Санада қалып кеткен жағымсыз жайттармен күресу

Сұрақ: Ой-санамыз бен жүрегімізде қалып кеткен жағымсыз жайттардың кері әсерінен қалай құтылуға болады?

Жауап: Ой-санамызды, рухымызды, сезім әлемімізді, ойлау жүйеміз бен ар-ожданымызды кірлеткен немесе оның дұрыс жұмыс жасауына кедергі болатын нәрселер расында жағымсыз нәрселер. Мұндай дүниелер адамның руханиятын кірлетеді. Сондықтан да адам руханиятының қажетін бере отырып, қолдан келгенінше кері әсер беретін дүниелерден арылуы керек. Осындай жағымсыз нәрселер еркімізден тыс орын алуы мүмкін. Алайда есте ұстайтын бір нәрсе, мұндай санада қалып кеткен жағымсыз жайттар ендігі жерде біз үшін бір сынақ болып табылады. Сол себептен күнәні еске салып, оған итермелейтін осындай нәрселердің қателікке ұрынуға себеп боларын білу керек әрі одан сақтану ләзім. Мәселен, көз тыйым салынған бір нәрсеге түсіп кеткен кезде адамның жады оны міндетті түрде сақтап қояды. Адам жадысында сақталған бұл ақпарат күндердің күнінде сыртқа шығады. Мұндай жағдай адамды жаман ойларға, теріс пікірлерге итермелеп, жолдан тайдыра бастайды. Адам ондай кезде жоғарыда айтып кеткеніміздей шамасынша жігерін жанып, өз-өзін бақылауда ұстауы шарт. Оның үстіне Құран кәрім адамның ой-санасын жаман пікірлер жаулай бастағанда дереу ондай атмосферадан алыстауды өсиет етеді.[1]

Қатерлі вирустар және одан қорғанатын нәрселер

Мәселен, тыйым салынған нәрсеге қарау себепті адам жадында қалған бір көрініс, құлақпен есту арқылы қабылданған немесе санада әсері қалған жағымсыз бір сөз әрдайым жамандыққа итермелеп тұратындықтан адам өз өмірі үшін мұндай нәрселерден өзін арылтуға талпынуы қажет. Өйткені, ол адамға сонымен қатысты көп нәрсені еске салып, бұрын жасаған кейбір күнә істеріне қайта жетелейді. Бейне бір вирус іспеттес. Адамның физикалық денесі әлсірегенде қалайша оған вирустар жинала қоятын болса, дәл солай руханияты әлсірегенде де оған рухани вирустар жиналып адамға шабуыл жасап, оны тұтқындауға тырысады. Сондықтан да кейбір руханияты жоғары жандар күнделікті уақытын жамандыққа уақыт таба алмайтындай етіп жүйелейді. Басқа қырынан алғанда мұндай руханиятқа бай жандар о бастан өздері белгілі бір өлшеммен жүріп-тұратындықтан еріксіз жамандыққа ниеттенсе де олар оны жасай алмайды. Мәселен, күнәға итермелейтін жерлерден ұзақ болу үшін жалғыз қалғанды жөн көреді. Жұрттан оқшауланады. Олар түрлі жамандықтардан қорғану үшін жеке қалуға тырысады, осылайша күнәлардан құтылады. Дегенмен, дін жолымен өмір сүру, оны басқаға насихаттау жолында жауапты болған иман еткен адамдар әсіресе пайғамбар жолының мирасқорларының негізгі жолы бұл – халық ішінде Хақпен бірге болу. Тасаууф ілімінде бұған «жәлуәт» делінеді. Иә, халықтың ішінде Хақпен бірге болу пайғамбарлардың сипаты, негізгі мінезі. Жүрген жерінде қолдан келгенінше атқаруға тырысатын қасиетті міндеті. Мұсылман адамның көңілі қандай таза болса, өзі жүрген ортаны да солай таза етіп, жамандық атаулыдан тазартуға бар күшін салуы керек.

Жасырын дұшпандарға қарсы жабылған тетіктер

Һижрет уақытында, Сәуір тауында хазірет Әбу Бәкір (р.а.) туралы айтылған бір оқиға бар. Аллаһ елшісі (алейһис салату уә сәлләм) мен хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Сәуір тауына жеткенде, қауіпті жануарлардың бар-жоғын байқап әрі тазалап шығу үшін алдымен хазірет Әбу Бәкір (р.а.) үңгірдің ішінде кіреді. Сөйтіп, шаян, жылан және соған ұқсас жәндіктердің зиян тигізбесі үшін шапанынан жыртып тесіктерді бітейді. Содан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үңгірге кіріп, біршама уақыт тынығады. Дегенмен, хазірет Әбу Бәкірдің шапаны бір тесікті бітеуге жетпейді. Сол себептен ол сол тесікті өзінің өкшесімен бекітеді. Міне, осы кезде бір жылан келіп хазірет Әбу Бәкірдің өкшесін шағып алады.

Сенімді дереккөздерде негізі болмаса да бұл мәселелердің бізге берер кейбір пайдалары бар. Соның бірі хазірет Әбу Бәкірдің сыддықтығы (адалдығы). Себебі, жылан келіп аяғын шаққан мезетте дым сездірместен барлық ауыртпалығы көзінен жас болып төгілді. Сондағы ойлағаны Екі жаһан Сардарына (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) зиян келмесін деген қамкөңілдіктен жыланның аузына аяғын тосқан болатын. Осы тұста оның сыддықтығы әйгіленді.

Бұл оқиғадан алар екінші бір пайдамыз, ол мұсылман адамның өмір сүрген жерінде оның Аллаһпен байланысына, дініне және руханиатына зиян беретін әртүрлі жамандықтардың көзін бітеуге тырысу. Тіпті зиян болуы ықтимал нәрселерден де сақтану қажет. Мүмин адам қажет болса өзі сол тесікке өзі барып бітеу болады әрі Жаратушыға былай деп жалбарынады: «Уа, Аллаһ тағалам! Бұл жағдайдан құтылу үшін бүкіл дүние-байлығымнан айрылсам да мейлі, тек Өзіңмен байланысыма зияны тимесе екен, Өзіңе дұрыс құлшылық етуіме тосқауыл болатын әрбір нәрседен мені сақта, Өзіңнің қорғаушы сипатыңмен қорға. Рухымды асқақ күйде тек Өзіңе ғана иілетін ете гөр. Басқалардың алдында қор етпе».

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл оқиғаны әрбір заманда талқылап қажетіне жарата алады. Алайда аталған хадистен біз садақаттың ең шынайы түрін өзімізге үлгі етіп ала аламыз. Ол мынадай: «Мұсылман жүрген жерінде айналасын өзінің рухани түсіне бояп жүреді және өзінің мақсаты-мұраты мен түсінік-пайымын еркін жүзеге асыра білетінде атмосфера қалыптастырады».

Жаман жолдас және қаражылан

Негізгі тақырыбымызға ойыссақ, жағымсыз ойлар мен түсініктерден арылуға септігін тигізетін кейбір факторларды қысқаша былай топтастырамыз:

1) Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ашу-ыза секілді құрдымға кетіретін сезім адамды торлап алған мезетте одан қалайша құтылу керектігін былайша баяндаған: «Расында ашу-ыза шайтаннан, шайтан болса оттан жаралған. Ал, от болса сумен сөндіріледі. Олай болса қайсыбірің ашулансаңдар дереу барып дәрет алсын»[2]. Бұл жерде Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамның хал-күйінің әрқилылығы жайлы сөз етуде. Адамдық психология тұрғысынан қарағанда хадисте айтылған бұл өсиет ашуды бақылауда ұстауды ең жеңіл әрі тиімді әдіс екендігін көруге болады. Бұл хадистен түсінеріміз, адам күнәдан арылу үшін міндетті түрде тұрған тұрқын өзгертуі қажеттігі. Осылайша ол алдымен санасындағы бұзық ойлары мен түсініктерінен алыстау арқылы құтылады. Сөйтіп басқа ой, басқа түсініктер арқылы ойы басқа арнаға бұрылып, санадағы кереғар пікірлердің ізі де қалмай жүрек босай бастайды.

2) Мұсылман адам әрдайым ізгі достармен жолдас болуы керек. Жатса-тұрса солармен бірге болуы ләзім. Мен үнемі айтып жүретінімдей, діни ілімдерден дәріс беру барысында балаға арап тілі сабағын бастамас бұрын «Жаман жолдаса қаражыланнан да жаман. Онымен жолдас болсаң ол сені жаһаннамға сүйрейді. Ал жақсы адаммен жолдас болсаң, ол сені жаннатқа жетелейді» деген парсыша өлең жолдары үйретілетін.

Иә, жақсымен жолдас болу өте маңызды. Өйткені, адам әрқашан өзін өзі берік ұстап тұра алмайды. Адамды бір шатырға ұқсатар болсақ, ол бір өзі сол шатырдың әрі ортаңғы діңгегі, әрі жан-жағындағы қазықтары бола алмайды. Ол болмыс шатырының ортаңғы қазығы болып, бір-екі жолдасының сол шатырдың айналасындағы қазығы болып қолұшын берулеріне мұқтаж. Міне, осындай жағдайда ғана мұндай құрылыс аяққа тұрады. Күмбездегі тастар өзара өріліп тұру арқылы бір-бірін ұстап тұрады. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Жалғыз жолаушы – шайтан (шайтанның арбауына тез елітеді), екі жолаушы да – шайтан (себебі, қандай да бір жамандыққа өзара келісіп алу ықтималы бар). Үш жолаушы ғана – жамағат», – дейді[3]. Аллаһ елшісі (алейһи әкмәлут-тәхия) бізге осындай бір имани атмосфераны қалыптастыруды өсиет еткендіктен, мұсылмандарға соны орындау міндет. Олай болса, біздің орындауымыз керек болған нәрсе әрқашан салиқалы, ізгі жандармен бір болу[4]. Сонда біз қандай да бір қателікке бас ұрған кезімізде олар бізді одан тосады, жаңылысқан жерімізді түзейді. Кім біледі бәлкім өзіміз қатты жақсы көретін сол бауырларымыздан қысылып, олардан ұялғанымыздан кейбір күнә-қателіктерімізден арылармыз.

Бұған қоса, ішкі дүниемізбен байланысты тағы бір мәселені айта кеткім келеді. Кейбір қателіктерім себепті ізгі жолдастарымның ескертуінен кішкене қысылып, ұялып қалған болармын. Бәлкім нәпсіме ауыр тиген болуы да мүмкін. Алайда оның нәтижесі тұрғысынан біраз ойланғанымда кеудемде Раббыма деген шүкірлік, жолдастарыма деген алғыс асып-тасыды. Оған қоса бір мұсылман ғалым да «Менің желкемде не қойнымда бір шаян кетіп бара жатыр деп біреу хабар берсе немесе көрсетсе оған ренжімеуім керек, керісінше қуануым қажет» деп ескертпеді ме? Парасатты мұсылман басқа бір мұсылман бауырына «Көзіңе, құлағыңа қажетінше сақтық танытпайсың?» деп ескерту жасаса, ол мұсылман жоғары-төмен жүрген көліктің тежегішіндей сасады, қайтерін білмей ары-бері теңселер бірақ мәселеге мәңгілік өмір тұрғысынан қарағанда негізінде бұлай, қынжылудың орынсыз, ренжудің түкке тұрғысыз екеніне көзі жетеді. Өйткені, мұндай ескертулердің себебінен адам өзіне келе жатқан қауіп-қатерден, зиянды нәрселерден құтылады. Міне бұл жақсы адаммен жолдас болудың нәтижесі, сыйы.

3) Мұсылман адам өзінің төл мәдени құндылықтарына сай жүріп-тұруы, сонымен көңілі асып-тасуы керек. Үздіксіз білім алумен болып, ойлылыққа тырысуы қажет. Өмірінде ешқандай да бос уақыт қалдырмай әрдайым даму үстінде жүруі ләзім. Сонымен қоса жандүниесін Жаратушыға толықтай ашып әрдайым былайша дұға етуі жөн: «Уа, Раббым! Бізді күнә мен күпірліктен сақта. Бізге мейіріммен қарай көр әрі бізді бақыла. Біз Өзіңсіз еш нәрсе жасай алмаймыз» деу арқылы Ұлы Жаратушыдан жеңіс, инаят (қолдау), уәкілдік және құрметтілікті сұрауы керек. Оған қоса Аллаһ елшісі (алейһи әкмәлут-тәхия): «Уа, Хайиу, уа, Қайиум! Рақымыңды пана тұтып Өзіңнің жәрдеміңді сұраймын. Ісімізді жақсарта гөр әрі мені қас қағым сәтке болсын нәпсіммен жеке қалдырма» деп дұға ету арқылы бізге бос уақытты игі істермен толтыру қажеттігін ұқтыруда.

Соңғы бір мәселе ретінде мынаны айтқым келеді. Аллаһ тағалаға шынайы ниетпен, терең ықыласпен берілгендердің осы кезге дейін жақсылықтың ішінде болғаны секілді ізгі дос, жақсы жолдаспен бір жүрген адамдар да Жаратушының мейірімінен құр қалмақ емес.

[1] Ағраф 7/200-201; Фуссилат 41/36.
[2] Әбу Дәуіт, Әдеп, 4; Ахмед ибн Ханбал, әл-Мүснәд 4/226.
[3] Тирмизи, Жиһад 4; Әбу Дәуіт, Жиһад 86.
[4] Тәубе сүресі 9/119.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.