• Басты бет
  • БАҚ-та
  • Zaman
  • Мен жан азабын тартып жүрген адамды іздеймін

Мен жан азабын тартып жүрген адамды іздеймін

Байқауымша, сіз бұл жерде өміріңізді одан әрі қиындатудан қашпайтын секілдісіз. Үйіңізден, бөлмеңізден сыртқа шықпайсыз. Тіпті төмендегі көл жаққа да бармапсыз. Мұның мәнісі неде? Бұл өзіңізді жазалағаныңыз ба әлде сыртқа шығуға әл-дәрменіңіздің жетпегені ме?

Жай ғана серуендеу, көңіл көтеру, рахатқа бөлену – менің табиғатымда жоқ. Әскерлік борышымды өтеуге дейінгі жастық шағымда да мен өз шамамша тақуалықпен өмір сүрдім. Кейде шайханаға барып отыратынмын, онда да біреуге пайдам тиіп қала ма деген ниетпен. Мен сауапсыз нәрсе жасағым келмейді. Жай серуендеу болса да, оның сауапты іс болғанын қалаймын. Сондықтан бөлмемде отырып Құранымды,  Аллаһтың аттарын қайталаумен бірге дұға тілектерімді оқимын. Егер уақытым болған жағдайда, біреудің кітабын редакциялаймын, немесе өзім жазуым керек болған нәрсені жазамын. Мен адамдарға пайдалы болуды, жарықты арқалап жүруді – бәрінен де маңыздырақ деп ойлаймын. Көлге, шындығында осы бес жылда екі үш рет шыққан болармын. Тіпті өзім тұрып жатқан алаңқайдың өзін түгел қарап шықпаппын.

Табиғаттың өз тыныштығы бар. Неге сіз оның осы жағын пайдаланғыңыз келмейді? Судың сылдыры, алып ағаштар...

Дәрігерлер де менің жасымда калцийге деген қажеттілік бар деп айтады. Жазда кейде күндіз сыртқа шығарып анау тастардың жанына он бес минуттай отырғызатын. Яғни, бұл реніш емес, ауруға ұқсаған жан дүниенің халі де емес. Мен Түркияда да аз серуендейтінмін. Үйде отырып кітап оқумен айналысатынмын. Егер қасыма біреу келсе әңгімелесетінмін. Стамбулда да солай болатын. Мүмкін жастық шағымда серуендеген шығармын. Қабірлерді аралап «Йа-син» сүресін оқитынмын. Қазір маған осылай өмір сүру көбірек ұнайды.

Сізді жақсы көретіндер көп, ал шынайы достарыңыз бар ма? Сіз – көптің ішінде жалғыз қалған жандайсыз. Әлде мен қателестім бе?

Егер мен біреумен бір мәселелерді талқылау үшін ол адамның белгілі бір деңгейі болу керек десем, онда мен өзімді белгілі бір деңгейге жеткен адам деп санаған боламын, бірақ олай деуге менің ұятым жібермейді. Әсілі мен ислам әлеміндегі жағдайлар жайында сөйлесетін жүрегі қасіретке толы, жан дүниесі азап шегіп жүрген жанды іздеймін.  

Ондай адам жоқ қой, солай ма?

Мен тап әлгіндей жағдайда дертіммен бөлісетін адам бар деп айта алмаймын. Кейде түнде мені қайдағы бір ойлар маза бермей азаптайды. Ондайлар кейде теледидардан көргенің, не радиодан естігенің болады. Тұрасың да намаз не дұға оқисың. Кейде одан да шаршайсың. Жан дүниеңнің барлығын сарқып айтып салатын біреудің болғанын қалайсың. Егер қасіретіңді біреумен бөліссең, ол жеңілдейді. Осы ретте мен сенімді дос таба алдым деп айта алмаймын. Менің ең жақын, ең сүйікті досым бар, бірақ  Аллаһқа жан тәнімен берілген, қайғыдан мүжілмей қайта қайратына мініп оттай лаулаған, өзінің сұрақтарымен ашық бөлісе білетін адам да керек.

Мен белгілі бір жағдайда, адамның тек өзін-өзі ойлауы өзіне деген құрметсіздігі деп білемін. Мен өзім жайлы ойламауым керек. Егер мен Аллаһқа сенсем, менің барлық ой пікірім Сол жайлы болу керек. Мен әр сәтте Ол жайлы ойлауым керек. Егер мен Пайғамбарымызға сенсем, мен әрдайым ол туралы ойлауым керек. Мен өз өмірімде ұлтым туралы көп ойландым. Оның қайырлы келешегі жайлы ойлануым да керек. Менің өз қайғымды сондай жағдайда бөлісетін адамның жоқ екенін Сіздің қалай байқағаныңызды қайдам, бірақ, Сіз соны ұғынып, ақылдылық таныттыңыз. Мен жалғыз екенімді мойындаймын.

Бұл көптеген діни қайраткерлердің тағдыры. Қалайсыз ба, қаламайсыз ба бәрібір сүйікті мен сүйетіндердің арасы қашанда алыс. Олар өз ұстаздарының жолдастары бола алмайды. Бұл енді мәселенің психологиялық жағы. Сізде де бұл жайт солай ма?

Мен  әрдайым дұғаларыңызда мені ұмытпаңыздар, мен үшін Аллаһтан тілек тілеңіздер деп айтамын.  Егер мен бір нәрсе айтпақ болсам, тікелей бетіңізге айта аламын. Тіпті сіз маған шабыттың қайнары да бола аласыз. Бірақ менің осылай сөйлегенім, ойлағаным, күніне бірнеше рет өзімді жерлегенім, нөлге теңегенім (ал егер біз мәңгіліктің алдында өзімізді нөлге теңемесек, онда оны шектегендей боламыз, себебі Аллаһ – мәңгілік те, біз нөлміз ғой), екінші жақта еріксіз қолдау сезімін тудыруы мүмкін. Мен біле алмаймын. Сіз өзіңіздің түкке тұрғысыз екеніңізді білесіз, төзімділік, мойынсұнушылық, ар ұят жайлы айтасыз, бірақ оны түсіндіре алмайсыз, немесе мен оны қалай түсіндіруді білмеймін. Немесе екінші жақты сендіре білмеймін. Жалпылай алғанда әулиелік жайлы айтуды орынды көрмеймін. Ешкімді де әулие етуге болмайды. Мұсылмандар ешкімді де күнәсіз деп айта алмайды. Қасиетті құндылықтар бәріне де белгілі. Бәлкім шәкірттерім маған деген аз да болса құрметтерін білдірер. Бәлкім: «Онымен барлық нәрсе жайлы сөйлесе беруге болмайды, оны аса мазалауға да болмайды. Оны жеке қалдырайық, ол өз әлемінде өмір сүрсін. Оның өз таным көкжиегі бар. Ол көгершін секілді өз көкжиегінде қалықтасын» деп ойлар. Адамдарды ондай ойлардан арылта алмайсыз. Біз бірге тамақтанып, үстел басында да бірге отырамыз. Бірге шай ішеміз. Кейде төртеу бесеу болып отырып әңгімелесеміз. Бірақ бағанағы сіз байқаған жағдай қашан да болсын сақталады,  адам бәлкім одан шыға алмайтын да шығар. Бұл мәселеге орай мен еш нәрсе де айта алмаймын.

Мүмкін сіздің жаныңызды түсінетін жолдастарыңыздың табылмауының бір себебі, сізді сүйетін жандардың сізді толықтай түсінбеуінде, сіздің тереңдігіңізге бойлай алмауында жатқан шығар?

Түсінуге қиын болатындай мен бір ерекше адам емеспін. Мен  де жер басып жүрген қарапайым адаммын. Туылған жерім де, өскен ортам да қарапайым. Бірақ олардың осыдан бір артықшылық тапқандарына кедергі бола алмаймын, кейде жағдайым да болмайды. Мені түсінбеді деп те айта алмаймын. Бұл әділетсіздік болар еді. Шындығында не істеу керек? Бұл туралы мен мешіттің мінберлерінде, қоғамдық орындарда, конференцияларда, семинарларда айттым. Арнайы бір мекеме жоқ. Сондай кеңестерді адамдар қабылдады. Төрткүл дүниеге тарады. Сол жерлерде қызмет істеді, әлі істеп те жатыр. Қазір де біздің айтқандарымызды істеп жатыр. Демек олар түсінген, тіпті бұл түсінгеннен де биік. Білім беру барысы жайлы айтамыз, төзімділік турасында айтамыз. Соның бәрі шынайы ықыласпен орындалып та жатыр. Бұл да қолдаудың белгісі. Егер олар біздің ой пікірлеріміз бен идеяларымызға құрметпен қарамайтын болса, онда мұның ешбірін де істемес еді. Егер ол сізге сенбесе, еш нәрсе де істемес еді. Меніңше, менің жолдастарым маған сену керек болған деңгейден де жоғары сенеді. Ал бір нәрсемен бөлісу ол басқа мәселе. Мүмкін олар өз болмыстарын толық көрсетпейтін де шығар. Мүмкін мен көбіне өз проблемаларымды айтып, оларды тек өзімді ғана тыңдауға мәжбүрлейтін шығармын. Ал олар болса олай істемейді. Сондықтан да олардың ішкі болмысы белгілі бір деңгейде маған құпия болып саналады. Мүмкін мен сабырсыз адам шығармын. Егер бір жерде проблема шықты десе мен бірден қайғырамын. Егер бір жерде адамдар жапа шегіп жатыр десе, мен қайғырамын. Ал достарым мүмкін соның бәрін сабырға жеңдірер. Ондай жайттар проблема шығармай сабырлықпен іштен тынар.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.