Ең шынайы құлшылық – дұға

Ең шынайы құлшылық – дұға

Дұға – біздің Раббымызға жасайтын сыр-құпияға толы қасиетті құлшылық. Иә, ол құлшылықтың ең шынайы түрі.

Дұға – адамның терең ықыласпен шынайы түрде Жаратушысына бет бұрып, Одан өз қажеттіліктерін сұрауы. Құран кәрімдегі «Құлдарым сенен келіп сұраса, білсін, Мен оларға өте жақынмын. Дұға етушінің дұғасына жауап беремін» (Бақара, 2/186), «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін» (Ғафир, 40/60), «Егер де дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қайтсін (Раббымның алдында қандай қадірлерің бар)» (Фурқан, 25/77) ... деген аяттар дұғаның қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Алла елшісі де (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үмбетіне көп дұға ету мәселесінде көптеген кеңестер айтқан әрі соны өзінің тұтас өмірінде іске асырған. Тіпті, өміріне көз жүгірткен адам оның әрбір сәтте дұға етумен болғанын көріп, оған «ол дұғаның адамы» деп айтар еді.

Аят-хадитерде көп қозғалған осы дұға мәселесі мұсылманның өмірінде зор маңызға ие. Қолын жайып Раббысына дұға еткен пенде бейне бір былай деп жатқандай: «Себептер дәрменсіздік танытып, табиғат құбылыстарының ешбір әсері болмай, ешкім маған қол созып, көмек бере алмаған сәтте мен әрдайым жанайқайымды тіпті әрбір шыққан демімді еститін, маған күре тамырымнан да жақын екендігін ескерткен, дұғаларыма жауап беретіндігін уәде еткен әрі сол уәдесінде тұруға күш-құдіреті жететін Ұлылардың Ұлысына қолымды жайып, дұға етемін».

Пенде өзінің дұғасы арқылы өзі көрмесе де жаратқан жаратылысы арқылы танып білген Жаратушыға бас иіп, оған жақындық сезімімен жалбарынады. Біз күннен ұзақ болғанымыз секілді Аллаһтан да алыс болуымыз мүмкін. Алайда Аллаһ бейне бір күн секілді бізге шуағын төгіп тұр. Әрбір ісімізді бақылап, қамқорлық танытуда және жалбарынып жайылған ешбір қолды бос қайтармайды. Иә, Аллаһ құлдарына оның ата-анасынан да әлдеқайда қамқор әрі мейірімді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл ақиқатты өзінің сахабаларына былайша суреттеп жеткізген:

Бір шайқастың соңында әлдебір әйел тұтқындардың арасынан өзінің баласын іздеп жаны шырқырап, аласұрып жүреді. Әлдебір балаларды балам осы болар-ау деп ентелей барып бауырына басады. Артынан оның өзінің баласы еместігін білгеннен кейін оны қоя сала қайта жанұшыра іздеуін жалғастырады. «Іздеген табар» демекші, әйтеуір баласын табады. Сөйтіп, оны бауырына қысып, емірене иіскей бастайды. Сол сәтте Аллаһ елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сахабаларының назарын осы әйелге бұрып, оның баласына деген махаббатын меңзеп былай дейді: «Мына әйелді көріп тұрсыңдар ма? Ол бауырына басқан баласын отқа тастар ма еді? Қалай ойлайсыңдар?» дегенде сахабалары: «Әлбетте, тастамайды, уа, Расулаллаһ» десті. Сонда әз елші: «Аллаһ тағаланың құлдарына деген мейірімі бұл анадан да кең» деп күрсінген.

Қалай дұға етуіміз керек?

Ең алдымен дұға еткенде Аллаһ тағаланың қабыл ететініне шүбәсіз толық сеніммен сұрау қажет. «Маған бәрібір» немесе «Мынадай нәрсені маған бересің бе, уа, Раббым?» деген секілді түрде дұға етуге болмайды. Өйткені, Аллаһ тағаланың ризық қазынасы өте кең әрі Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Қаласа, бір сәтте пақырды патша қылады. Тек дұға еткенде өте үлкен нәрселер талап етпеу шарт. Мәселен, Жаратушыдан жәннаттың орнына Фирдаусты сұрау деген секілді. Аллаһ елшісі бұлай дұға етпеуді ескерткен.

Екіншіден, біз сұрайтын нәрселерімізді беруге Аллаһ тағаланың құдіретінің жететініне имандай сенуіміз керек. Яғни, оның «Жәннат секілді жылы жайды бізге дайындап қоюға Оның құдіретінің жететініне иман етіп» деп Одан жәннатты сұраймыз. Сол себепті бұл тек жай ғана қажетіңді сұрау емес. Мұның астарында Ұлы Жаратушының кәміл сипаттары мен көркем есімдеріне иман етіп, оны ұлықтау жатыр. Міне, осындай кейіптегі дұға шынайы құлшылық болып саналмақ әрі ешқашан кері қайтарылмайды.

Сонымен қатар, дұға еткенде сенімсіздік танытпай, қайта табанды болу, жалықпай қайта-қайта сұрау керек. Мысалы, мешіттердің алдында қайыр сұрайтындар соншалықты жалынышты хәлге түсіп, жыламсырап жағдайын айтқан кезде адамдар оларға міндетті түрде бір нәрсе беру керек деп ойлайды. Яғни, олар жалықпастан сұрайды. Міне, біз де Раббымызға осылайша табанды түрде жалбарынуымыз қажет. Сонда ғана бізге Раббымыздың мейірімі түспек.

Мәселен, кейбір тақуа жандар былай деп дұға етеді: Жаратушыға деген шексіз сүйіспеншілікпен «Уа, Раббым! Мен өзімнің жағдайымды білемін. Амалыма қарасам маған жәннат бұйырмастай. Алайда Сен рақымшылық етсең сөзсіз болады. Егер мені жаһаннамға салсаң да Өзіңе деген сүйіспеншілігім кемімейді. Керісінше сол жердегілерге Сенің шексіз құдіретіңді түсіндірем!»

Тағы бір Хаққа ғашық пенде былай дейді: «Уа, Раббым! Мен Саған қараймын әрі Өзімнің жағдайыма қараймын. Маған күнә жараспайтынын білемін, бірақ Саған кешіру жарасады!»

Иә, мұндай дұғалар жүрекке дауа болады әрі Ұлы Жаратушы да Өзінің ұлылығына сай мұндай дұғаларды қабыл етеді.

Дұға осындай шынайы ғибадаттың рухын беретіндіктен адамдар аз болсын, көп болсын әйтеуір еш уақытта дұғадан қол үзген емес. Аллаһ тағала сөзсіз құлдарының үнін естиді. Алайда олар кейде білместіктен өздеріне кері әсер ететін нәрселерді сұрайды. Сол себепті олардың сұрағанынан да хайырлысын береді. Ғалымдардың мысал еткеніндей, бір пенде Ұлы Жаратушыдан ұл бала сұрап жалбарынады. Алайда Жаббар ие оған хазірет Мәриям секілді хайырлы перзент нәсіп қылады. Иә, Имран мен оның жұбайы Аллаһтан бір ер бала сұраған. Аллаһ тағала оларға хазірет Мәриямды сыйлады. Ал, өз кезегінде Мәриям анамыз шамамен 5-6 ғасырға жуық уақыт аралығында өмір сүрген адамдарға жарық нұр сыйлады, өйткені хазірет Исаны (а.с.) дүниеге әкелді.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.