта-ықыласы артқан жанымен ылғи да соның ізіне түсіп, тәуап етіп жүреді.
Асылында, ғашықтықтың аты ғашықтық. Бірақ, ол толығымен алау да, нұр да емес. Алау да, нұр да – оның шертпегі шерткен пернелерінен төгілген жеке-жеке бір әуен, бір сыңсу, бір қуаныш, бір қалтырау. Ғашықтық – асыл сезім, баға жетпес інжу, оның базарындағы шын құнын асыл тасты елу мәрте уатып отыратын зергерлер ғана біледі. «Гауһар тастың қадірін зергер болып атанбаған білмейді» (М.Лүтфи). Дәл осылайша сүюді басынан өткермеген ғашықтықты сезбейді... Ал, білетіндердің көбісі айта алмайды немесе айтпайды... Айтса да, ғашық болмағандар оны түсінбейді.
Тағдырдың маңдайға жазғанындай, ғашық адамда сүйіктісіне деген ғашықтық пен іңкәр сезімдерінің толқулары бар. Ол суреттегі әрбір түс – сүйіктісі тарапынан салынған кішіпейілділік іззетің көрінісі, әрбір мәтін, әрбір нүкте – шексіздіктің рәмізі және әрбір ою-өрнек – құтты жүздесуге шақыру. Ғашық болған жан тағдырға бетпе-бет келіп, тамашалаған әрбір сәтінде: «Уа, Аллаһым! Көңіл мен жүрегімді жаратып, ғашықтықты бар қылғаның үшін Саған қалайша алғыс айтатынымды білмеймін. Ұзақ жылдар бойы Мәжнүндей үнемі әрбір ізіңді басып жүрсем және есім-сипаттардың көрініс «қармағына» түссем (алыстығым – деңгейіме қарай өз қателігім), сондай-ақ, мұндай алыстықты тереңінен сезіп, үнемі «жүздесу» деп, алқап-далаларды асып, кезсем... тіршіліктің бет-бейнесіне шашыраған сұлулықтармен ылғи да танысып жүрсем... жанды-жансыз әр нәрседе «Бұл да Оның нұр-сәулесінің көлеңкесі» деп, «әр нәрсені сүрмедей иіскеп, жүзіме және көзіме жақсам» дейді. Жан-жүйесімен бөлек-бөлек, бірақ, бір көкжиектің аясында Оны менмендігінің әрбір демінде сезу үшін алпарысып жатады. Негізінде, бұлай әрекет етпесе, жаңағы адал сүйіспеншіліктің хақы өтелмейді емес пе...           
«Дидарыңды қанша жүзден көрем деген ғашық,
Сынық айналар сынды бөлек-бөлек болу керек...»
Мына жалындаған махаббаттың хақын өтеу үшін лаулап жанған ғашық жан көңіл жазирасында ұдайы Оны іздейді. Оған тән деп білетін әрбір дауыстың, әрбір түстің және әрбір көріністің ізімен жүреді. Ізін бақылап кей-кейде ақсаңдап, кейде тізерлеп, кейде ұшып жүреді... Алайда, әр аялдаған, қонған жерінде көңіл құлақтарымен Оның «Қош келіпсің!» деген сөзін естіп, Мәжнүндердің аңдап аяқ басқанындай, көздерін көңілге бағындырады. Ұзақ жолдың сенімсіздігіне қарамастан, ең биік ойларымен және бүкіл ішкі-сыртқы сезімдерін сапарда жүргеніне көндіріп, жан суретіндегі құтты жүздесуге қарай асыға адымдайды. Ол ғашықтық пен жүздесуді қатар сезіп жүргендіктен, әрбір қонған жерін басқа бір жүздесу мүйісіндей көріп қабылдайды және бір күні мына құтты сапардың аяқталатындығынан бойына қорқыныш ұялайды. Сонымен ол: «Ғашықтық та, үміт те, жүздесу аңсары да аяқталмасын... Егер бір күні құдіретке ие құтты жүздесу мына барлығын әкететін болса, ол да керек емес», – дейді.
Ғашықтың ойынша, ғашық болудан, ғашықтық жолында жүруден, құтты жүздесуді тұспалдайтын ишаралармен өмір сүруден және осы сезім тасқынымен шексіздікке дейін жетуден асатын жақсылық жоқ. Расында, ғашықтықпен пешке түскен отындай лаулап жану, әр жүздесу мүмкіндігімен тұтанып алаулау, алаулағанда да, «ақысы – ғашықтықтың өзі» деп, тек сонымен ғана қанағаттану – нағыз ғашықтықтың өзі!
«Қарашы, мына кедейдің ахуалына,
Байланыпты жақ сақал қылына.
Саусағым ғашықтық балына,
Малынғанша малындым, маған бір су бер!» (Гедаи).
Әйткенмен, осы тұрғыда қалыптаспаған ғашықтыққа ғашықтық деу қиын-ау!.. Бұл тек ғашықтықтың жалған аты ғана. Ғашықтықты – ғашықтық туралы сөз еткен жерден іздемеу керек. Оны алаудың қып-қызыл шоқпен айналып алмасқан жерінен іздеу керек. Себебі, ғашықтық – өз иесінің жан дүниесін іштен өртейтін жасырын шоқ, не болмаса, көңілге түскенде жалыны жан-жақтан сезілетін және төзімділікке шыдамайтын сондай бір ахуал. Оның білтесі өз құпиялылығына аманат етілген. Сыр киім-кешегін шешіп, махаббаттан есі кеткен сөзге байлық, ал пәлсапаға құрал болған ғашықтық – ғашықтық емес, ол – ғашықтықтың өлген суреті, қу сүлдері. Дастандармен жазылған, көркем сазға боялған және бұларға құл болғандай байланған ғашықтық жайлы сыбырлары – оның бір-бір жаңғырықтары ғана және кітапта жазылғандар да – бір-бір дөкір анықтама. Оны көңіл сарайында жасыра алғандар:
«Ғашықпын десең, ғашықтық бәлесінен аһ ұрма!
Аһылап-үһілеп, аһ ұрғаннан өзгеге хабарлама!» (Белгісіз) дейді. Ішкі дүниелеріндегі осы аласапыран дауылды өздерінен де жасыруға талпынады. Иә, ғашықтық – адамның бүтін жан-жүйесін өртейтін сондай «мекенсіз» бір ғашықтық, оны осы хал-күйіне қарап, не көктен түскен, не жержүзілік деуге мұрша келмейді. Көктен болып табылатын іңкәр – Жәннат махаббаты болса, ал ғашықтық – әлгі жұмаққа көңілмен байлануды Сүйіктісіне деген опасыздық деп санайды. Ал, жержүзілікке үңілер болсақ, оның қандайда бір еш қатысы жоқ. Тағын заттай игіліктердің үстіне құрған, барлық ойындары көзге сәуледей түскен қиялдағы ғашықтық – лайықтылық пен сұраныс деңгейі тұрғысынан қарағанда, ғашықтық «саласындағы» ауыс-түйістің жалғандығы деп есептелген.
Шын мәніндегі ғашықтық – білтесі бітпейтін шырақ шамнан тұтатылған, жер мен көкті, шығыс пен батысты да асқан, заман мен мекеннен жоғары, сондай қасиетті бір жарық немесе қып-қызыл шоқ. Оның сырты нұр, іші тылсым тыныштық және айналасы хош иісті әтір-майлар мен жұпарлы шөптер болады. Иә, ғашықтық алауымен тұтанып жанған көңіл әрдайым тостағы түтіндеп, ғашықтың ішкі дүниесінің терең тұңғиығына сүйіктісінің хош иісін сездіреді, әрине, сырдың не екенін түсінетін өзімен сырлас болғандарға да. Ол кейде өз ішінен:
«Жүрек кемеме алаулы шоқты салдың, әй досым!
Айғай салып айтасың, қараңдар, дарияда өрт бар!» (Сұзи) дейді және осы тебіренісімен тыныстауға талпынады. Ал кей-кейде:
«Ей, шарап құюшы! Ғашықтың отына жанғанымша жандым, маған бір су бер! Саусағымды ғашықтың балына малғанша малдым, маған бір су бер!» (Гедаи) сөздерімен аһ ұрғанын көңіл пернесімен үндестіріп жатады. Және құтты жүздесу шақыруымен ыңылдап ән салады. Ғашықтықтың жолында әркез жанын пида етуге даяр. Себебі, нағыз ғашықтың назарындағы ғашықтықтан басқасының барлығы жалған, ғашықтық сыңсулардың сыртындағы әрбір зар – құр еңіреу сияқты мағынасыз бір үн.
Ғашықтық – мекенде мекенсіздіктің, заманда замансыздықтың ең адал куәгері. Ол – көк аспанның төрінен адамның жүрегіне түскен отты бұғау, ал осы бұғауға байланған жандар – ғашықтықтың азаттықты қабыл етпейтін пенделері. Жанып жатса да, сол бұғауға байланып жанады және өлім келгенде де ғашықтықтың қармағына түсіп өлуді аңсайды. Олар махаббатсыз өткен өмірді өмір сүрдім деп санамайды. Махаббатсыз өткен күндерді де әуестік желі айдап әкеткен қоңыр күздің қураған жапырақтарындай көреді. Асылында, ғашық болған жанның сол бір жанмен араласқаны соншалық, күн өтер, көктемдер қоңыр күзге айналар. Айнала қараңғыланып, сұрғылт та сұрқай тартқанда өлім өлеңдері айтыла бастайды. Жастықтың белі қайысып, аяғы ақсаңдап, қариялардың сәкісіне отырады... Барлық сұлулықтар сарғайған суреттер сынды күңгірттеніп, бір-бір естеліктің қаңқасына айналады, бірақ, әлгі жан бүкіл жандарға жан қосады... Қоңыр күзді алау түстерімен жайнатып жандандырады... Қарттықты жасартатын сиқырлы сусын болады және өмірін шірікке айналдырған жандарға да ғұмыр сыйлайды.
Шын мәніндегі ғашықтық – төзімділілік пен адалдық қасиетімен тереңге бойлаған ғашықтық. Адалдықтың көкжиегіне көтеріле білмеген ғашықтық – байлыққа белшесінен батқан дүкеннің бар азық-түлігін дүңгіршегіне орналастырып қойғанға ұқсаса, ал адалдыққа бағынбаған ғашықтық шексіз байлыққа қарамастан дүңгіршектері үнемі жабық тұратын бір қазына іспетті. Иә, адалдықпен тереңдемеген ғашықтық – тереңіндегі қайнарлары сыртқа тасып, шығып жататын көбікті дария, адалдықпен шынайы тереңдікке жеткен ғашықтық болса – тұңғиығына түстер мен дыбыстардың бәрін жұтып алатын мұхит сияқты. Сол мұхиттың тұңғиығында рең-түсті де кездестірмейсің, толқындармен де жүздесе алмайсың, бірде-бір дүмпудің дауысы да естілмейді. Ол қаншалықты терең болса, соншалықты үнсіз, қаншалықты бай болса, соншалықты түссіз (бұл – бүкіл түстерді бірден қамтитын түссіздік) салтанаттылықтың аясында даңғаза мен сауықтан алшақ-ада болып қалмақ.
Бұл нүкте – сонымен қатар, «инабаттылықтың» мінсіз ғашықтыққа, ғашықтықтың да мінез, табиғат және жауапкершілік сезіміне айналу нүктесі. Осы нүктеде бір жағынан, тіршілікте бір-бірімен сіңіскен ырғақ, мағына және сұлулықтар сезім, сана және түсініктің ықтиятты сүзгісінен өтіп, жүректің қадірлеуші құдіретінің таразылауына сүйеніп, ғашықтық, тартымдылық және көңіл ауу үшін арна міндетін атқарады. Екіншіден, осы күшті ынта-ықылас арқылы ғашықтық ұлғаяды, бүкіл менмендігімен сүйіктісіне байланады және оның айтқанынан шықпайтын болады. Хазірет Мәулана осы сезімді сөзбен былайша мүсіндейді:    
«Мен құл болдым, құл болдым, құл болдым...
Құлдар бостандыққа қол жеткізгенде, қуанады және бақытты болады;
Мен Саған құл болғаным үшін қуаныштымын және бақыттымын».
Иманын мағрифатпен безендіре алмаған жолдың қиындығынан құтыла алмайды. Мағрифатын ғашықтық пен махаббат арқылы тереңдете алмаған нысаншылықтың өрмегінде алпарысып жатады. Ғашықтықпен, махаббатпен Сүйіктіге жету жолында құлшылыққа бел байламағандар да адалдық пен бойсұнушылықтарын дәлелдеген деп саналмайды. Осы ойымызды, ғашықтықта шыңға жеткен, ғибадат пен құлшылықта інжу-маржан терген заңғар жан, асыл әйел Рабиға Адауиенің сөздерімен аяқтайық:
«Аллаһты сүйдім дейсің, содан кейін Оны жоққа шығарып, қарсы шығасың. Ант етемін, бұл ұғымға жат, қисық ұстаным. Егер сен шын мәнінде Оны сүйген болсаң, Оған мойынсұнар едің. Себебі, сүйген адам сүйген сүйіктісінің құлы болады».
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.