БАЯН

Жаратылыстың әу бастағы жоспары Рақымы Шексіз Аллаһтың ғылымы мен іліміне, ал сәулеті мен көркем безендіру өнері – Оның баянына тиесілі. Жаратылыс пен баян «мәңгі бақи жұлдыздай жанып-жарқырап тұрған аянның» сырға толы сарайында егіз өрімдей болып көрінген. Сонан соң, бес күндік тіршіліктің басты кейіпкері – адамның дене бітімінде сіңісіп кетті. Хазірет Рахман адамды жаратқанда оның өзегін, сана-сезімінің кеңдігін, болмысын, болмыстың арғы жағында жатқан мәңгілікті байыптай алар қабілетін де сыйға тартып, пәнилік өлшеміне шақтады. Сондықтан да, баян – құдірет қаламының ұшынан жоққа тамған сияның алғашқы тамшысы. Жаратушы мен жаратылыстың арасында үйлесім таба қабысып жататын сырлы қарым-қатынасты айқындап, тезге салып отыратын да сол баян. Жер жүзі тозаңының түйірімен, топырағымен, суымен, лай-балшығымен иленіп қалыпқа түскен адам – тек ғылым мен ілім қайнар көзінің және баян белсенділігінің арқасында әлем патшасы мен мына дүние мешітінің жын мен адамды мінберден ағуалап-насихаттап тұратын уағыздаушысы болу сынды биіктерден биік мәртебеге, тіпті, одан да өрлеп аршының асқарына көтерілді.
Адам баласы сөйлей бастағанда, қозғалмаған және үнсіз қалғандай болып көрінген әрбір заттың тілі шыққан, сондай-ақ, әрқайсысы «мәләи ағладан»  бір-бір жол, бір-бір бап болып түскен барлық болмыстар мен оқиғалар таңдайынан бал тамған жеке-жеке уағыздаушы іспетті әр нәрсенің түпкі мәнінде жатқан ақиқатты адал жеткізетін тілі және хикметке толы баяны болған. Біздің пайымдауымызша, баян болмаған жағдайда, болмыс пен тіршілік үнсіз, оқиғалар үнсіз және бүкіл әлем қозғалыссыз сұлық-сал болар еді.
Әрбір тіршіліктің жаны мен әрбір жаралған зат қалай сөйлейді және сөйлегенде, өз-өзін қалайша таныстырмақ? Мұндай терең тақырып адамның шектеулі ақыл өрісіне сыймайтын-ақ шығар. Дегенмен, бұл жөнінде баршаға аян бір-ақ нәрсе айтуға болар, деп ойлаймыз: әрбір тіршілік иесінің сөйлеуі – уызына мән-мағына біткен адамның әрбір зат пен оқиға туралы қалағанынша тілге тиек етіп үн қатуына, баян қалыбына салып талдай білуіне байланысты.
Негізінен, салыстырмалы құндылықтардың ортасында орын алған баян – біздің жанымыз бен өзегіміз. Барлығымыз – бір-бір тіл, ал тілдердің жаратылыс мақсаты – баян. Ең үлкен ақиқаттың өзегінде жатқан хақты мойындап, бар болмысты осы тұрғыдан симфония секілді үндестіріп отырған, дыбысқа салып, әрбір нәрсенің негізіндегі мәннің жасырылған дидарын ашқан және оған өз-өзін таныстырып кетуіне мүмкіндік туғызған да – баян. Ой-толғау қазыналары қақпаларының құлыптарын ашатын бір ғана кілт – баян, кіндікті айналып жүретін ұлан-байтақ әрекет пен қозғалыстың қызыл түймесі – баян, патша мәртебесімен тіршілікке араласу қабілетімен жаралған адам баласының алтын тағы – баян, қаламы – баян, қылышы – баян және сұлтандықтың негізгі заңы да – баян.
Баянның жалауы желбіреген жерде жүрек жұтқан әскери күштердің жүні жығылып, жан-жаққа тарап кетеді. Ол күндей күркірегенде, шайқас алаңындағы атыстардың құлақ жарар дүмпулері араның ызылдағаны сияқты үні өшеді. Баян туы желбіреген асқақ мұнаралардың артында, тек оның дабылы мен дағыра даусы ғана естіледі. Оның атойлаған әні әрбір саптан естілгенде, хан-патшалардың жүректері тітірей мұздап, тоқтап қала жаздап үрейленеді. Ескендірлердің, Наполеондардың шарасыздықтан кері шегінген, аса алмаған, ала алмаған қорғандары қаншама... соның барлығы баянның жалт-жұлт еткен қанжарымен бөлшектеніп, баянның бойұсынушылық пен көнгіштік қасиетін ұялатқан қаламына құрмет көрсетіледі.
Баршамыз мына жалғанға келерде, көзімізді баянмен аштық. Баян бесік жырларын тыңдап өстік. Егер бір арнаға салынған болсақ, сол баянның ықпалымен салындық. Бұдан былай бес күндік өміріміз жалғасатын болса, қайтадан ғылымға сүйенген баянмен дем тартып өмір сүреміз. Өлетін болсақ, ілім мен баян жоқтығының құрғақ құмында жанымызды тәсілім етіп кетеміз. Сондықтан да, баян – «тірі өліктерге» Қыдырдың сыры мен сарыны, ал мәңгі өмір сүргісі келетіндерге әбілхаяттың кәусар бұлағы болған. Оны шебер қамыс сырнайшысындай өліктердің жан дүниелеріне үрлей алғандар мың жылдан астам әлемнің әмбе түкпірін жайлаған жан иелеріне үстін-үстін «бағсү бағдәл мәут»  ақиқатын дағуалап, «Ад» қауымының (Хұд пайғамбарға қарсы шығып, жермен-жексен болған Оман қауымы) көзі көрген мазарлардың басында Исрафил періштенің сүр аспабындай әсерін тигізер.
Жүзіне әжім түскен, белі бүгіліп қартайған, келгендердің тәрк ететін, қонғандардың көшіп кететін, «мал-мүлкі пәни, қиялдан жаралған сыман» – мына қоналқалықта үнемі жас болған және әрдайым ажарын сақтай алған әдемілердің әдемісі бар болса, ол да баян ғой. Баянның жаңғыртқан жазираларында мыңдаған еліктер дүрсілдеп соққан жүректерін талып тыңдап, іштей есеп таразысына тартылардай күй кешіп, жұмақтың жазирасын аңсайды да тұрады... Баян аспабының ілім шектеріне тиіп өткенде, заттар көк жүзіне қарай көтеріліп, оқиғалар иләһи ырғаққа салынып: «хай-ху!»  деп ыңырсиды... Баянның үн жаңғырығымен ыңырсыған шөл далада бір емес, мыңдаған Мәжнүн қыдырып жүреді... Оның әуездері естілген оңаша жайларда бұлбұлдар ләм-мим демей ұяларына кіріп кетеді... Оның айқайы құлағына тиген жабайы ормандарда аң патшасы арыстанның өзі де құйрығын қысып, зытып жоғалады.
Баян – әлем кітабының және «шариғат фытрийенің»  мәні мен рухы, болмысы мен тынысы, түр-түсі мен реңі, өрнегі мен бейнесі. Сонымен қатар, ол – Аллаһ жолы – Ислам ақиқатының мөрі, қылышы және қаламы. Алтынның құнын зергер парықтаса, баянның қадірін сөз көсемі сөзгер біледі. Алтын, інжу-маржан – дүниеқоңыздың көз құртын жеген асыл заттар. Міне, сол заттардың мәнінде жатқан салыстырмалы құндылықтар да мына бес күндік жалғанда табылып, қайтадан осы жерде таусылып жатады. Ал, баян – адамдар мен жындардың арасында, жер мен көктің әртүрлі қат-қабаттарында мөрді басып отырған патша, бұйрық беріп отырған қолбасшы және әр уақытта қиссалы дастандардың басты кейіпкеріне айналған қаһарман. Осы уақытқа дейін баянның жеткен шыңына ешкім шыға алмаған және ешбір қолбасшы одан зор қаруға құзыры жүрмеген. Біздің дүниеде әр пайғамбар – сөз көсемі, ал әр әдебиетші – сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленің бір-бір көлеңкесі. Қасиетті қызметті ізашарлардан кейін ізбасарлар, сәулетшілерден кейін жұмысшылар жалғастырған. Бұлардың бәрі дерлік бір-біріне қолғабыс етіп, үнемі баяннан көркем сипатталған туындылар алып келді. Сөз жібінен шілтерлер тоқып, сөз-гауһар тастардан да өрнектірек зергерлік бұйымдар жасады.
Баян сәулетшілерінің шабыттары рухтанып қайрат алғанда, ішкі дүниелері аспаннан нөсерлеп құйған жаңбырмен алай-түлей араласып, теп-тегіс жерде бөртіп жатқан алтын алқапқа айналып ажарланады. Қу шөл далада сол мөп-мөлдір тамшылар тиген жерлерге түгелдей қылтиып өскен гүл шығады. Егер баян өз қалпында, тастарды да жуып-шайып тастайтын өзенге, буырқана толқындап, жан-жаққа тасып, төгіліп жатқан ақшулан көбікті теңізге айналса, онда сөз ешкімнің шамасы келмейтін патшалық мәртебесіне көтеріледі: оның сол рухани зәмзәм суындай қасиеті даурықпа сөз айтып, ысырап етушілерге тіс жарғызбай, сөз қалпына ұқсас міңгірлеп жатқандардың аузына құм құйып, мәнсіз сөйлегендерді де жалғыздыққа бет бұрғызып, жолатпайды. Ал, баянның дәл осы кең жайылған дастарханынан дәм тату бақытына кенелген кез келген адам желкенін желге қаратқан кемедей оған көкірегін ашар болса, әуеннің сарқырамасымен бірге құлап, ары қарай тереңдеп кеткен жан-жүйесімен тыңдап, болмыс-бітімімен соның ішінде еріп-езіледі де, молда тарапынан ғұсыл етілген мәйіттей толығымен берік болып қалады.
Жақсы сөз бен баянның әрбір қабілеттің қабылдау шамасына қарай міндетті түрде әсері тиеді. Кейде адам баласы баян лебімен аспандап, көк жүзіндегі аппақ бұлттармен жарысып, еркін кеңістікте қалықтап ұшқан құстай жаны жайлы да рақат сезінеді. Ол тартымдылығы жоғары өз ортасының айналасында жүрсе, яғни, ылғи да «өз кіндігінен» алыстамай, рухын тыңдай білсе, бәлкім, қаншалықты әсерлі, асқақ сезімді, шалқымалы ой-толғауларының бір-бірімен қатар өріліп-үндесіп жатқандығын, бұдан бұрын сезе алмаған жаңа ләззаттарды тата алатындығын біліп, тамсана таңғалып, есінен айырылардай шабыттанып отырады. Осылайша, тілінен тамған Кәусарды жұтқан сайын тағы бір мәрте тіріліп, өз-өзін тауып отырады. Сөз атасы – құлағында жаңғырған сөз-сөйлемдердің жан-жүйесіне өзіне тән ағысымен әр сәтте әртүрлі ерекшеліктерге ұласып отырғанын байқап, өмірдің баян өлшеміндегі тұрақсыздық шамасынан асып кететінін сезіп, қайта-қайта тамсана қарап, есін әрең жиып отырады.
Әсіресе, біздің дүниеміздегі сана-сезімімізден туған баян, құлақ сала тыңдайтын жұртты лезде өзінің сиқырлы қанаттарымен қаусырып, тигізетін әсерін жан-жүйелеріне шашып, көңіл-жүректеріне өз бояуларын жағып, баурап алады деген ойдамын. Жұрт та жайылған ып-ыстық құшаққа ұмтылып жатады. Ұмтылады да, сол салиқалы ортада өз әлемінің барлық қатпар-қатпар жүйесін сезініп, өзегіне біткен көп байлықтың мастандырар кереметтерімен рухтанып отырады.
Кейде баянның әрбір дыбысына құлақ ілген адам жәннат Кәусарларын үнемі еске түсіретін дін мен иман әуендерін, пәнилік пен мәңгілік әуездерін тыңдап, әр нәрсенің шексіздіктен келіп, қайтадан шексіздікке бет алып бара жатқандығын ойға салып, иман мен үміт көкжиегіндегі түрлі-түрлі түстердің ішінде әр сәтте ерекше ләззатқа бөленеді.
Кейде баян өткен өмірді көз алдына әкеліп елес райында бергенде, тарихта қалған бар болмысымызды жан-жүрегімізбен сезінуге талпыныс жасап, реті келгенде, оны жыр күйінде тыңдап, аспанға өрлей түсіп, тіпті, қанат қағып ұшып кеткендей боламыз. Сондай-ақ, жан дүниемізді байыту жолында «заманнан озып» кеткендей өз-өзімізді кешегі шындықтар мен ертеңгі қиялдардың ұштасып-қабысып жатқан сәтінде малдас құрып отырып қалғанымызды байқап, уақыттың толық үш өлшемін бір мезгілде тамашалағандай күй кешеміз. Содан соң, үрейлі түске айналған өткен өміріміз әуелгі өз қалпын тауып, қуанышқа кенелген баладай мәре-сәрелікпен жүгіріп келетініне үміттенеміз де, сол жарқын келешекке айналған өткен өміріміз жүрегімізді жылытып, ғасырлар бойы алаулап жанған сағыныш отын сөндіреді және  бұдан былай ол шақ – біздің шаққа айналарына кәміл иман үйіргендей боламыз. Сөйте келе, ішкі дүниеміздің тұңғиығында жатқан асыл сезімдермен өз-өзімізді әртүрлі түсінік пен ұғымдардың иіріміне саламыз. Қиялымыздағы шексіз құдіретке, ақылға қонбас құбылыстарға жеткізген әлгі баянның өшпес үнінде бір жайдан екінші жайға, сезімнен сезімге, пікірден пікірге ауысып, тіпті, ғасырлар бойы аңсағанымыздай, әр нәрсені ниет пен көңілімізге орайластыра қалыптан қалыпқа салып жатамыз. Қалағанымыздай қалыпқа түсіріп, бөлек арнаға құйып, тілегенімізше жүріп тұрамыз, қанат қағып ұшып та үлгереміз... Сонан соң, жерге қонып, табанымызды тіреп жүреміз... Шығыстан шығып, батыста батып үлгерген күн нұрын тамашалаймыз... Соңында, бір болып қалғанымызда, мың боламыз, жалғыздықпен ғана күресіп оқшау, оңаша отырғанымызда, көпшілікке, қоғамға, «барлыққа» айналамыз...
Іргесі түп-тамырымызға дейін жайлаған әлгі қиялымызды күшейткен де дамытқан, оған бесік жырын айтып тербеткен, жеті қат көк жүзіне көтеріп сайрандатқан, тіпті, оларға шексіздіктің саңылауын көрсеткен көкжиегі кең, мәртебесі биік бейнеде тұрған баян сезімдерімізді пайғамбарды миғраж түнінде аспанға аттандырғандай, кейде бізді көк жүзінің терең де алғашқы мәртебелеріне жеткізіп, біздер үшін «жер-мекеннен асқан» әлемдерде тақ құрғызып, көкейіміздегі көк мұнарлы үнсіздікте көмілген «мәңгілік» атты тілегімізге жауап беріп отырады. Сезімдерімізді сөз қалыбына сыймас сырлы көңілдің қазынасына жеткізіп, рухтарымызды ағза шегінен ауқымдырақ тереңдіктерге апарып, біздерге болмыстың тілсіз әуендерін тыңдатады да жатады.
Ата-бабамыздың жан дүниесінен сабақтасып-жалғасып келген, олардан мирас болып қалған құндылықтардың ең құндысы баян – мән-мағыналардың ғана түсініктемесі, сөздердің ғана дыбысы және белгілі мақсат-мұраттардың ғана сөз қалыбы емес, сондай-ақ, ол – ойымыздың айшықталар тілі, сезімдеріміздің тербейтін әуезі, жүрегіміздің жалындар қайраты, Аллаһпен арадағы сұхбаттастық тілмашы, үмітіміздің келешекке қарай ұшырған алтын қанатты құсы. Осы мақсаттарды қамтыған әлгі баянымыз көк жүзіндей шетсіз, жер бетіндей жанды, жібектей жұмсақ, ана құрсағындай аялы өзгешелігімен, өзіне ғана тән екпін-емеурінімен жанартаудай атқылай жөнелгенде, ақыл мен қисынның оянуын, рухқа қайрат бітуін, сөздердің сиқыры мен сөздің қалай туындағанын жеткізеді. Содан кейін дініміздің ұлылығын, ұлтымыздың байлығын, азаматтарымыздың ар-намысы мен бейуаздығын, көсемдеріміздің күрес пен талпыныстарын, ұлттық айла-амалымызбен үнемі біздерге айтып отырады.
Шын жүрегімізден шығып, соның тұңғиық түбінде жатқан інжу-маржандарды үндестірген салмақты баян біздерге үнемі рухтың сыры мен сарынын, жүректің дірілін, сөз сөйлеу шеберлігінің реңкі мен екпінін сездіріп, өз бояуының, кенен байлығының және мақсатының қасиеттілігі салмағында аспанды жарған дыбыстардың жаңғырығындай жүректерімізге ұялай бастайды... Соңында біздерге ең алғашында келіп түскен қайнар көзінен үнемі дәм таттырып тұрады...
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.