ИМАНҒА ШАҚЫРУДЫҢ ТАҒЫ БІР ӨЛШЕМІ

 Иманға шақырғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) елмен қандай қарым-қатынас жасайтын еді? Ақ пен қара айқасып, бай мен кедей бақталасқан заманда ол адамдардың жүре-гіне қалай жол тапқан? Осы мәселені айшықтап берсеңіз.

Пайғамбарлар төресі (с.а.с.) дінге шақыруда жалпыға ортақ жолды таңдады. Яғни, бай-манаптың да, жарлы-жақыбайдың да жүрегіне жол табуы пайғамбарымыздың тағылым мектебіне айналды. Бұл мектептің шәкірттері жасына, таптық ерекшелігіне қарай бөлінбейтін еді. Мысалы, бұл мектептің тұңғыш шәкірті Әбу Бәкір (р.а.) отыз жетіде, ал, Әли (р.а.) небары жеті-сегіз жасар бала еді. Сондай-ақ осы мектептің алғашқы шәкірттерінің бірі Зәйід ибн Хариса (р.а.) бас бостандығы жоқ құл болатын. Оны пайғамбарымыз құлдықтан азат еткен. Зәйід пен пайғамбарымыздың арасында ерекше сүйіспеншілік бар еді. Аллаһ елшісі оны «балам» деп атаған. Асыранды бала өз кіндігінен тараған ұрпақ саналмайтыны жайлы баяндалатын «Ахзаб» сүресіндегі аят түскенге дейін Зәйід ибн Харисаны (р.а.) қалың бұқара «Мұхаммедтің ұлы Зәйід» дейтін еді. Арадан біраз жылдар өткеннен соң, пайғам-барымыз Зәйідті (р.а.) Мута шайқасына аттанған әскердің қолбасшысы етіп тағайындайды. Құрметті сахаба сол жорықта шейіттіктің шәрбатын ішті. Осы сияқты Ислам мектебінің алғашқы шәкірттерінің бірі – аналардың анасы, әйелдер әлемінің ханзадасы хазірет Хадиша (р.а.) еді.

Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) баршаға рухани мектебінің есігін айқара ашты. Адамдарды түріне, түсіне, нәсіліне, жынысына, маман-дығына, тегіне т.б. қарай бір-бірінен бөліп-жарып қарамаған. Сондықтан да, бұл мектептің оқушылары арасында қара нәсілді Біләл Хабаши (р.а.), ирандық Сәлмән Парсы (р.а.), темір ұстасының қарапайым ғана көмекшісі Хаббабтар (р.а.) бар. Пайғамбарымыз қарадан шыққан Біләлдерді, Сәлмәндарды, Хаббабтарды (р.а.) сол қоғамның құрметті, жоғары мәртебелі адамдарымен қатар санап, оларды жанынан бір елі тастамаған. Тіпті, кейбір бай әрі атқамінер мүшріктер мұсылмандықты қабылдамақ болып: «Сенімен жеке кездесіп сөйлесейік. Қасыңдағы құл-құтандарды қуып жібер» деп жоғарыда аты аталған сахабаларды көргілері келмейтінін білдірген. Ардақты елші олардың бұл айтқандарын орындамақ түгілі, мән беріп те қарамаған. Кейбір зерттеушілер «хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүшріктердің айтқанына келіскен-дей сыңай танытқан» дейді. Бұлай болуы мүмкін емес. Өйткені, Аллаһ тағала Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өткен өміріндегі жаза басқан тұстарын кешіріп қана қоймай, мұнан былайғы өмірінде де жаңсақ бастырмайтынына сөз берген. Бұл жайт «Фәтіх» сүресінде «Сенің бұрынғы және мұнан былайғы күнәларыңды кешіру, саған деген нығметін тәмамдау әрі дұрыс жолын меңзеу үшін»[1]  деп баяндалады.

Аллаһ расулы шын жүректен Әбу Жәһил мен Әбу Ләхаб сияқты күпірліктің теңізінде жүзген мүшріктердің де иман келтіріп, мұсылман болуларын қалады. Алайда, олар қастық пиғылдан танбай қасарысып баққандықтан, иман келтірудің бақыт құсы бастарына қонбады. Сол кездегі жағдайды пайымдайтын болсақ, Әбу Жәһил немесе Әбу Ләхабтың иманға келуі күллі меккеліктердің, ал, Уруә ибн Масғудтың исламды мойындауы, барша Таиф халқының мұсыл-ман болуы деген сөз еді. Пайғамбарымыз аты аталған жандардың иман келтіруі үшін басқа тәсілдерді де қолдануы мүмкін еді. Бірақ, менің ойымша, Аллаһ мұндай ойдың жетегінде кетуіне оған жол бермеген. Бұлай деуімізге Құрандағы: «Аллаһтың разылығын тілеп, ертелі-кеш Раббыларына құлшылық ететіндерді қасыңнан қуушы болма!» – деген аят дәлел болса керек[2]. Негізінде, Хақ тағаланың бұл баяны барлық пайғамбарларға ортақ еді. Мысалы, Нұх пайғамбарға қарсы шыққан кәпір шонжарлар «..Саған ілескендер саяз, топас жандар, олардан басқа саған иланғандарды көрмедік»[3]  дегенде, Нұх пайғамбардың жауабы былай болған еді: «..Мен иман келтіргендерді қумаймын, өйткені олар анығында Аллаһпен қауышады, ал сендердің надандықтан арыла алмаған, санасыз екендіктеріңді аңғардым»[4].

Меккелік Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) сіңірі шық-қан кедей болатын. Ол Исламды қабылдаған сәттен бастап, өмірінің ақырына дейін пайғамбарымыздың қасынан бір елі ажыраған емес. Жұрт оны үнемі хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанында көргендіктен соның жанұясының бір мүшесі деп санайтын.
Ислам мектебінің алғашқы қарлығаштарының бірі Сәлмән (р.а.) туралы Пайғамбарымыздың «Сәлмән – менің әулетімнен» деген ілтипатты сөзі бар. Ал, Сәлмәнның (р.а.) тегі ғажам (парсы) немесе түркі болуы мүмкін деген болжамдар айтылады.

Иә, Пайғамбарымыз іргетасын берік қалаған иман мектебі баршаны бауырына басқан-тын. Жаратылыстың бастауы мен нәтижесі саналатын ұлық Елшінің сол мектебінің ең төменгі дәрежедегі оқушысы да, (ол оқушылар жолына жанымыз садақа) Жәбірейіл періште де алаланбай өз қабілет-қарымына қарай дәрістің керемет тәлімін алатын. Пайғамбарымыздың әрбір сұхбаты терең мәнді, тілі өте нәрлі, баршаға түсінікті еді. Тіпті, кейде Жәбірейіл періштенің өзі келіп оның сұхбатына ден қоятын. Сондай-ақ, кейде Микайыл періште Адамзаттың асылы пайғамбарымызбен сөз зергері Әбу Бәкірдің (р.а.) сұхбаттарына қатысатын. Олардың өзара тілдескен сұхбаттары да өте тереңнен ой қозғайтын ғибратты дәрістер екені анық. Осындай сұхбаттардың бірінде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымызға деген таңғалысын жасыра алмай «Сіз мұншалықты әдептілікті кімнен үйрендіңіз?», − деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Менің ұстазым – Аллаһ. Маған барлық ілімді үйреткен ұлы Жаратушы», – деп жауап берген.

Екінші жағынан, Пайғамбарымызға (с.а.с.) елді иманға, Исламға шақыру жолындағы керекті сипаттар мен ерекшеліктер тумысынан табиғатына дарыған қасиеттер болатын. Яғни, Аллаһ тағала оның бойына фәтанат, исмат, аманат және сыдық сияқты пайғамбарларға ғана тән қасиеттерді дарытқан.

Фәтанат дегеніміз – артық ауыз сөзден, қулықтан, пасықтықтан аулақ, әрдайым адамзаттың игілігі үшін пайдалы ой өрбітіп, тура жол көрсететін ең жоғарғы ақыл-ой дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз хазірет Мұхамммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қандай мәселе болмасын дереу оңы мен солын аңдап, дұрыс шешім қабылдайтын.

Пайғамбарымыз күрмеулі мәселелердің шешімін тез арада табатын. Сахабалар аз уақыт ішінде бәдәуилік пен күпірліктен арылып, жүректері иман нәрімен сусындап, саналары иләһи білімнен нәр алып үлгеретін еді. Жүректері сүйіспеншілікке толып, мұхаммеди рухты тұла бойларына сіңірді. Осының нәтижесінде жаман мінезден біржола арылып, адамзатқа ұстаздық ететіндей үлгілі, мәдени қоғамға айналған. Міне, Пайғамбарымыз осынау ұлық міндетті мінсіз атқару үшін қоғамды түбегейлі өзгертетіндей үстем ақылмен жаратылған. Иә, адамдарды имандылыққа шақырудағы әрқашан тура жолдың бағдаршамы болған терең ойдың мәнінің өте зор екені осыдан аңғарылады.

Пайғамбарымыздың тағы бір ерекшелігі – «исмәт» еді. Оның әуел бастағы ибасы, күнә, қателік атаулыдан таза кіршіксіздігі – пайғамбарлық міндетіне дайындықтың алғашқы баспалдағы іспетті. Аллаһ расулының көркем мінезі алға адымдаған сайын, болашақта мойнына жүктелетін салмағы ауыр жүкті абыроймен атқарып, иман қаһарманына айналатынын көрсеткен-тін. Оны дұшпандары сиқыршы[5], шайыр[6]  деген тәрізді жалалы сөздермен ғайбаттағанымен, бейкүнәлігіне, ибасы мен әдебіне қарсы уәж айта алмаған.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) иманға, Исламға шақыру жолындағы жетістіктері оның «әмин», яғни сенімділік сипатымен де тікелей байланысты. Пайғамбар болғанға дейін де, онан кейін де сенімділігімен танылғандығы осының айғағы. Пайғамбарлық келгенге дейінгі кезеңде жұрт оны «әл-Әмин», яки «сенімді Мұхаммед» деп атаған. Елдің шынайы сеніміне ие болғандығы соншалықты, Әбу Жәһил мен Әбу Ләхаб сынды азулы дұшпандарының өзі оның сенімділігіне зәредей шәк келтірмеген. Өйткені, Аллаһ расулының бүкіл өмірі сенімділікке толы болатын.

Мына бір мысал осы ойымызды нықтай түседі. Ясирдің (р.а.) мұсылмандықты қабылдай қоймаған кезі еді. Бір күні бір жерге жолға жиналған ұлы Аммардан (р.а.) қайда баратынын сұрайды. Баласы «Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолығуға» деп жауап береді. Сонда хазірет Ясир: «Мұхаммед – сенімді адам. Бүкіл Мекке халқы бұған шәк келтірмейді. Егер ол пайғамбар екенін айтса, шынында да солай болғаны. Өйткені, жалған айтқанын жан баласы естіген емес», – деген.

Олай болса, Пайғамбарымыздың сыдықтығына да дау жоқ. Ғұмырында бір рет те болса өтірік айтпаған. Осылайша көпшіліктің жүрегіне сенімділігімен жол тапқан. Иә, Нәбилер Сәруары хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешқашан туралықтан таймаған һәм ылғи да туралықты ту еткен. Бір хадисінде: “Туралықтан айырылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жаннатқа апарады. Кісі әрдайым тура болып, туралықты іздесе, Аллаһ әмірімен турашылдардың қатарына жазылады.

Жалғаннан сақ болыңдар. Жалғандық адамды күнәға, күнә жаһаннамға апарады. Кісі үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Аллаһ тағаланың жарлығымен өтірікші кәззаптардың қатарына жазылады”[7], – деген.

Қорыта келгенде, дінге шақыруда Пайғамбары-мыздың асыл қасиеттерінің ықпалы өте зор болған. Қазіргі таңда да адамзаттың бақытты ғұмыр кешуін көксеген ізгілік жаршылары алға қойған мақсаттарында жетістікке қол жеткізу үшін жоғарыда аталған сипаттарды бойларына сіңіруге тиіс. Тұла бойларында осы сипаттар тұнып тұрмаса, олардың істерінде кемшілік болары сөзсіз. Пайғамбарымыздың жалпы жұртқа әсер етуі, міне, осынау кіршіксіз, риясыз табиғатының арқасында жүзеге асқан. Олай болса, бүгінгі таңда пайғамбар жолын таңдағандардың да асыл мұраттарына қол жеткізуі, әлгі құнды қасиеттерді бойларына сіңірулеріне тікелей байланысты.

 


[1]    «Фәтіх» сүресі, 2-аят.
[2]    «Әнғам» сүресі, 52-аят.
[3]    «Хұд» сүресі, 27-аят.
[4]    «Хұд» сүресі, 29-аят.
[5]    «Сағд» сүресі 4-аят.
[6]    «Әнбиә» сүресі, 5-аят; «Саффат» сүресі 36-аят; «Тур» сүресі 30-аят.
[7]    Бухари, Әдәб, 69; Муслим, Бирр, 101; Әбу Дәуд, Әдәб, 80.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.