Фетхуллаһ Гүленнің «Ғасыр туындатқан күдіктер» деген кітабына пікір

 Біз жаңа ғасырдың әрі жаңа мыңжылдықтың табалдырығында тұрмыз. Сондықтан да «ХХ ғасыр бізге несімен танымал болды?» деген сұрақ туары сөзсіз. ХХ ғасыр барша адамзатты дүр сіркіндіріп, нешеме ғасырлар бойы қаншама ұрпақтардың жинақтаған гуманизм мұраттарына шүбә келтірерлік және де ақыл-ойға деген сенімді жоғалтарлық екі дүниежүзілік қантөгіс соғыстан басталды. Соғыс адамзаттың саналы тарихының жолсерігі сынды болып кеткені белгілі, бірақ соңғы соғыстар ауқымы, келтірген зардабы, қатысушылардың көптігі мен олардың әлемдік саясаттағы алатын орнына қарай тым жойқын соғыстар болған еді.

ХХ ғасырға дейін адамзат ара дүркін болып тұратын қақтығыс, жанжал, соғыстарда жеке бір халықтарды және жеке мәдениеттерді жоғалтып алатын, бірақ жалпы алғандағы адамзат тарихы ары қарай жалғаса беретін. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап соғыс мәселесі жергілікті мәселе болудан қалып, бүкіл адамзаттың, қала берді – Жер планетасының тіршілік ету мәселесі ретінде жаңа тұрғыдан көрініс тапты. Қазіргі көпшілікті қырып жоятын қару-жарақтар – бұрынғының біреуді, ары кеткенде – бесеуді ұрып жығатын сойылы емес, бүкіл адамзатты жоқ қылып жіберердей қатерге апарарлық әлеуеті бар сұмдық.

Ғаламшарлық мәселелердің дүниеге келуі үшін адамзат ең алдымен өзінің қолынан жасап шығарылған дүние – техникаға «қарыздар», өйткені ол жаппай қыру қару-жарақтарының жаңа даму деңгейіне, қоршаған ортаны ластаудың қосымша көзіне және т.б. айналып отыр. Бірақ біздің ортаға қойған мақсатымыз – қазіргі таңдағы адамзаттың басындағы бәленің бәрін техникаға жаба салу емес, осы қиын да күрделі әлемде қоян қолтық бірлесе өмір сүру жолын табуға ат салысу.

Зұлымдық, жанжал, қырғи қабақ, теке-тірестік әлемге тек адам, оның іс-әрекеті, қажыр-қайраты арқылы ғана жол табады. Қақтығыс-кикілжіңнің көзге көрінбейтін терең тамырлары бар, олар себеп пен салдардың күрделі, шым-шытырық байланысынан, өмірлік заңдылықтар мен шынайы сенімнің күш-қуатынан нәр алады. Сол сияқты мейірімділік те, бейбітшілік те, келісім де, сүйіспеншілік те адам арқылы осынау өмірге орнығады. Жер бетіндегі адамдар әлемінде болып жатқан барлық оқиғалар үшін тек адам баласы жауапты.

Халықтардың абыройын қашыратын, оларда үрей мен қорқыныш тудыратын әрі өздерін агрессия, зұлымдыққа қызмет көрсетуші ететін соғыс сынды зұламат әлемді де, адамдарды да тоздырып, рухани кемтар ететіндігі кімге де болса мәлім жай. Қыл қөпір үстінде қалт-құлт етіп тұрғандай көрінетін бүгінгі адамзат әлемінде кикілжің, теке-тірестік қақтығыстарға орын берілмеуі керек. Бұл өмірде мынадай бір ақиқат бары белгілі – танымал мұраттардың жеңілуі немесе жеңіске жетуі, жүзеге асуы немесе жүзеге аспай, жерде қалуы адамның ерік-жігеріне тығыз байланысты. Озық ойлы алдынғы қатарлы азаматтардың адами парыздарының ең бастысы – әлемге, адамзатқа ненің басты құндылық екенін, ненің сақталуын қадағалау керектігін көрсетіп беру. Сондықтан да ХХ ғасырдың белді-белді деген мәртебелі ұл-қыздары өткен ғасырда басталып, бүгіндері жалғасын тауып жатқан ең сауапты іс – бүкіл әлемде сүйіспеншілік, қайғыға ортақтасу, төзімділік, әділеттілік сынды адам ақыл-ойынан туындаған биік адамгершілік мұраттарды уағыздау ісіне ат салысуда. Солардың бірі – тегі түрік, бірақ дәл бүгіндері ғалам азаматы деп айтуға боларлықтай Фетхуллах Гюлен.

Қазіргі кездегі түрлі діни, философиялық, саяси жүйелердің тоғысып, ғаламдық көзқарас қалыптасқан жаһандық кеңістікте адам баласы үшін сенім мәселесі қиындай түсуде. Жасыратыны жоқ – дінді қолжаулық қылып, өздерінің билікке деген талпынысына бетбүркемелеп жүргендер де жетерлік. Бүгінгі күні еуроорталықтанған БАҚ-тың ислам әлемі туралы қалыптастырған жағымсыз таптаурындарының (стереотиптерінің) шарпыны көптеп сезілуде. Жартыай әлемінің шекараларын қызыл қанға бояп қойған БАҚ туындатқан фобиялар рас па әлде олай емес пе? Мәселе сол сыңаржақ таптаурындардың көпшілік қауымды меңдеп кетпеуінде болып тұр. Не жолы ислам әлемінен адамзаттың бірлескен тұрмыс-тіршілігіне ілтипат танытар ықылас табылмайды? Осы тұрғысынан алғанда да Фетхуллах Гюленнің «Ғасыр туындатқан күдіктер» («Сомнения, порожденные веком») деген екі томдық кітабының берері мол. Ол исламға сырттан жапсырылып отырған біраз жалалы көзқарастардың түп төркінін ашып берген.

Шапшаң өзгерісті заман сауатты жан алдында бір ғана сенім жүйесінде шектеліп қалмай, әлемде болып жатқан процестерге саналы жауап беруді және өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарын заман талабына сай қайта қарастыру талабын қояды. Міне осындай қиын жағдайда ғасырлар бойы өзектілігін жоймаған мәңгілік сұрақтарға түрік ойшылы, қоғам қайраткері, теологы Фетхуллах Гюленнің жоғарыда аталып өткен кітаптарында жан-жақты, ақыл таразысынан өткізілген жауаптарды табуға болады.

Мысалы, қазіргі замандағы исламды сөгушілер Ислам тек жаугершілікке, қатыгездікке шақырады деп, соған нақ дәлел ретінде «жихад» терминін, өткен ғасырлардағы және бүгінгі күндердегі исламдағы экстремистік қозғалыстарды алға тартады. Автор бұл мәселені өткен дәуірдің тарихын мұқият зерделей келе, исламның ешқашан басып алған елдерде қатыгездік, жоюшылық әрекеттерді жүргізбегендігін дәлелдейді. Сол дәлелдердің бірі – Пайғамбардың сенімді енгізу үшін, әділеттілікті қалыптастыру үшін жүргізген 23 жыл бойы жүрген соғыста не бары 375 жуынгердің қаза болуы. Ислам әрқашан күнәсіз адамдарға, қарт адамдар мен әйел, балаларға жәбір көрсетпеуді басты принцип етіп ұстаған дін. Ислам келген елдерде тәртіп орнап, халықтарының мәдениеті мен білімдері өрлеп, өркендеп отырған. Әлемдегі мұсылман өркениетіне деген сыңаржақ көзқарастардың орынсыздығы ондағы жасалынып жатқан игі бейбіт істермен дәлелденеді.

Фетхуллах Гюлен ислам теологы болғанына қарамастан, ислам бойынша туындайтын сұрақтарға, әлемде болып жатқан тарихи процестерге түрлі діни жүйелердің, ғалым, ойшылдардың пікірлерін саралай келе, логикалық-философиялық талдау жасайды. Сол себептен ұсынылып отырған кітап тек мұсылмандарға ғана емес, жалпы жаратқанға сенетін, дегенмен, ойында адамда болмай тұрмайтын кейбір күмәндары бар, әртүрлі сенімді ұстанатын жандарға имандарын нығайту үшін маңызды болмақ. Мысалы, адамзат баласының өз жүрегінде Құдайға жетуге болатын керемет тылсым қасиет бар деген концепция индуизмде де, христиан дінінде де, ислам діндерінде де және түрлі конфессиядан тыс діни-философиялық жүйелерде де кездеседі. Демек, барлық адамзаттың түпкі мақсаты бір, ол – рухани тазару, ояну, кемелдену арқылы Ұлы жаратқанды тану. Ал оған жету жолы ешқашан оңай болмапты. Сол жолда алуан түрлі жеке бастық, қоғамдық, тұрмыстық кедергілер толып тұрады. Осы кедергілерді, соның нәтижесінде туындайтын күмәндарды жою үшін автор түрлі философиялық (дедукциялық, индукциялық) ғылыми дәлелдерді, тарихи фактілерді келтіреді. Белгілі бір сұраққа жауап беруде автор оны жан-жақты қарастыруға тырысып, оның тарихи, әлеуметтік және психологиялық аспектілерін ескереді.

Сарабдал ойшыл Фетхуллах Гюлен осы кітаптарында әсіресе атеистік идеологиядан әлі арыла қоймаған, сенімі қалыптасып, бекіп үлгермеген қоғам мүшелеріне көп көңіл бөледі. Материалистік бағыт үстем болып келген қоғамда әлі күнге дейін Жаратқанға байланысты күмәндар сейілмегені рас. Мысалы: Аллах барлық затты Жаратушы болса, сол Аллахтың өзін кім жаратты; Аллах неліктен ғаламды жаратуды қажет деп тапты және де ол неге оны ертерек, не кешірек жаратпады дегендей сан сұрақтар төңрегінде адамдар жиі айтысып-тартысып жатады. Негізінен бұл сұрақтарды Құдайға, Жаратушы идеясына сенбейтін материалистер қояды. Сол себепті автор адамдарға сабырлық сақтап, аталғандардың жетегінде кете бермей, тоқтап, терең ойлануға шақырады. Материалистік жүйе бойынша кез-келген нәрсенің себеп-салдары болады, жоқ нәрседен бардың пайда болуы, бар заттың жоққа айналуы мүмкін емес. Автор бұл концепцияның терістігін қазіргі замандағы ғылыми жаңалықтарға сүйене отырып дәлелдейді.

Мысалы, қазіргі физиканың кейбір жаңа салаларында затты жоққа айналдыратын антизат пен атомды жоятын антиатомдардың бар екендігі ашылды, бұның өзі осы шынайы дүниеден тыс ерекше тылсым дүниенің бар екендігін білдіреді. Біз материалды және көрінетін тіршілік иелеріміз. Мүмкін жын-перілер, антизат және антиатом сияқты, бөлек болмысты заттардан жаратылған шығар. Неге періштелердің жарықтан жаратылғанына сенбеске дейді автор.

Екінші сұраққа дәйекті жауап беру барысында Фетхуллах Гюлен жан-жақты дарынды шеберді мысалға келтіреді. Шынайы дарын иесі болып табылатын майталман шебер өз бойындағы бар шығармашылық күш-қуатты өзінің шабыты келгенде ортаға еш нәрсені қажет етпей-ақ, өзінің ішкі қажеттілігінің арқасында туындатады. Дәл сол тәрізді, Құдай да өз еркі мен құдіретін түрлі бейнедегі заттарға айналдырып, оның ұлы туындыларының шабыт, қуаныш түсінігін тудыруын қалайды. Автордың пікірінше, дүниеге бастамалық сипат беру мүмкін емес, себебі бастамасыз мәңгілік жаратылмаған Аллахтың ажырамас атрибуты.

Аллахты танып білуге болады ма, ол бар ма, жоқ па деген сұраққа адамзат баласы өзінің шектеулі мүмкіндіктерінің арқасында қалайша ғана сенімді түрде жауап бере алады. Аллах ол даосизмдегі, индуизмдегі, теософиялық жүйелердегі көзге көрінбейтін, естілмейтін, түйсікпен сезілмейтін, оймен жетуге болмайтын барлық заттардың түпкі мәні. Сол себептен адамзат баласы көріп біле алмайтын микрокосмосты және көзі жетпейтін макрокосмосты жаратып, гармонияда ұстап тұрған Аллахты қалай танып білмек.

Ояну, яғни тазару арқылы Құдайға жету барлық діни сенімдердің негізгі концепциясы десе болады. Оған жетудің түрлі жолдары, әдістері бар. Автор исламнан бөтен басқа да бір діндердің құндылықтарына (сенім бостандығына) қарсы келмейтін әмбебап, философиялық жолдарды ұсынады. Солардың бірі – ойлау. Ойлау, біріншіден, белгілі бір алғашқы, негізгі білімге сүйену керек. Білімсіз ойлану бұл сауатсыз ойлану және ол нақты нәтижелерге алып келмейді. Мұндай тұманды ойлану уақыт өте келе адамды зеріктіріп, біраз уақыттан соң адам онымен айналыспайтындай болады. Өмір болса қас қағым сәтте өтіп кетеді, сол себептен түрлі ойдың жетегінде кеткендер өмірін баянды, саналы түрде өткізу мүмкіндігінен айырылады. Ал адам жүйелі түрде ойлануы үшін, біріншіден, оның өзінің ойлану пәні жөнінде жалпы түсінігі болуы керек. Ойлану адамның күн, ай, жұлдыздар қозғалысы, олардың адамдарға тигізер әсерін, адам ағзасын құрайтын элементтерде болып жатқан процестер туралы түсінігі болғанда ғана дұрыс болады.

Екіншіден, ойлану үшін заттардың түпкі мәні туралы білім қажет. Кез-келген нәрсенің түбіне ұмтылу оянуға, яғни кепілдікке алып келеді. Осындай жолмен ойлана алатын адам жүйелі түрде жаңа қорытындыларға келіп, соларға сүйене отыры, жаңа нәтижелер шығарып, терең ойшыл бола алады.

Фетхуллах Гюленнің пікірінше, қоршаған ортаны анық көріп, түсіну үшін діннің парыздарын орындау қажет. Себебі тұрақтылыққа, тәртіпке, жүйелікке машықтанған адам ғана өз өміріне болсын, жалпы тіршіліктегі өмірге болсын байыппен қарауды үйренеді. Осы бір рух пен ақиқаттың иманмен біріккен, адамның жаратқанды жанында үнемі сезінетіндей дәрежеге жету күйін исламда «адаб» деп атайды. Сонымен қатар, «адаб» мораль мен діни сенімнің тоғысып бір қасиетке айналуын білдіреді. Автор кез келген дін «адаб» күйіне жетуге мүмкіндік бере алмайтындығын ескертеді.

Намаз – исламның басты парыздарының бірі, алайда, адамдар оны міндет деп қарастырмай, рухани ләззат алудың, Жаратқанға жақындаудың жолы деп түсінуі керек. Себебі, сұлулық, үйлесімділік, қайырымдылық, тәртіп болған жерде алғыс, рақымшылдық және қызмет ету болу керек. Намаз, осылайша, біздің Жаратқанға деген алғысымызды білдіретін жол болып табылуы керек.

Хауа ананың Адам қабырғасынан жаратылуы туралы аят көпшілік қауымда көп түсінбестік тудыратындығы рас. Автор бұл мәселені шешуде аятты дәл өзінің мағынасында түсінудің маңыздылығын алға тартады, өйткені атеистер не дінге қарсы адамдар оны бұрмалап жіберетіндігі де кездеспейді емес. Сондықтан да Фетхуллах Гюлен араб тілінің тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, өте нәзік дәйектер келтіру барысында сол аятты ашып түсіндіреді.

Өткен ғасырларда да, қазіргі заманда да исламға тән емес жаман қасиеттерді оған жалалап тағу факті жиі кездеседі. Солардың кейбіреулері Исламды таратушы алғашқы сахабалар, халифтердің исламды қылыштың жүзімен таратуы туралы; Пайғамбардың ислам діні қойған шектен шығып, көп әйел алғандығы туралы; исламның құл иеленушілік жүйені қолдап, дамытуы туралы; Аллахтың өз құлдарын бірдей қылып жаратпауы, бірін әлсіз, бірін батыл етіп жаратуы туралы мәселелер. Автор осы күрделі сұрақтарға жауап беруде оқырмандарға тарихтан көптеген фактілер келтіреді, сол оқиғалар орын алған заман ерекшеліктерін, әлеуметтік-экономикалық себептерді ескере отырып, көптеген сұрақтарды ашып береді.

Құранның уақыт өте келе жасаруын, оның жаңа мәндерінің ашылуын қалай түсіндіруге болады деген сұраққа Фетхуллах Гюлен төмендегідей өте қызық теософиялық жауап береді. Қартайған адам миының тамырлары кеңейгендіктен оның есте сақтау қабілеті төмендейді, алайда, нәтижесінде ол дұрыстап ойлана бастайды, оның ой-тұжырымдары асығыссыз, саналы және дана, ал шешімдері сәтті бола бастайды. Бұны тек жеке адамдарға ғана қатысты емес, сонымен қатар, жалпы халықтарға байланысты, тіпті, уақытқа қатысты да айтуға болады екен. Бұл да бір уақытты сіңіретін тылсым тамырлар мен каналдар бар тәрізді бейне туындатады, осы уақытқа құндылық беретін адамдардың ниет-пиғылы мен ұмтылыс-әрекеттерінің арқасында ғаламның құпияларын ашатын ғылымдар пайда болды. Сонымен, ақырет күні жақындаған сайын біз дүниені анығырақ, толығырақ көреміз және бұрын түсінуге қиын болған Құран аяттарының мәндері адамзат санасына жақынырақ келеді.
«Өркениеттің дамуына сай дінге деген қажеттілік жойыла ма?» деген сұрақ көпшілік қауымға ортақ. Тарихи жадыға тиеселі адамзат тарихының өн бойына көз жүгіртер болсақ, онда діндарлықтың адамзат тарихының басынан аяғына дейін толық қамтып жатқандығын көреміз. Қаншама рет діннің ақыры келді деген сөз айтылса да ол қазірдің өзінде қарапайым күнделікті өмірдің болсын, сан-салалы күрделі саясаттың болсын негізгі қалыптастырушы факторларының бірі болып табылады. Діннің халықтар өміріндегі алатын орынының зор болатындығы соншалықты, діндер негізін түсінбей жатып, сол діндерді ұстанатын халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы толық көзқарас қалыптастыру мүмкін емес. Мәдениеттегі діннің ролін әрбір мәдениеттің жүйеқұрастырушы факторы деп анықтауға болады. Дін – адамзат баласының ең терең рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын, жаратқанға жетудегі тылсым байланыс күш. Сол себептен қаншалықты жоғары дәрежедегі өркениетті қоғам болмасын адам үшін өзінің өмірінің жауапкершілігі туралы ойлану кезеңі туындайды. Фетхуллах Гюленнің ойы бойынша, ақыл мен логика ақыр аяғында саналы жанды құлшылыққа алып келеді. Адам өзін үнемі бақылап, билеп отыруға әлсіз болып келеді, сол себептен ол жалған жолдардан аман қалуы үшін, не жарты жолда қалып кетпеуі үшін Қасиетті жазбаға сүйенуі және өз өмірін осы кітаптың талаптарымен сәйкестендіруі керек.

Еліміздің кеңестік идеологиядан арылып, әлі өз рухани жолын таба алмай, түрлі секталардың жетегінде кетіп бара жатқан кезеңінде Фетхуллах Гюленнің ғылымға, ақылға, тікелей Құранға сүйенген еңбектері маңызды болмақ. Себебі, біздің ата-бабаларымыз исламды тек парыз, догматика деп қабылдамаған, қайта ислам қазақ халқының кеңістік Тәңірге махаббатын, алғысын білдіру көзқарасына сай келген. Фетхуллах Гюлен исламды кең аумақта көрсете білген.

Барлық ұлы идеялар бір-бірінен тарамдалып, дамып отырған, сол тәріздес, автор да өз ойларын тек ислам дінінің шеңберінде ғана өрбітпей, түрлі діни сенім жүйелерін, ұлы ғалым-ойшылдардың концепцияларын, ғылымдағы соңғы жаңалықтарды көмекке ала отырып, салиқалы ой тұжырым жасайды. Оған кітапта Декарт, Ренан, Руссо сынды ұлы философтардың, Ленин, Карл Маркс, Энгельс сынды ұлы қоғам қайраткерлерінің ойлары, алуан теософиялық түсініктер жиі кездеседі. Осы ретте кітаптың танымдық жағынан да өте құнды екендігін атап өткіміз келеді.

Фетхуллах Гюлен шығармашылығы мен өмір жолының өзі де адамдар арасында бейбіт қарым-қатынастар орнатып, мәдениеттер мен діндердің сұхбатына ықпал ету үлгісі болып табылғандай. Оның осы талданып отырған кітаптардағы айтпақ ойы да, діни сұрақтар төңірегінде өрбітіп отырған идеясы да шын мәнінде гуманистік адамсүйгіштікті уағыздайтын диалог идеясы. Олай дейтін себебіміз диалогтың түпмақсаты адамдар арасында үйлесімділікке қол жеткізу, түрлі мәдениеттер, ділдер, діндердің «ортақ» орнының барлығын көрсетіп беру.

Мәдениет өзінің көптүрлігімен және мүмкіншілік молшылығымен құнды. Сөз жоқ: біздің баршамыз әртүрліміз. Түр өзгешелігі диалогтың алғышарты екендігі де рас. Мәдени-әлеметтік көптүрлілік жағдайында гуманизм, яғни адамның жеке тұлғасының шартсыз құндылық екендігін мойындау әлемдегі бірлесе тіршілік етудің жалғыз ғана дұрыс жолы болып табылады. Сондықтан болар әлеми діндердің барлығы дерлік жаңағы құндылықтардың өмірде терең тамыр алуы үшін рухани негіз болса, ал Фетхуллах Гюлен сынды озық ойлы ізгі азаматтар сол діңгекті ойларды ел арасына кеңінен таратып, уағыздау ісіне бар күш-қуатын, білімі мен біліктілігін жұмсайды.

Ана тілі, 16 шілде, 2009 жыл

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.