• Басты бет
  • Кітаптар
  • Ғасыр тудырған күмәндар-1
  • Ауыр күнәға салынғандықтан Лұт (а.с.), Нұх (а.с.) пайғамбарлардың қауымдары жер бетінен жойылып кеткендігі мәлім. Күнәнің одан өткен сорақылары жасалып жатқан қазіргі заманда Аллаһ тағаланың халықтарды тегіс жойып жібермеуінің себебі неде?

Ауыр күнәға салынғандықтан Лұт (а.с.), Нұх (а.с.) пайғамбарлардың қауымдары жер бетінен жойылып кеткендігі мәлім. Күнәнің одан өткен сорақылары жасалып жатқан қазіргі заманда Аллаһ тағаланың халықтарды тегіс жойып жібермеуінің себебі неде?

Жаратушы Аллаһ иләһи бір заңдылық ретінде ықылым заманнан бері шектен шыққан күнәһар халықтарға ес жиғызып, тәртіпке салу үшін көбіне осы дүниеде жаза беріп отырған. Әрине, ақыреттегі есебі өз алдына. Шын мәнінде Лұт қауымы ұшыраған азап өте қорқынышты әрі кейінгілерге сабақ боларлық. Лұт пайғамбардың жіберілген Содом және Гоморра халқы Лұт көлінің маңайында тұратын. Осы қалалар бір түнде көктен естілген үрейлі дауыспен жер бетінен тып-типыл жойылып кете барды. Құран Кәрімде Лұт пайғамбардың қауымы, олардың адам айтқысыз азғындық әрекеттері және сол үшін алған жазасы егжей-тегжейлі баяндалумен қатар, Нұх пайғамбардың қауымы туралы мәліметтер де берілген:

«Жер бетін топан су басады... Теңіздер буға айналады; көктен нөсер жаңбыр жауады; жерден су атқылайды да азғындаған халық жер бетінен тегіс жойылады... Тек қана Нұхтың кемесіне мінгендер ғана аман қалады»[1]. Кейбір әлсіз хадистерде айтылған мәліметтерде 60-70 адам ғана бұл азаптан аман қалған. Содан кейін адамзат солардан қайта көбейіп, әлемге тарайды. Археологтар кейбір мәліметтерге сүйене отырып осы оқиғаның қай жерде және қалай болғаны жайлы зерттеулерін жүргізе берсін, ал біз қасиетті жамағатқа тоқтала кетейік.

Иә, шын мәнінде, қазіргі таңда мұсылмандар болсын (үммәту ижабат), мұсылман еместер болсын (үммәту дағуат)[2] барлығы да өте ауыр күнәларға барып жатқанына куәміз. Еуропа, Америка және басқа да жерлерде күнәлардың небір сорақысы жасалынуда. Лұт (а.с.), Салих (а.с.) және Хұд (а.с.) пайғамбарлар кезеңінде тіпті мұншалықты асқынбаған деуге болады.

Мұхаммед пайғамбарға үмбет болу ерекшелігі ғана осы үмбетке қорған болғандай. Осы ерекшелікті дәлелдейтін Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың бір сүйінші хабарын айта кеткен жөн. «Әнфал» сүресінің мына аятында: «Сен олардың арасында болған кезіңде, Аллаһ тағала оларды азаптамайды. Олар кешірім сұрап, тәубелеріне келгенде де Аллаһ оларға азап жібермейді»[3] деп айтылады.

Тіпті Пайғамбарамыздың еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлықтығын көрсету үшін мына ерекшелікке назар аударған жөн. Құран Кәрімде хазірет Исаның өз қауымы жайлы: «Егер оларға ауыр азап жіберер болсаң, әлбетте, олар Өзіңнің құлдарың; егер оларды кешірер болсаң, әлбетте, Сен тым Ұлық әрі асқан Данасың»[4],– деген сөздері келтірілген.

Иә, Иса Мәсіх әбден азғындап, шектен шыққан жамағатының жағдайын Аллаһ тағалаға білдіріп: «Егер оларға ауыр азап жіберер болсаң, әлбетте, олар Өзіңнің құлдарың; егер оларды кешірер болсаң, әлбетте, Сен тым Ұлық әрі асқан Данасың»,– дейді. Алайда Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жайлы Құранда жоғарыдағы аятта келтіргеніміздей Жаратқан иеміз «Сүйікті құлым! Сен олардың арасында жүрген кезіңде Мен оларға азап жібермеймін. Сонымен қатар кешірім сұрап, жалбарынып, тәубелеріне келіп тұрған кезде де оларды азаптамаймын» деген.

Аяттан мынадай қорытынды шығаруға болады; Мұхаммед үмбетінің халықты төніп тұрған азаптардан қорғап қалатын екі маңызды қорғаны бар. Біріншісі: Пайғамбарымыздың рухани тұлғасының арамызда болуы, ылайым қияметке дейін солай жалғасуын жазсын! Екіншісі: Мұхаммед үмбетінің арасында әрдайым адамзаттың игілігі үшін дінге қызмет жасап, Аллаһ тағалаға бет бұрып, кешірім тілейтін жамағаттың болуы. Сондықтан бізге тұтастай азап жібермес деп Жаратқанның мейірімінен үміт етеміз!

Сонымен қатар ең сенімді хадис кітаптарынан үмбетінің жер бетінен жойылып кетпеуі үшін Пайғамбарымыздың көп жалбарынғанын көреміз. Соның бірі Қоштасу қажылығында қасиетті Арафат пен Мұздалифа тауында жүзеге асқан. Ол жаратқанның берген шабытымен үмбеті үшін көп нәрсе тіледі. Тіпті кісі ақысының да кешірілуін сұрап жалбарынды.

Иә, күллі ғаламның падишасы болған Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өз үмбетінің жер бетінен жойылып кетпеуі үшін көп дұға оқып, Жаратқанға жалбарынған. Сахабалары осы жайлы Пайғамбарымыздың: «Мен Раббымнан үмбетімді жер бетінен жойып жібермеуін сұрадым. Жаратқан ием бұл дұғамды қабыл алды. Ол: «Олардың жойылуы – өз араларынан шығады. Күнә жасаған кезде мен оларды бір-біріне айдап салып, бір-бірімен жанжалдастырып қоямын» деді. Мен бұны да алып тастауын өтіндім. Раббым бұл жарлықты өзгертпеді» дегендерін бізге әңгімелейді. Иә, бұл мәселені жою негізінен олардың өз ынта-жігерлері мен еріктеріне қатысты болғандықтан, Аллаһ тағала бұл дұғасын қабыл етпеген. Ертедегі қауымдар күнә жасаған кезде түгелдей апатқа ұшыраса, Мұхаммед үмбеті күнә жасаса араларына жік түсіп, ырду-дырдудан берекелері қашады. Міне, Ардақты елші осындай келеңсіздіктің болмауын сұрады, алайда әр ісінде даналық бар Жаратқан бұл дұғасын қабыл алмады.

Бұған қоса, бір аяттың ишаратына сүйеніп, сондай-ақ ғайыптан сыр аулаған ғұламалардың сөздеріне негіздей отырып мынаны айтуға болады: Егер бір жерде Құранның, діннің асқақ ақиқаттарын дәріптеуге шынайы берілген адамдар болса, ақиқат жаршыларының сөздері ол жерде ескеріліп, салмағы сезілсе, онда олар халықтың басына төнгелі тұрған қауіп-қатерге қорған болмақ. Жоқ дегенде, Аллаһ тағалаға шынайы беріліп, имандылық жолында қызмет еткен он адам болса, олар әлгі міндетті атқара алмақ. Кері жағдайда аса құдіретті Аллаһ тағала оларды да азапқа ұшыратады.

Ақиқаты бір Аллаһқа ғана аян.


[1] Қараңыз: «Нұх» сүресі, «Хұд» сүресі, 11/25-49; «Шұғара» сүресі, 26/105-121.
[2] Мұсылман ғалымдары Пайғамбарымызға үмбет болуды екі топқа бөліп қарастырған: үммәту ижабат – Пайғамбарымыздың шақыруына құлақ асып, дінді қабылдаған мұсылмандар, үммәту дағуат – Пайғамбарымыздың шақыруын естісе де мұсылмандықты қабылдамаған өзге үмбеттер. 
[3] «Әнфәл» сүресі, 8/33.
[4] «Мәида» сүресі, 5/118.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.