СЕНІМНІҢ АМАЛМЕН ҚУАТТАЛУЫ

«Итиқад» деген не? Ақиданың қандай ағымдары бар? Кәміл иман иесі қандай болу керек?

«Итиқадтың» сөздіктегі мағынасы – бір жолға, бір идеяға құлай сену, осы сенімге қайшы келетін еш нәрсені мойындамау дегенді білдіреді. Ал, діни термин ретінде итиқад – Аллаһтың әмірлері мен Пайғамбарымыздың сүннетін берік ұстану, шын көңілмен сену. Матуридидің ақидасында діннің негізгі шарттарына деген нанымды тілмен жеткізу итиқад саналады. Ал әһл-и сүннет ғұламаларының кейбіреуі иман негіздеріне деген сенімді сөзбен айтып, амалмен дәлелдеуді итиқадқа жатқызады. Бұл тұрғыдан алғанда итиқадтың мағынасын «иман» деп ұғынуға да болады.

Ақида тұрғысынан бөлінетін мәзхабтардың қанша екенін нақты айту қиын. Пайғамбарымыздың «Хабардар болғайсыңдар, сендерге дейін әһл-и кітап жетпіс екі тармаққа бөлінген еді. Ал бұл үмбет өзара жетпіс үш бөлікке айрылады. Жетпіс екі тармағы жаһаннамға, тек бір тармағы ғана жаннатқа кіреді. Бұл – әхлі-сүннет уәл-жамағат» немесе «Исрайыл ұрпақтары жетпіс екі түрлі сенімді ұстанған топтарға бөлінген-ді. Ал менің үмбетім жетпіс үшке бөлінеді, бұлардың біреуінен басқасы жаһаннамға кетеді. Жаннатқа баратындар – менің және сахабаларымның жолымен жүргендер» деген хадистерінде айтқандары айнымай келіп, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көз жұмған соң мұсылмандар топ-топқа бөлініп кеткен. Алайда, сол кезеңнен бері мұсылмандардың басым көпшілігі әһл-и сүннет уәл жамағат сенімін ұстанып келеді. Мысалы, арасында муғтазила нанымындағыларды қоспағанда омайадтар, аббасилер, селжуктер, Қарахан мемлекеті мен хорезмдік мұсылмандардың көпшілігі әһл-и сүннет уәл жамағат нанымын, оның итиқадын таңдаған. Қарамағында әрқилы ұлт пен ұлыс болғандығына қарамастан, Османлы мемлекетінде де басым сенім әһл-и сүннет уәл жамағат болғандығы даусыз.

«Кәміл итиқад иесі қандай болу керек?» десеңіз, кәміл итиқадтың шарты – жан-тәнімен илану. Итиқад өлшемін Пайғамбарымыз «Менің және сахабаларым-ның жолы» деп көрсеткен. Иә, тура жол – Аллаһ елшісінің, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилер (Аллаһ оларды разылығына бөлесін) жүріп өткен жолы.

Нақтырақ айтсақ, кәміл итиқадқа қол жеткізу үшін алдымен ақиқаттың теориялық негіздерін білу, Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып, дұрыс сенім негіздерін ұстану қажет. Мысалы, шииттерден бөлініп шыққан карматилер деген топ, қандай негізге сүйенгендері беймәлім, өздерінен басқалардың бәрін жаппай өлтіруді ең үлкен жиһад деп сенген. Олар жүрген жерлерінде мұсылмандарды қырып-жойып, қасиетті Меккеде, Мәдинада бұрын-соңды кездеспеген зұлымдықтарға барған. Бәрінен де жанға бататыны, осынша зұлымдықты иман жолындамыз деген наныммен жасағандықтары. Бұл – нағыз адасудың белгісі.

Харижиттер деп аталатын асыра сілтеуші тағы бір топ өздерін Құранға шынайы берілгендерміз деп, өзгелерді кәпірсініп, оларды өлтіруді жиһад деп ұққан. Сонымен қатар, бұл топ жалған сөйлеуді де кешірілмес күнә деп білген. Әһл-и сүннет ғұламалары осы өтірікке жаны қас қасиеттері үшін харижиттерден хадис риуаят етуге рұқсат берген. Харижиттерде жалған айтқан адам тіпті діннен безген болып саналған. Сондықтан оны өлтіру керек деп сенген. Құранға жан-тәнімен берілгеніне, күнә жасауға деген төзімсіздіктеріне қарамастан харижилер асыра сілтеушілікке бой алдырып, адасушылыққа ұрынған.

Тарихты парақтасақ, Пайғамбарымыздың «Менің және сахабаларымның жолы» деп сипаттаған жолдан шыққандардың барлығының межелі жерге жете алмай орта жолда діңкелеп қалғанын көреміз. Негізінде, осы хадис бізге тура жолды нақты көрсетуде. Жалпы адам баласы бір нәрсеге көзсіз сенуі мүмкін. Мәшһүр Хассан Саббахтың мүридтері сияқты өз сенімі бойынша бейкүнә жандарды өлтіріп, тіпті, өзіне қол жұмсауы, осы ісімен жаннатқа барам деп дәмеленуі де мүмкін. Өйткені Хассан Саббах «Бүгін пәлен жердегі мешітті басып алып, пәлен адамды өлтірсеңдер, жаннатқа баратындарыңа өзім кепілмін» дегенде, мүридтері еш ойланып жатпастан айтылғанды орындауға ұмтылатын. Бұл өте «берік сенім» болумен қатар аса қауіпті адасушылық. Осы себепті итиқадтың сүйеніші мықты иләһи негіздер мен тура ұстанымдар болуға тиіс.

Екіншіден, иман негіздерін теориялық тұрғыдан жақсы білумен қатар бұл мықты сенімді амалмен ұштастырып, нығайту қажет. Сенім амалмен ұштас-паған жағдайда еліктеушіліктен аспайды. Әрдайым терең ойға бойлап, ұдайы Жаратушыға жетудің жолдарын іздеген адам ғана шынайы иманға қол жеткізе алады.

Кімде-кім жаратылыстың қыр-сырына үңіліп, көрген-білгенін мағрифатуллаһқа, яғни, Аллаһты тану аясын кеңейтуге жұмсаса, ол адамның зейіні толыға түседі. Терең ойдан (тәфәккур) мақұрым жандарда иманның толыққанды сипат алуы қиын. Сондықтан мұндай жандардың имандары сезім дәрежесінде ғана қалады. Әрине, Аллаһтың ерекше сыйына кенелгендердің жөні бөлек.

Ал кәміл иман мүлде басқаша. Иман келтіріп, иманын толассыз тәфәккурмен – пікір түюмен байыта түскен адамның деңгейі биік тұрады. Жаратушы мен жаратылыс туралы терең ойға берілу – иманның шырқау шыңына көтерілудің бірден-бір жолы. Шыңға шығу үшін ой-пікір тереңдігі, жан мен ниет тазалығы керек.

Үшінші әрі ең маңызды мәселе, иманның амалмен ұштасуы. Басқаша айтқанда, амал – иманның қорегі һәм тірегі. Біздің ойшылдарымыз ғана емес, батыстың кейбір ойшылдары да бұл мәселенің маңыздылығына тоқталған. Имани мәселелерді тек теориялық тұрғыдан ғана білу жеткіліксіз. Наным-сенім мәселесін теория ретінде қаншалықты білсек те, бәрібір толыққанды иманға жете алмаймыз. Себебі, иманның толысуы амал арқылы ғана жүзеге асады. Үздіксіз құлшылық жасап, құлшылығын еш үзбеген жанды Аллаһ тағала шайтанның арандатушылығынан қорғайды, иманына күш-қуат береді. Өйткені, мұндай жанның иманы құлшылықпен шыңдалып, кісілік қасиеті артады.

Әрбір нәрсенің өз тәжірибе саласы бар. Мысалы, химиялық реакциялар химия лабораториясында жүзеге асырылады. Оны құрылыс инженерлік өлшемдерімен жасамақ болсаңыз, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсыз. Сондай-ақ, медицинаның түрлі саласына қатысты тәжірибелер де сол сала шеңберінде жасалуы шарт. Себебі, бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері кездеседі. Дәл осы сияқты әрдайым жүректі рухани уызға тойындырып, сергектікте ұстаудың да белгілі тәсілдері мен жолдары бар; оған басқа жолдармен жету мүмкін емес. Адам үнемі Аллаһты есінен шығармай, Жаратушы қалағандай құл болуға ұмтылса, тән құмарын азайтса, тіпті, тәрк етсе, ұлы ақиқатқа қол жеткізуі әбден мүмкін. Аллаһ достарының өмірбаяндарын парақтағанда, имани ақиқатқа жету үшін ұзақ жылдар бойы талмай еңбектенгендерін байқаймыз.

Шынында да, иманның кемелденуі жанкештілікті, қажыр-қайратты талап етеді. Бұл мәселенің күрделілігі сонда, күн мен түннің алмасуы сияқты адам өмірінде де әуелеп биіктеу не құлдырау кезеңдері алма-кезек орын алып отырады. Сондықтан кісі рухани әлемін үнемі жаңалап, жаңғыртып отырмаса, иманын кір шалуы әп-сәтте-ақ. Риясыз, кір шалмаған рухқа ие болу ұдайы тазалықты қажет етеді. (Яғни мұны мұрат тұтқан адамның әрбір сөзі, қимылы, әрекеті дұрыс болуға, әлдеқалай шалыс басса, бірден түзелтуге, ғибадаттарын көбейтумен қатар, сезіне атқаруы міндетті). Сонда ғана арғы дүниеде бақытқа бөленеді.

Міне, осылардың барлығы мәселенің амалға қатысты маңызды жағы.

Әйгілі философ Канттың өзі «Тек теория жүзінде Жаратушыны толық тану мүмкін емес» деген. Кісі сенім теориясын өте жақсы біліп, иланғанымен, білгендерін жүрекпен терең сезініп, бойына әбден сіңірмесе, ол адамның кәміл иманға жетуі қиын. Өйткені, иманның адамның өне бойына мығым орнығуы оны амалмен күшейтуге тікелей байланысты.

Кәміл иман әр нәрсенің ақиқатын білуге құштар, Аллаһты тануға ынталы, яғни мағрифатқа үздіксіз ұмтылған жүректерге ұялайды. Тахқиқи (күмәнсіз, кәміл) иманға жету үшін ұдайы соған талпыну керек. Мысалы, кейбір Аллаһ достары – әулиелер «сәйр у сулук» деп аталған ақиқатты іздеу жолында кемінде қырық күн нәпсіні тыйып (аз тамақтанған, аз сөйлеген, аз ұйықтаған), тек қана жүрек қалауын жүзеге асыруға тырысқан. Мұнан, әрине, қырық күн бойы аз тамақтанып, аз ұйықтап, аз сөйлеген адам міндетті түрде белгілі бір мәртебеге қол жеткізеді екен деген ой тумауы қажет. Дегенмен, мұндай тәжірибе адамға тура жолда табандылық танытуға, жақсы әдеттерді бойға тереңірек сіңіруге көмегін тигізуі мүмкін. Мұның өзі мол пайда. Өйткені, бір қадамнан басталған осы әдеттер үйреншікті жайтқа айналып, бірте-бірте Аллаһқа жақындататын нық адымдарға себеп болмасына кім кепіл?!

Иә, Аллаһқа апарар жол мен жүйені тапқан соң, алдымен осы жолды жан-жақты түйсініп, содан соң ұлы ақиқатқа шын берілудің жолдарын қарастыру керек. Ең маңыздысы, талаптану және ізденіс. «Талапты жетер мұратқа» дегендейін, ақиқатты іздеген адамның түбі бір мақсатына жетері хақ. Мәшһүр шайыр Ниязи Мысридің:
«Ғайыптан хабар келер деп күтіп жүрген едім мен
Ашылды перде, бір сәтте өзімді көрдім көзіммен» деген өлең жолдарында баяндағанындай, кәміл иманға қол жеткізген жанның көз алдында ғайып пердесі ашылып, ақиқатты ап-анық көре бастайды. Көңіл көкжиегі осыншалықты кеңейген адамның көз алдында қараңғылық сейіліп, айналасы нұрға бөленіп, жаннатқа бастайтын жол ашылады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.