Ф.Гүлен: Бейбітшілікті қалыптастыру - бейбіт сүйгіш адам тәрбиелеу деген сөз

Ф.Гүлен: Бейбітшілікті қалыптастыру - бейбіт сүйгіш адам тәрбиелеу деген сөз

Қадірменді Женева бейбіт конференциясының қатысушылары!

Мен сіздермен бірге «Бейбітшілік орнату мақсатында азаматтық қоғамды мобилизациялау» тақырыбындағы конференцияға қатыса алмайтыныма қатты қынжыламын. Алайда менің бұл уайымымды сейілтетін нәрсе әртүрлі дін, тіл және мәдениетке қарасты азаматтық қоғам ұйымдары мен зиялыларының бейбітшілік орнату мақсатында бас қосқаны. Таяу Шығыстағы және өз отанымдағы қақтығыстардың себебінен жандүниемді мұң басқан шақта маған жолдаған шақыртуларыңызды ең үлкен сыйлық әрі бейбітшіліктің хабаршысы ретінде қабылдауыма рұқсат етіңіздер. Өйткені бар өмірін жоғалған жұмақты жер бетінде қайта орнатуға арнап, жүрегі қайғыдан қан жұтып, көзі жасқа толған адам үшін ең үлкен сыйлық оған ғаламдық бейбітшілікті орнатуға деген үміт барын естірту.

Менің қарапайым ғана пайымдауымша, бейбітшілік қалыптастыру деген сөз бейбітсүйгіш адам тәрбиелеуді білдіреді. Егер барлық түйткілді мәселелердің өзегінде адам тұрғанын ұғынып, бәрін адаммен байланыстырып қарастырмаса, онда саяси әрі құқықтық жүйеге қаржы құю уақыт пен қаржыны бекерге шашу болмақ. Құдіретті Жаратушы әр адамды ізгілік пен сұлулыққа құштар жаратқан. Алайда адам баласы тоғышарлықпен уақыт өте келе өз табиғатындағы зор мүмкіншіліктері мен қабілетіне зиян тигізеді. Шын мәнінде табиғаттың ауытқуы адамды үлкен апатқа душар етеді. Мүдде үшін, артық байлық пен билікке қол жеткізу, жерді көбірек жаулау үшін бір-бірінің қанын төккен адам мысалын тарихтың қара беттерінен көптеп кездестіруге болады. Адам қолынан қаза тапқандардың санын жер сілкіністері мен цунамилерден өліп кеткендердің санымен салыстыруға келмейді. Егер адам табиғатының ауытқуы дер кезінде емделмесе, адам деген атқа кір келтірер мұндай тағылықтардан құтыла алмаймыз.

Үкіметтік мекемелер мен оның жетекшілері кейде саясаттағы жеке мүддесі үшін білім саласын құрбан етеді, сөйтіп кейінгі ұрпақты өздерінің партиясын, идеологиясы мен заңдарын қолдайтын етіп тәрбиелейді. Мұндай эгоистік санамен бейбітсүйгіш адам тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан азаматтық қоғамның негізгі міндеті – жаңаша адам қалыптастыру болуы тиіс. Азаматтық қоғамды мобилизациялау өмірлік маңызды міндет, әсіресе бұл сайлау нәтижесін алдын ала анықтап алып, халықтың алдында жасанды сайлау өткізетін, демократия шектелетін қоғамда тіпті маңызды. Азаматтық қоғам ұйымдары табиғатынан альтруистік болып табылады. Азаматтық қоғамның міндеті – білім саласы мен БАҚ-ты да қосқанда, демократияны қорғау әрі толеранттық пен келісім рухында жаңа ұрпақ тәрбиелеуге кепілдік беру.

Мен білетін барлық діндер мен доктриналардың ниеті - бейбітсүйгіш адам тәрбиелеу. Бұл халықаралық бейбітшілікке, адамдар арасындағы бейбітшілікке, табиғаттағы басқа элементтермен үйлесім сақтауға, адамның ішкі жан тыныштығына да қатысты. Мен бейбітшілік көкжиегін дамытуға сана мен ақылдың өлшемдерін іске қосу керек, әрі адамдардың басым бөлігі діннің әмбебап, баршаны құшағына сыйдыратын қасиетімен бейбітшілікке келе алады деп сенемін. Бірақ әлемдегі негізгі діндердің түгеліне жуығы тарих сатысында уақыт өте келе фундаменталистердің мазағына ұшырап, солардың саяси мүдделерін жабуға, қақтығыс тудыруға қолжаулық болып жатқаны өкінішті-ақ. Анығында барлық діндер мен моралдық доктриналардың қасиетті бұлақтары бейбітшілік орнатуға жеткілікті материалға ие.

Бейбітшіліктің өмірлік маңызы жоғары, ал соғыс пен жанжал шығару үшін діни мәтіндерді қолдану - бұл адамдарға ғана емес, сол діни мәтіндердің өзіне де жасалған қиянат. Осы себепті барлық діннің ұстанушылары, әсіресе, түбі Ибраһимнен тарайтын иудаизм, христиандық және ислам ғаламдық бейбітшілік үшін дәл бүгінгі бас қосу тәрізді өзара пікіралмасатын ортақ шара ұйымдастырып, осындай идеяларды жүзеге асырудың жолдарын қарастыруы керек. Бұл ғаламдағы бейбітшілікті сақтау үшін ғана емес, діндердің таза қалыптарын сақтау үшін де өте-мөте қажетті.

Бұрынырақта мен Таяу Шығыстағы барлық қақтығыстың қайнар көзі секілді көрінетін Йерусалим мен Палестинаға қатысты ұсынысымды айтқан едім. Менің ұсынысым: Йерусалимге айрықша ұлттық (наднациональный), айрықша діни (надрелигиозный) статус беру керек. Барлық дін өкілдеріне ол жаққа визасыз бара алатын жағдай тудырып, БҰҰ-ның жанынан Ибраһимдік дін өкілдері бірге басқаратын комиссияға бақылатып, арнайы әкімшілік қала ету керек. Мен бүгін ИГИЛ-дің террорлық әрекетінің кесірінен тыныштығы кеткен Таяу Шығыс үшін бұның маңызы тіптен артқанын көріп отырмын. Егер осы ұсыныс қабылданса, бітпейтін даудың ошағына айналған бұл қала өзінің «Йерусалим» деген атауына сай әлемге ортақ бейбіт қалаға айналар еді. Негізі бұл сөз бейбітшілік мекені деген мағынаны беретін «Дәрус-сәләм» сөзінен шығады (иврит тілінен аударғанда «әлемнің қаласы»).

Бұл конференцияның белгілі бөлігін бұқаралық байланыс пен бейбітшілік орнату тақырыбына арнағандарыңызға қатты қуаныштымын. Байланысты да қосқанда жаһанданудың көз ілеспес жылдамдығымен интернет пен мобильді құрылғылар жастарға ықпал етуде маңызды рөл атқаруда. БАҚ мынаны түсінуі керек: шындығы мен нақтылығы бұрмаланған мәселелерді таңдау арқылы олар қоғамдағы қақтығыс мәдениетін асқындырып, біз және олар деп қоғамды екіге жаруға үлес қосуда. Бұдан шыққан қиратушылық сол уақытпен ғана шектеліп қалмайды, ерте ме, кеш пе БАҚ-тың өзіне айналып келіп таяғы тиіп, оны қалыпқа келтіру көп жылдарды, тіпті ұрпақтар ауысуын да қажет етеді. Мен осы конференцияларыңыз әлемдік БАҚ-ты айқындалуға әрі бейбітсүйгіш адам тәрбиелеу үшін этикалық құндылықтарды өсіруге қоса шақырады деген үміттемін.

Өзін ізгілікке, бейбітшілікке және жұртқа қызмет етуге арнаған жан ешкімнен мойындау я мақтау күтпейді. Келесі бір жағынан конференцияға қатысушы барлық азаматтық қоғам ұйымдары, қадірлі баяндамашылар мен ұйымдастырушылар әлемдегі бейбітшілікке, жақсы үлгі көрсетуге үлес қосқаны үшін мақтауға лайық деп ойлаймын. Конференцияның өту күнін Біріккен ұлттар ұйымы күніне дәл келтіру де ерекше мәнге ие. Мен мұны о баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған БҰҰ-ның жаңа үндеуі ретінде қабылдаймын. Конференцияны ұйымдастырған Жазушылар мен журналистер қорын, Диалог пен мәдениетаралық ынтымақтастық институтын, Женева университетінің [email protected] институты мен әлемнің 25 елінен келген 33 қоғамдық ұйымды шын жүректен құттықтаймын!

М. Фетхуллаһ Гүлен

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.